ҮКІМЕТ НАЗАРЫНА!
ХІ ғасыр – цифрлық технология дәуірі. Әлемнің қарыштап дамығаны соншалық – өмірімізге күн сайын бір жаңалық енуде. Бір айта кетерлігі, бір-бірімізбен хат алмасып жатқан ғаламтордағы түрлі әлеуметтік желі немесе өзіміз күнделікті тұтынып жүрген ұялы телефон, шаңсорғыш, автокөлік, түрлі зауыт-фабрикалардағы құрал-жабдық секілді ғылым мен білімнің, технологияның арқасында пайда болған игіліктің барлығы да шетелдің өнімі. Бір қарағанда біз бас ауыртпай-ақ барлық мүмкін нәрсені шетелдік технократтар жасап беріп жатқандай көрінгенімен, шын мәнісіне келгенде біз соларға тәуелді болу арқылы ішкі қаржы айналымында оңбай ұтылып жатырмыз.
Цифрлық дәуірдің жемісі
Шетелдіктер нарыққа шығарған азықтүлік болсын немесе киім-кешек, тұрмыстық техника сынды бұйымдарды сатып алсақ, біз олардың экономикасына қаржы құйған болып есептелеміз. Сол секілді ғаламтордан қандайда бір әлеуметтік желіні немесе әлдебір қосымшаны жүктеп пайдалансақ, сатып алған мегабайтымызды соған жұмсау арқылы оларға қаржылай қолдау көрсетеміз. Осының бәрі өзімізде болса, өзгеге тәуелді болмай, өз қаржымызға өзіміз ие болар едік. Мәселен, күнделікті тіршілігімізбен біте қайнасып кеткен онлайн сервистік такси қызметі туралы сөз қозғасақ, мұнда да да халықтың бір-біріне қызмет ұсынудағы тапқан табысының белгілі бір пайызы шетелге кетіп жатыр. Бұл цифрлық дәуірді, яғни заман ағымын оңтайлы пайдаланып отырған шетелдік алып компаниялардың ел экономикасының барлық саласын жаулап алғанының анық дәлелі. Кейде ойымызды «Қазақ кімнен кем, ең болмаса осыны жасау қолдан келетін шығар?» деген сауал сан саққа бөледі. Егер онлайн такси қызметін ұсынатын отандық сервисті ойлап табатын адам болса, оған халық қолдау көрсетеді деген сенімге ие азаматтар арамызда бар. Соның бірі – Тараз қаласының тұрғыны Дәурен Бубеков.
– Бізге сервистік онлайн такси қызметін ұсынып отырған – шетелдік ірі технологиялық компаниялар. Бұл – солардың жетістігі. Қазақстанда, оның ішінде Тараз қаласында аталған компаниялардың белсенді жұмыс істеп тұрғаны – «taxi.yandex.kz» және «InDriver». Мәселен, «taxi.yandex.kz» таксопаркті қосқанда, такси жүргізушісінің табысының 16 пайызын, сол секілді «InDriver» 9,5 пайызын алып қалады. Жеке көлігімен адам тасып пайда тапқысы келгендер жоғарыда аталған сервиске «Такси Тараз», «Жамбыл Такси», «BOOM» такси жауапкершілігі шектеулі серіктестігі іспетті басқа да таксопарктерге тіркеліп барып, жұмыс істейді. Ал мұндай таксопарктердің бірі «taxi.yandex.kz» бойынша табыстан 4,5, «InDriver» арқылы тіркелсең, 2,5 пайыз ұстайды. Ал олардың жүргізушіге ұсынатын қызметі мен заң алдындағы міндеттемелерінің қаншалықты орындалып жатқаны бір Аллаға ғана аян. Клиентке немесе сервистің ақаулығына байланысты қандайда бір мәселе туындаса, ол туралы таксопарк диспечерлері мобильді қосымшадағы қызметтік қолдау тетігі арқылы өтініш жаза алады. Мұны істеу әр такси жүргізушісінің де қолынан келеді. Таксопарктердің сервиспен қарым-қатынасының такси жүргізушісінен еш айырмашылығы жоқ.
Мен өзім «InDriver»-ді қолдану арқылы жан бағып отырған адаммын. Жүргізушілерге обал, қала ішінде тапсырыс 200 теңгеден басталады, баға өте төмен. Қаланың ол шеті мен бұл шетіне клиентті жеткізіп салу құны 500-800 теңгеден аспайды. Оның 10-16 пайызын ұстап қалғанда тапқан ақшаңның ұшығы мен пұшығы қалады. Егер клиентке де, такси жүргізушісіне де тиімді бағада отандық сервис іске қосылса, мұны халық қолдайтынына сенімдімін. Ал шетелдік компаниялармен бәсекелес болу халықтың қолдауына байланысты. Әлемдік деңгейге шықпасақ та өз елімізде, өзімізге ыңғайлы жағдай жасайтын кез келді. Бұл қазақтың технолог жастарының қолынан келеді. Ол үшін идеяның жүзеге асуына кәсіпкерлердің көмегі ауадай қажет.
Мәселен, Қаратау қаласында тұрғындар қазір жаппай «Алло» такси деген сервисті қолданып жүр. Клиент бар болғаны 300 теңге төлейді. Бір күнде 5 мәрте қолданса, жеңілдігі бар деп естідік. Жүргізушіден де көп пайыз ұстамайтын көрінеді. Осыған Қаратау қаласының тұрғындары үйренген. Бізге де осындай ауызбіршілік керек, – дейді Д.Бубеков.
Таксопарктер де талапқа сай болуы керек
ҚР Жүргізушілер одағы облыстық филиалының төрағасы Амантай Досмұхамедов Қазақстанда жол қауіпсіздігі өз ағынымен реттеліп жатқанын, анығын айтқанда, Үкімет бұл мәселені өз қолынан шығарып алғанын, елімізде қаза тауып жатқандардың ішінде күніне он адам осы жол апатынан ажал құшатынын, бұған кім болса соның, яғни көлік жүргізушісі ретінде тәжірибесі барының да, жоғының да адам тасу қызметімен айналысып кеткенінің де салдары тиіп жатқанын айтады.
– Мемлекет бұл мәселені енді-енді қайта қолға алып жатыр. Мәселен қала ішіне «Сергек» камераларының қойылуы – соның бір көрінісі. Бұл – кім қателессе, соған осы құрылғы арқылы айыппұл арқалатып, ереже бұзғандарды жөнге салу. Бірақ жол ережесі айыппұл салумен ғана реттелмейді. Бүгін жүргізуші куәлігін алып, ертесіне адам тасумен айналысу – нағыз әлеуметтік мәселе. Олар бала-шағасын бағу үшін осы қадамға барып отырған шығар, бірақ заң бәрімізге ортақ. ҚР Автомобиль көлігі туралы заңда қалаішілік, қалааралық автобус жүргізушілеріне, сол секілді такси жүргізушілеріне де қойылатын талаптар бар. Соның ішінде такси жүргізушісінің еңбек өтілі 3 жылдан кем болмауы керек және рөлі оң жақтағы көлікпен адам тасу қызметін көрсетуге тыйым салынған. Одан кейін жұмысқа шығарда такси жүргізушісі медициналық тексеруден өтуі керек. Оның алкогольді ішімдік ішпегені немесе ауырып тұрмағаны анықталуы қажет. Ал осының барлығы біздің қоғамда орындалып жатқан жоқ. Сондықтан әр азамат осы талаптарды адам ретінде орындауы қажет, көлігі де экологиялық және техникалық тұрғыда талапқа сай болуы керек.
Егер бір адам есігінің алдына қызанақ өсіріп, оны жол жиегіне шығарып саудаласа, оны полицейлер «жабайы сауда» деп қуалайды. Өйткені ол тауарын маңдай термен тапса да заңсыз саудалаған, мемлекетке салық төлеуден жалтарған болып есептеледі. Кімде-кім арнайы сауда орнында тауарын өткерсе, ол тапқан табысынан қазынаға салық ретінде қаржы құяды. Ал такси жүргізушісінің шетелдік сервиске тіркеліп, адам тасып жүргені де заңсыздық болуы мүмкін. Өйткені оның кейбірі патент алмайды. Бұл, анығын айтқанда, жабайы бизнес. Олардың дені жастар. Жүргізуші куәлігін оқымай тест тапсырып немесе сатып алып жатқандар адам өміріне қауіп төндіреді.
Беларус елінде екі жыл тәжірибесі болмай жүргізушінің сағатына 70 шақырым жылдамдықпен жүруіне тыйым салынған. Ал бізде автобанның өзінде шекті жылдамдық 110 болса, 140-пен жүретіндер бар. Шетелде жүк көлігін, қоғамдық көлік, такси жүргізушілерін автомектептер 5 жыл сайын арнайы курстан өткізіп тұрады. Ал бізде 20 жасында жүргізуші куәлігін сатып алғандар 20 жылдан кейін де кітап бетін ашпайды. Көшедегі кез келген көлікті тоқтатып, жүргізушілерінен жол ережесі, белгілері туралы білімін тексерер болсақ, олардың ішінде сауатты жауап беретіні сирек. Сондықтан отандық сервис іске қосылса, осы мәселе де шешімін табар еді деген ойдамын. Өйткені таксопарктердің шетелдік сервистермен тікелей қарым-қатынасы жоқ. Ал сервис отандық болса, оның серіктесі ретінде жұмыс істейтін таксопарктер мәселені бірлесе қарап, осы олқылықтардың алдын алуда бір-бірімен тізе қосып жұмыс істей алады. Өйткені олардың өкілдері жергілікті азамат болғандықтан, бір-бірімен кездесуіне, мәселені талқылауына мүмкіндігі бар, – дейді ол
Осы орайда біз «InDriver» онлайн сервистік такси қызметін ұсынушы шетелдік компаниямен серіктес таксопарктің бірі – «Такси Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің диспечерімен «WhatsApp» әлеуметтік желісі арқылы тілдестік. Диспечер арнайы хат жолдауымызды талап етіп, сауалымызға жауап беруден бас тартты және аты-жөнін атамады. Десе де сөзге тарта отырып, кейбір сұрақтарымызға жауап алдық. Ол жауапта: «Таксопарк – «Такси Тараз» – «InDriver»- дің серіктесі. Осы таксопарктен такси жүргізушісі күнделікті жұмысқа шығарда жол хаттамасын алады. Сондай-ақ жүргізуші алкотесттен, көлігі техникалық байқаудан өтеді. Біздің такси жүргізушілеріне көлігін 20 пайыз жеңілдікпен жууға, автокөлігін де 20 пайыз жеңілдікпен сақтандыруға, техникалық байқаудан өткізуіне жеңілдік қарастырылған. Біздің мекемеде бір медбике және оның барлық жабдықтары бар», – делінген
Алайда жеке көлігімен онлайн сервистік такси қызметіне тіркеліп адам тасып жүргендердің таксопарктерге барып медициналық тексеруден өтіп жатпайтыны анық. Бұл басы ашық мәселе.
Таксист тапқан табысын жасырмауы қажет
Ел ішінде «келер жылы такси жүргізушілері жергілікті жердегі кірістер департаменті арқылы жаппай қадағалауға алынып, олардың салық төлеуі міндеттелетіні» туралы сөз бар. Жалпы такси жүргізушісінің қолында патенті болса, ешқандай мәселе туындамайды. Таксистер заң аясында табыс тапқысы келеді. Алайда олардың тапқанының бір бөлігін сервис, тағы бір бөлігін таксопарк және салық ұстап қалса, өзіне не қалады? Олардың табысының салық органдары қанша пайызын ұстайды? Осыны білмек болып облыстық кірістер департаментінің «Байланыс-орталығы» басқармасының басшысы Өмірзақ Қоспановпен тілдестік. Ол қазір бұл мәселе ҚР Қаржы министрлігінде қаралып жатқандықтан, ештеңе айта алмайтынын жеткізді.
Дегенмен былтыр «Қазақстандықтардың бір-біріне «Kaspi Gold»-пен ақша аударымы бақылауға алынады» деген жаңалық шыққанда нақ осы мәселе жөнінде аталған департамент мәлімет таратқан-ды. Сол мәліметке сүйенсек, мәселен біреудің «Kaspi Gold»-ына 3 айдың ішінде 100 адам ақша аударса, ол міндетті түрде жеке кәсіпкер ретінде танылады. Мұндай жағдайда ол салық органына барып, жеке кәсіпкер ретінде тіркеуге тұруы тиіс. Ол жеке кәсіпкер ретінде тіркелгеннен кейін, патент алуы керек. Өйткені елімізде кімде-кім кәсіпкерлікпен айналысса, оның жылдық табысы 10 миллион теңгенің төңірегінде болса, онда ол патент алу арқылы табысының 3 пайызын мемлекетке төлеуі қажет. Егер жылдық табысы 10 миллион теңгеден асып, алты айда 73 миллион теңгеден аспаса, «Оңайлатылған декларация» бойынша одан 3 пайыз табыс салығы ұсталады. Тапқан табысы алты айда 73 миллион теңгеден асып кетсе, онда ол қазына қаржысына табысының 10 пайызын құюға міндетті. Сондықтан кімде-кім сауда жасап немесе такси қызметін ұсыну арқылы табыс тауып жүрсе, ол азамат жеке кәсіпкер ретінде патент алуы қажет.
Бір айта кетерлігі, жеке кәсіпкерлерден 2024 жылға дейін ешқандай салық ұсталмайды және патент алмаса, оларға айыппұл салынбайды. Өйткені бұйрықта: 3-кезең (2024 жылғы 1 қаңтардан 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін): «заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары (қатысушылары) және олардың жұбайлары, дара кәсіпкерлер және олардың жұбайлары бойынша біржолғы ақшалай өтемақы алуға құқылы» деп атап көрсетілген. Дара кәсіпкер дегеніміз осы 10 миллион теңгеге дейін табыс тауып отырған саудагер, таксист секілді белгілі бір табыс көзі бар азаматтар.
Жеке кәсіпкер ретінде тіркелген азамат патентті бір айға немесе бір жылға алады. Ол осы бойынша табысының 1 пайызын (айына 100 мың теңге тапса, соның мың теңгесін) төлейді. Жеке кәсіпкер той жасап, оған туған-туысы, танысы жиын-той жасауына байланысты сыйлық немесе тойхана ақысын мобильді қосымшамен аударып, ол табысқа кіріп кетпес үшін қуаныш иесі салық органына барып, мамандарға «Тойға шақыру» қағазын көрсете отырып, ол қаржы табыс сомасы емес екенін дәлелдеуі керек. Сол үшін мұндай жағдайда тойға деген ақшаны мүмкіндігінше қолма-қол алған жөн-ау.
Тағы бір айта кетер жайт біз айтқан табыс көзі бар азаматтар кассалық аппарат алмауына болады. Себебі ақша аударымы «Kaspi Gold» секілді мобильді қосымша арқылы жасалатындықтан, олар кассалық аппарат алмай-ақ, айына қанша табыс тапқанын мобильді қосымшада сақталатын түбіртек арқылы растай алады.
Бәсекеге қабілетті болу – басты шарт
Бұл такси жүргізушілерінің өз жұмысымен заңды түрде айналысуына қатысты мәселе. Ал отандық сервис мәселесіне қайта оралар болсақ, осы уақытқа дейін еліміздің түкпір-түкпірінде сан түрлі платформа іске қосылыпты. Соның кейбірі жұмысын тоқтатса, кейбірінікі мардымсыз. Бұл жайында «Maxim» онлайн такси сервисінің Тараз қаласы бойынша өкілдігінің басшысы Есенғали Жақсылықов айтып берді.
– Негізінде, біз «халыққа сервис отандық не шетелдік болса да бәрібір, өйткені клиент барар жеріне кез келгенімен ыңғайлы бағада жетіп алса болды» деп ойлайтынбыз. Бірақ мен табыстан ұстап қалатын пайызы «taxi. yandex.kz»-ден әжептәуір төмен «Maxim»- мен қоян-қолтық жұмыс істеу барысында жағдайдың басқаша екенін аңғардым. Бұл сервис те Ресейдікі. Әлемдік геосаяси жағдайға байланысты оның бас офисі қазір Петропавл қаласына көшіп келген. Жол жүру құны 290 теңгеден басталады. Бұл жерде жолақысы шақырымға байланысты есептеліп, баға қойылады. Алайда баға көтеру немесе түсіру арқылы такси жүргізуші де, клиент те өзгеріс енгізе алады. Былайша айтқанда, саудаласу, бірінің ұсынған сомасына бірінің келісуіне жағдай жасалған.
Қызметті пайдаланушылар автокөлікпен сапарға тапсырыс беруден бөлек, «Сатып ал және әкел» тарифі бойынша тауарларды сатып алуға және жеткізуге, курьерлік немесе жеке жүргізуші қызметтеріне, қозғалтқышты сүйреп апаруға және іске қосуға тапсырыс бере алады.
«Maxim» көмегін пайдаланушылар тек ыңғайлы ғана емес, пайдалы сапарларды да жасай алады. Негізі баға маршрутты көрсеткеннен кейін бірден белгіленеді осыған екі жақ келісіп, клиент тапсырысы қабылданғаннан кейін баға сапар соңына дейін өзгермейді. Соның арқасында жолаушылар өз шығындарын оңай жоспарлай алады.
Бірнеше мекенжайдан жүру бағыты бойынша маршрутты өзгертуге, көлікті дәл қазіргі сәтте де, алдын ала да шақыру, басқа адамға қайда баратыныңызды айтқыңыз келсе, тиісті бағытқа сілтеме жіберу секілді күрделі маршруттар жасауға болады.
Тапсырысқа арналған тілектерде клиенттер қосымша шартты хабарлай алады. Айталық, жолаушылар баласы, бірнеше баласы немесе жануары болатынын көрсетіп, багажы бары, жүргізуші көмегі керек екенін жаза алады.
Курьерлік жеткізу және тауарларды сатып алу қызметі бойынша қосымша пайдаланушылары үйден шықпай-ақ өнімдерді және басқа да қажетті заттарды сатып алу және жеткізу бойынша курьерлік қызметтерге тапсырыс бере алады. Түсініктемелерде пайдаланушылар өнімдердің тізімі немесе нақты жеткізілуі керек нәрселер сияқты қосымша ақпаратты ұсынады.
Максим Қазақстанда жұмысын 2014 жылы бастаған. Сервис қызметін еліміздің 20 қаласының тұрғындары мен қонақтары пайдалануда.
2003 жылдан бастап Максим көлік пен басқа да қызметтерге тапсырыс берудің инновациялық технологияларын жасап, оны заманауи, қолжетімді және қауіпсіз қызмет түріне айналдырды. Осылайша тұтынушылар мен мердігерлердің шексіз санын қосуға мүмкіндік беретін бағдарламалық-аппараттық кешен құрылды. Бірақ тараздық тұрғындар «Maxim»-нің «taxi. yandex.kz»-ға қарағанда бағасы да, басқасы да тиімді болғанымен, «taxi.yandex.kz»-дан ажырар емес. Таразда қазір жұмысымыз тым баяу жүріп жатыр. Бұл компанияның басында әлемдік маркетингтер отыр. Онымен бәсекелес болу отандық сервис үшін оңайға түспейді. Мәселен Шымкенттің жігіттері Түркістан облысында «Қайырымды такси», атыраулықтар «Апару» атты платформаны іске қосқан. Сол секілді еліміздің әр өңірінде «Алло», «Жету», «JET» деген секілді онлайн сервистік такси қызметтерінің жұмысы жүрмеді. Қазір тараздық жігіттер «JET Servise» деген пратформаны іске қосқалы жатыр деп естідім. Оның да жұмысы жүретіні, жүрмейтіні белгісіз. Себебі халық «taxi.yandex.kz» және «InDriver»-ге үйреніп қалған, – деді Е.Жақсылықов.
Отандық «JET Servise» іске қосылатын болды
Осы орайда біз «QAZAQ Технология» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдерімен кездестік. «JET Servise» деген атаумен бірыңғай платформа жасап шығарғандар расында да Тараз қаласының жігіттері екен. Платформаның атауы латынша болғанымен, ағылшыннан қазақшаға аударғанда «JET» жылдамдық дегенді білдіреді. Оның мағынасы қазақша «жет», «тез жет» деген ұғым.
– Аталған платформаға қатысты көпшіліктің көкейінде күмәнді сұрақ көп. Соның бірі – «QAZAQ Технологияның» шетелдік мобильдік қосымшаларға лайықты бәсекелес болуы. Сол үшін де біз олардан асып түсетін қосымшаны іске қосқалы отырмыз. Қосымшаның халыққа ыңғайлы, түсінікті болуы мен тез жұмыс істеуі, көрсетілген мекен-жайды дәл табуы ескерілген. Бұған біз 2 жылдан артық уақыт жұмсадық.
Платформа негізінен 3 түрлі сервистік қызмет ұсынады. Тұтынушы тіркелген соң алдымен «HAT-HABAR» бөліміне енеді. Бұл негізгі бөлім болып саналады. «HATHABAR»-да тұрғындар ел аумағындағы қалаған адамымен аудио, видео қоңырау арқылы байланысып, хат-хабар алмаса алады. Себебі 2024 жылдан бастап «WhatsApp» әлеуметтік желісі ақылы болады. Осы қызметі үшін компания иелері жылына әр адамнан 1 АҚШ долларын алғанда, оны пайдаланған миллиардтаған адам арқылы қыруар пайда таппақ. Ал бұл біздің платформада тегін. Осы бөлімнен «Jet taxi» немесе «Bazarkom» бөліміне өтуге болады. «Jet taxi» бөлімінде тұрғындар такси қызметін пайдаланады. Жүргізушілер «Jet taxi»-ді жүктеп алғаннан кейін, оны тегін пайдалану үшін алдымен он адамға «Jet taxi»- дің сілтемесін бөліседі. Жолаушы да біздің платформаны бөлісу арқылы бонус жинап, жолақысына жаратуға болады. Бұл жеңілдік қаңтар айының ортасына дейін беріледі. Одан кейін платформаны такси жүргізушісі ақы төлеп пайдаланады. Қаңтардың 15-інен кейін күніне жұмысқа шығарда такси жүргізушісі платформаға 500 теңге төлейді, тәулік бойы қанша теңге тапса да өз еркі. Таксистің де, жолаушының да платформадағы жарнама роликтерін көру арқылы бонус жинап, оны жолақы үшін немесе таксистің платформаны пайдалану ақысын төлеуіне мүмкіндік жасалған. Жолақысын платформа шақырым бойынша есептеп шығарады. Оның бағасын қызмет ұсынушы мен тұтынушы өзара келісіп белгілейді. Клиент пен такси жүргізушісінің бір-біріне аудио, видеомен хабарласуына, хат жазу арқылы бағаны келісуіне мүмкіндік берілген, – дейді платформаны құрастырушы Сәбит Жанбаев.
Сонымен қатар ол платформада жасанды интеллект жұмыс істейтінін айтты. Мәселен біреу күнде жұмысына таксимен барып-келіп жүрсе, осы қызметті пайдалану үшін тұрғын таңертең немесе кешке «Jet taxi»-ге кіргенде баратын мекенжайын жазбай-ақ шығарып береді екен. Басқа мекенжайға баратын болса, ол жасанды интеллект ұсынған мекенжайды өзгерте алады. Жасанды интеллект қазір миллиардтаған кодты оқып, жадына тоқып жатқан көрінеді. Ол диспечердің де қызметін атқармақ.
– Бір айта кетерлігі, біз таксопаркпен жұмыс істемейміз. Бізбен әр такси жүргізушісі серіктес ретінде келісімшартқа отырады. Базбіреулер «сервиспен тікелей жұмыс істеу заңға қайшы» деп ойлауы мүмкін. Ал біз оның жолын тауып қойдық. Таксопаркке кеткен қаржы такси жүргізушісінің қолында қалғаны дұрыс деп шештік. Биыл қазақ елін үйретсек, одан кейін көршілес қырғыз, өзбек ағайындарға қызмет көрсетсек деген жоспарымыз бар. Бұған техникалық мүмкіндігіміз жетеді.
«Bazarcom» қосымшасында сауда-саттық жасай аласыздар. Жақын күндері көпшілікке жол тартатын бірыңғай платформаның мүмкіндіктері көп. Бастысы, деректер базасы, деректер қоймасы, карта, тағы басқа барлық жұмыстар өзімізде дайындалды. Мысалы, қазір «Дәмді себет» сынды ірі сауда орындары мен «Әмір және Д» секілді дәріханалар желісімен келіссөз жүргізіп, бірқатарымен келісімге келдік. Тұрғындар «Bazarcom» қосымшасы арқылы сауда жасаса, оны тегін жеткізіп беру қарастырылған. Бірақ сауда жасауда оның шекті бағасы болады. Затын тегін жеткізуі үшін ол кемі 10 мың теңгеге сауда жасауы керек. Оны жеткізіп беруші – «Jet taxi» жүргізушілері. Олар осы еңбегі үшін ақыға, бонусқа ие болады. Одан бөлек халықаралық деңгейде сауда жасау мәселелері қарастырылып жатыр. Қытайдың бір қаласы бар, инеден бастап, ауылшаруашылығы техникасына дейін шығаратын. Ол жақтағы өкілдер бізге кез келген тауарды кеден бекетіне дейін жеткізіп, кедендік рәсімді жасап беруге келісіп отыр. Қазір Қытаймен шекара жабық болғандықтан, бұл іс кейінге шегерілді. «Bazarcom» арқылы тұрғындар да өздерінің кез келген тауарын жаңа, ескі демей саудалауына жол ашылған.
Платформа тәуелсіз жұмыс істейді. «QAZAQ Технология» ЖШС еліміздің IT саласына соны сүрен салуды көздейді. Алдағы уақытта платформаға орыс және ағылшын тілін де енгізуді көздеп отырмыз. 2023 жылы тағы бір платформаның тұсауын кесеміз. Бұл жайлы көпшілікті кейінірек құлағдар етеміз, – деді С.Жанбаев.
Біз мына жаңалықты естіп, іштей қуандық. «QAZAQ Технология» ЖШС өкілінің сөзіне сүйенсек, сауда-саттық пен онлайн такси қызметінде бірқатар жаңашылдық болғалы тұр. Енді тек халықтың қолдауы керек.