Оқырмандар әншілік дәстүрдің өкілімен кездесті

Оқырмандар әншілік дәстүрдің өкілімен кездесті

Қазақ халқының дәстүрлі ән, жыр, терме өнерін қаз-қалпында сақтап, оны насихаттауға зор үлес қосып жүрген жерлесіміз Қатимолла Бердіғалиев – биыл 70 жаста. Осыған орай Орал қалалық кітапханасында «Әуелеген ән жүрек» атты сазды кеш ұйымдастырылды.  

Басты мақсат – өлкеміздің мәдениет саласына елеулі еңбегін сіңірген Қатимолла Жәңгірұлының ғибратты ғұмырын өскелең ұрпаққа үлгі ету, туған елдің мәдени құндылықтарын дәріптеу. Кеште мерейтой иесінің шығармашылық жолы, өмірбаяны таныстырылып, дәстүрлі әндерден шашу шашылды. Жыршы ұлттық әдеби мұрамыздың аса құнды бір үлгісі «Айман-Шолпан» лиро-эпостық жырынан үзінді айтып, құлақ құрышын қандырды. Қ.Бердіғалиев – әйгілі әншілер Мұхит Мерәліұлының, одан кейін Ғарифолла Құрманғалиевтің көрнекті ізбасары. Оқырманға осы екі тұлға жайында әңгімелей келе, олардың репертуарынан ән орындап берді. Қатимолла аға – көптеген талантты шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз. Өнерінен өнеге алған көптеген шәкірттері облыстық филармонияда жемісті еңбек етіп жүр. Солардың бірі – Ернар Өмірәлі мен Бейбіт Қажғалиев ұстаздарына ақ тілегін айтып, сазды құттықтауларын жолдады. Шәкірттерінің шәкірттері де өнерлерін ортаға салып, жезтаңдай әншінің батасын алды. Кешке ертеректе Қазталов мәдениет үйінде бірге қызмет атқарған, бір сахнада ән салған ауылдас замандастарының келуі – мерейтой иесіне тосын сый болды. Шарада арнайы жасақталған фотогаллерея мен кітап көрмесіне шолу жасалуы кештің мазмұнын байыта түсті. Батыс өлкеде қалыптасқан әншілік дәстүрдің айтулы өкілімен болған керемет кеш оқырмандарымызға  ерекше әсер қалдырды.

Еске сала кетсек, Қатимолла Бердіғалиев – 2007 жылдан бері Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының әншісі. Кең диапазонды әнші, жыршы-термеші, суырып салма ақынның 1985-1995 жылдары айтыстарға қатысып, топ жарғаны да ел есінде. 1991 жылы Оралдағы Құрманғазы атындағы  саз колледжінде алғаш Мұхит класын ашқан болатын. 2010 жылы Қатимолла Жәңгірұлы «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері» атағын иеленді. 

 

 

 

    

 

Гүлнұр АЛҒАЗЫ Орал қалалық кітапханалар жүйесінің кітапханашысы
03.03.2022

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 5400
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 5556
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 20524
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 19155
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 22615