Оралда «Балалар жылы» аясында «Халықаралық отбасы күніне» орай «Бір отбасы – бір кітап» отбасылық байқауының қалалық кезеңі өтті. Бұл байқауда оқырман отбасы – Сәпиевтер жеңіске жетті.
Мектеп кітапханаларының оқырман отбасылары арасындағы байқаудың мақсаты – балалар әдебиетінің шығармаларын насихаттау, олардың шығармашылық қабілеттерін, эстетикалық талғамдарын, тұлғалық сезім мәдениетін дамыту. Байқауға қауымдастықтар бойынша таңдалған отбасылар қатысты. Қатысушылар «Біз ұсынамыз: отбасымыздың сүйікті кітабы», «Түймедақ», «Білім көзі – кітапта» бөлімдері бойынша өзара сынға түсті. Бұл бөлімдерде отбасылар өздерінің кітап көрмесін таныстырып, әдеби сұрақтарға жауап беріп, білімнің кілті саналатын қымбат қазына – кітаппен қаншалықты дос екендіктерін байқатты.
Оқырман отбасылар өз туындыларында білім алуға, өнер үйренуге шақырған Ы.Алтынсарин шығармаларын, Абай Құнанбайұлының даналыққа толы қара сөздерін оқуды ұсынды. Үлкен-кіші қызыға оқитын Шерлок Холмс пен дәрігер Ватсонның хикаялары, қиындықтан шығуға көмектесетін әлемдік деңгейдегі жазушылардың мотивациялық кітаптары да назардан тыс қалмады.
Қазылар алқасының шешімі бойынша №19 ЖОББ мектебі кітапханасының оқырманы – Сапиевтер отбасы бірінші орынды жеңіп алды. Ал №50 ЖОББ мектебі кітапханасының оқырманы – Досқазиевтер екінші орынды иеленсе, №47 ЖОББ мектебі кітапханасының оқырманы Мақсұт жанұясы үшінші орынға ие болды. №32 ЖОББ мектебі кітапханасының оқырманы – Красиковтар «Алғыс хатпен» марапатталды. Жеңімпаз Сәпиевтер отбасы облыстық кезеңде Орал қаласының намысын қорғайды.