Дұрыс тамақтану тақырыбын оразаның адам ағзасына пайдасымен өрбітсек. Оразаның пайдасы жайлы зерттеулер көптеген ғылыми жұмыстармен дәлелденді. Оразаны бір жағы емдік мақсатта ашығу деп баламаласақ, оның тарихы тереңде жатыр. Аштықпен емделудің бұл үрдісін алғашқы дәуірлерден қазбаласақ, Көне Рим мен Грек ойшылдары, Ежелгі Мысырдың дін қызметкерлері мен Вавилонның патшалары, парсылар, үнді абыздары, Скандинавия түбегінің жұрты, Қытай мен Тибет тақуаларының барлығында дерлік ашығу әдісі кездеседі. Тіпті Гиппократ пен ибн Сина сынды медицина ғылымының құрылтайшыларының еңбектерінде де ашығу жайлы ғылыми трактаттар жазылған. Бұл – тарихи болжам.
Ал діни тұрғыда, әлемдік діндерде ораза деген ұғым бары бәріне белгілі. Інжіл кітабының өзінде 74 рет айтылған деседі. Тіпті батыл (ойдан шығарылған) діндердің өзінде ашығу жайлы айтылған. Фәлсафада (философия) аскетизм мен даналықтың алғышарттарына ашығу кіреді. Аштықпен емдеу сынды ғылыми әдістер ХХ ғасырда ғана медицина маңына жақындаған.
Ашығып емделу әдісінің тарихына зер салсақ, альтернативті (жанама) медицинамен айналысқан алғышарттардың бірі – америкалық натуропат П.Брэгг. Әрине, ресми медицина мамандары ашығумен емдеу ұстанымындағы бұл кісіге үрке қараған, қарайды да. П.Брэггпен қатар Ю.С.Николаев сынды орыс ғалымдары да КСРО заманында «арылту-диеталық терапиясын» талдап, ғылыми тұрғыда оразаға балама ойлап тапқан.
«Ашыққан адамға дәрігердің де, тәжірибелі адамның да қажеті жоқ, ашыққан адам өзін-өзі басқара білуі қажет», – дейді Брэгг.
«Адамдар өздерін дұрыс тамақтанбай өлтіреді», – деп «Чудо голодания» кітабында Поль Брэгг айтпақшы, аузымыз бен асқазанымызға бір уақыт тыным берсек, ағзамыз демалып, көптеген аурулардан айығар едік.
Ресми медицина өкілдерінің қатарында ашығуға сыни көзқарас біршама қалыптасқан. Ашығумен, оразамен емдейтіндердің өздері былай дейді: «Ашығуға қарсы шығатындардың көбі өмірінде ашығып та, аш қалып та көрмегендер».
Шынымен де, 2016 жылдың басты жаңалығы медицина мамандарын елең еткізген оқиға ораза жайлы еді, яғни ашығудың пайдасын ғылыми дәлелдеген Токио Технологиялық университетінің жасушалы биология маманы, жапон ғалымы Ёсинори Осуми Нобель сыйлығының лауреаты атанды. Оның зерттеген тақырыбы ораза төңірегінде болған. Ғылыми жұмысының ең негізгі дәйегі – «autophagy».
Аутофагия – қоқыстардан құралған жасушаның қажетсіз бөліктерін өңдеу немесе утилизация жасау. Бұл үдеріске қойылған термин екі грек сөзінен тұрады: «өзі тамақтану» немесе «өзі қоректену» деген мағынаны білдіреді. Сонымен лауреаттың ашқан жаңалығы мынаны дәлелдейді. Ашығу, яғни ораза ұстау расында ішкі ағзаны тазалайды. Жаңалық Нобель комитетімен дәлелденген. Сөйтіп, Нобель емдәмі (диета) деген атаумен диетологияға енді. Емдәм (диета) интервалдық ораза деп те аталады. Мұндай диетада аутофагия немесе жасушалардың табиғи қалпына келу процесіне (регенерация) баса назар аударылады. Бұл емдәм тағамдары калориялардың азаюын ынталандырады, дұрыс тамақтануға бағыттайды. Нәтижеде, организм өзіне қажетсіз нәрселерді – токсиндерді, қалдықтарды, шлактарды, ақуыздарды «жей» бастайды, осылайша ағзада толықтай тазару жүреді. Ең бастысы, адам 2 сағат бойы тамақтанбауы керек, әсіресе, күндізгі уақытта, сонда ағзаға ашығудан пайдалы әсер (эффект) болады.
Ғалымдардың пікірінше, адамдардың қатерлі ісік пен альцгеймер ауруымен күрес әрекетінде де осы аутофагия қолданылуы мүмкін. Аш ағза рак клеткаларын жей бастайды. Сондай-ақ зерттеу нәтижелері бойынша мұндай диета өмірді ұзартып, науқастың әл-ауқатын жақсартатыны белгілі болды.
«Лизосома» мен «фагосома» сынды терминдер әлдеқашан қалыптасып, ғылымға еніп қойғанымен, механизмі әлі де толық емес, шала еді. Бірақ жапон ғалымы бұл процесті ХХ ғасырдың соңғы ширегінде зерттеп бастаған екен. Тоқсаныншы жылдары осы механизмді нақты, көрнекі түрде әлем назарына көрсеткен.
Ал дәл осы уақыттан 14 ғасыр бұрын иісі мұсылманға құлшылық жасап, сауап жинау тұрғысынан ауыз бекіту парыз етілді. Парыз оразадан бөлек Пайғамбарымыздың сүннет оразалары бар. Соңғы жаңалықтарға зер салар болсақ, америкалық мамандар айына бірнеше мәрте, ал аптасына екі рет ашығудың оң әсері барын дәлелдеді. Зерттеу көрсеткендей, аптаның дүйсенбі және апта ортасы бейсенбі күндері ас-ауқаттан бас тартқан адамдар ауру-сырқау ықтималдығын едәуір азайтады екен. Атап айтқанда, жүрек-қан тамырлары ауруларының белең алу қаупі 40%-ға азайса, демікпесі бар науқастарда демікпе қайталануы төмендейді.
АҚШ-тың Мюрредегі кардиология институтының ғалымдары мерзімді ораза диабетті болдырмауға көмектесетінін анықтады. Олар ораза кезінде май жасушаларындағы зиянды холестерин энергияға айналады деп тапты. 10-12 сағаттан кейін адам денесіндегі аштық альтернативті көздерден алынатын энергияны тұтына бастайды.
Ең қызығы, жан-жануарлар ауырса не ағзалары зақымданып жараланса, ашығып емделеді. Оған мысалды жыртқыш аңдар мен жабайы жануарлар, хайуанаттар мен құстардан байқауға болады екен.
Француз биологы, ішкі ағзалар бойынша білікті дәрігер болған, Нобель сыйлығының лауреаты Алексис Каррель өзінің «Белгісіз адам» еңбегінде: «Адамдар барлық ғасырда ораза тұтқан. Сондай-ақ барлық діндер ас-судан тыйылып, ораза ұстауға шақырудан ешқашан тыйылған емес. Адам ауыз бекіткенде бүйректегі қант қимылдайды, онымен бірге тері астындағы майлар да қимылдап, ериді. Ішкі ағзалар мен жүрек бір қалыпты жұмыс істеуі үшін барлық организм өзінде сақталған қордан қажетті энергия жұмсай бастайды», – деп, оразаның пайдасын ғылыми тұжырыммен дәлелдеп кеткен.