Орта-шағын бизнес – экономикалық дамуымыздың қозғаушы күші

Орта-шағын бизнес – экономикалық  дамуымыздың қозғаушы күші

Капитализм жүйесін таңдаған біздің қоғамның  келешегі де, осы ұлттық буржуазияның қалыптасуына мүдделі болуы – өмір талабы. Бұл талап біздің еліміз бен жеріміздің және келешек ұрпақтың тағдыры үшін ауадай қажет. Ұлттық буржуазия ғана біздің тәуелсіз ұлттық мемлекетіміздің іргетасын қалап, шаңырағын берік ұстайтын күш. Біздің елде өткен отыз төрт жылда ұлттық буржуазияның қалыптаспауына жауап іздеген ғалым, философ, экономист, саясаттанушы, саясаткерлер және зиялы қауымның ұйтқысы болатын ақын, жазушылардың үні неге шықпады?.. Қазақ елінің, ұрпағының және ата-бабадан қалған жеріміздің келешегін, тағдырын осы азаматтар ойламаса, кім ойлайды?.. Әлде, мақсаттары тыныш жүріп, мадақтап, сый-сияпат көріп, «мықтының» көлеңкесіне жылыну ма?                                                                                                                       

Қазақстаннның бодандық құрсауынан шығып, жаңа тәуелсіз мемлекет құру кезінде ғылыми тұрғыдан қатаң талдаумен шешім қабылданбай, сауатсыз, субъективті ұғым негізде жіберілген қателіктер, қазіргі қазақ елін ұрлық, сыбайлас-жемқорлық пен ұлт байлығын талан-таражға салу жайлаған халқы кедей, келешегі бұлынғыр ахуалға алып келгені аян. Осындай халге жеткізген, сол кездегі, билікке ие болған социализм дәуірінде қалыптасқан саяси элита өкілдері еді. Олардың халқының келешегіне адал қызмет етуден гөрі билікті қолда ұстауға ынталы болғаны белгілі болды. Солардың капитализм қоғамы дамуының ерекшелігіне терең үңіліп, экономиканың дамуына байланысты шешімдерді аса жауапкершілікпен ғылыми сараптамалар негізде жан-жақты екшеп, сауатты қабылдамауы салдарынан жаңа қоғамның дамуын тежейтін жағдай орын алғаны аян. Қазақстанда жаңа қоғам құруда, ғылыми даму жолынан адасып, батыс елдерінің тәжірибесінен жұрттың менталитетімен санаспай тек көшірме енгізіп, Назарбаевтің отбасы және оны қолдаған аз ғана аса байыған топ пен шетелдік алпауыттардың ұлттың байлығын тонап, қызығын көргені барша әлемге әйгілі болып отыр. Олардың биліктің әр сатыларында болған  дос-жарандарын сүйреп, сыбайлас-жемқорлықтың тамырын  жаюға күш жұмсағандар екенін өмір шындығы дәлелдейді. Сол биліктің белсенді қолдауы ықпалымен қалыптасқан ірі бизнес  олигархтар мен латифундистер тобы, біздің елдегі қоғамның темірқазығы болатын қозғалтқыш күші – орта және шағын бизнестің пайда болып, дамып өсуінің жолын жауып тастады. Табиғи байлығы мол қазақ елінің осындай халге келуіне бұрынғы метрополия мен шетелдік трансұлттық компаниялардың үлесі бары да ақиқат. Шындықтан қашып құтыла алмаймыз. Елде  демократиялық ұстанымы айқын нарықтық капиталистік  қоғам емес, ірі буржуазияның мүддесін қорғайтын авторитарлық бір адамға табынған билік жүйесін қалыптастырды. Бұл билік жүйесі мемлекеттің экономикалық дамуының негізгі қаржылық көзі орта-шағын бизнес пен салық төлейтін барша халықты кедейлікке ұшыратып, қазақ елін қазіргі бюджет жетіспейтін жағдайға алып келді. Өйткені ірі бизнес өкілдері ешқашанда мемлекетке өз байлығына сәйкес салық төлемейді, қайта көптеген жеңілдікке ие болатыны аян. Оны әлемдегі елдердің тәжірибесі көрсетіп отыр. Елімізді тығырықтан шығарудың бір-ақ жолы бар. Ол – тек жаңа қоғам құрудағы өткен биліктің  ынталы болуы нәтижесінде пайда болған «жасанды олигархтар мен латифундистердің» ықпалынан жедел түрде, уақыт оздырмай құтылып, тазаратын жолды таңдау.                                                                                                                                          Оны шешу үшін ғылыми негіздегі адамзат тарихының тәжірибесі және өз халқымыздың менталитетінің  даналығына, халық пен биліктің ынтымақты бірлігіне сүйене отырып, ақылмен түзетудің жолын табу керек. Олай болмаған күнде қоғамда үлкен қопарылыс болуы ықтимал. Ондай жағдайдан сақтану қажет. Өйткені, елді осындай халге жеткізіп, халықты тонаған да – қазақтар, сол билікке басын иіп мадақтауын асырып, құлмінездікпен шындықты ашпай, жасырған да – қазақтар. Сондықтан, қазақтардың бәрі бай болсын, кедей болсын және өзін қазақпын деп санайтын әр адам терең ойланып, халқының намысы менің намысым деген пиғылмен дұшпанына халқын табалатпай шешім қабылдайтындай ортақ әділетті жолын тауып, соған адал қызмет ететін де қазақ болуы қажет. Сонда ғана еліміздегі басқа жұрттың өкілдері және әлем халқы қазақты құрметтеп, қолдайтын болады. Ойланыңдар! Бұл қазақ халқының тағдырын шешетін қажет қадам.                                                        

Қазақ елінің келешегі үшін бір-ақ  жол бар. Орта, шағын бизнес тобы қоғам дамуының қозғалтқыш күші болып, мемлекет билігіне ықпал ететін деңгейге көтерілуі қажет. Капитализмнің саяси экономикалық даму заңдылығына жүгінсек: 

– Бодандықтан арылып, тәуелсіз ел болып, капиталистік саяси-экономикалық бағыт ұстанған мемлекеттің дамуына күш беретін, өз халқына адал қызмет етіп, елінің намысы мен мүддесін қорғайтын, ұлттық байлық қорының негізгі иесі, орта, шағын бизнес өкілдерінің ынтымағымен пайда болатын қоғамның қозғалтқыш күші – Ұлттық буржуазия. Ұлттық буржуазия ғана – жаңа капиталистік қоғамның дамуына, өз ұлтының тәуелсіз, демократиялық мемлекет болып, елінің азаттығы мен жерінің біртұтастығының мәңгі сақталуына кепіл болатын күш. Еліміздегі орта, шағын бизнес қоғамның қозғалтқыш күші болу үшін, сол ұлттық байлықтың кем дегенде 70-80 пайыз үлесінің иесі болуы қажет. Сонда ғана ұлттық буржуазия мемлекеттің билігіне тура ықпал етіп, ірі олигархтар мен латифундистердің билікке ықпал етуін тежейді.  Капитализм қоғамын құрудың ең басты талабы қозғалтқыш күш – Ұлттық буржуазияны қалыптастыру үшін оны өмірге әкелуге ықпал ететін мемлекеттің билік жүйесі өзгеруі тиіс. Өйткені Назарбаев құрған билік жүйесі – қазіргі заманның реактивті ұшағына Кеңес дәуірінің ескі АН-2 ұшағының қозғалтқышын (моторын) орнатқандай, социализмнің авторитарлық басқару жүйесі тәсілмен нарықтық капитализм құрамын деп, «жабайы капитализмге» алып келді. Демократиялық капитализм қоғамының дамуы, оның экономиялық және саяси заңдылықтарын қатал сақтап, тек ғылыми негізде басқаруды талап етеді. Елдің келешегі – халық пенен биліктің бірін-бірі тыңдап, қандай қиын мәселе болса да ортақ тіл тауып, бірлікті сақтау. Сондықтан біз биліктегілердің бәріне топырақ шашпауымыз керек. Олардың ішінде ары таза, ұлтының келешегіне жүрегі ауыратындар бар, аз емес. Бірақ өткен билік ондайлардың білімі мен біліктілігін пайдаланып, өздерін тізгінде ұстап, биліктің кілтіне жолатпай, реттеп отырғаны белгілі. 

Билікті өзгерту – өте күрделі, ауыр мәселе. Биліктің әділетті болуы, не құбылып өзгеруі  халыққа да байланысты. Оны түзету үшін билік те, халық та, ащы да болса, осы мәселені екі жақта ақылмен талдап, ғылыми әдіспен  сараптай отырып, өздерінің жіберген қателерін ашып, түзетуі қажет. Бұл халыққа топырақ шашу емес, біз жұртымыздың кейбір қылықтарындағы кемшілігін түзетуіміз ұлтымыз бен ұрпақтың келешегіне қажет. Өкініштісі, Қаңтар оқиғасынан кейінгі Қ. Тоқаев мырзаның алғашқы қадамы елімізде үлкен өзеріске жетелейді деген халықтың үміт пен сенімін оятты.  Ашық ақпарат жүйесі арқылы халық билік пен Президенттің атына өздерінің сын пікірлерін айтулары көбейді. Сын айту керек. Бірақ  өзіңе Тоқаев ұнай ма, ұнамай ма, пікіріңді жазғанда оның нақты ісіне сын айтып, ал намысына кір келтіруге болмайды. Ол – мәдениетсіздік. Президентті сыйламау, басқа жұртқа біздің мәдениетіміздің деңгейін көрсетеді. Оның ісі мен қылығында кемшілік болса, оны ашық өзіне дәлеліңмен айтып, соны түзетуге болатын ұсынысыңды жаз. Одан зиян шегем бе деп  қорқатын ештеңе жоқ. Ел билеу өте қиын, ауыр, жауапты іс. Барлық жағдайға тек Президент кінәлі деген ақиқатты түсінбеуден туады. Мен Тоқаевті ақтап отырғаным жоқ. Ол да біз сияқты пенде. Пендешілік бәрімізді адастырмай қоймайды.  Қоғамда болып жатқан кемшіліктер бір адамның ғана кінәсі емес. Кемшіліктер негізінен, билік жүйесіне бұрынғы тамыр-таныс, құлмінез жағымпаздық  арқылы сіңіп, терең тамыр жайған биліктегілердің әрекет, істерінен туындайды. Тоқаевтің кінәсі, ең басынан солардан тазару жолын ұстанып, өмір тәжірибесі бар, өзін қолдайтын ұят-ары таза, ұлтын нақ сүйетін мінезі бар кадрлерді жинап, маңайына топтастыра алмағаны.  Елді билеу үшін қадрлер тек үш буынның өкілдері болғаны жөн екенін ұқпай, ескі кадрлердің мықты қоршауында қалып қойғаны. Маңайына рухани тағылымы  мен өмір тәжірибесі жоқ, сөзге шебер, істе дарынсыз, жағымпаздыққа бейім, әлін білмей маәнсап қуған жастардың басымдылығы. Жастар тәлім беретін екі аға буынның тәжірибе мектебінен өтуі керек. Халықтың қатесі – сол кезде жаңа Президентке өз даналығымен ой салатын ықпал жасай алмағаны. Өйткені біздің халық әлі кеңестік дәуірден шыға алмаған құлмінез, жасық, келешегін биліктің мойнына артып қойып, соған табынып сенетін, өз тағдырына енжар, ұйқысынан оянбаған халде. Оны ұйқыдан оятатын зиялылардың жайы белгілі.

Әлі де кеш емес, өзі сайлаған Президентіне халық қолдау жасап,  Тоқаев қатесін енді түзетеуіне жол ашып, үлкен өзгеріске жігерлі қадамға бару керек. Ол үшін ақылмен ел бірлігін сақтайтын және жаңа қоғамдық сана қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік бағдарлама қажет. Қоғамның өзгеруі, ел келешегінің даму жолын жаңа ғылыми негізде  халықтың менталитетімен санасып дамитын жолға түсуіне байланысты екенін ұғу керек.  Халық пен биліктің ынтымақ-бірлігін нығайту мен жұрттың санасының өзгеріп жетілуіне қажет бағытқа аса зор көңіл бөлген жөн.

                                                                                                                                

 

Болат ДҮЙСЕМБІ, саясаткер-экономист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
16.07.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 15499
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 15384
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 30533
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 29163
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 32733