Қазақтың даңқты батыр ұлдарының бірі −Бауыржан Момышұлы «Отан үшін отқа түс, күймейсің», - деген екен. Шынында да осы Отан үшін, туған ел мен жер үшін отқа түскен кешегі батыр бабаларымыз, әлемде жер көлемі жөнінен тоғызыншы орын алатын осынау байтақ өлкені «Ақ білектің ұшымен, ақ найзаның ұшымен», қорғап кейінгі біз секілді ұрпаққа аманаттап кетті. Қазақ елінің қай қиырына барсаңыз да тәуелсіздіктің желбіреген көк туын көріп, көңіл шіркін марқаяды. Осы орайда Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан жауынгерлеріне де үлкен міндеттер жүктеледі.Бұл жайында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5517 әскери бөлімнің командирі, подполковник Алқайдаров Сағындық Ахмадиұлымен жүздесіп, әскери бөлімнің даңқты жауынгерлік жолы, өткені мен бүгіні жайлы сұхбаттасқан болатынбыз.
- Сағындық Ахмадиұлы, әңгімемізді алдымен 5517 әскери бөлімнің төл жауынгерлік тарихы жайлы және қандай әскери бағытта негізделгенін айта кетсеңіз?
– Ел қауіпсіздігін сақтауда Ұлттық ұланның орны ерекше. Біздің әскери қызметшілер ішкі істер құрылымдары қызметкерлерімен бірлесіп, қала көшелеріндегі қоғамдық тәртіпті қадағалап,түзеу мекемелерінде отырған қылмыскерлерді күзетіп, көпшілік халық жиналатын шаралар кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.
Ал әскери бөлімнің өткен тарихына көз жүгіртсек еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін мемлекетіміздің ішкі тұрақтылықты сақтау үшін Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетінің Қаулысымен және Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлері Қолбасшысының бұйрығымен біздің еліміздің көптеген қалаларында жедел бөлімдер құрылды, сонымен қатар 1995 жылдың 20 ақпанында Орал қаласында 5515 әскери бөлімінің батальоны базасында 5517 әскери бөлімі құрылған болатын.
Әскери бөлімнің құрылуына елеулі қызмет еткен офицерлер Сергей Юрченко, Кенес Байсмаков, Валерий Дурнов, Андрей Попов, Асхан Ибишов, Даниль Ваганов, Бакытжан Бердиев, Марат Абдрахманов, Малгабай Байболатов тағы да басқа офицерлерді мақтанышпен атауға болады, олар бөлімнің қоғамдық тәртіпті қорғау жөніндегі қызметтік-жауынгерлік міндетін сенімді түрде абыроймен атқарды.
Ал,1996 жылы маусымда полк командирі болып подполковник Кеңес Байсмаков тағайындалды, Кенес Құспанұлы басқарған кезде бөлім жауынгерлік қызметті жоғары нәтижелерге қол жеткізді.Осы орайда подполковник К. Байсмаковтың басшылығымен бөлімнің әскери ұжымы жауынгерлік сайыстың қорытындысы бойынша 1999 жылы Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлер полктері арасында бірінші орынға ие болды. Бұл бөлім үшін үлкен жетістік болды.
Сондай-ақ, 2002 жылдың 30 желтоқсанда бөлімнің өмірінде айтулы оқиға орын алды: Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлерінің қолбасшысы генерал-полковник Қайырбек Сүлейменов бөлім командирі подполковник Ермек Нұрғалиевке әскери бөлімнің Жауынгерлік туын табыстады. Бөлімнің Жауынгерлік туын алғаннан кейін жеке құрам күн сайын өз шеберліктерін жетілдіріп, әскер жауынгерлері мен оның бөлімшелерінің дәстүрлерін арттырды.
Бүгінгі таңда әскери бөлім жеке құрамы «Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан әскер туралы» Заңды басшылыққа алып ішкі істер органдарының қызметкерлерімен бірге Орал қаласындағы құқықтық тәртіпті қамтамасыз етіп, түзеу мекемесін күзетіп, табиғи апаттардың салдарын жоюға қатысу және тағы басқа қойылған қызметтік-жауынгерлік міндеттерді адал және абыроймен атқарып келеді.
Жауынгерлік қызметті атқарумен қатар бөлімнің әскери қызметшілері өңірдегі қоғамдық-мәдени іс-шараларға белсенді қатысады. Мәселен, полктің әскери оркестрі қалалық қоғамдық іс-шараларға үнемі қатысып отырады.Әсіресе, жастарды полктің өмірімен жақынырақ таныстыру үшін Ашық есік күндері жүйелі түрде өткізіледі.Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, қарттар үйі мен жетім балалар үйілеріне дәстүрлі түрде барып ұлықтап, сыйлықтар сыйға тартамыз. Жастарды әскери - патриоттық тәрбиелеуге қосқан зор үлесі үшін жергілікті атқарушы органдардың өкілдеріне, сондай-ақ Орал қаласы білім басқармасы, мәдени мекемелерінің басшыларына өз алғысымды білдірем.
- Биыл сіз басқарып отырған 5517 әскери бөлімі Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери бөлімдері арасындағы жауынгерлік сайыстың бастамашысы болды. Осы орайда жауынгерлік сайыс туралы ой- пікіріңізді айтып өтсеңіз?
– Ағымдағы жылдың қаңтар айында Әскери кеңесте біздің 5517 әскери бөлімі Жауынгерлік жарыстың бастамашысы болып бекітілді.Бұл жауынгерлің сайыс Ұлттық ұланда «Жауынгерлік жанұядай ұйысқан.Ұлттық ұлан елімен халқына қорған» атты ұранмен өтуде. Бұл ұранның астарында мемлекеттің әскери жасағын дамыту жүйесіндегі уақыт талабымен үндесетін терең рухани ой жатыр. Сондай-ақ биыл күз айында біздің өңірліқ инспекторлық тексерісті тапсырады. Әрине, көздеген мақсатқа жету үшін тынымсыз еңбектену қажет.
Ол үшін әрбір сардар мен сарбаз өзіне жүктелген міндеттерін тиянақты атқарып, кәсіби біліктілігін арттырып отыруы қажет. Әр ай сайын бөлімдерде кешенді-бақылау сабақтары өткізіледі.Жауынгерлер тактикалық-арнаулы жаттығуларға белсенді қатысады. Мысалы; өткен жылы өңірліқтің жауынгерлері, «Бөгде», «Антитеррор» және тағы басқа жаттығуларға қатысып, әскери шеберліктерін шыңдады.
Ал әскери ұжымның басты моральды және интеллектуалды тұтқасы – офицерлер. Бөлімшелерді басқарудың негізгі ауыртпалығы солардың мойнында. Ал әскери қызметкер әскери-жауынгерлік міндетін табысты орындау жолында өзінің күшін, білімі мен тәжірибесін пайдаланады.
Негізінен жауынгерлік сайыс әскери қызметшілерге, бөлімшелер мен бөлімдерге жүктелген міндеттерді тиімді және сапалы орындау мақсатында әскерлерде жылда ұйымдастырылып өткізіледі.
Жауынгерлік сайыс - бұл командирлердің, штабтардың, тәрбие құрылымдарының әскери ұжымдар мен әскери қызметшілерді қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындауда, жауынгерлік даярлықта және әскери тәртіпті нығайтуда жоғары нәтижелерге қол жеткізуге жұмылдыру жөніндегі жұмысы.
Ең бастысы, әр сабақты жауынгерлік,командирлік және кәсіби-лауазымдық даярлық бойынша жоғары әдістемелік деңгейде қатаң түрде өткізу. Бөлімшелерде, батальонда, бөлімде жауынгерлік жарыстың қорытындысын шығарудың бекітілген жүйесін мүлтіксіз сақтау.
Әрине, белгілі бір нәтижеге жету үшін сіз көп және жемісті жұмыс істеуіңіз керек. Мен әрбір әскери қызметшіден өзіне жүктелген лауазымдық міндеттерді кәсіби және адал орындауды, өзінің кәсіби деңгейін үздіксіз арттыруды және бағыныштыларды оқытуды, қойылған міндеттерді шешуде табандылық пен ақылға қонымды бастама көрсетуді талап етемін. Сондықтан 2023 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының үздік әскери бөлімі атағына қол жеткізу үшін жан-жақты күш саламыз.
Бәріміздің ортақ борышымыз – Отанымыздың нағыз патриоты болуға тырысу.Бір сөзбен айтқанда, біздің міндет-мақсатымыз біреу.Ол Қазақстан Қарулы күштерінің Жоғары Басқолбасшысы К. К.Токаевтың және Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан Басқолбасшысының бұйрықтарын бұлжытпай орындау үшін әрқашанда жоғары әскери дайындықта болу.
- Мерзімдік қызметке шақырылған жас сарбаздармен бастапқыда қандай жұмыстыр жүргізіледі?
-Алдымен әскери бөлімге келген жас сарбаздарды бір айға бастапқы оқу пунктіне жібереміз. Сол жерде олар алғашқы дайындық мектебінен өтіп, әскери өмірдің барлық қыр-сырын үйренеді. Жас сарбаз курсынан басқа олармен әртүрлі мәдени-демалыс іс-шаралары, Ұлттық ұлан ардагерлерімен кездесулер, бөлімнің тарихымен танысу және т.б. іс-шаралар өткізіледі. Жас жауынгер курсы Отанға адал болуға және еліміздің заңды түрде халқына, сайланған Президентіне әскери ант қабылдаумен аяқталады.
Осы айтулы мерекеге алыстан ат терлетіп, сарбаздардың ата-аналары келген жағдайда, екі күнге демалысқа жібереміз. Әскери ант қабылдайтын күні арнайы мерекелік бағдарлама болады, оған сарбаздардың ата-аналары, достары тума-туыстары да қатысады. Сонымен қатар әскери бөлімдерде арнайы « Ашық есік» күні секілді шаралар өткізіледі. Сол кезде ата-аналар ұлдарының күнделікті әскери өміріндегі қызметтерімен жақын танысып, жататын жерлерін, асханасын, жалпы әскери бөлімнің ішің аралап, өз көздерімен көреді.
Үздік қызмет көрсеткен сарбаздарға ата-анасына немесе жұмыс орнына әскери міндетін үлгілі орындағаны туралы алғыс хат жолдау, көтермелеуі тәртіптік Жарғыда заңмен бекітілген.
– Бөлімде жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруге байланысты нендей шаралар ұйымдастырылуда?
–Қазақстан Республикасы Конституциясының 36-бабында «Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті болып табылады» деп жазылған. Осыған сәйкес Орал қаласындағы жастармен әскери-патриоттық жұмыстар жергілікті атқару органдарымен бірлесе жүйелі ұйымдастырылуда. Қала көлеміндегі білім беру мектептерінде жастарға үгіт насихат жұмыстарын жүргізу мақсатында «Жас бүркіт» әскери-патриоттық сыныптар ашылды. Оқу орындарында оқитын жастарды патриоттыққа тәрбиелеу бағытында және алдағы уақытта әскер қатарында Отан алдындағы борышын өтеуге дағдыландыру үшін аудандағы ардагерлер кеңесінің төрағасы, Ауған соғысының ардагерлерімен және әскери қызметін атқарып келген жастармен кездесулер жиі өткізіліп тұрады.
Сондай-ақ мектеп жасындағы жастарды әскери оқу орындарына түсуі үшін мақсатты жұмыстар атқарылуда.Қазақстан Республикасының Ұлттық Ұланның Петропавол қаласындағы академияға құжаттар қабылдау жыл сайын жүргізіледі.
–Қазіргі жасөспірімдер Отанға деген саналы сүйіспеншілік, елжандылыққа бейжай қарайды. Яғни патриотизм төмен. Мұның себебі неде?
–Патриотизм – форма киген әскери немесе құқық қорғау органы қызметкеріне қатысты дүние емес. Ол туған жеріңді, өмір сыйлаған ата-анаң мен оттан ыстық Отаныңды шексіз сүю сезімі. Отан қорғауды насихаттаудың өзін халықты, жастарды патриоттыққа баулу деп есептеймін.
Шыны керек, қазір мектеп оқушыларының мұғалімге қарсы келіп жүргенін естіп те, көріп те жүрміз. Одан қалды ата-анасын шақырып, арты ушығып жатады. Біз мектепте білім алып жүргенде ұстазды құрметтеуге аса қатты көңіл бөлінетін. Бүгінгі таңда кейбір жастар мектептегі ұстазы емес өзінің отбасындағы ата-анасы мен, бауырына жаны ашымайды, ал өзінің ата – анасын жақсы көріп құрметтемейтін баладан өз Отанын сүйіп елін қорғайтын азаматтың шығуы екіталай. Сондықтан патриоттық тәрбиенің ошағы ол отбасы деп білемін. Адам баласы дүниеге келісімен өзі көріп отырған адамдардың іс-әрекетіне, қимылына, жүріп – тұрысына, сөйлесуіне қарап өзіде сол көріп жүргеніне ұқсас әрекет жасауға тырысады. Осыған байланысты: «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» - дейді халық. Сондықтан баланың ең әуелгі өсетін ортасы – отбасы тәрбиесіне өте терең көңіл бөлу керек. Сондағана біз өзінің отбасын, Отанын сыйлай алатын нағыз патриот тәрбиелеп шығара аламыз.
-Подполковник мырза,әңгімемізді өзіңіздің өмір жайында өрбітсеңіз?
– Отан қорғаушы мамандығын мектепте оқып жүргенде таңдаған. Өмірде мамандық сан алуан болғанымен, адамдардың әркез сарбаздар мен сардарларға құрметпен қарайтыны жасырын емес. Әскери қызмет нағыз ерліктің үлгісін көрсететін мамандық.
Өзім жайлы айтар болсам мен 1982 жылы 15 мамырда Солтүстік Қазақстан облысы Шалақын ауданы Жалтыр ауылында дүниеге келгем. 1999 жылы мектеп қабырғасын тәмамдадым.Жастық шағымдағы арманым Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлерінің жоғары әскери училищесіне түстім. 2003 жылы оқу аяқталып, мен үшін әскери қызметтің өмір жолы басталды.
Бастапқыда әскери қызметті 5570 әскери бөлімінде взвод командирі лауазымынан бастадым. Осы әскери бөлімде 2003 жылдан бастап 2012 жылға дейін взвод командирі, рота командирі, жауынгерлік даярлық бөлімшесі бастығының көмекшісі секілді әртүрлі лауазымдық қызметтер атқардым.Сондай-ақ, 2013-2017 жылдар аралығында 5510 пен 6637 әскери бөліміндерде бөлім командирінің орынбасары лауазымында қызметімді жалғастырдым. Ал, 2017 жылы Петропавол қаласында орналасқан өзім ұшып шыққан білім ордасы Ұлттық ұлан Академиясында батальон командирі қызметін, одан кейін 2021 жылдан бастап 5517 әскери бөлім командирі қызметін абыроймен атқарып келемін.
-Әңгімеміздің соңында өзіңіздің отбасыңыз туралы айтып берсеңіз. Әскери қызметтің отбасылық өмірге ықпалы бар ма?
- Менің отбасым қарапайым: жұбайым, төрт қызым бар. Зайыбым Салтанатта әскери қызметші. Қазіргі таңда осы 5517 әскери бөлімінде медицина қызметкері. Үлкен қызым Аяжан, қазіргі таңда киелі Түркістан облысындағы оқу орнының 2-курс студенті. Екінші қызым Алтынай мектепте 10 сынып оқушысы, одан кейінгісі Әдемі де мектеп оқушысы. Кенже қызым Ботакөз төрт жаста, балабақшаға барады. Әскери қызмет адам бойындағы қайсарлықты, елжандылықты тәрбиелейді. Осы орайда отбасым да осы сынды қасиеттерге бейім. Әрине бізде әскери қызмет болғаннан кейін бос уақыт бола бермейді. Дегенмен, бос уақыт болған кезде, отбасыммен серуендеп, көбірек көңіл бөлуге тырысамын. Әскери қызметші ғана емес, әке екенімді де ұмытпаймын. Бақыттымын.
- Сұқбатыңызға рахмет!