Елімізде ерекше мән беріліп, күлкі күні деп аталып жүрген 1 сәуір туралы кеш те болса пікір білдірсем деймін. Бұл күні адамдар бір-бірін алдап, түрлі іс-әрекеттермен әзілдеп жатады. Алдаудың бір аты – өтірік қой. Қазақ атамыз «Өтірік өрге бастырмайды» деп, жалған сөйлеуге тыйым салған. Өтірік айту – қай жерде болмасын, қашан болмасын дінімізде ғана емес, қазақы болмысымызға жат қылық. Әсіресе жас балалардың алдында өтірік айту– үлкен әбестік. Тәрбие тал бесіктен екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан 1 сәуірді «Алдау күні» деп атаудың өзі дұрыс емес.
Құдды бір уақытты өтірік айтуға, күнә жасауға арнап қойғандай көрініс. Мүлдем ақылға қонымсыз, шариғатымызға түбегейлі қайшы амал бұл. Біз мұсылман ретінде бұл сырттан келген теріс үрдіске еліктемеуіміз керек. Мұсылман адам күнәға күнін арнамайды ешқашан. Ғұмырын сауапқа, игі іске арнайды. Өтірік айтудың түбі жамандық пен сәтсіздікке ұрындырады. Өтірік айтатын адамды Алла Тағала өз ортасында сыйсыз, абыройсыз етіп қояды.
Бабаларымыз «Өтірік сөз жанға қас,
Өткір пышақ қынға қас», «Өтірік – қаңбақ, шын – салмақ» деген тәрізді тағылымды дүниелер қалдырған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өтірік айту ең жаман сипаттардан екеніне байланысты, оның күнә екеніне қатысты бірнеше хадистерімен қатаң ескертулер жасаған. Сол хадистерінің бірінде Алла Елшісі: «Расында, шын сөйлеу жақсылыққа жеткізеді, жақсылық жəннатқа жеткізеді. Егер де бір кісі шын сөйлеуге дағдыланса, ол Алланың алдында шыншылдардан болып жазылады. Расында, өтірік сөйлеу жамандыққа жетелейді, жамандықтың түбі тозаққа жеткізеді. Егер де бір кісі өтірік айтуға дағдыланса, ол Алла алдында өтірікшілерден болып жазылады» деген. Қалжыңдап болса да әзілмен өтірік айту жақсы емес. Себебі пенде осындай өтірігіне дағдыланып қалуы мүмкін. Нәтижесінде қалыпты өмірінде де, кейбір уақыттарда өтірік айтатын, алдап-арбайтын амалдарға барып қалмауына кепіл жоқ. Қазақ айтпақшы, «Ауру қалса да әдет қалмайды». Сондықтан, ағайын, бір сәттік көңіл күй үшін әзілдеп болса да біреуді алдамайық!