Наурыз – қазақтың төл жаңа жылы. Құдай қаласа, қасиетті рамазан айымен бірге Наурызымыз да дүбірлетіп келіп қалды. Қасиетті Маңғыстауды біз қарашаңырақ деп айтып жүрміз. Осы өңірде, батысымызда Наурызды тойлау ерте басталады. Көрісу, Ұран от жағу дәстүрлері ежелден осы батысымыздан бастау алып, содан соң қазақ даласына жайылып кете барады. Алаштың өр ақыны Сабыр Адай бастап, Отпан тауында тамаша кешен салдырғалы он шақты жылдың жүзі болды. Қазір ол тек маңғыстаулықтардың ғана емес, бүкіл қазақ жұртының көзайымына, мақтанышына айналды. Біздің айтарымыз халықтың көз қуанышына біз де бірге қуанып, әрқашан жақсымызды асырып, Отпанның даңқын бүкіл әлемге танытып жатсақ, үстіне нұр болар еді.
Амалдың аппақ сәулелі таңы нұрланды,
Мерекем менің, қазаққа біткен бұл мәңгі.
Отпан тау тұрды еңсесі биік ежелден,
Ерлері қандай, алашқа біткен ұлдан-ды.
Қазаққа қазақ ақ тілек айтып, қауышты,
Салт пенен дәстүр, күй менен жырға ауысты.
Ақ орда үйлер, үш жүзден келген қонақтар,
Ұран от жаққан ұлы дала мен тау үсті.
Жасыма, халқым, жігерің қайда жанып бақ,
Ел бірлігін Отпанға келіп танытпақ.
Маңғыстау деген ұлтымның ыстық құшағы,
Қарашаңыраққа қарап ал, жұртым, анықтап.
Әулиелерден кие дарыған Түбегім!
Тұтас қазаққа дастархан жайып тұр елім.
Не деген ғажап, бауырмал аймақ, ақжарқын,
Көкмойнақ тектес көсіле шапқан күреңім!
Қош келдің, амал, уыз той – жаңа жыл басы,
Ай ару анау, күмістен күннің сырғасы.
Адамзат тыныш, әр қазаққа бақ қонсын,
Ән салшы, Әлем!.. Жырлашы, жүрек, жырлашы!..
Маңғыстауда «адайшылдық» жоқ!
Маңғыстауда «адайшылсың!» деп қаралай салатын орыс патшасынан, Кеңес империясынан қалған басқыншылық пен нигилистік дерт, мәңгүрттік жала, сатқындық сана және қоғамдағы барлық келеңсіздіктердің жаманатын бір аймаққа аудара салатын паразиттік инфекция бар.
Ұран от – антипаразиттік амал. Қазақ халқын үрей мен үнсіздіктен қорғайтын, арам пиғылдардан аластайтын ерлік пен елдіктің мәңгілік алауы. Ол енді өшпейді, Отпан таудың басынан «қазағым!» дейтін әр жүректің басына көшіп алған.
Адай ата – қазақ атаның кенже ұлы, қазаққа біткен қарашаңырақтың киесі.
Қосай ата ұрпақтары амалдың уыз тойына дайындалып жатыр, Алла бірлік пен берекет берсін!
Сабыр АДАЙ