Қойнауына қатпарлы тарих құпиясын бүккен Қаратау жотасының ұшар биігінде бой көтерген киелі көк кесенеде Амал күні қарсаңында ерлік пен елдіктің нышаны – Ұран оты маздады. «Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде 8 арыс Адайдан дүреп, өз алдына өніп-өсіп, өрбіген үрім-бұтағы бас қосқан алқалы жиында уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кездегі ұлт тарихы мен тағдырын зерделеудегі тағылымды толғаныстар сөз етілді. Тарихи-мәдени маңызы зор іс-шараға Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев арнайы атсалысып, талай зауал мен зұлматты бастан өткерсе де, ұлттық намысы мен жігері мұқалмаған, сағы сынбаған, айбары атойлаған баһадүр бабалар ерлігін тілге тиек етті. Жанкешті ерлік және жауынгерлік рухпен жауын жаныштай жүре қол жеткізген дербестік пен елдіктен ендігі кезде көз жазып қалмау ұрпақ мойнына артылған аса қасиетті жауапкершілік екендігін ескерді. Әрине алдымен күллі қазақтың қабырғасын қақыратып кеткен «Қаралы қаңтар» қақтығысынан қаза тапқан жандардың рухына Құран бағышталды.
Биылғы Амал мерекесі жылдағы дәстүр бойынша Отпан таудың басында кең көлемде аталып өтуі керек еді. Бірақ қаһарлы қыста орын алған қайғылы оқиғадан кейін Бұзау ата ұрпақтары дүркіретіп той жасауды жөн деп санамады.
Жиында сондай-ақ басқа да ұлт зиялылары елді ұлт болып ұйысуға, қастерлі Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтауға, бір жұдырық болып жұмылып, әркез ауызбіршілдік, ұйымшылдық танытуға шақырды.
Белгілі қоғам қайраткері Қайролла Ережепов сөз алып, Ұран оты жағылған соң, келесі Амалды ұйымдастыру сабақтастығын Тобыш ата ұрпақтарына табыстады.