Астанада өтіп жатқан Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-пленарлық отырысы аясында, еліміз үшін пайдасы зор бірталай ауқымды жобалардың жүзеге асатыны белгілі болды. Солардың бірі- Павлодарда жоғары технологиялық гидрометаллургиялық комбинат салуды қаржыландыру бойынша ЕҚДБ-мен келісімге қол қойыу рәсімі дер едік. Бұл айтулы келісімге Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев пен Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) президенті Одиль Рено-Бассо қол қойды.
«Кездесу барысында Ерсайын Нағаспаев пен Одиль Рено-Бассо өнеркәсіп, құрылыс, өңірлік инфрақұрылымды дамыту және өзге де салалардағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Сондай-ақ Қазақстан мен ЕҚДБ арасындағы әріптестікті одан әрі кеңейту перспективаларына және экономиканың орнықты дамуына бағытталған жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруға назар аударылды. Кездесу қорытындысы бойынша Өнеркәсіп және құрылыс министрінің қатысуымен ЕҚДБ мен Solidcore Resources компаниясы арасында Ертіс гидрометаллургиялық комбинатын (ЕГМК) салуды қаржыландыру бойынша $300 млн көлеміндегі келісімге қол қойылды. Жобаны іске асыру үшін ING, Société Générale және Abu Dhabi Commercial Bank бастаған коммерциялық банктер синдикатынан да $300 млн көлемінде қаржы тартылды.» Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми сайтында айтылды.
Аладғы уақытта «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында еліміздегі алғашқы жоғары технологиялық толық циклді гидрометаллургиялық зауыт іске қосылатын болады. Кәсіпорында қысыммен тотықтыру әдісі арқылы құрамында алтыны бар күрделі байытылатын концентраттар өңделеді. Гидрометаллургиялық комбинаттың өндірістік қуаты жылына 300 мың тоннаға дейін алтын құрамды концентратты өңдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар кәсіпорын жыл сайын доре қорытпасы түрінде 500 мың унцияға дейін алтын өндіре алады. Жобаны іске асыру нәтижесінде шамамен 500 тұрақты жұмыс орны ашылады.
Оқырмандарға түсінікті болу үшін аталмыш компания туралы аздаған ақпарат ұсына кетейік. Solidcore Resources plc (2024 жылға дейін Polymetal International plc) - Қазақстандағы басқа компаниялардың акцияларына иелік ететін компания. Ол 2010 жылы құрылған және штаб-пәтері Астанада орналасқан. Компания бұрын Джерси аралында Polymetal International plc атауымен тіркелген. 2023 жылдың 7 тамызында ол Қазақстанда, Астана халықаралық қаржы орталығында қайта тіркеуді аяқтады. Аталмыш компанияның акциялары 2019 жылдан бері Астана халықаралық биржасында (AIX) саудаланып келеді. Сонымен қоса Мәскеу биржасында, Лондон қор биржасында саудаланған. 2023 жылы компанияның акциялары AIX Qazaq индексіне енгізілді.
Ерқазы Сейтқали














