Нұр-Сұлтан қаласы ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» алаңында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл және «Мемлекеттік қызмет персоналын басқару ұлттық орталығы» АҚ Бас директоры Кенжебек Санабаевтың қатысуымен елімізде президенттік жас кадр резервіне кандидаттарды іріктеудің екінші кезеңін бастау жөнінде онлайн баспасөз конференциясы болды. Конференцияның ашылуында алғашқы сөз кезегін алған ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова: – «Цифрлық қоғам мен білім экономикасы мемлекеттік дамуын күрделі өзгертуде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, еліміз заман талаптарына сай болуы тиіс. Біздің жастарымыз осы әлемде еліміздің бәсекеге қабілеттілігінің негізі. Осыған орай Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес агенттікке жас кадр резервіне іріктеу ұйымдастыру жүктелген болатын. Басты мақсаты алдағы реформаларды іске асыратын жастарымызға ашық және тиімді әлеуметтік лифт қалыптастыру», – деп атап өтті.
Естеріңізде болса, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы 2019 жылды Жастар жылы деп жариялап, жас талантты қазақстандықтарды қолдау аясында мемлекеттік қызметте де жекелеген жұмыстар жүргізу керектігін айтқан болатын. Кейін Президент Қ.Тоқаев сайлауалды бағдарламасында Президенттік жас кадр резервін қалыптастыру мәселесін көтеріп, нәтижесінде Президенттік жас кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссия құрылып, 3 айға созылған алғашқы ірік теу кезеңінде 13 мыңнан астам жас маманнан өтініш қабылданып, бір орынға 43 адам таласқан үлкен іріктеуде 300 маман мемлекеттік аппарат жұмысына араласуға жолдама алғанды. Ресми ақпаратқа сәйкес сол таңдаулы 300 кадрдың қазір 283-і мемлекеттік қызметте.
Ал биыл 1 қыркүйекте басталатын Президент жанындағы жастар кадр резервінің ұлттық комиссиясы екінші кезеңді өткізу, резервтерді іріктеу мен оның жоспарын бекітті. Жоспар бойынша мемлекеттік сектор үшін 50 жас резерв таңдап алынады. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанованың айтуынша, кандидаттарға қойылатын негізгі талаптар сол бұрынғысынша, Қазақстан Респу бликасының азаматы болуы тиіс, жасы 35-тен аспауы керек, жоғары білімі бар және еңбек өтілі 5 жылдан кем болмауы қажет. Бір айырмашылығы осы жолы жастардың білім мен дағдыдан бөлек, қоғамдағы мәселелерден хабардар болып, оны шешуге қызығушылық танытуы жоғары бағаланады. Арнайы тапсырмалар арқылы кандидаттардың білім-білігі жаңаша бағаланады. Іріктеу кезеңіне бұған дейін саяси, мемлекеттік қызмет, әкімшілік корпус қызметіне тағайындаған қызметшілер қатыса алмайды. Президенттік жастар кадр резервінде бұрын болған азаматтар да қатысуына болмайды. Іріктеуден өткен- дер Президенттік жастар кадр резервінде 3 жылға дейін бола алады. Өтінімді, тіркеуді және басқа да функцияларды басқару үшін қолданыстағы электрондық цифрлық қолтаңба қажет. Ал тестілеудің өзі прокторинг жүйесі бойынша өтетіні белгілі болды. Құжаттарды қабылдау және әлеуетті резервшілерді іріктеу мамандандырылған онлайн платформасында жүргізіледі. 1-30 қыркүйек аралығында резервке өтуге ниет білдірген қазақстандықтардан құжаттар қабылдау жалғасады. «Іріктеуден өткен мамандар мемлекеттік қызметке заң аясында сайланып, тағайындалатын болады. Егер кез келген мемлекеттік қызметке жастар кадр резервінде жоқ маманның кандидатурасы келіп тұрса, ол қызметке жастар кадр резервіндегі маманды тағайындау міндетті емес», – деді төраға.– «Алдыңғы іріктеуден айырмашылығы, рекрутинг процесі білімді, дағдыларды анықтауға ғана емес, сондай-ақ кандидаттардың шынайы уәждері мен олардың құндылық бағдарларын бағалауға бағытталған. Біз бірінші кезекте қоғамдық мүддені басшылыққа алатын жас таланттарды анықтауға баса назар аударамыз. Осыған байланысты іріктеу кезеңдеріне ситуациялық есептерді шешу, құзыреттілік сұхбат сияқты бағалаудың жаңа құралдары енгізіледі. Қазақстан Республикасының Президенті тағайындаған адамдар, мемлекеттік саяси қызметшілер, мемлекеттік әкімшілік қызметшілер, «А» корпустары және президенттік жастар кадр резервіндегі адамдар іріктеуге қатысуға жіберілмейді. Президенттік резервтен әртүрлі мемлекеттік лауазымдарға, әкімшілік лауазымдарға, «А» корпусына және «Б» корпусының басшы лауазымдарына тағайындау қарастырылған. Бұл жерде тағайындаулар резервке алынған тұлғалар қатарынан, сондай-ақ қолданыстағы заңнамаға сәйкес өзге де тұлғалар қатарынан жүзеге асырылуы мүмкін екендігіне назар аударғым келеді, – деп толықтырды Анар Жайылғанова.
Биылғы іріктеуде үміткерлерге қойылатын басты талаптар – мемлекеттік тілді білу және меңгеру. – Биылғы Президенттік жастар кадр резервіне іріктеудегі жаңашылдықтың бірі үміткердің мемлекеттік тілді білу деңгейін растауы. Резерв кандидатында мемлекеттік тілді білу деңгейін растайтын Қазтест немесе «Qazaq Resmi Test» сертификаты болуы шарт. Қазтест сынағынан офлайн форматта өту қажет болса,
«Qazaq Resmi Test»-ті үміткерлер өздеріне ыңғайлы уақытта онлайн түрде тапсыра алады. Ол үшін веб-камерасы, микрофоны және интернеті бар компьютер болуы керек. Сондай-ақ, үміткерлер Мемлекеттік басқару академиясында «Qazaq Resmi Test»-ті тапсыру үшін арнайы дайындық курсынан өту мүмкіндігі бар. Оның ұзақтығы 36 сағат және құны 33 876 теңге теңге, – деді ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл. Сонымен қатар, академия басшысы үміткерлер «qrt.kz» сайты арқылы қазақ тілін меңгеру деңгейін растай алатынын еске салды. – «Үміткерлерді іріктеу 5 кезеңнен тұрады және ол биыл қазан-желтоқсан айларында өтеді. Әр кезеңнен кейін үміткерлер іріктеліп, тиісінше олардың саны азайып отырады. Бірінші кезең – мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау. Бұл кезеңнен барлық үміткерлер өтуі тиіс және келесі кезеңге ең көп балл жинаған үміткерлердің 50%-ы жіберіледі. Тестілеуден тапсыру тілін үміткер өз бетінше таңдайды, тест 25 сұрақтан тұрады және оларға жауап беруге 25 минут уақыт беріледі. Тестілеу аяқталған соң оның нәтижесі үміткердің жеке кабинетінде жарияланады. Айтып өтетін жайт, тапсырманың нәтижесі автоматты түрде жүзеге асырылады, яғни адамның қатысы жоқ. Егер бірнеше үміткердің тестілеу нәтижесі тең болған жағдайда мәселе Ұлттық комиссияың талқысына түседі», – деді Ерлан Әбіл. Оның айтуынша, екінші кезеңде үміткерлерге ситуациялық тапсырмалар беріледі. Онда үміткерлер ҚР 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарына сәйкес тақырыптық бағытты таңдап, сол бойынша тапсырманы орындайды. Тапсырманы орындауға 45 минут беріледі және оның жауабы 500 сөзден аспауы тиіс. «Үміткердің құзыреттілігін бағалау кезеңіне 250-ден артық адам шақырылмайды. Арнайы тіркеуден өткеннен кейін үміткерлер бағалаудың екі түрінен – ассесмент-орталықта офлайн форматтағы және онлайн форматтағы құзыреттер бойынша сұхбаттан өтеді. Бұл кезең үміткерлердің бойында келесідей құзыреттерді анықтауға және бағалауға бағытталған: стратегиялық ойлау, проактивтілік, сендіре білу, қызметті басқару, командалық көшбасшылық. Ассесмент-орталықтың нәтижесі бойынша әрбір үміткерге қысқаша есеп жасалып, ол 20 жұмыс күнінен кешіктірілмей үміткерлердің жеке кабинетінде орналастырылады. Құзыреттер бойынша онлайн сұхбатқа үздік нәтиже көрсеткен 125-тен аспайтын үміткер жіберіледі», – деді спикер. Ректордың мәлімдеуінше, онлайн сұхбат үміткерлердің ішкі ынта-жігерін және құндылық бағдарларын айқындайтын құзыреттерді анықтауға бағытталады.
«Іріктеудің келесі кезеңі сарапшылық комиссияға алдыңғы сындарда ең үздік нәтиже көрсеткен 100-ден аспайтын үміткер жіберіледі. Онда кандидаттармен әңгімелесу онлайн немесе офлайн түрде өтеді. Сарапшылық комиссия отырысының қорытындысы бойынша 65 үміткерден аспайтын тізім жасалып, ол Ұлттық комиссия отырысында қарауға ұсынылады. Ұлттық комиссия отырысының қорытындысы бойынша 50- ден аспайтын үміткерді резервке алу туралы шешім қабылданады», – деді Е. Әбіл.
Баспасөз конференциясында белгілі болған тағы бір жаңалық – аталған жобаға арналған портал іске қосылмақ. Брифингте «Мемлекеттік қызмет персоналын басқару ұлттық орталығы» АҚ Бас директоры Кенжебек Санабаев:
Қатысушыларға қойылатын талаптар туралы ақпарат ұсынылған. Жалпы ережемен кез келген адам таныса алады. Онда Президенттік кадр резервіне іріктеу кезеңдері мен мерзімдері көрсетілген. «Жоба туралы» бөлімінде іріктеу тәртібі мен әрбір кезеңде қатысушыларды іріктеу критерийлері бар. Кеңесшілерге хабарласпас бұрын «жиі қойылатын сұрақтар» бөлімін оқып шығыңыз, – деп, әзірленген порталдың функционалды қызметі бойынша кеңес берді. – Бөлімдер қажеттілігіне қарай жаңартылып, толықтырылады. Барлық ниет білдірушілерге іріктеу нәтижелерімен танысуға мүмкіндік беріледі. Нәтижелер үміткердің аты-жөнін іздеу мүмкіндігімен әр кезең бойынша қолжетімді болады. Бұл функционал барлық рәсімдердің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз етуге бағытталған. Кандидаттарда сұрақтар көп туындайды және сапалы кеңес берудің өте маңызды екенін біз жақсы түсінеміз. Хабарламаны тек пошта арқылы ғана емес, порталда да қалдыруға болады. Хабарлама арнайы белгіленген консультанттарға жіберіледі. Жұмыс уақытында, тестілеу күндері хабарласуға болады – олар тәулік бойы қызмет етеді, деді орталықтың бас директоры Кенжебек Санабаев.
Спикерлер биылғы іріктеу қалай өтетінін егжей-тегжейлі түсіндіріп болған соң, «Человек и закон» газетінің бас редакторы Марат Башимов:
Мемлекеттік қызметте қазақ тілін білу міндетті саналғанымен, алдыңғы іріктеуде неге қазақ тілін білетін мамандарға қарағанда орыс тілділер көп өтті, – деп сұраған еді. – Өйткені, шынымен де 2019 жылы іріктеуде қазақ тілін білу талабын қойған жоқпыз. Өзіңіз юрист ретінде білесіз, Конституция бойынша мы не имеем права дискритиковать по знание языка, бірақ біз биыл қазақ тілін қосып жатырмыз. Дегенмен де басқа ұлттың өкілі қазақ тілін білмей жатса, сол үшін өткізбей қоюға құқымыз жоқ. Биылғы ерекшеліктер туралы Ерлан Қуанышұлы жақсы айтып кетті. Біз ең бастысы жастар өзі үшін емес, мемлекетке қандай да бір пайда келтірсем деген жақсы ниетпен келгендерді қабылдауға тырысамыз, – деп жауап берді. Кім қалай түсінсе де биылғы іріктеудің ең басты ерекшелігі қазақ тілін білу талабының қосылғаны деп сүйіншілеген Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбілдің қуанышын Анар Жайылғанова Ата заңды алға тарту арқылы сыпайы ғана жуып-шая салғанына біз не дерімізді білмей, аузымыз ашылып қала бердік…