ҚАДІРСІЗ «ҚАЗЫНА»

ҚАДІРСІЗ «ҚАЗЫНА»

«Қарап тұрған жігітке қыз артылар». Бұл – Мөңке би бабамыз айтқан бүгінгі заман бейнесінің бір көрінісі. Иә, зина жасауға барынша жол ашылғандығын жасыра алмаймыз. Оның себебі... Себеп көп. Ең бастысы – діннен алшақтап кеткеніміз. Дұрысы – діни тұрғыда қалыптасқан ұлттық дәстүрімізден қол үзіп қалғанымыз. Мән берсек, зинаға бастар жол бір күнде сүрлеуге айналған жоқ. Әуелі біз оның алғышарттарын қалыптастырдық. Біріншіден, барлық жаманшылықтың қорғаны болған дінді тәркі еттік. Сол-ақ екен, дәстүріміз де бірге ығысты. Ол екеуі кеткеннен кейін «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» қалмады. Енді келіп, аспаннан түскедей «Бұған қалай жол бердік» деп қоямыз.

Мән берсек, дін әуелі зинаға бастар жолды жапты. Соған орай дәстүрлі киім үлгісі қалыптасты. Сол киім ер адамның нәпсі қалауын қоздыратын әйелдің әуретті жерлерін бүркеп тұрды. Адам өзі ардақ тұтқан, құнды, қадірлі затын жұрт көзінен жасырын ұстайды. Сол жасырылған қазына ғана қол жетпес арманға айналады. Біздің «қазынамыз» қыздарымыздың ары, ұяты еді. Оны дін тілінде иман деуші едік. Сол иман дегенің біздің қыздарымыз бетінде төгіліп тұратын. Сондықтан да біз оны ұлттық киім ішінде жасырдық. 

Иә, қоғамдық өзгерістер кінәратын жоққа шығара алмаймыз. Шешіне бастадық. Сол-ақ екен, «қазынамыздан» қадір кетті. Ұлттық киім ішінде жасырған бар асылымыз жұрт көзіне ұсынар тауарға айналып шыға келді. Қазір көшедегі ондай «тауарлардан» көз сүрінеді.

Дін қайта оралды. Солай дей салайықшы. Әлгі «қазыналарымыз» қайта жасырыла бастады. Осы жерде кәкір бар. Бір таңғаларлығы, біздің байырғы ұлттық киіміміз әлгі «қазынаны» бүркеуге жарамсыз болып қалды. Оның орнын арабтың, түріктің, иранның xиджабы алмастырды. Неге? Иә, біз оны әуелі жастардың дінді жаңа тұрғыда қабылдай бастағандығынан деп түсіндік. Шынтуайтына келгенде «дін» де сол бүркеншік ішінде жасырынып қалды. Тақуалық үлгі ретінде тек киім ғана алға шықты. Мән берсек, егер сол қара киімді қыздар қазақтың ұлттық киімін кигенде, өздерін діндәр сияқты көрсететін көрініске қол жеткізе алмаған болар еді. Ал қол жеткізді. Бұл жердегі ең басты құпия, жігіттер алдында өз қадірлерін түсіріңкіреп алған кей қыздар, қара xиджапқа жасырыну арқылы өздерін «қазына» ретінде көрсете алды. Жаппай дінге бет бұрып жатқан кезде ондай «қазыналар» өтімділігі жоғары болды. Шындығында жігіттердің де, әлгі оранған қыздардың да діндарлықтары шамалас болатын. Олар бір-бірлерінің сырларын тез алды. Содан келді де, әйел ауыстыру науқаны басталды да кетті. Біз қара xиджапты қыздардың өз тағдырларына мойынсұнғандарын олардың тақуалығына балап, тағы да қателестік. Білген жөн. Тақуалық бір күнде қалыптаспайды. Тіпті бар өмірін дін жолына арнаған имамдардың өзі ұдайы сәлде-шапанмен жүре алмайды. Сондықтан қанша жерден тырысқандарымен әлгі қара xиджапты қыздардың да мұсылмандыққа жат ерсі қылықтары әр жер-әр жерде көрініс беріп қалып жатты. Олардың мінез-құлықтарындағы дөрекілікті айтпағанда, темекіні де ашық шеге бастауы, рамазан айында шайнаңдап тамақ жеп жүрулері жұрт көзіне ерсі көрінуден қала бастады. Көпшіліктің xиджап кигендерге тыжырына қарай бастауының бір себебі сол. 

Әрине, бұл әңгіменің шынайы «қазына» иелеріне еш қатысы жоқ. Сондықтан өзге ел киім үлгісіне ұмсына бермей, ұлттық үрдіске қайта бет бұрсақ, дәстүрлі дінімізге де «қазынамызға» да қайта қауышар едік. Алла Тағала барша қазынамыздың өз ұлтымызға бұйыруын нәсіп етсін!

Құдияр БІЛӘЛ

 

08.10.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 29351
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 28910
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 46178
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 41775
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 46483