3 желтоқсан күні Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековтің қатысуымен аймақтың экономикалық-әлеуметтік даму ахуалы туралы брифинг өткен еді. Өз алдына шаңырақ көтергеніне енді ғана 3 жылға аяқ басқан Ұлытау облысында шешімін табуды күтіп тұрған талай жұмыстың бар екені белгілі. Дегенмен жаңа облыстың аяқ алысы, біреулер айтқандай, шатқаяқтап тұр деуге келмейді. Мұны нақты дәлел-дәйектермен баяндап шыққан Дастан Адайұлының баяндамасынан білдік. Мұнда ең алдымен экономикалық өсімнің жақсы көрсеткіштері жайлы айта кеткен жөн.
– Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша жалпы өңірлік өнім 1 трлн теңгені құрап, 1,1%-ға өсті. Жан басына шаққанда бұл көрсеткіш 4,6 млн теңге (ҚР бойынша 3-орын). Ағымдағы жылдың 10 ай қорытындысы бойынша көлік және қоймалау, құрылыс, тұрғын үйді пайдалануға беру, инвестициялар, сауда және ауылшаруашылығы салаларында оң динамика байқалады, – деп сөз бастаған әкім өнеркәсіп саласындағы төмен көрсеткіштерді де жасырған жоқ.
– Алайда өнеркәсіп (НКИ – 98,4%, 1195 млрд тг) бойынша төмендеу байқалды. Өздеріңіз білетіндей, ағымдағы жылы ақпан айында болған Жомарт кенішіндегі апатқа қатысты жұмыстың уақытша тоқталуымен байланысты. Бүгінгі күнге «Жомарт» кенішінде жұмыстар қайта басталды. Бұл ретте облыста қысқа мерзімді экономикалық индикатордың 70%-ын құраушы өнеркәсіп саласы болғандықтан, аталған индикатор 99,7%-ды құрады. Ағымдағы жылдың соңына дейін негізгі нысаналы көрсеткішке қол жеткізу жоспарланып отыр, – деді Дастан Адайұлы.
Жақсы көрсеткіштердің қатарында бюджет саласын да айта кеткен жөн. Биыл жыл басынан бері экономиканың дамуы арқасында Ұлытау облысының бюджеті 29,7 млрд теңгеге немесе 20%-ға өсіп, 178 млрд теңгені құраған екен.
Қазіргі таңда Мемлекет басшысының маңызды тапсырмаларының қатарында облыстардың дамуына серпін беретін инвестициялық жобаларды жүзеге асыру міндеті тұр. Мұнда ел іші-сыртынан келетін барлық инвесторларды сарапқа салу мәселесі аймақ басшыларының іскерлігіне тірелетіндігін көріп отырмыз. Ұлытау облысы да бұл үрдістен шет қалмаған екен.

Мұнда 2024 жылы экономиканы әртараптандыру аясында облыс бойынша 34 млрд теңгені құрайтын 9 инвестициялық жоба қосылса, биылғы жылы 138 млрд теңгені құрайтын 17 инвестициялық жоба бастау алды. Оның ішінде қазіргі таңда мұнай базасының, жел электр станциясының және респиратор шығару зауытының құрылысы аяқталған. 2028 жылға дейін жалпы құны 920 млрд теңгені құрайтын 25 инвестициялық жоба пулы қалыптастырылып, 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарда бар екен. Сонымен қоса экономиканы әртараптандыруды жеделдету мақсатында Сәтбаев қаласында индустриялық аймақ құру жұмысы басталған. Мұнда құны 5 млрд теңгені құрайтын 3 жоба пысықталуда, нәтижесінде 100 жұмыс орны құрылмақ.
Ұлытау облысы сары алтындай сары мысымен ғана емес, сайын даласымен де танымал өлкелердің бірі. Мұнда ауылшаруашылығын өркендетуге, соның ішінде төрт түліктің басын көбейтудің мүмкіндігі мол. Қазіргі күнде өңірді өз өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында Жезқазған қаласында жұмыртқа бағытындағы құс фабрикасы және Жаңаарқа ауданында мал шаруашылығы кешені мен мал сою цехы іске қосылыпты. Бұл айтылғандарды нақтылай түсетін деректердің қатарында Дастан Адайұлы биыл жүзеге асырылып жатқан жалпы құны 17 млрд теңге шамасында болатын 10 жобаны атап өтті.
– «Ауыл Аманаты» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы (2,5%) аясында ағымдағы жылы 700 млн теңге сомасына 100 жоба қаржыландырылды. Жалпы облыс құрылғалы бері ауылшаруашылығы саласына 8,5 млрд теңге инвестиция тартылды. Ал жыл басынан бастап бұл салаға 2,5 млрд теңге инвестиция құйылып, өткен жылғы сәйкесінше кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 46 пайызға өсті, – дейді облыс әкімі.
Қазіргі күнде Ұлытау облысы еліміз бойынша халық саны ең аз облыс болып отыр. Ресми деректерге көз жүгіртсек, «2025 жылғы 1 қазанға облыс халқының саны 219,5 мың адамды құрады, соның ішінде қалалықтар – 174,5 мың адам (79,5%), ауылдықтар – 45,0 мың адам (20,5%)» деген мәліметті көруге болады. Осындай көрсеткіштерге қарамастан, халықты жұмыспен қамту жағына облыс барынша көңіл бөліп отыр. Мысалы, жыл басынан бері жаңа нысандарды құру және жұмыс істеп тұрған нысандарды кеңейту арқасында 2 200 жұмыс орны құрылып, 8 200 адам жұмысқа орналасыпты. Әрине, жұмыс орындары көптеп ашылса, жақсы жалақысы бар орындарға сырттан да көшіп келіп істеушілер молаяды деген үміт те жоқ емес.
Облыс әкімі баяндамасында білім беру саласына да тоқтала кетті. Биыл Ұлытау өңірінде 380 орындық 2 мектеп және 805 орындық 3 балабақша пайдалануға беріліпті.
– Облысымызда алғаш рет аутизмі (аутистикалық спектрдегі бұзылыстары) бар балаларды қолдау орталығы (autism-орталығы) ашылды. 7 мектеп жөнделіп, 28 пәндік кабинет сатып алынды. Ағымдағы жылы 2,6 млрд теңгеге 2 мектептің құрылысы аяқталуда. 2 балабақшаның құрылысы жоспарланған. Сонымен қатар, демеушілік қаражат есебінен Оқушылар сарайының құрылысы басталды. 2026-2027 жылдар аралығында Жезқазғанда 1 200 орындық BINOM мектебінің құрылысы, 400 ұл балаға және 400 қыз балаға арналған «БІЛІМ ИННОВАЦИЯ» мамандандырылған лицейі мен 2 интернат-жатақханасын (300 орыннан) салу жоспарлануда. Ағымдағы жылы республикалық «Үздік 100 мектеп» қатарына облыс бойынша 3 мектеп қосылды, – дейді Дастан Адайұлы.
Дастан Рыспеков мырза сонымен қатар денсаулық сақтау саласының жағдайын да баяндап өтті. Әкімнің сөзіне сенсек, облыс құрылғаннан бері денсаулық сақтау саласында материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету деңгейі 88%-ға дейін көтерілген екен. Мұнда қажетті медициналық жабдықтар мен медициналық мекемелердің құрылыстарына жөндеу жұмыстары жүргізілген. Мұнда «кадр тапшылығын төмендету мақсатында облыстық бюджет қаражаты есебінен 179 млн теңгеге 32 резидент (2023-2025 жж.) білім алуда. Осы жылы өңірге жаңадан келген 25 медицина қызметкеріне 170 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы төленді (2024 ж. – 40 маманға 206 млн теңге). Сондай-ақ, 15 дәрігер қызметтік үймен қамтамасыз етілді. 2025 жылы жедел медициналық жәрдем қызметі үшін 2 жаңа автокөлік және ауылдық шалғай жерлерге 3 санитарлық автокөлік сатып алынды. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 7 нысанның құрылысы аяқталды. Жасанды интеллектті қолдана отырып, радиологиялық зерттеулердің бірыңғай базасы (ПАКС) құрылды. Ағымдағы жылдың үшінші тоқсан қорытындысы бойынша өлім саны 3,7%-ға (2024 ж. – 1420, 2025 ж. – 1357), бала өлімі 44,6%-ға (2024 ж. – 32, 2025 ж. – 15), туберкулезбен сырқаттану 12,8%-ға төмендеді, – дейді әкім мырза.
Халықтың игілігі үшін жасалатын жұмыстардың ең басында елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз ету жұмысы тұратыны түсінікті. Дегенмен газбен қамтамасыз ету жұмыстары еліміздің барлық облыстарында біркелкі жүргізіліп жатыр деуге келмейді. Ұлытау облысында бұл саладағы жұмыстарға да әкімшілік тарапынан барынша көңіл бөліп отырғандығы байқалады. Қазір облыс бойынша табиғи газбен қамтамасыз ету деңгейі 9,1%-ды құрайды екен. Дәлірек айтсақ, 20 мыңнан астам адам. Дегенмен қазіргі таңда жалпы сомасы 46 млрд теңгені құрайтын 6 жоба төңірегінде жұмыс қызу жүріп жатыр екен. Сондай-ақ газдандыру жұмыстары Жезқазған, Атасу, Кеңгір, Қаражал, Жәйрем, Сәтбаев, Ұлытау және Жезді елді мекендерінде жүргізіліп жатқан көрінеді.
Қазақстанның қақ ортасында жатқан Ұлытаудың көлік инфрақұрылым жағында көптеген артықшылықтары бар екені белгілі. Облыстағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 2 711 шақырым. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар – 961 шқ, облыстық – 896 шқ, аудандық – 310 шқ, елді мекен ішіндегі – 544 шқ екен. Қазіргі таңда Қызылордадан және солтүстіктен баратын жолдардың Ұлытау облысына дейін жеткізілген хабарын естіп отырмыз. Жол жағдайы сөз болғанда бұл аймақта да біраз жұмыстар қолға алына бастапты. Облыс құрылғаннан бері 549 шақырым автомобиль жолдары және 4 көпір жөнделген. Биыл өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін дамыту мақсатында республикалық және жергілікті бюджеттен 129 млрд теңгеден аса сомаға жалпы ұзындығы 261 шақырым жолға реконструкция және жөндеу жұмыстары жүргізілген. Осының ішінде жұрт назарында тұрған Қызылорда – Жезқазған жолы секілді маңызды тақырыптар туралы әкім мырза мынадай деді.
– «Қызылорда – Жезқазған» автожолын реконструкциялау аясында құрылыс жұмыстары басталып, төрттен бір бөлігіне асфальт жабындысы төселді (216-424 шқ, яғни 208 шқ, жобаның құны – 108,7 млрд теңге. Жұмысқа 4 мердігер ұйым тартылған). Республикалық маңызы бар «Қаражал – Атасу» автожолының реконструкциясына 1,7 млрд теңге бөлінді. «Ұлытау – Арқалық» 143-252 шқ (109 км) автожол аралығында орташа жөндеу жұмыстары атқарылуда. Облыстық маңызы бар «Сәтбаев – Малшыбай – Жошыхан, Домбауыл кесенесі» автожолының құрылысы аяқталуда (19,5 шқ, құны – 9,6 млрд тг). Ағымдағы жылы ұзындығы 316 шақырымды құрайтын Қызылжар – Мойынты жаңа теміржол желісінің құрылысы басталды, – деді Дастан Адайұлы.
PS: Біз көпшілік назарына ұсынып отырған бұл материалымызда облыс әкімінің баяндаған деректерін барынша пайдалануға тырыстық. Әрине, әрбір цифрлық деректердің арғы жағында қыруар еңбек, талай уақыттың жұмсалғаны анық. Өз алдына шаңырақ көтергеніне енді ғана 3 жыл толып отырған Ұлытау облысында шешімін табуға тиісті қыруар шаруаның жатқаны анық. Дегенмен ауызды қу шөппен сүртуге негіз жоқ. Облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға байланысты Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау жолында қыруар жұмыстардың жүргізіліп жатқаны анық. Ұлт ұясы – Ұлытаудың қайта түлегені, қарыштап дамығаны әрбір Алаш баласының арманы десек, артық айтқандық болмас деген ойдамыз.













