Қайырбек Асанов өзінің адамгершілік ізгі қасиеттерімен жұртшылық жүрегінде жақсы із қалдырып жүрген азаматтың бірі. Оның өлеңдері аудандық, облыстық, республикалық газет-журналдарда 1960 жылдан бері жарық көре бастаған.
Қазір ол «Тұңғыш», «Сүйемін сені», «Ғашық ғұмыр», «Сен жанымда жүрсең», «Ағайынға ақ тілек», «Күннің нұры қуатым», «Махаббат», «Адалдық – асыл мұратым», «Бақытты болыңдар!», «Күзгі шуақ» атты жыр жинақтарының авторы. Оның шығармашылығы туралы әр жылдарда жазушы Шерхан Мұртаза, ақын Кәкімбек Салықов, әдебиетші-ғалым Сәрсенбі Дәуітов, ақын Сейфолла Оспанов, сыншы Сайлаубек Жұмабеков, ақын-жазушылар Сәбит Баймолдин, Қайрат Жұмағалиев, Болат Бодаубаев, Құрал Тоқмырзин жылы пікірлерін білдірген.
Абайдың 150 жылдық мерейтойына арналған жыр мүшәйрасында жүлделі орындардың бірін иемденсе, жыл сайын өткізілетін Абай оқуларының 2003 жылғы бас жүлдегері атанды. Қайрекеңнің жұбайы Күләш Ахметова белгілі ақын, Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының және республикалық Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Қызы – Жазира Асанова 1990 жылы өткізілген Республикалық «Қыз сыны» байқауының бас жүлдегері.
Қайрекең «Заман Қазақстан» газетінде (қазіргі «Qazaqstan dauiri») біраз уақыт жұмыс істеді. Майталман журналист әрі ақын Қайырбек Асанов «Қазақ әдебиеті» газетінде де ұзақ жылдар еңбек етті. Биыл әріптес ағамыз сексеннің сеңгіріне шықты. Мерейтойымен құттықтай отырып, ол кісіге зор шығармашылық табыс, ұзақ ғұмыр тілейміз.
ӨМІР ЕКЕН
Өмір – күрес. Алға ұмтылу тірлікте
Бақыттысың, жан болса егер ұғатын.
Бала кезде мұның бәрін білдік пе?
Өмір екен
Түсіну мен түсінбеуден тұратын.
Көңіл деген сынап дерсің сырғитын
Қалар кейде насыбайдан бір атым.
Пенделер көп, тек бастарын шұлғитын
Қайран, өмір!
Арлылар мен арсыздардан тұратын.
Қуанарсың қол шапаттап балаша,
Аламаннан озып келсе бір атың.
Сонда біреу құттықтауға жараса,
Ризасың
Бұл өмірге ізгіліктен тұратын.
Қанша әділ, қанша адал болғанмен,
Кездерің бар бүйрегің де бұратын.
Өмір-бақи басыңа бақ қонғанмен,
Қиын екен
Жеткізбесе арман-ойың, мұратың!
Ой түйгенге өмір неткен маңызды
Талай қойдым өзіме осы сұрақты.
Айналаңда көп болса адам жаны ізгі,
Өмір деген
Болады екен шын мәнінде шуақты.
Қайран, жастық! Бас білмейтін асаудай,
Көңіл-көзді сұлуларға бұратын.
Сүйіп тұрып, ынтықтығын баса алмай,
Қайда сол кез
Құштарлықпен құшақтасып тұратын.
Бар жақсылық қонбас түгел бір басқа,
Болсадағы бойыңда ерен қуатың.
Шырақ-көзің мәңгі жанып тұрмас та,
Өмір екен
Жарық пенен қараңғыдан тұратын.
Сәтсіздікте налыма еш тағдырға,
Боркеміктеу болмашы морт сынатын!
Дұшпаныңа сырыңды да алдырма,
Өмір ғой бұл
Барлығы да қайталанып тұратын.
Айналаңның көпшілігі парықсыз,
Тектілер аз әңгіме-дүкен құратын.
Мұңыңызды кімге айтасыз, налып сіз,
Өмір осы
Шындық пенен жалғандықтан тұратын!
ТҮС НЕМЕСЕ
МҰҚАҒАЛИМЕН
ҰШЫРАСУ
Апыр-ау, түсім бе еді, өңім бе еді?
Көз алдымнан бояулар өріледі,
Ақ жауындар аспаннан төгіледі,
Жер қыртысы біртіндеп сөгіледі,
Қопарылып тау-тастар үгіледі,
Бір нәрсеге көңілім бөлінеді.
Жүзі жарқын көрінді жан шырайлы,
Маңдайымнан моншақ тер
тамшылайды.
Алға адымдап тағы да аршындайды,
Өжет ойлар үмітті қамшылайды,
Бұлдыр бейне жақындап хал сұрайды.
Апыр-ау, бұл кім еді
Таң шырайлы?
– Ей, батырым, сен мені таныдың ба?
Мұқағали сен үшін жаңа ұғым ба?
Табиғаттың ғажап қой таңы мына,
Ештеңе де жетпейді жарығыңа...
Көзім жетті осының анығына,
Осыны айт жұртыңа жаның ұға,
Сәлем айтшы Қарасаз – алыбыма!
Осыны айтып өр ақын күрсінеді,
Менің жаным дір етіп түршігеді.
Ол да ананың бір кезде бүршігі еді,
Қос жанары мәңгіге өшіп еді,
Түнде кеп оятқаны несі мені?
– Қарасазың аман, аға, сұраған,
Барлығы да, барлығы да дін аман.
Орнында тұр КазГУ атты ғұламаң,
Тек сағынып қалғандай-ақ бар досың,
Сағыныш боп сарғаюда Жыр-Анаң,
Көп оқырман жырыңды оқып жылаған,
Абайсызда Ай-арманы құлаған,
Қайран, ұлы ағам!
Халқың сені құрметтеуден жалықпас,
Жырыңды оқып ештеңеден тарықпас.
Сен дегенде бір қозғалып қояды,
Өзің сүйген Алатауың – алып тас.
Өмір еді өлеңіңнің ұраны,
Көп нәрсеге тағдыр ғана кінәлі.
Өлген жоқсың, ортамызда өзің боп
«Өмір-өзен» қол алысып жүр әлі.
* * *
Акын келіп белгісіз бір ғайыптан,
Ақ сәулесін шашқанында жайып таң.
Бар дүние аппақ нұрға малынып,
Сияқтымын сырқатымнан айыққан.
ЖЫЛЫ АҒЫС
Дала да ыстық, қала да ыстық бұл күні,
Көзден ғайып қыз-келіншек сылқымы.
Осындайда оралады ойыңа
Самалы ескен гүлге толы қыр түні.
Егін күйіп, ағаш қурап даламда,
Көлеңке іздеп күйбеңдейді анам да.
Бірін-бірі сыйлау үшін тірлікте
Ыстық көңіл керек екен адамға!
Миллион жылдар көрмеген еш тынығып
Табиғатты жүр ғой дейсің кім ұғып?
Жұмбақ әлем күннен-күнге құбылып,
Жердің жүзі бара жатыр жылынып!
ҮМІТІМДІ ҮЗБЕШІ
Көкірегімде күмбірлесе басқаша ән,
Жаным, маған өкпелеме ешқашан.
Үлбіреген үмітімді үзбеші,
Жабырқаймын жанарымды жасқасаң!
Еркін өстім, еркеледім туғаннан,
Кездерім жоқ бұра тартып бұлданған.
Бұл өмірге қайта келер дейсің бе,
Ыстық екен мына тірлік, қу жалған!
Бұл өмірдің сырларына қанықпын,
Мән-маңызын ұғып келем жарықтың.
Бақыттымын бір өлеңім жараса
Кәдесіне қасиетті халықтың!
ӨРКЕНИЕТ ӨРІСІ
Халық едік қашанда кешірімді,
Айқара ашқан мейманға есігімді.
Тәңір өзі жарылқап, әу бастан-ақ
Түзу еткен киелі бесігімді.
Болмысымнан ақылды, өнерлі едім,
Бодандықта ғасырлар бөгелді елім.
Тар жол, тайғақ кешулі жолдарыңда
Теңдік үшін, қазағым, не көрмедің?
Тағзым етем – ардақты аналарға,
Тағзым етем – баһадүр бабаларға!
Рухыңды сендердің түсірмеспіз,
Ұлан-байтақ қастерлі дала барда!
Өркениет өрісті көшіне ердім
Байрағымды тік ұстап төсінде елдің.
Намысымды қайрап ап найзағайға
Ризығын көрермін несібемнің!
О, Жаратқан, бере гөр құт бағыңды,
Көгімнен ысыра гөр бұлттарыңды!
Өркениет еліне сапар шектім,
Аман-есен сақтай гөр ұрпағымды!
БІР ҮЗІМ НАН
Күрессем де қиындықпен жүздеген,
Үмітімді ешқашан да үзбегем.
Соғыстан соң өтті біздің балалық,
Қиындықты көріп өстік біз деген.
Біреу жоқтап азаматын – ардағын,
Біреу күтіп оралмайтын арманын,
Жүдеу елдің бас көтерген кезінде
Сол соғыстың көрдік біз де зардабын.
Көрдік талай тағдыр сынын, қыспағын,
Қатал қыстың өктемдікпен қысқанын.
Пана таппай шырылдаған торғайдың
Көрген едім үйге кіріп ұшқанын.
Ғажап еді ықыласы бізге елдің,
Сол жандарды әлі күнге іздермін.
Анам байғұс бір тынбайтын күндіз-түн,
Тамағымыз тоқ болса деп біздердің.
Түннен тұрып дүкенге де баратын,
Кезек келсе бір бөлке нан алатын.
Кей кездері жетпей қалса сол «алтын»,
Тағдырына наразы боп қалатын.
Алты бала шыққан кезде алдынан,
Айнымайтын сабырлы бір қалпынан.
– Нан жемей-ақ барасыңдар мектепке,
Бүгін бізге тимей қалды жарты нан, –
Десе, біздер кететінбіз мектепке,
Айту қиын «Басқа мұқтаж жоқ» деп те.
Тым көңілсіз жүріп едік сонда біз,
Ойнап жүрген балалардан шеттеп те.
Барлық адам болатұғын жаны ізгі,
Өбектейтін туған анаң тәрізді.
Қайтарғанша асығатын анамыз
Көршілерден алған кейбір қарызды.
Сірә, ол кез болған емес бүтіндік,
Жамау-жасқау киім киіп күтіндік.
Сөйтіп жүріп, жақсы жылдар жалғасып,
Қиындықтың мектебін де бітірдік.
Жылдар өтті, жылжып талай арада,
Қырыққа кеп қалыпты-ау сол бала да.
Қайсарлықпен қарсы тұрған тағдырға,
Мың-мың тағзым етем бүгін анама.
Талай қиын кезеңдерді көріппіз,
Сондықтан да айтқан сертке берікпіз,
Жерде жатқан нанды көрсем көшеде,
Өткен күнді еске аламын еріксіз.
Нанын да жеп көріп едік арпаның,
Дәмі де есте түйірі жоқ сорпаның
Нанды кейде тас қып ойнап жүретін,
Қарны тойған балалардан қорқамын...
Сылтау іздеп тұрғаным жоқ сыныққа,
Нан алдында аласа ғой ұлық та,
Ұлым, бәрін ұмытсаң да,
Бір үзім
Нанның қадір-қасиетін ұмытпа!
ҚИЯНАТЫМ
ЖОҚ ЕДІ
Соңғы кезде баспады ісім алға,
Жетсем деп ем арманға күшім барда.
Жан-жағымнан анталап жау секілді
Тізімдерден сызады өші бар ма?
Қиянатым жоқ еді жан адамға,
Аңқау едім алаңсыз баладан да.
Қиналады екенсің жаның сыздап
Тағдырыңды тәлкек қып талағанда.
АНА ТIЛIМ – АРДАҒЫМ
Сөзiм барда қорғасындай құйылған,
Жол табамын жалтақтамай қиыннан.
Ана тiлiм – арым әрi мәртебем,
Сол арқылы күн кешемiн бұйырған.
Асқақтасам – абыройым ол менiң,
Даналығым, дарқандығым сол дедiм.
Сапар шегiп кетсем егер алысқа,
Өз тiлiме өзiм сусап, шөлдедiм.
Ана тiлiм, ана сүтiм – әз маған,
Сол арқылы жүрек оты маздаған.
Арман болмас, еншiсiне елiмнiң
Тiл арқылы үлес қоссам аздаған.
Өз тiлiмдi «қаным, жаным» деп ұғам,
Керек кезде өзге тілмен толығам.
Сырларына небiр ғажап өмiрдiң
Емiн-еркiн өз тiлiмде жолығам.
Өз тілімде талпынамын бiлiмге,
Өз тілімде өркендеймін түбінде!
Тiл арқылы табысады бар адам,
Халықтың да халықтығы – тiлiнде.
ШЕРХАН-ШЫНДЫҚ
Шерхан Мұртазаға
Шерхан аға,
Шыңға шыққан шындығым.
Ұмытпаған
Құдайға да құлдығын.
Адамзаттың әділдігін айтсын деп
Алмас қылыш кескен екен кіндігін.
Қилы заман
Қиындығын тартса да,
Мойымаған
Батпан жүкті артса да.
Елін, жерін еміреніп сүйеді ол
Ызғар желі арқасына батса да.
Озбыр дәуір
Кімге торын құрмады?
Сол боданға
Қарсы тұрды, қыңбады.
Отырғанда талай билік басында
Бар қазақты бауыр көрді, бұрмады.
Тас-түйіндей
Әрбір айтқан сөзі де.
Халқын сүйді
Жан-жүрегі езіле.
Асқақтатты біртуар ұл – Тұрарды
Сол арқылы биіктеді өзі де!
Парламентте
Парасатты ой айтып,
Қалғығанды
Ұйқысынан оятып.
Арыстандай айбаттанып қарайды
Мықтыларға сұрақтарын боратып!
Қара қылды
Қақ жарғандай қуатты
Мейірленсе
Күн нұрындай шуақты.
Ақыл-ойы таусылмайтын қазына
Дархан дала данышпаны сияқты.
Сөзін сөйлер
Ұл-қызыммен халқым бай.
Найзағайдың
Жасынындай жарқылдай.
Аман-есен жүре берші, Шер-аға,
Асулардан аса берші, алқынбай!
ТҮҢІЛМЕЙМІН
Бүгілмеймін, өмірден түңілмеймін,
Күнді көріп күн сайын күлімдеймін.
Тағдыр мені қаншама қуантса да
Жанарымда жүреді білінбей мұң!
Әу бастан-ақ мен солай жаратылғам,
Айналама сәуле боп таратылам.
Өзгелерге ешқашан ұқсамаймын,
Көп ішінен көрінер дара тұлғам!
Неге керек шыққаны жаман атың,
Иман жүрек сездірер қанағатын.
Жақсылыққа қашанда жол саламын,
Адамдардың арқалап аманатын!
Пысықай да емеспін алаңдаған, –
Ақымақ та емеспін далаңдаған.
Өз тірлігім – өзімнің бақ-берекем
Жамандыққа әу бастан жаралмағам!
Осы менің болмысым түсінгенге,
Жеткіземін өлеңмен бір сырды елге.
Дөңгеленген дүние көз алдымда
Жырға толып тұрғандай тылсым
кеудем!
ШЫНДЫҚ ШЫРАҚ
Шындық менің адаспас шамшырағым,
Қулыққа да икемім келмейтіндей.
Адалдықтың жолында қансырадым,
Арамдықтың соңынан ермейтіндей!
Ұлы ұлтымның ұстандым қасиетін,
Бәлкім, содан өрледі бақ-талабым.
Екі етпей әке-шеше өсиетін
Ешкімнің ала жібін аттамадым!
Даңқ пенен дақпыртқа да ұмтылмадым,
Алаяқтық арыма жараспады.
Еңбек еттім, еліме, бір тынбадым,
Жатырқамай туған жер, дала, аспаны!
Абыройсыз емеспін дос-жаранға,
Қаумалайды көргенде құшаққа алып,
Қайраттансам, қуатым тас жара ма?
Тау-тастарың жолымда ұсақталып!
Бар ма, жоқ па іздерім бұл өмірде,
Жүрген жолым айғақтар төрелігін.
Өкінішім кете ме жыр-өнерде
Әлде артымда қалар ма ерен үлгім?
ЖҰЛДЫЗДАРЫ
ЖЫМЫҢДАП
Қайран, Тараз, табиғатың ғажап-ақ,
Қысы жылы, көктемі әсем, жазы-абат.
Сұлулықтың символына айналдың,
Жібек желің шаң-тозаңды тазалап!
Көркің қандай, көз тоймайды қарасам,
Көрген сайын сұлулыққа жол ашам.
Төле бидің даңғылымен өткенде,
Рухымыз асқақтайды орасан!
Аруларың Күн нұрындай шуақты,
Жігіттерің тұлғалы да тұрақты.
Тұрғындардың барлығы да ақжарқын,
Мейірімнен жаратылған сияқты.
Күннен-күнге сұлу қала нұрланып,
Көшесінде гүлдер өсер ырғалып.
Түні ғажап, жұлдыздары жымыңдап,
Ай қарайды бұлт ішінен ұрланып.
Сұлулығын көңіліме түйгендей,
Таңға дейін жүргің келер үй көрмей.
Тараз, сені сүйем мәңгі қалтқысыз.
Жан-жарымды шын жүректен
сүйгендей!
СУ
Суға зәру
Жер бетінде қала сан
Ажар-көркі
Тым жұпыны қарасаң.
Сумен ғана көгересің, көктейсің,
Бағасы оның есепсіз ғой санасаң.
Сексен пайыз
Денем судан құралған.
Солай бізді
Жаратқан ғой бір Аллам!
Құрт-құмырсқа, жан-жануар бәрі де
Су арқылы өсіп-өніп, нәр алған.
Су бұрқақтың
Әуезі де әдемі
Ләззат алар
Әр адамның әлемі
Жаратушым игілікке жаратқан
Су дегенің денсаулықтың бар емі!
Дәстүрменен
Қалыптасқан кешеден.
Шөл басушы ек
Тостағанмен, кесемен.
Табиғаттың өзі ғажап суретші ғой
Сулы жерге көк кілемін төсеген.
Өмір нәрі,
Көңіл нәрі су деген.
Байқасаңыз,
Далам сұлу гүлменен.
Шаршап келіп суға түссем, шіркін-ай,
Рахаттанып қалар едім мүлде мен!
Нұрын төксе
Аспанымда арай күн.
Теңіз беті
Толқынымен ұнайтын.
Арғымақтар аптап ыстық күндерде
Үйірімен өзен-көлге құлайтын.
Өміріме
Өркениет енді де,
Айқұш-ұйқыш
Қазып жатыр жерді де.
Өзен-көлдер тартылуда күн сайын
Ақырзаман белгілері келді ме?
Табиғатты
Ренжітіп алмайық.
Аялайық,
Үміттерді жалғайық.
Тұщы суды жұмсап жүріп есепсіз,
Тамшы суға зәру болып қалмайық!
Ей, Адамзат!
Құлақ салшы сен енді.
Сумен ғана
Әлем гүлге бөленді.
Бабаларым айтып кеткен екен ғой –
«Судың дағы сұрауы бар» дегенді.