Жазылған жайдың жалғасы
Халықаралық «Qazaqstan dauiri» қоғамдық-саяси газетінің 2026 жылы 26 ақпандағы №8 санындағы ҚР Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтің назарына ұсынылған ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызы жазған «Қандастарымыздың оралуына зор тосқауыл қоятын пилоттық жоба қайта қаралуы тиіс!» атты мақала мен газетіміздің Бас редакторы Ертай Айғалиұлының «Жаңа заң біраз ағайынды сенделтіп тастады» атты жанайқайы қоғамға ой салғандай. Газетіміздің сайтынан аталмыш материалдарды оқыған ағайындардың арасында кері байланысқа шығып, түрлі ұсыныс-пікірлерін айтып жатқан азаматтар көбейді. Біз кезекті нөмірімізде жазылған жайдың жаңғырығы ретінде сондай пікірлердің бірнешеуін оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Отанына оралу құқығы конституциялық кепілдік деңгейінде қарастырылуы тиіс!
Қандастардың тарихи Отанына оралу мәселесін біз тек әкімшілік рәсім ретінде емес, конституциялық-құқықтық құбылыс ретінде қарауымыз керек. Біздің елде қазір үлкен саяси реформалар жүріп жатыр, 15 наурызда бүкіл қазақстандықтардың, соның ішінде қазақ халқының тағдырын айқындайтын жаңа Конституциямызды дауысқа салғалы отырмыз. Жаңа Ата Заңымыздың кіріспесінде: «Біз, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілікті нығайта отырып, Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығын сақтап, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары мүлтіксіз сақталатынын мәлімдеп, келешек ұрпақ алдындағы аса жоғары жауапкершілікті сезініп, Қазақстан Республикасының Ата Заңын – осы Конституцияны қабылдаймыз» деп тайға таңба басқандай жазып қойдық.
Осы кіріспедегі «байырғы қазақ жерінде» деген жалғыз ауыз сөздің өзінен-ақ біздің мемлекеттілігіміздің тарихи тамыры, жер мен ұлттың ажырамас байланысы айқын көрінеді. Бұл тіркес – кездейсоқ қолданылған ұғым емес, ол қазақ халқының осы кең-байтақ далада ғасырлар бойы өмір сүріп, мемлекет құрғанын, мәдениет қалыптастырғанын және өркениеттік жолын жалғастырып келе жатқанын білдіреді. Демек, қандастардың тарихи Отанына оралуы – тек көші-қон саясатының бір бағыты ғана емес, ол конституциялық мәні бар мәселе. Өйткені Конституцияның кіріспесінде көрсетілген тарихи сабақтастық пен мемлекет құраушы ұлттың жауапкершілігі шетелдегі қазақтардың тағдырымен тікелей байланысты. Бұл – ұлттық бірлікті нығайтудың, демографиялық өсімді қолдаудың және мәдени тұтастықты сақтаудың маңызды тетігі. Сондықтан тарихи Отанына оралу құқығы – тек әкімшілік жеңілдіктер арқылы емес, конституциялық кепілдік деңгейінде қарастырылуы тиіс. Бұл құқық мемлекеттің стратегиялық мүддесімен, ұлттық қауіпсіздікпен және тарихи жауапкершілікпен ұштасады. Яғни «байырғы қазақ жерінде» деген тіркес – жердің иесі бар екенін ғана білдіріп қоймай, сол жерге әлемнің әр түкпіріндегі қазақтың оралуына заңдық әрі моральдық негіз бар екенін білдіретін тұжырым.

Екінші тұрғыдан, сол жаңа Ата Заңымыздың Конституцияның 1-, 14-, 17-, 24-баптарында адам құқықтары ең жоғары құндылық екені, олардың тумысынан тиесілі әрі ажырамас екені анық көрсетілген.
Егер Конституция тарихи сабақтастықты мойындап, адам құқықтарын абсолютті деп жарияласа, онда тарихи Отанына оралған қазақтарға қосымша бюрократиялық кедергілер қою қаншалықты әділетті? Ендеше, «Құқықтық мемлекет қағидасы» мен «Тарихи әділеттілік қағидасы» тұрғысынан алып айтсақ, құқықтық тәртіп пен тарихи әділеттіліктің тепе-теңдігі сақталуы тиіс.
Қандас – шетелдік емес. Қандас – бөлініп қалған ағайын. Сондықтан қандастарды тек көші-қон нысаны ретінде емес, ұлттық тұтастықтың бір бөлігі ретінде қарастыруымыз керек. Біз «байырғы қазақ жері» деп жазған екенбіз, ендеше сол сөздің салмағын сезінуіміз керек.
Қандастардан қазақ тілінен емтихан алу мәселесі де қаншалықты әділетті және қаншалықты заңды? Жаңа пилоттық жобаны жасаған 4 министрлік «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 17-бабы, 14-тармақшасы бойынша этникалық қазақтардың емтихан тапсырмайтыны айқын жазылған. Парламент мақұлдаған, Президент қол қойған осы заңды оқымаған ба? Әлде көрсе де елемей отыр ма? «Заң және тәртіп» қағидатын ұстанған елде Үкіметтің өзі заңды сыйламаса және атқармаса, онда қоғамнан қандай тәртіп талап етеміз? Атқарушы билік заңнан аттап өтсе, бұл құқықтық мемлекеттің негізіне сызат түсірмей ме?!
«Сотталмаған» деген талапқа да біз өте байыппен қарауымыз керек.
Тарихқа көз салсақ, қазақта кім сотталмады? Тәуелсіздікке дейін қаншама азамат жазықсыз айдалып, атылып, түрмеге қамалды. Алаш арыстары, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхтар Әуезов, Балуан Шолақ, Иманжүсіп – бәрі де темір тордың дәмін татты. Бірақ олар қылмыскер болғандықтан емес, ұлтына қызмет еткені үшін жазаланды. Көп жағдайда «сотталу» – қылмыс емес, ұлтқа адалдықтың жазасы болды.
Бүгінде де шетелде саяси немесе ұлттық себеппен жазаланған қазақтар бар. Ауыр қылмыс жасағандарды шектеу – заңды. Бірақ ұлты үшін, көзқарасы үшін сотталғандарды қылмыскермен теңеу – тарихи әрі моральдық тұрғыдан даулы. Бір елде қылмыс саналатын әрекет екінші елде азаматтық еркіндік болуы мүмкін. Біз бәрін «сотталған» деген бір мөрмен өлшеуіміз керек пе? Егер адам зорлық-зомбылық жасамаған, кісі өлтірмеген, тонаушылық істемеген болса, тек халқы үшін қиындық көрген болса – оны «сотталған» деген бір ғана мөрмен өлшеу дұрыс па? Жаңа Қазақстанға тек «мінсіз өмірбаяны» бар адамдар ғана керек пе?
Ал «келем десең, өзің тұрған елдің тіркеуінен (азаматтығынан) шығып кел» деген талапта да жасырын қауіп бар. БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі 1951 жылғы Конвенциясында және халықаралық құқықтың негізгі қағидаттарында адамды азаматтығы жоқ күйге түсірмеу, құқықтық вакуумға қалдырмау принципі бар. Яғни мемлекеттер адамның құқықтық мәртебесін толық жоғалтып алу қаупін туғызбауы тиіс. Егер адамнан алдын ала «өз еліңнің тіркеуінен шығып кел» деп талап етсек, ол құқықтық тұрғыдан өте тәуекелді қадамға айналады. Себебі:
– Ол азаматтығынан шығып, бірақ Қазақстан азаматтығын ала алмай қалса ше?
– Құжаттық немесе бюрократиялық себептермен орта жолда қалып қойса ше?
– Азаматтығы жоқ тұлғаға айналса ше?
Бұл – адамды құқықтық вакуумға итермелеу деген сөз.
Екіншіден, әлемдік тәжірибеде көптеген мемлекеттер репатрианттарға «алдымен кел, сосын рәсімдейміз» деген модель қолданады. Яғни адамды тәуекелге тастамайды. Ал біз «алдымен бәрінен бас тарт, сосын ғана ойланамыз» десек, бұл тарихи Отанына оралуды жеңілдету емес, керісінше қиындату болып шығады. Әрине, қос азаматтық мәселесі – бөлек әңгіме. Мемлекет өз заңын қорғайды. Бірақ талап қою мен адамды тәуекелге тігу – екі бөлек нәрсе.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Шетелдегі қандастарымызды Атамекенге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің парызымыз», «Қай мемлекетті мекен етсе де, қазақтың бір ғана тарихи Отаны бар, ол – Қазақстан. Сондықтан біз шетелде тұратын бауырларымызды қолдауға қашанда баса мән береміз. Олардың Атажұртқа қоныс аударуына барлық жағдай жасалған. Қазақстан азаматтығын және «қандас» мәртебесін алу тәртібі жеңілдетілді» деген еді. Бұл пилоттық жоба Қасым-Жомарт Тоқаевтің қандастарға қатысты мәлімдемелеріне қайшы. Өйткені Президент қандастарды Атажұртқа біріктіру – мемлекеттің парызы екенін, ал азаматтық пен «қандас» мәртебесін алу тәртібі жеңілдетілгенін атап өткен болатын. Ал аталған жоба осы ұстанымдарға сәйкес келмейді және жарияланған саясатпен үйлеспейді.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ
журналист
Құжат рәсімдеуде қиындықтар көп
Қазіргі таңда көші-қон және азаматтық рәсімдеу процесінде бірқатар жүйелік қиындықтар орын алуда.
Біріншіден, Қазақстанға келгеннен кейін құжаттарды аудару және нотариалды куәландыру шығындары өте жоғары. Бір құжат бірнеше рет талап етіледі, ал аударма қызметінің бағасы әр өңірде әртүрлі. Бұл қандастар үшін елеулі қаржылық ауыртпалық туғызады.
Екіншіден, құқықтық және әкімшілік терминологияны түсінбеу салдарынан көптеген азаматтар процесті толық меңгере алмай, делдалдардың қызметіне жүгінуге мәжбүр болады. Нәтижесінде қаржылық жағынан зиян шегіп, құжат рәсімдеу мерзімі созылып кетеді.

Үшіншіден, барлық рәсімдердің цифрландырылуы оң қадам болғанымен, шалғай аудандардағы инфрақұрылым мен кадрлық дайындық жеткіліксіз. Интернет желісінің тұрақсыздығы, ақпараттық жүйелердің жұмыс істемеуі, тәжірибелі мамандардың жетіспеуі – азаматтардың облыс орталықтарына, тіпті Астана мен Алматы қалаларына бірнеше рет баруына себеп болып отыр.
Әсіресе ЖСН алынғаннан кейін электронды цифрлық қолтаңба рәсімдеу және мобильді нөмірді тіркеу мәселесі үлкен қиындық тудырады. Бұл қызметтер аудан деңгейінде толық қолжетімді емес. Нәтижесінде адамдар мыңдаған шақырым жол жүріп, қосымша қаржы жұмсауға мәжбүр болып отыр.
Қуаныш ІЛИЯСҰЛЫ, ақын, журналист
Бұл – Президенттің тапсырмасын орындамау деген сөз!
Аса мәртебелі Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Құрметті Олжас Абайұлы!
Үкіметтің жаңа бұйрығы мен жаңа пилоттық жобасының іске қосылуы АҚШ пен Еуропадағы және көрші елдерде жүрген қазақ ғалымдары мен Қазақстандағы «жеті атасынан тарағанды тіке туыс» санайтын Қазақстан халқын алаңдатып тастады. Атап айтқанда, енді шетелдегі қазақ ғалымдары мен бизнес өкілдерінің, ата жұртқа оралғысы келетін қандастардың жолы кесілді деуге болады. Екі жылдан бері АҚШ-тан оралған досымыз құжатын дұрыстай алмай жүргенде, енді оған тағы «Үш кедергі, бес тұсау» қосылды. «Сотталмағаны туралы анықтама, тіркеуден шыққаны туралы анықтама, барғанында қабылдайтыны туралы анықтама» сұратып қана қоймай, енді барлық құжаттарды апостильден өткізіп әкелу керек. Қытайдан 1955 және 1962 жылы Қазақстанға өткен ағайындардың өсімін қосқанда 2,5 миллионнан асқанын ескерсек, оның құда-жекжатын қосқанда кемі 3 млн қазақстандықтың Қытайда туысы бар деген сөз. Оның үстіне, АҚШ, Еуропа, Қытайдың құзырлы органдары мұндай анықтамаларды бермейді немесе кейбір құқықтық шектеулері бар. Сондықтан нақты жағдаймен санасу өте маңызды.

Қазақстан халқының ұлттық иммунитетін көтеріп, адам капиталының дамуына кері әсер ететін бұл бұйрық Президент пен Конституциялық референдум беделін жоққа шығару, Президенттің әлденеше рет алға қойған тапсырмасын орындамау екендігінің ашық белгісі. Елдің билікке деген сенімін жою әрі жат елдегі қандастарға жасалған арнайы қастандық ретінде бағалайтын мазмұндағы жазбалар көбейді. Әрине, «жоқ анықтамаларды сұрату немесе жоқтан жасауға мәжбүрлеу, экономикалық шығынға әкелетін талаптар енгізу халықтың наразылығын тудырып отыр. Бұдан былай шетелдік қандастарға және ғалымдарға Қазақстанға көшіп келу мәселесі ауыз жүзінде мүмкін болғанмен, заңда белгіленген құжаттық талаптарға сай кей азаматтарға мүмкін емес немесе ауыр кедергі келтіргелі отыр. Олардың ұрпақтарының оралуына жасалған үлкен тосқауыл. Этникалық қазақтардың құқықтары мен халықаралық адам құқықтары конвенциясына қайшы. Сондықтан мәселені Президенттің бақылауымен ҚР Бас прокуратурасы және ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнаулы тексеруін талап еткен жөн деп санаймыз.
Аса мәртебелі Президент мырза! Сізден мәселенің оң шешім табуына ықпал етуіңізді сұраймыз әрі Үкімет мүшелерінен шұғыл аттанысқа келіп, аталған бұйрықтың күшін жоюды немесе өзгеріс енгізуді қатаң талап етеміз!
Бейсен АХМЕТҰЛЫ, журналист
ҚР Көші-қон органдары электронды апостильді қабылдамайды
Біз, қандастарға қызмет көрсету орталығы және Моңғолия мемлекетінен Қазақстан Республикасына қоныс аударушы этникалық қазақтардың атынан, төменде баяндалған мәселе бойынша Сіздерге ресми түрде өтініш білдіреміз.
Қазіргі таңда Моңғолия мемлекеті апостиль құжатын екі заңды нысанда рәсімдейді:
Моңғолия аумағына тікелей барып, қағаз түрінде алу;
e-Mongolia мемлекеттік электронды жүйесі арқылы электронды нұсқада алу.
Аталған электронды апостиль – Моңғолия мемлекеті тарапынан заңды күшке ие және мемлекеттік цифрлық жүйе арқылы берілетін, халықаралық талаптарға толық сәйкес келетін ресми құжат болып табылады. Бұл жүйе Қазақстан Республикасындағы eGov жүйесіне ұқсас және құжат тек азаматтың өз атына рәсімделеді.
Алайда Қазақстан Республикасының көші-қон органдары электронды апостильді қабылдамай, міндетті түрде қағаз түріндегі (түпнұсқа) апостильді қолма-қол әкелуді талап етіп отыр.
Бұл талап қазіргі дамыған цифрлық қоғам жағдайында түсініксіз әрі қисынсыз болып көрінеді, себебі әлемнің көптеген мемлекеттері электронды апостильді заңды құжат ретінде мойындап, қабылдап отыр.
Электронды апостиль мен қағаз апостильдің заңдық күші жағынан ешқандай айырмашылығы жоқ. Екеуі де бір мемлекеттік органмен, бірдей тіркеу нөмірімен беріледі, айырмашылығы тек нысанында ғана.

Сонымен қатар қағаз апостиль алу үшін Моңғолия мемлекетіне шамамен 8000 км (4000 км барып, 4000 км қайту) жол жүру қажет. Бұл жағдай:
• көптеген қандастар үшін қаржылық тұрғыда үлкен салмақ түсіреді;
• уақыт пен денсаулыққа қауіп төндіреді;
• әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар үшін мүлде мүмкін емес.
Егер электронды апостильді қосымша растау қажет деп танылса, онда:
• Астана немесе Алматы қалаларындағы Моңғолия мемлекетінің Елшілігінен қосымша анықтама алып;
• электронды апостильмен бірге тапсыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз.
Осыған байланысты Сіздерден төмендегі мәселелерді қарастыруды өтінеміз:
Моңғолия мемлекетінен берілетін электронды апостильді қағаз нұсқамен тең заңды құжат ретінде мойындау мүмкіндігін қарастыруды;
Көші-қон органдарының электронды құжаттарды қабылдау тәртібін жеңілдетуді;
Қандастарға қатысты құжат тапсыру рәсімдерін заманауи цифрлық талаптарға сәйкестендіруді.
Қосымша:
Апостильдің қағаз нұсқасы;
Апостильдің электронды нұсқасы.
Өтінішімізді жан-жақты қарап, қандастардың әлеуметтік жағдайын ескере отырып, оң шешім қабылдайсыздар деп үміттенеміз.
Алдын ала көрсеткен қолдауларыңыз үшін алғыс білдіреміз.
Бахыт Сарайқызы, «Елсана Аманат»
Қоғамдық қорының
басшысы















