Тұрақтандыру қорындағы өнімдердің интервенциясы, ішкі нарықты отандық азық-түлікпен қанықтыру – Қарағанды облысы инфляцияны қалай ұстап тұрғаны туралы онлайн режиміндегі аппараттық кеңесте айтылды.
Экономика басқармасының мәліметі бойынша, 2021 жылдың желтоқсан айында облыстағы тұтыну бағаларының индексі 108,5%-ды құрады.
Тұрақтандыру және резервтік қорлар баға жағдайына әсер етуге көмектеседі.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Санаубаровтың айтуынша, тұрақтандыру қорында 291,6 тонна өнім, оның ішінде 41,2 тонна қарақұмық, 200,4 тонна қант және 50 мың литр күнбағыс майы бар. Бұл өнімдерді, сондай-ақ көкөністерді: картоп, сәбіз және қырыққабатты қосымша сатып алу жоспарланған.
Бұдан басқа, "Сарыарқа" ӘКК кәсіпкерлерге жеңілдетілген схема бойынша қарыз береді. Осы шараның арқасында көкөністер сауда нүктелеріне белгіленген бағамен жеткізіледі.
Меморандумдарға сәйкес, ауыл шаруашылық тауар өндірушілері тұрақтандыру қорына 5 100 тонна картоп және 1 800 тонна көкөніс: сәбіз, пияз және қырыққабат жеткізуге міндеттелді. Сондай-ақ, жергілікті құс фабрикалары меморандумдарды орындау үшін жұмыртқаны белгіленген бағамен саудаға шығарады.
Әлеуметтік ұн мен нан бағасын тұрақтандыру үшін астықтың резервтік қоры пайдаланылады.
Жиында сондай-ақ жанар-жағармай мен автогаз тапшылығы жоқ екені мәлімделді. Сонымен қатар, облыста баллон газын сататын фирмалармен бағаны төмендету туралы уағдаластық жасалды.