Қарымта соққының тегеуріні

Қарымта соққының тегеуріні

үнде Тұрар Рысқұлов ауылынан Кеңес деген досым қоңырау шалды.

– Бір кісі сенің телефон нөміріңді сұрап жатыр. Не үшін екенін білмеймін. Ауыл азаматтарымен отырып әңгіме-дүкен құрған едік. Мен сөз арасында сен туралы айтып қалдым. Спортсмен болғаныңды, чемпион болғаныңды айтқанмын. Содан ол «Солтүстік флотта әскерде болған ба?» – деп сұрады. «Иә», – дедім. Бірден сенің телефон нөміріңді сұрады. «Саған не үшін керек?» деп едім, «Ол бізді құтқарды», – деді. «Неден құтқарды?» десем, үндемеді. Тек «құтқарды» дей берді. Нөміріңді бермедім. Бір криминал болып қала ма деп күмәндандым, – деді Кеңес. «Ол кім болды екен?» – деп, аты-жөнін сұрадым. «Қалмырза Нарымбетов», – деді ол. Шынымды айтсам, ондай адамды есіме түсіре алмадым. «Жамбыл облысында ондай танысым жоқ», – дедім мен.

– Ол Тамдыдан көшіп келген, Бұхара облысынан, – деді Кеңес. Сол кезде барып есіме түсе кетті... Әскерде жүргенде Лиинахамари портына іссапармен барған едім. Норвегиямен шекаралас жердегі бір бөлек ротаға. Арада екі-үш күн өткенде түскі үзіліс кезінде бір ірі денелі солдат менің қасыма келіп: «Сен боксерсің бе?» – деп сұрады. Мен оған: «Боксерға ұқсаймын ба?» – деп едім, ол басымнан аяғыма дейін бір қарап шығып: «Жоқ, сен боксерға ұқсамайсың, әлсізсің», – деді де кетіп қалды.

Ертеңіне дәл сондай уақытта тағы келді, қолында газеті бар.

– Мына суреттегі сенсің ғой. Флоттың мықты боксшыларымен кездесіп, жеңіске жеткен чемпион деп жазылған. Ешқашан боксшылармен төбелесіп көрген емеспін. Мына перчатканы ки, екеуміз төбелесеміз, – деді.

Осы жердегі рота командирі, майор бар билікті осы Акуловқа беріп қойыпты, өзі ештеңеге көп араласа қоймайды екен. Акулов осы ротадағы солдаттардың атаманы екен. «Мен төбелесті білмеймін, спортсменмін» дегенді тыңдамады. Қасындағы орыстар оған көмектесіп, гимнастеркасын шешіп, екі қолына боксёр қолғабын кигізіп, бауын байлап жатты.

Мен шешінбедім. Қолғапты кидім де, екі бауын қайырып, ішіне тығып қойдым. Казарманың ішіндегі бар солдат жинала қалып, қызықтап тұр. Ол болса, екі қолын ербеңдетіп тұра қалды. Мен олай жасамадым. «Стойкаға тұр, мен әйтпесе былай төбелесе алмаймын», – деді ол.

Бірінші болып өзі бастасын деген оймен оның ашуына тие бастадым. «Сен қорқақсың», – деп, қолымды бір сілтедім. Сөйтіп, бұрылып кетіп бара жатыр едім, артымнан басыма соққы жіберді. Неше жылдан бері жаттығып, жарыстарға шығып жүрген тәжірибем бар ғой. Соққысын тигізбей еңкейіп қалдым да, жылдам өзіне бір соққы жібердім. Сол-ақ еді, анау екі көзі ортаға қарай қисайып, аяғына тұра алмай, құлап кетіп бара жатып, казарманың ортасында шатырды тіреп тұрған бақанды құшақтай құлады. Бақанды құшақтап тұрып: «Жылдам шешіңдер!» – деді достарына екі қолын созып. Солдаттар шуылдап күліп жатыр. Мен оның жанына бардым да:

– Акулов, тоқта! Біз әлі бастаған жоқпыз, – дедім. Ол:

– Жоқ, бастамаймыз, болды, – деді. Қолғабын шешіп болған соң, қолын көтеріп айғайлап:

– Осы күннен бастап Марат менің досым, естеріңде болсын! Оны кімде-кім ренжітсе, менің ісім сонымен болады, – деді. Достарының бәрі қарқылдай күліп, бір рахаттанып қалды. «Рота, сыртқа шығып, түскі асқа сапқа тұрыңдар!» – деп бұйрық берді ол. Ротаны асханаға апарсын деп, бір сержанттың атын айтып: «Аспазға айтыңдар, ротаға дайындаған астың ішіндегі барлық етін бір бөлек үстелге салып қойсын. Біз, Марат досым екеуміз ет жейміз. Қазақтар етті жақсы көреді», – деді.

Содан екеуміз асханаға барсақ, солдаттар етсіз тамақ жеп отыр екен. Екі табаққа салынған еттері бөлек үстелде, бізге дайындап қойыпты. Екеуміз тамағымызды ішіп, асықпай отырып, біраз шүйіркелестік.

...Сол ротада төрт қазақ жігіті бар екен. «Сенің келгенің жақсы болды. Бұрын бізді менсінбей, келемеждеп жүретін еді. Енді досым, жерлесім деп сыйлайтын болды», – деді маған.

Менің іссапарымның уақыты бітіп, кетуге әзірленіп жатқанда әлгі қазақ жігіттері келіп, үйлерінің мекенжайларын берді. «Қандай да бір той беретін болсаң, бізге хабар бер, біз барамыз. Қазақтарды сыйлайтын етіп, абыройын көтергенің үшін бір жылқы апарамыз», – деді. Олар Бұхара облысының Тамды ауданынан келген Алдан, Шабан, Жұмабек, Қалмырза деген жігіттер еді. Мен қазірге дейін жастарға «спортпен айналысып жүріңдер, барған жерлеріңде талай пайдасын көресіңдер» деп айтып жүремін.

Марат ҚОБЛАНОВ,

Алматы қаласы

 

27.03.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 24167
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23838
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 41307
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37222
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41517