Қаржы пирамидаларының арбауына түспеңіз!

Қаржы пирамидаларының  арбауына түспеңіз!

Талай отбасыны ойрандаған, талай адамның ғұмырына балта шапқан қаржы пирамидасы  Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Оңай жолмен ақша табуды көксеген топтар түрлі алаяқтық жолмен талайларды еліктіріп, алдап-арбап, торына түсірді. Зар еңіреп қалған адамдар қаншама. Оңай олжаға құнығып, қызметін тастап, ақырында далада қалған пенделер де көп. Өзі ғана адаспай, пирамидалық жүйеге жалғаған серіктерін де адастырып, қарызға белшеден батырып кеткен оңбағандардың көбі бүгінде тұтылды. Абақтыға қамалды. Әлі күнге ұстатпай қашып жүргендері де жетерлік.

Қаржы пирамидасы, бұл – азаматтардан заңсыз ақша тартып алудың ең белгілі әрі таралып кеткен әдісі. Таңғаларлық жайт, қаржы пирамидасына қосылу әдетте азаматтардың өз еркімен және құқықтық сүйемелдеусіз іске асады. Осылайша, ешкім салынған қаражаттың қайтарып берілуіне кепілдеме бермейді. Қаржы пирамидасын құру және оны басқаруға ҚР ҚК 217-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Қаржы пирамидасының ең басты белгісі – уәделенген адам айтқысыз пайда, үстеме табыс. Жоғары табысты қамтамасыз ету уәдесі тек бір рет ұйымға тарту үшін орындалуы мүмкін, бірақ одан да көп қаражаттан айырылып қалу қаупі өте жоғары.

Қаржы пирамидасының белгілері қандай және оған қалай алданбауға болады? Әлеуметтанушы Айсұлу Молдабек қаржы алаяқтарынан сақтануға қажет пайдалы кеңестер берді. Ішкі істер министрлігінің ресми мәліметтеріне сәйкес, «Гарант24 Ломбард» ұйымына адамдардың салған ақшасының көлемі 5 млрд теңгеден асып жығылады. Жалған ұйым 42 мыңнан астам адаммен шарт жасаған. Осыған орай, Қылмыстық кодекстің алаяқтық және қаржы пирамидасына қатысты 190 және 217-баптары бойынша 22 қылмыстық іс қозғалды. Шыны керек, бұл Қазақстандағы бірінші  қаржылық  алаяқтық  оқиғасы  емес.        Ірілі-ұсақты қаржы пирамидалары жыл сайын халықты алдап, ақшасынан айырып жатыр. Өкініштісі, бұдан сабақ алып отырған адам аз. 

Келер жылы да жаңа пирамидалар пайда болып, олардан халқымыз тағы зардап шегіп жатса, таң қалуға болмайды. Өйткені, қаржылық сауаты төмен адамдар көп. Бұған «Қазақстан» арнасының «Ниет» бағдарламасының тікелей эфиріне (25.02.2020) қоңырау шалушылардың әңгімесін тыңдағанда, тағы бір көз жеткіздім. Осыған орай, «Ел тұрғындары неге тез байып кетуге құмар?» және «Жалған қаржылық ұйымдарға алданбау үшін ақша салымы туралы ұсыныс түскенде, неге көңіл аудару керек?» деген екі сұраққа жауап берейік. Бүгінде қаржы салу туралы таныс, туыстарынан немесе жеке қоңырау шалу арқылы ұсыныс алмаған адам жоқ шығар. Мұндайда бірден бас тартатындар бар. Дегенмен, қызығып, кірісі қанша екенін сұрайтындар да жеткілікті. Өкініштісі, компанияның қаржылық жағдайы, қызметі, табыс көзінен гөрі адамдарды қаржы салу жолдары, одан қандай табыс табатыны және табыс тапқан адамдар туралы ақпарат көбірек қызықтырады. Адамдарға ұсыныс жасаушының қоғамдағы бедел-абыройы мен танымалдылығы да ерекше ықпал етеді. Сөйтіп, өз ақылынан гөрі өзгенің ақылына жүгініп жатады. Бұл дұрыс емес! Әрбір адам өз ақылына сеніп, қаржы пирамидаларының келесі белгілерін үнемі есте ұстағаны жөн: Қатысушыларға аз уақыт ішінде немесе жүйелі түрде түсіп отыратын ақылға қонымсыз көп мөлшердегі кірісті уәде етеді. Мысалы, «салған ақшаңды екі есе етіп қайтарасың», «айына 30-40-50 пайыз кіріс кіреді» сынды жалған уәделер;

Алғашқы жарна ретінде мол қаражатты сұрайды (кейде аз болуы да мүмкін). Ақша салу барысында нақты өнім, тауар болмайды немесе ұсынылып отырған тауар бағасы оның өзіндік құнынан бірнеше есе қымбат болады;

Негізгі түсім жаңа салымшылардың салған ақшасынан түседі және төлемдер де адам тартуына қарай төленеді;

Ұйымның нақты қызметі түсініксіз, бірақ қаржы, инвестиция саласымен байланысты болады. Көп ретте қызметін «Алтынға, қаржылық қорға ақша саламыз» деп түсіндіреді.

Жарнама тым белсенді жасалады, үгіт-насихат үшін маркетингтік көптеген тәсілдер қолданылады;

Төмен пайызбен кредит, қарыз береді немесе жоғары пайызбен депозит ашуға мүмкіндік береді. «Банктегі кредитіңіздің 30-40 пайызын ұйымға құйсаңыз, қалған бөлігін жауып береміз» деген секілді ұсыныстар да айтылады;

Ұйым атауында, символикасы мен жарнамасында нарықта бар танымал банктер, микроқаржылық ұйымдар, ломбардтармен ұқсастық болады;

Ұйым сайты кәсіби емес, жарнамалық мақсаттағы арзанқол деңгейде болады. Сайтта жарғылық құжаттар, басшылық туралы ақпарат толық берілмейді.

Көптеген мемлекетте осындай құйтырқы алаяқтық іспен шұғылданатын компанияларға, қаржылық пирамиданы құратындарға заңмен тыйым бар. Бізде де Қылмыстық кодекске 2014 жылы түзету енгізілді. Заңға қайшы келгендер 7-ден 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Жарнама туралы қолданыстағы заңның 13-бабында «қаржылық (инвестициялық) пирамиданың қызметін жарнамалауға тыйым салынады» деп те жазылған. Бірақ, олардың басым көпшілігінің бас кеңсесі АҚШ, Батыс елдерінде орналасқандықтан, біздің елдің заңымен жазалау мүмкін емес. Қолдан келері – жұмысын тоқтату. Одан беріде пирамида тектес бірнеше түрі пайда болған. Біздің Қылмыстық кодекстің аталған бабымен олардың бәрін қамту қиын, сондықтан дәрменсізбіз. Мамандар Қазақстанның «қаржы пирамидаларына» шектеу қоятын заңды жетілдіру қажет дейді.

2022 жылдың 12 шілдесінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пирамидалық жарнаманы қылмыстық жауапкершілікке тартатын заңға қол қойды. 2014 жылғы заң бойынша оған тек әкімшілік жауапкершілік жүктелген-ді. Шілдеден кейін жарнама пирамидалары үшін шабуылдаушылар 2 жылдан 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, әрине, қылмыстың ауырлығына байланысты. Негізі, пирамидаларды ауыздықтау мүмкін бе? Соңғы екі жылда Қазақстанда пирамидалық схемалармен күресу жүйесі айтарлықтай өзгерді. Қаржылық мониторинг агенттігінің өкілі Әлібек Әбділовтың айтуынша, жауапты департаменттердің жұмысы «сапалы түрде қайта құрылды». Ал, тергеу органдарының пирамидаларға қарсы белсенді күресі, құқық қорғау және қаржы бөлімдерін үйлестіру және заңдарды қатайту әлі де күткендей нәтиже берген жоқ. Қылмыстық істер санының жыл сайынғы өсуі «билік» жұмысының көрсеткіші ғана емес, сонымен қатар пирамидалардың өз тауарларын қалпына келтіріп, сақтай алғанының жанама белгісі болып табылады.

Агенттік тізілімінің пайда болуы (бірақ, жаңа қылмыстық істердің пайда болуына қарамастан, мемлекеттік ведомстволардың сайттарында бұл тізімнің жаңартылған нұсқалары жоқ) және басқа да түсіндіру жұмыстары қазақстандықтарды күмәнді инвестициялардан қорғамайды. Бірқатар сарапшылар бұған Қазақстан Республикасы азаматтарының қаржылық сауаттылығының жоқтығы «кінәлі» деп санайды. «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорындағы мемлекет тарапынан кепілдендірілген кірісті алып қарасаңыз, ол орташа жылдық 12-13 пайызды құрайды. Қаржы пирамидалары, керісінше, кепілдік берілгенін алға тарта отырып, қысқа мерзімді жоғары табыс ұсынады. Ал бұл жағдайларды білместіктен сатып алатындар да, саналы түрде тәуекелге баратындар да бар. Олар кіріс алуға уақыт табуды жоспарлап отыр, содан кейін пирамидадан шығуды жоспарлайды. Бірақ іс жүзінде ол жұмыс істемейді. Өйткені, әдетте қаржылық пирамидалардың жеке активтері болмайды», – деді Қаржылық мониторинг агенттігінің өкілі Дмитрий Акмаев.

Талайды тентіреткен қаржы пирамидасының құрбандарының санын азайтып, азаматтардың оған тап болмауы жолында бірлесіп қызмет атқарайық! Осындай қаржылық пирамидалардың арбауына түсіп қалмау үшін халықтың құқықтық сауаттылығы мен құқықтық мәдениетін арттыру – заман талабы. Құқықтық сауаттылығы жоғары адам тура жолдан адаспайды. Алаяқтардан сақ болайық!

 

 

НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК
03.08.2023

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1166
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7214
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 11078
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7278
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7425