Қасиетіңнен айналдым, қара шаңырақ!

Қасиетіңнен айналдым, қара шаңырақ!

Бақытбек Талғатұлы 1970 жылы 29 наурызда ҚХР Тарбағатай аймағы Толы ауданында ағартушы отбасында дүниеге келген. Ол жастайынан әдебиетке, сөз өнеріне әуестеніп, мектеп қабырғасында жүргенде-ақ 1987 жылы тырнақалды туындылары жарық көре бастаған, содан бері түрлі альманахтарда, газет-журналдарда қысқа әңгімелері, өлеңдері жарияланып келеді. Қазір қарапайым кәсіпкер болып істеп жүрген Бақытбектің жырларын оқып, риза болдық. Сезімге толы жырлардан оқырмандарымыз сусындасын деп газетімізге жарияланып отырмыз.

 

БАЙ ІЛЕ, БАЙТАҚ ІЛЕ

 (Іле сапары)

 

«Барлықтан»* ойға еңкейіп, жол ылдилап,

Сартаудың мұнарына көз бұлдырлап.

Сексеуілі сепсиіп жол жағалай,

Топырағы борбастап, дала құрғап.

 

Сартаудың* тұмсығынан жол айналып,

Таңғыттың көкаласы* былай қалып.

Кездескен ақ сақалды қариядай,

Ерен тау* қарсы алдыңнан шыр айналып.

 

 

Тұз көлі «ит ішпестің»* қайнап жатыр,

Жол кесіп «Бура талды»* сайрап жатыр,

Жетім қыздың* көзіндей мөлт-мөлт етіп,

Аса алмай арнасынан Сайрам жатыр.

 

Жарысып қалың көлік, андағайлап,

Сайраммен жағаласып жол маңайлап,

Талқының кезеңіне* шыққан кезде,

Алдымнан сала берді-ау Іле жайнап.

 

Пай, шіркін! Көркем Кеңсай* тамылжып тұр,

Сезіліп тау-тасынан арулық кіл,

Қалықтап ерен таудың иығында,

Бір жауып, бір ашылып қалың бұлт жүр.

 

Сай аузы, шекарада екі- ай «Қорғас»,

Шұбыртып көп «туанды» еткен жолдас.

«Әйел семіз, ері арық» деген бабам,

Егістік келеді екен жері борбас.

 

«Көк дала» жылқы жатқан бүгін қала,

Жетпейді-ау өткеніңе ой мен сана.

Қос таудан еңкейген сай, аққан бұлақ,

Бұғының мүйізіндей сала-сала.

 

Аңғарды жарып аққан Іле дария,

Атағы екі бірдей елге жария.

Әлпештеп көп баласын, қойнына алған,

Үйсін тау мен Ерен тау, бейне, қария.

 

Бай Іле, алтын Қызай анамдай кіл,

Тарихың кешегі өткен санамда-ай тұр.

«Тамған деп батыр бабаң қаны маған»,

Сыбырлап сөйлегендей баяндап тұр.

 

Нылқы* тұр, Таңбалы* тұр, Ластай* тұр,

Тау-тасын құшқым келді құлаштай кыл.

Атылған үстемдікке алғашқы оқтың

Дауысы жаңғырығып құлақта-ай тұр.

 

Атыңнан айналайын, қайран Нылқы,

Бүгінгі қандай хәлде пақыр жұрты.

Қызғанған ит өмірді батыр елден,

Толды екен кімнің қанға соңғы екі ұрты.

 

 

Жүзіктің шебер салған тас көзіндей,

Арудың толықсыған жас кезіндей.

Гүл жайнап, көркем Құлжа құлпырып тұр,

Қос тауға сәлем еткен жас келіндей.

 

Әйгілі Текес, Күнес, Тоғызтарау*,

Аралап жүргім келді атпен жарау.

Қызайдың тоғыз торғай руындай,

Іленің жүйрік басы тарау-тарау.

 

Бағзы куәсіндей замандардың,

Рухы суатындай сан арманның.

Бауырынан намыс түлеп, ерлік өрген,

Шоқысы қасқайып тұр Қабанбайдың.

 

Шапқыдан* ақын Тәкең* шабыт алған,

Намысты сан боздақтың қаны тамған.

Іленің ала бұлтты аспанында

Әсеттің қалықтап жүр әні салған.

 

Суыңнан рухыма нәр тамғандай,

Толықсып тор жорғамен жол сағандай.

Үн қосып орман-тоғай, оркестр боп,

Бұлағың Аппақ* болып ән салғандай.

 

Қызай ел өсіп-өніп өркендеген,

Дариға-ай, қауіп етер ертең неден?

Кім болып ержетеді бүгінгі ұрпақ,

Кекілін самал сүйіп, жел тербеген.

 

Іледе бір ауылым, албан, алжан,

Өрлікті маңдайына Алла жазған.

Қарқара, Қараш-қараш* уақиғасы.

Жазудай өшкіндеді-ау, қарға жазған.

 

Бөктері әулиенің Шапшал* аудан,

Өнімін жерге салып, қаптан алған.

Албанның салтын көрдім сақтан алған,

Аумайтын ару көрдім ақмаралдан.

 

Іленің бір ауданы Мұңғыл-күре,

Оған да атым жетті жүре-жүре,

Қимай-қимай қоштастым ел-жұртыммен,

Тауы алтын, тасы күміс қайран Іле!

 

Бай Іле, байтақ Іле, көркем Іле,

Бүгінің айнала ма ертегіге.

Үйсін тауға шығып ап қарасам да,

Көзім жетпей қиналдым ертеңіңе.

 

Соңы

Құлжа, 2019 жыл

……………………………………………

1. * белгісі қойылған сөздер – жер-су аттары.

2. Сайрам көлі жетім қыздың көз жасынан пайда болған деген аңыз бар.

3. Тәкең – Таңжарық Жолдыұлы

4. Аппақ әнші – Аппақ Майтабанқызы

 

***

ҚҰМЫРСҚА

 

 

Сен де кеттің жұмысқа,

Мен де кеттім жұмысқа.

Тірлік үшін тырбанған,

Қыбыр-қыбыр құмырсқа,

Жыбыр-жыбыр құмырсқа.

 

Дән түскенше уысқа

Бас сұқтық сан қуысқа.

Қайырылуға мұрса жоқ,

Бірге туған туысқа.

Жыбыр-жыбыр құмырсқа,

Қыбыр-қыбыр құмырсқа.

 

Арқамызбен алты бұт,

Желкемізбен жеті бұт.

Тірлік үшін тырбанып,

Жүк көтердік алқынып.

Сан зұлматты көрсек те,

Қалғамыз жоқ сарқылып,

Кеткеміз жоқ тартылып.

 

Тәңірге аян тас бассақ,

Тірлік тоқтар, бос жатсақ.

Әлдекімдер сұрайды,

Жағдайымызды оспақтап,

Бізге кімдер ес қатпақ.

 

Еңбексүйгіш ұямнан,

Қоғам бізден құралған.

Екеуміз де шаршадық,

Жалған айқай ұраннан,

Еш пенде жоқ ұялған.

 

Екеуіміз де ұсақпыз,

Атақ, абырой ұшақсыз.

Өмір сүріп жатырмыз,

Ешбір мейірім құшақсыз.

 

Қыбыр-қыбыр құмырсқа,

Жыбыр-жыбыр құмырсқа.

Жылан кірсе илеуге,

Сен де оянып ту ұста,

Мен дайынмын ұрысқа.

 

Құмырсқа!

***

ҚАРА ШАҢЫРАҚ

 

 

Қасиетіңнен айналдым қара шаңырақ,

Дәм тұзыңды аңсаймын балаша аңырап.

Шаңырақтан кеткенде көне көздерім,

Ауыл-үйдің қалады арасы аңырап,

Қара шаңырақ!

 

 

Бастау алған сақтардан алаш арырақ,

Бұлт кетпеген басынан алашабырлап.

Сан киелі бабамның аруағы шыққан,

Әжем түскен келін боп қара шаңырақ!

 

Кей шаңырақ жүргені-ай аласарып-ақ,

Жат ағыммен уланған санасы ауырлап.

Шаңырақтың киесін сезе алмай жүр-ау,

Мәңгүрт ұрпақ бастарын ара шағып ап,

Қара шаңырақ!

 

 

Сенің киең болмаса, қара шаңырақ,

Кетер еді ұрпақтың арасы ажырап.

Әрбір қазақ шаншылған уығыңдаймыз,

Тиянағы салтымның, қара шаңырақ,

Қара шаңырақ!

 

 

Шегарасыз махаббат

 

Аулам толы сары жапырақ,

Сыпыра-сыпыра шаршадым.

Күндерді ойлап жанға шуақ,

Көз ілмедім қанша түн.

 

Кеудемді ұрып дүрсілдейді

жүрек құрғыр әжімсіз.

Сүйретіліп құр сүлдерім,

тірлік етем тағы үнсіз.

 

Қысқа өмірде әмсе білдік,

сабындай-ақ балтаның.

Махаббат та жансебілдік,

жасылдығы аршаның.

 

Минут сайын сағынсам да,

Сарғайсам да сені деп.

Жазшы мені не қылсаң да,

сенсіз дерттің емі жоқ.

 

Көзім жұмсам, сені көрем,

Көзімді ашсам, алыссың.

Дуаладың мені немен,

Тағатымды тауыстың.

 

Қызықты шақ қысқа ғана,

сағындырып өтеді-ау.

Махаббат пен құста ғана

шегара жоқ екен-ау.

 

Махаббатым құсқа айналып,

қасыңа ұшып жетсе екен.

Өткен өмір түске айналып,

қайта кірер, не істесем?!

 

Жасыл жамылғы

 

Анамнан ұқтым ана тілімді,

Балбұлдап шықты қазақша.

Ниетпен бақты анашым ізгі,

Соншалық төзіп азапқа.

 

Әкем де қазақ, шешем де қазақ,

Ешқандай шұбар қоспасыз.

Ұстатпай өтті бал дәурен аз-ақ,

Асаудай жүген ноқтасыз.

 

 Әкемнен ұқтым айбаттануды,

Аюдай болып ақырып.

Анамнан ұқтым қандас бауырды

Дәм татыруды шақырып.

 

Ағамнан ұқтым қазақша ойлауды,

Қатемді сезіп түзетем,

Әпкемнен ұқтым мазақ болмауды,

Ұлтымның намысы қыз екен.

 

Ауылымнан ұқтым қазақ болуды,

Бұлжымас салты, санасы,

Бірлікте кешкен азапты өмірді,

Біріне-бірі жанашыр.

 

Ұстаздың алдын мектепте көрдім,

Қазақша қатым, сауатым.

Білімге қызығып көңілімді бөлдім,

Қазақша жұтып ауасын.

 

Билік айтуды бабамнан ұқтым,

Сақалдай ауылын салалап.

Ешқандай күмән қалдырмай ықтын,

Ешкімді жатпай алалап.

 

Әжемнің айтқан ертегілерінен,

Елімнің ұқтым өткенін.

Қирда-қир жер шектерінен,

Бұл күнге аман жеткенін.

 

Әкем де кетті тура жол бастап,

Әкелік жетіп сөзіне.

Анам да кетті мейірімін тастап,

Мөлдір де мөлдір көзіме.

 

Қазақтан ұқтым адам болуды,

Қарызбын қазақ халқына.

Өзімнің кешкен заман жолымды,

Аманаттармын артыма.

 

Қазақилығым – жасыл жамылғым,

Табиғат берген сыйым ол.

Толқында толқын ғасырлар бұрын

Тиянақ еткен сүйіп ел.

 

Ұлтыма болған мазақ бүгінгі,

Ұрпақты тура бастаман.

Қараша ғана қазақтығымды

Ешкімге айырбастаман.

 

Мен…

 

Мен, өзім емеспін,

Иығымда басым,

Не істеп тұр?

Торынан шықтым тобыр елестің,

Ақылым сонша кеш кеп тұр.

 

Мен, өзім емеспін,

Танылмастай боп өзгергем.

Барлығы дұшпан өзіме достың,

Алтынымды алып жез берген.

 

Мен, өзім емеспін,

Өзгелер билеп-төстеп тұр.

Бабалар берген еліме дес қып,

Төрімде жатыр бөстек құр.

 

Аузымнан түсіп сөзім жоғалған,

Біле алмай қадір-құрметін.

Одан соң барып өзім жоғалғам,

Көзімде қалып суретім.

 

Қолымнан түсіп салтым жоғалған,

Еліктеп жүріп әркімге.

Бір-бірлеп текті қартым жоғалған,

Өзгеден қазір парқым не?

 

Өмірден алман тентіреп енші,

Өзге болудан арыдым.

Өзіме қайта келтіре көрші,

Келтіре көрші, Тәңірім.

30.06.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 14881
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 14774
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 29921
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 28543
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 32103