Қасқа тайымды іздеп жүрмін

Қасқа тайымды  іздеп жүрмін

Әңгіме

Қып-қызыл құмы балқыған алып сахарада болған сол сұмдық оқиғаны осы күнге дейін ұмыта алсамшы... Қатпар-қатпар құм төбелердің арасында отырған шопанның жалғыз үйіне қонақтар тым сирек келетін. Қонақты сағынатынбыз. Машинаның дауысы құмықкан құм ішінде алыстан естіледі. Үйдегі ең саққұлақ менмін:

– Апа-а! Мәшине, мәшине! – деймін мен жерден жеті қоян тапқандай. Менің есімім – Бақтыбай. Апам да, көкем де мені Бақташ дейтін. Жасым он екіге толған сол жаз. Бесінші сыныпқа көшкенмін. Каникулда үйіме асығамын. Әсіресе, биыл асығып келдім. Былтыр қызыл биеміз қызыл құлын туған. Үсті-басының бәрі жосадай қызыл. Тек маңдайында ғана қасқасы бар. Сүп-сүйкімді. Енді сол құлыншақ биыл тай болды. Көктемгі каникулда келіп көріп кеткенмін. Өсіпті. Асау. Құлыншақ кезінде әдемі еді. Енді аяқ-қолы серейіп, жақындасам аса жақтырмайды.

– Әй, әй, қасқа тай! Сенің иең менмін. Көкем сені маған бәсіреме берген. Бұзық болма! – деп қолымды күлте жалына созсам, ол осқырынып теріс айналады, бәтшағар (көкемнің жиі айтатын сөзі ғой). Қасқа тайдың үстінен шағым жасадым көкеме. Көкем жымиып қойды.

– Е-е, сен сезбеген екенсің-ау, саған ол өкпелеп жүр ғой. Оқу деп айлап жоғалып кеттің. Енді кеп досыңның үстінен шағым жасайсың. Оның көзіне қарашы. Қаншама өкпе-наз жатыр. Соны түсінбейсің-ау, батырым. Қарашы дұрыстап, – деді көкем қуақылана сөйлеп. Мен ойланып қалдым. Ол да өкпелей ала ма?

Көктемгі каникул деген аты ғана. Жаңадарияның қамысты жағасы шулап, ызғырық жел есіп тұр. Ищща-ай! Тонымды желбегей жамылып, үйдің алдындағы ұзындығы тай шаптырым базға жүгірдім. Қызыл тай оқырынып қарсы алды. Бағанағыдай емес. Өкпесі тарағандай ма? Жақындап едім, танауы делиіп, көздері оқшырайып шыға келді. Әдемі мойнын ие шегініп кетті менен. Көздері жалт-жұлт етіп, енді маған шекесінен қарайды. «Шынында да қасқа тай сөйлейді екен-ау!»

– Қасқа тай! Кешір мені, түсінбей қалыппын сені. Бірақ маған босқа өкпелейсің. Менің сабағым көп. Ағайлар мен апайлар сабақтан кетіп қалсам ұрсады. Әйтпесе, маған қарным шұрылдап сыныпта отыру оңай дейсің бе? Интернатқа келсең, Қосалы ағай қит етсең айқайлап, миыңды ашытады. «Сабағыңды оқы, пәруайсыз неме!» – деп, қайта орындыққа байлайды. Сені ойлайтынмын қаламсабымның түбін мүжгілеп. Жалтылдаған жалыңды жел тарап, құлақтарыңды қайшылап шапқылаған түрің-ай сенің. Әбден сені сағындым, қасқа тайым, жиі-жиі түсіме де кіретінсің. Ал сенің өкпең болса қара қазандай. Сол кезде есіңде ме, шапқылап-шапқылап алатынсың да, менің жаныма келіп кілт тоқтай қаласың. Кәмпит жегіш едің ғой. Ерніңді қыбырлатып маған еркелеп ұмсынасың. Бұл «Кәмпит бер» дегенің. Міне, мынадай тәтті кәмпит!

Қасқа тайға тонымның қалтасынан алып, кәмпитті көрсеттім. Қасқа тай құлақтарын қайшылап ойланғандай бейне. Ойлан, ойлан, тентегім! Мен кәмпитті тағы көрсеттім. Бұрынғыдай ессіз тентектіктен ақылды тентекке айналғандайсың. Әр нәрсеге ойланып қарайсың. Жәрәйсің! Ал мен кәмпитімді көрсетіп, жақындай бердім. Қасқа тай шын жүректен кешірім сұраған менің сөздеріме түсінді ме, әлде құлын кезіндегі жеген тәтті кәмпиттің таңдайындағы дәмі кете қойған жоқ па, сәл-пәл үркектегені болмаса, мойнын созып маған бір-екі аттады. Ернін жыбырлатып кәмпитті өзіне икемдеді. Дем сәтте қытырлатып жеп, рахаттанды. Енді қайта достасып келе жатқанда көктемгі каникул тәтті кәмпиттей тез бітіп қалды.

Жазғы каникулда ауылға асығып келдім. Ауыл дегеніміз – екі қараша үй. Бірінде көкем, апам, Сәрсен інім, Күнсұлу қарындасым тұрады. Кішілеу қараша үйде көмекші шопан Әбілда бар. Қаламқас жеңешеміз екі қызын арқалап еліне қашып кеткеніне жылдан асты. Әбілда ағаның мінезі ноқайлау. Түрі де қолапайсыз. Әйтеуір, балшықтан жұмбаздап жасай салған адам тәрізді. Басы қазандай. Аяғы қып-қысқа. Ортадағы дене төртбұрыш. Есесіне қолы ұзын – салбырап жүреді. Мұрны, аузының үлкендігі сондай, бүкіл бетін алып кеткен. Қысқасы, ертегілердегі дәудің кішірейген нұсқасы.

Ол кісі әріп түгілі санды білмейді. Бірақ бір отар қойды түстеп таниды. Бәрі көк қой. Бірінен-бірі айнымайды. Әбілда аға бәріне ат қойған. Бір қой жоғалса, бірден біледі. Міне, қандай талант, ә?!

Жұрт құм десең шошып кетеді. Сол шошығыштар біздің жайлау Ұялыны көрсе ғой, шіркін! Жер асты суы шапшып аспанға атып жатыр. Қаладағы фонтаннан жүз есе артық. Көл десең көл бар. Айнала қалың ағаш: сексеуіл, жыңғыл, қоянсүйек... Құмы қандай ғажап?! Жұп-жұмсақ. Жалаңаяқ кешіп жүре бересің. Көкем жылда мұнда қауын-қарбыз егеді. Әлемде біздің қауын-қарбыздан тәтті ешнәрсе жоқ деп білем.

Ойбүу-у, сіздерге басты оқиғаны айтуды тарс ұмытып кетіппін. Биыл шынында да ауылға қатты асықтым. Әрине, алдымен үйді сағынасың. Сонан соң қасқа тайымды сағындым.

– Бақташ аға! Тайыңа мені де мінгізші, – дейді бес жасар Сәрсен інім.

– Жарайды, – деймін мен маңызданып.

Ой, қасқа тайды үйрету оңай болған жоқ! Қызық болғанда «Ертең бас үйретеміз» деген күні біздің үйге қонақ келді. Ұзын бойлы әдемі жігіт. Есімі – Жүсіп. Көкем, апам жақсы таниды екен. Қауқылдасып қалды. Жүсіптің астында қызыл тұлпары бар. Оны қасқа ат деп атайды. Ең қызығы – осы тұлпар менің тайымның әкесі болып шықты. Айнымайды-ау, айнымайды. Маңдайының қасқасына дейін. Екеуі де жосадай қызыл. Қасқа ат бүкіл өзбек, қазақты шулатып жүрген жүйрік екен. Бәйгеден тек бірінші келеді. Кеудесі даладай қасқа атқа әп дегенде қарасаң, басқа аттардан еш айырмашылығы жоқ. Ал бәйгеге шапқанда түрленіп кетеді дейді Жүсіп аға. Мен оны қасқа тайды үйреткенде байқадым. Жүсіп аға екеуміз үш-төрт күн бірге жүрдік. Мұрты қияқтай қараторы жігітті кейін ержеткенде көзге елестетсем, нағыз сұлу, сері жігіт екен. Ұялының шапшыған суына бірге суға түскенде, оның бұлшық еттері бұлт-бұлт ойнайды. «Мұның әкесі де, атасы да батыр әрі өнерпаз адамдар еді. Атасы халық жауы болды. Әкесі соғыстан жарымжан болып оралды. Кейін сол соғыс салған жарадан өлді. Кәрі шешесі Үшқұдық жақта тұрады», –  деп көкем айтқан әңгіме есімде қалыпты. Жүсіп ағаның жиналмалы домбырасы бар. Ән айтқанда арқаланып кетеді. Түннің бір уағына дейін Жүсіп ағаға домбыра шерткіземіз, ән айтқызамыз. Қиссаларды жатқа біледі. Аузымның суы ағып, тыңдаймын кеп.

– Өркенің өссін, Жүсіп інім. Бір рахаттанып калдық-ау! – деп апам да, көкем де қайта-қайта алғысын жаудырады. Таңертең ерте тұрып, Жүсіп аға екеуміз құм кезіп кетеміз. Мен қасқа тайдамын. Үйден үш-төрт шақырым жерде айтақыр бар. Сол жерде аттың басын жібереміз кеп. Жүсіп ағаға мен қатты бауыр бастым. Төртінші күні ол жолға жиналды. Көзінде мұң.

– Бақташ, – деді бірде ол, – мен елімнен қашып жүрген адаммын. Жұрт менің қасқа атыма қызығады. «Сат» дейді. Мен сата алмайтынымды айтамын. Бірақ олар көп. «Сатпасаң тартып аламыз» дейді. Ал мен кішкентайымнан бірге өскен досым – тұлпарымды қимаймын. Қалай сатамын досымды? Бұл әңгімені көкем де біледі-ау, сірә.

– Абай бол, Жүсіп. Сатсаң, сатып жіберсейші. Әйтпесе, олар сені қоймайды. Бірде болмаса бірде жазым етер, – деді көкем оны шығарып салып тұрғанда...

Жалғыз жолаушыны құм жалдары әп-сәтте жұтып қойды. Мен көп тұрдым. Ауылдың барлық қызығы сол Жүсіп ағамен кетіп қалғандай бейне.

Кө-ө-п күндер өтті. Қасқа тайдың қызығымен Жүсіп ағаны да ұмытқан едім. Бір күні түнде алты аяқ машинамен үш адам келді. Еңгезердей-еңгезердей, түстері суық. Қолдарында мылтық. Мен ұйықтап жатқанмын. Шошып оянып кеттім.

– Жүсіп саған жиі келеді. Айт, қай жерге кетті. Әйтпесе, Қонарбай, бізден жақсылық күтпе! – дейді бір жуан зілді дауыс.

– Жүсіп дегеніңді білмеймін. Керек пе, тауып ал! Мені қорқытпаңыздар, түге! – дейді көкем қырсыға жауап беріп...

Алтыаяқтылар ештеңе өнбесін білді ме, сес көрсеткен күйлері аттанып кетті. Бір жамандықты сезгендей жүрегім шымырлады. Ішім алай-түлей. Жүсіп ағаны кездестірсе, мыналар аямайды. Осылардан қашып жүр екен-ау...

Тағы да көп күндер, көп түндер жылжып өтті. Сол сұмдық оқиға болатын күні әуе айналып жерге түскендей шыжыған ыстық болды. Тал түс. Отар қалың сексеуіл тоғайының арасында жатыр. Дүрдік Ақтабан қып-қызыл тілі жерге тиер-тимес болып үйдің көлеңкесіне шалжиған. Көкем төрде шалқасынан жатып әдеттегі қорылына басқан. Сәрсен екеуміз Ұялының шапшыған суының астында мәзбіз. Қасқа тай қасымызда. Оған да су шашамыз. Шошып кетеді. Оған тағы да су шашамыз, шу-шу күлеміз.

Өстіп жүріп алтыаяқ машинаның келгенін байқамай қалыппыз. Сәрсен:

– Алтыаяқ келді. Әнеугүнгі алтыаяқ, – деді кенеттен айқайлап. Шошып кеттім. Шынында да сол! Үш адам. Үсті-бастары шаң-шаң күйінде суға жүгірді. Ала шаңға көмілген алып машинаның буы бұрқырап тұр. Олар бізді «адам-ау» деп қараған жоқ. Суды қанып ішіп, беттерін жуып алғаннан кейін ғана бізді көрді.

– Көкелеріңді шақыр! – деді гүр-р етіп бір бож қарасы. Сәрсен үйге қарай жүгіріп кетті. Мен олардан қорықпайтынымды білдіріп, міз бақпадым. Біреуі менің қасқа тайыма жақындады.

– Әкә, мына тай нағыз жүйрік болғалы тұр. Өзі қасқа атқа ұқсайды. Әне, кеудесін қарашы, – деді ол кір-кір орамалымен бетін сүртіп тұрып.

– Менің қасқа тайыма тимеңіз! – дедім мен шыр етіп.

– Ой, иттің күшігі. Саған не жоқ, кет былай! – деді ол тұлданып. Мені жүн-жүн қолдарымен жасқап жіберіп еді, жалпамнан түстім. Қайта тұрып, ұмтылам дегенше біреу мені тегеурінді қолдарымен құшақтап ұстап қалды. Көкем екен.

– Балаға тимеңіздер. Оның не жазығы бар? – деді көкем мені өзіне тартып.

– Өзі емес пе, бізге тиіскен... – Жүн-жүн қолды көзі көк, алпамса денелі адам барқылдай күлді.

– Қонарбай, сенің Жүсібіңді ұстадық. Әнеу машинаның үстінде жатыр.

– Тірі ме? – Көкемнің дауысы жанұшырып шықты. Олар бір-біріне қарасты.

– Әліне қарамай қарсыласты. Қасқа атты ұстай алмадық. Қашып кетті. Бізге қарсы шабуыл жасаған соң, біз де қорғандық. Аяғы осылай болды.

– Қанішерлер! Ертең заң алдында жауап беретіндеріңді білесіңдер ме? – Тістене сөйлеген көкемнің сөзін әлгі көк көз бөліп жіберді.

– Заң біздің жақта. Сотың менмін, ал не істейсің? Одан да мынадай мәмілеге келейік. Қасқа ат осында келсе, бізге хабарла. Мол сыйлық береміз.

Осы кезде мен көкемнің қолынан жұлқынып шығып, машинаға жүгірдім. Сенбедім. Қалай машина қорабына шығып кеткенімді сезбей де қалыппын. Сұмдық-ай, сұмдық... Қан-қан болып Жүсіп ағам жатыр. Менің дүрсілімнен үймелеген, құжынаған көп көк шыбын гу-у етіп ұшты да, қайта қонып жатты. Үстін сексеуіл бұталарымен жапқан болыпты.

– Көке-е! – Ар жағын білмеймін. Көкем келіп ұстамағанда машинаның қорабынан құлайды екенмін. Ес-түссіз үш күн жатыппын. Сандырақтай береді екенмін. Айқайлаппын. Далаға жүгіріппін.

– Жүсіп аға, тірісіз, тірісіз сіз. Қанішерлер! Көк шыбын! Көк шыбын! Қасқа тайым! Көке! Олар мені де өлтіреді!

Осындай сөздерді көп айтыппын. Он шақты күннен кейін орнымнан тұрдым. Қалталақтап аяғымды әзер бастым. Молданы әкеп дұға оқытыпты. Жазылған сияқтымын. Бірақ ішкі дүниемдегі жара жазылған жоқ. Одан бері көп-кө-өп жылдар өтті. Қып-қызыл құмы балқыған алып сахарада болған сол сұмдық оқиғаны әлі де ұмыта алмаймын. Мен Алматыға кеттім. Жазушылыққа бет бұрдым. Осы оқиғаны жазуыма Жүсіп ағамның түсіме кіргені сеп болды. «Мені ұмытқан жоқсың ба? Міне, сенің қасқа тайың. Мініп ал. Көрдің бе, үлкен тұлпар болды. Шабысынан танбасын тұлпарың!» – деп, ол бірінен-бірі айнымайтын екі қасқа аттың бірін маған тастап кетті. «Жоқ, неге ұмытайын, Жүсіп аға? Мәңгілік есімдесіз», – дегенше ол қасқа атына мініп, көзден ғайып болып кетті. Қатты ұялдым.

Сол көрген түсімнен кейін көп ұзамай бір күн, бір түн міз бақпай отырып осы әңгімені жазып шықтым. Ұмытпағанымның белгісі осы емес пе, Жүсіп аға?! Сізге қойған ескерткішім осы...

Қосымша тағы айтатын нәрсе, мен есеңгіреп ауырып жүргенімде қасқа тайымнан айырылып қалдым. Оны айырған қасқа тайдың әкесі – қасқа ат.

Аналар қасқа аттың біздің үйге, әйтеуір, бір айналып соғатынын қалай білген десеңші. Он шақты күннен кейін қасқа ат келді.

– Ой, жануар-ай, келдің бе? Жүсіптен айырылып қалдық қой, – деп көкем еміренді. Қасқа ат та кімнің дос, кімнің жау екенін біледі-ау, қашқан жоқ. Көкемнің қолынан жем жеді. Біздің биенің жанына барып басын сүйеп көп тұрды. Жақындап едік, көздерінен саулай аққан жасты көрдік. Иесін жоқтап жатыр. Біз де жыладық. Көкемнің жылағанын тұңғыш рет көруім. Бала тәрізді өксіп-өксіп жылады.

Ертеңіне ғажап оқиғаға тап болдық. Қасқа ат қасқа тайды алып кетіпті. Жым-жылас. Неге екенін білмедім. Қасқа тайымды қанша жақсы көрсем де, қасқа атқа жан-дүниеммен тілектес болдым. «Қай жерде жүрсеңдер де аман болыңдар», – дедім қатпар-қатпар құм өлкесіне қимай қарап.

Одан кейін қасқа атты да, қасқа тайды да «көрдім, білдім» деген пендені кездестірген жоқпыз. Бірақ көңіл құрғыр қасқа тайын іздейді-ай...

 

Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ
28.04.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 244
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 240
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 742
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 865
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 778

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8935
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8329
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11557
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9314
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10541