«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген қазақ атамыз. Қазақтың жақсы қасиеттерінің асылы – жомарттық, кеңпейілділік. Жомарт болу – өзіңде барды зәру адаммен шын жүректен бөлісу. Қайырымдылық – адамзат бойындағы ерекше бір қасиет. Қайырымдылық ізгіліктің, адамның адамға деген таза ниетін, адамгершілік қарым-қатынасын көрсететін адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен көмегі. Қайырымдылық жасау – әр адамның қолынан келетін іс.
Әрбір жасалған істе ізгіліктің бар екенін есте сақтаған абзал. Адамның жасаған игі істерінің бәрі оның ақыл-ойы мен жүрек жылуының көрінісі. Жаныңда жүрген жандардың қуанышын бөлісіп, қиындығына ортақтаса алсаңыз, қазақ халқына тән ұлттық қасиетіңіз бен көрегендігіңіздің жемісі деп біліңіз. Жүрек жылуын ұсынып, ізгілік нұрын шашып, сый-сияпат көрсете алу – адамның адамдық белгісі. Қазіргі таңда елімізде түрлі іс-шаралар мен акциялар, қайырымдылық қорлары арқылы қол ұшын созатын ізгі жандар қатары көбейіп келе жатқаны қуантарлық жағдай. Қайырымдылық жасау мемлекет тарапынан да көп көңіл бөлініп отырған аса игілікті іс болып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Birgemiz» атты республикалық Волонтерлер фронт-офисінің ашылуында (Аталған орталық осы саладағы жобаларды үйлестіреді әрі қоғамдық мониторинг жасайды және бүкіл еліміз бойынша оқыту, насихаттау жұмысын жүргізеді) волонтер жылында көптеген ауқымды жоба қолға алынатынын атап өтті. Мұндай орталықтар еліміздің барлық өңірінде ашылатыны сөз болды.
Өз сөзінде Мемлекет басшысы волонтерлікпен айналысу қазақ халқының бойында бар асыл қасиет екенін еске салып, ата салтымызды қайта жаңғыртудың сәті келгеніне тоқталды. «Игі іспен айналысу, адамдарға жақсылық жасау – халқымыздың көне заманнан келе жатқан дәстүрі. Біз осы дәстүрді сақтап қалуымыз керек. Себебі біреуге қол ұшын созып, қолдау көрсету – қанымызға сіңген қасиет. Халқымызда осындай береке-бірлікке шақыратын «Асар» дәстүрі бар. Бұл – ғасырлар бойы құндылығын жоймаған ата салтымыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халқымыз. Волонтерлік қызметтің басты мақсаты да – бірге жұмылып, халыққа қызмет ету», – деді Қ.Тоқаев.
Президент қиын-қыстау кезеңде Қазақстанға жер аударылып келген көптеген этнос өкілдерін қазақ халқы бауырына басып, бір үзім нанымен бөліскеніне ерекше тоқталды. «Өздеріңізге тарихтан мәлім, кезінде Қазақстанға көптеген ұлт өкілдері жер аударылды. Сол қиын-қыстау уақытта халқымыз оларды бауырына басып, бір үзім нанымен бөлісті. Шынайы жанашырлық көрсету – қазақ халқына тән қасиет. Міне, нағыз волонтер атанудың озық үлгісі деп осыны айтуымыз керек», – деп, Президент сөзін бір қайырды.
Бүгінде дүниежүзінде волонтерлікпен айналысу үрдісі кең таралып, әлемдік қозғалысқа айналғаны белгілі. Мәселен, әлемдік ішкі жалпы өнімнің 2,5 пайызы – еріктілер еңбегінің нәтижесі. Осыны еске салған Мемлекет басшысы осы салаға бел шешіп араласуға шақырды.
«Қазірдің өзінде жер бетінде 1 миллиардқа жуық адам волонтерлікпен айналысады. Олардың жаһандық дамуға тигізер үлесі зор. Көптеген елде волонтер атану қалыпты жағдай, үлкен құрмет саналады. Жұртшылық оларды сыйлайды. Мысалы, Франция халқының жартысына жуығы волонтер атанған. Германия мен Жапонияда волонтерлердің саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Біз де осындай деңгейге ұмтылуымыз керек. Азаматтарымыз өзгеге көмек көрсетуден аянып қалмауы тиіс. Сол арқылы қоғамда әлеуметтік жауапкершілікті арттырамыз», – деді Президент.
Хакім Абайдың «Қарекет қыл, пайдасы көпке тисін» деген ұлағатты сөзін келтірген Президент волонтерлікті кеңінен дәріптеп, береке-бірлігімізді арттыратын шараларға бір ел, тұтас ұлт болып атсалысу қажеттігін еске салды.
«Волонтерлік – патриотизмнің бір көрінісі. Еріктілер, ең алдымен, елдің игілігіне қызмет етеді. Олардың жұмысы азаматтық қоғамды одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. Волонтерлік – «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» әрекет ету. Волонтерлік – халқымыздың шынайы болмысы. Бұл бастама ұлтты ұйыстырып, мемлекеттілікті нығайту үшін қажет екендігіне де тоқталды.
Президент волонтерліктің нақты істермен көрінетін патриотизмнің жоғары деңгейін білдіретініне тоқталып, біреудің дүние-мүлкіне қол сұғып, тонаумен айналысатындарды патриот санамайтынын жеткізді. «Отанға деген махаббат үлкен ұрандар мен бос декларациялар емес, бұл – күнделікті еңбек, соның ішінде халықтың игілігі үшін шынайы атқарылатын қайырымды іс. Бұл – адамның болмысы, бұл – терең білім, жоғары мінез-құлық мәдениеті. Өзгенің дүние-мүлкіне қол сұғатын, тонаумен айналысатын, жалған патриоттық ұрандарды тарататын адамдар патриот еместігін түсінуіміз керек. Өзгелердің мүлкін тонап, олардың өміріне қауіп төндірген азаматтар халқымыздың патриоты емес. Мұндай адамдар – заңды өрескел бұзған қылмыскерлер. Сондықтан олар қоғам мен мемлекет алдында заңға сәйкес жауап беруі тиіс», – деді Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, патриотизм, қоғамға қызмет ету және игілікті іс – адамның тұлғалық және рухани дамуының жоғары деңгейінің жарқын көрінісі.
Волонтерлік – мемлекет пен қоғам ілгерілеуінің жарқын көрінісі. Елдің дамуы мен жетістігі халықтың патриоттық белсенді әрекетіне тікелей байланысты. Олар күн сайын маңызды қызмет етеді. Мұндай азаматтар бізде аз емес. 16 мың адам – бастапқы меже. Келешекте жүз мыңдаған, миллиондаған адам жан-тәнімен, ерікті түрде волонтерлікпен айналысатынына сенімдімін. Мемлекеттің, атқарушы биліктің және Парламент депутаттарының міндеті – волонтерлік қозғалысқа атсалысуға мүмкіндік беру.
Волонтерлік қызмет реформаларды жүзеге асыруда, жалпы мемлекетімізді жаңғыртуда маңызды рөл атқарады. Яғни волонтерлер өздерінің іс-әрекетімен аса маңызды реформаларды жүзеге асыруға нақты үлес қосады. Еңбекқорлық, әлемге ашықтық арқылы озық технологияға және жоғары еңбек өнімділігіне негізделген жаңа экономика құра аламыз. Волонтерлік идеясын белсенді ілгерілету отандастарымыздың ой-санасының жаңа парадигмасын жаңғыртуға ықпал етеді.
Жиын барысында жақынына көмектесу қазақ ұлтының қанына сіңген ерекше қасиет екені де айтылды. Мемлекет басшысы мұндай дәстүр қиын-қыстау кезеңде халық ретінде болмысымызды сақтап қалуға көмектескеніне екпін берді.
Иә, бүгін де еліміздің азаматтары мұқтаж жандарға қол ұшын беруге әрдайым дайын екенін көрсетіп келеді. Арыс оқиғасы – соның айқын дәлелі. Төтенше жағдай кезінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған волонтерлер зардап шеккендерге көмектесті. Қаланы қалпына келтіруге белсене атсалысты. Біздің халқымыз өзгенің басына түскен жағдайға ешқашан бейжай қарамаған. Бұған күнделікті өмірден көптеген мысал келтіруге болады.
Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлер алдында сөйлеген сөзінде белсенді ұйымдарды ерекше атап өтті. Атап айтқанда, қиын тұрмыстық жағдайға тап келген адамдарға көмек қолын созуға дайын мыңдаған белсендісі бар ұлттық волонтерлер желісінің, «Lider.kz», «Best for kids», елордалық «28 петель» клубы мен «Қамқоршылар клубының» жұмысына жоғары баға берді. Ұлттық волонтерлік желі 10 жыл ішінде мыңдаған белсендіні жинап, кез келген маңызды әрі қиын сәтте көмек қолын созуға әзір. Ұйым үлкен компанияларда корпоративті волонтерлікті дамытып, әдістеме арқылы көмектесіп, елімізге келген қонақтар мен туристерге арналған ерікті кездесу өткізеді.
Сондай-ақ, «Lider.kz» волонтерлік қозғалысының жұмысын ерекше атап өткен жөн. Бұл ұйым төтенше жағдайда көмек көрсету үшін құрылған. Оның мүшелері жоғалған азаматтарды іздестіруге белсене атсалысады. Қазір осы қозғалыстың қатарында бір жарым мыңнан астам ерікті бар.
Волонтерлікпен айналысып жүрген «Best for kids» қоғамдық қорының да жұмысы – көпшілікке үлгі-өнеге. Бұл ұйым өз қызметін осыдан он жыл бұрын Ақмола облысында бастаған. Содан бері балалар үйіндегі жасөспірімдерге тұрақты қолдау көрсетіп келеді. Қор жастарға жігер беретін түрлі дәрістер, тренингтер өткізеді. Сонымен қатар жетім балаларға көмектеседі. Міне, осындай волонтерлік ұйымдарды көбейтуіміз керек», – деді Президент. Мұндай мысалдың елімізде көптігін айта келе, Қазақстанда волонтерліктің бірте-бірте жалпыұлттық сипат алып келе жатқанына тоқталды.
«Бұл үдеріс Волонтер жылында атқарылатын іс-шаралардың арқасында азаматтарымызды одан әрі біріктіре түсетініне сенімдімін. Игі істер біздің мәдени бірегейлігіміздің ажырамас бөлігіне айналды. Елімізде 200-ден астам волонтерлік ұйым бар. Онда 50 мыңнан астам волонтер жұмыс істейді», – деді Мемлекет басшысы.
ТҮЙІН: Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы зор ондаған жалпыұлттық жоба қолға алынды. Волонтер жылының басты ұраны – «Birgemiz». Сондықтан биылғы барлық бастама мен игі іс халқымыздың бірлігін бекемдемек. Мемлекет басшысы өзі ұсынған «Әр алуан пікір – біртұтас ұлт» тұжырымы осындай шаралар арқылы жүзеге асырылатынына назар аударды. Осы орайда, мемлекет еріктілерге әрқашан қолдау көрсететінін жеткізіп, маңызды бірқатар бағыттарды айқындап берді.
Жастар жылын қорытындылау жиынында қоғамның нақты мәселелерін шешуге арналған бірқатар жобалар айтылды. Ауыл жастары, балалар үйінің тәрбиеленушілері, ардагерлер мен зейнеткерлер қолдауды қажеттігі де сөз болды. Әсіресе науқастарға жәрдемдесудің маңыздылығы айтылды. Волонтерлердің күшімен құқықтық сауат, экология салаларын жетілдіріп, Қазақстанның мәдени мұраларын қорғап, еліміздің батырларын еске сақтау салаларындағы түйткілдерді шешуге мән берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан азаматтарын жаһандық және аймақтық мәселелерді шешетін халықаралық волонтерлік бастамаларға белсенді түрде тартуды ұсынды.
«Қазақстан 116 елдің 20 миллионнан астам волонтерін біріктіретін Дүниежүзілік экологиялық «World Clean up day» науқанына қосылуға дайын. Отандастарымыздың БҰҰ, ЮНИСЕФ, AIESEC ұйымдарының еріктілік бағдарламаларына және басқа да халықаралық бастамаларға атсалысуы әртүрлі мемлекеттердің тәжірибесімен танысуға және елімізге үздік волонтерлік тәжірибені тартуға мүмкіндік беретінін» баса айтты.
Қ.Тоқаевтың сөзіне қарағанда, мемлекет волонтерліктің инфрақұрылымын қалыптастыруға қолдау көрсетуі тиіс. Соның ішінде аймақтық фронт-офистер барлық еріктілерге өз идеяларын немесе нақты волонтерлік жобаларын іске асыруға көмектеседі.
«Волонтерлерге жан-жақты қолдау көрсету керек. Менің тапсырмам бойынша оларға арнайы жеңілдіктер ұсынылады. Мысалы, енді волонтерлік жұмыс еңбек өтілі саналады. Сондай-ақ, волонтер студенттерге қосымша стипендия беріледі немесе пән кредиттерін жабуға рұқсат етіледі.
Осы салада жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдарға да қаржылай көмек берілетіні де белгілі болды. Осыған орай әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру үшін 400-ден астам шағын грант бөлінбек. Әр гранттың құны 300 мың теңге көлемінде болмақ. Одан бөлек, әкімдерге жергілікті бюджеттен қосымша гранттар беріледі. Еңбегімен ерекшеленген волонтерлер мемлекеттік наградаларға ұсынылмақ.