Қазақ әніне реформа керек

Қазақ әніне   реформа керек

Жиырма жыл бұрын Саят пен Досымжанның әнін қалай тыңдасам, қазір де Қуандық Рахым мен Қанат Үмбетовтің әндерін солай тыңдаймын. Өзгеріс жоқ. Аранжировкада сол күйі. Тек дауыстар ауысқан.

Алдымен аз-кем кіріспе сосын бірінші шумақ, артынша қайырма. Қайырмадан соң біреу асықтырғандай (ертең қойдың кезегі ме), дереу екінші шумақ. Екінші шумақтан соң «уһ» деп бір «проигрыш» кетеді. Оның өзі – қайырманың қайталау-ыңылы әншейін. Бөлек саз болсашы бір!

Содан үшінші шумақ. Қайырманы айғайлай қайталап бітіреді. Сіздерді білмеймін, мен осыдан жалығам. Ән табиғаты, мәтін болмысы, саз бітімі дегенге орай бір өзгеше әрекет жасауға болмай ма? Конституцияға жазылған ба осыдан айнымасын деген?..

Үндінің «Семья» деген фильмі бар. Митхун Чакраборти мен Минакши Шешадри ойнайтын. Бес ән айтылады. Бір әннің үш шумағы – үш түрлі саз! «Арқалықтың ақ таңының» бірінші шумағының сазы былай еді, соны соңына дейін ұстайын деп отырған Пьярелал жоқ (композитор). Үш шумаққа – үш әуен, тағы бітімі бөлек «проигрыштар» бар. Ешбірі ұқсамайды бір-біріне! «Бір ән жазып, оның үш шумағына нағып үш саз қостың» деп жатқан адам жоқ-ау.

Сосын бізде «той үшін» деген әңгіме бар. «Восточный аранжировка қылсаң тойға өтеді» деген. Осы көзқарас қазақ әнінің қалпын бұзды. Серік Тұрғынбековтің өлеңіне жазылған Сейдолла Бәйтерековтің «Түркістан» деген әні бар. Роза Рымбаева орындайтын. Сол әннің аранжировкасын өзбекшелеп құртты. Тағы «танец живота» билетіп қойған қыздарға. Ұят-ай. Әй, Түркістан деген Өзбекстан ба сендерге? Түркіменстан ба? Ол қазақ хандарына ұйытқы болған ұлы мекен емес пе еді? Ол жерде қазақы саз ойналып, қазақ қыздары қазақша билесе болмай ма?

«Күйдім-ау, күйдім-ау» деген Жүсіп көкемнің күйін кешемін. Қазақ әніне реформа керек. Керемет композиторларымыз бар. Әндерін құлпырта көрсетейік, баяғы үш шумақ, бір проигрыш қыла бермей. Ән табиғатын, саз мінезін, сөз үнін ұғайық. «Діңкіл-діңкіл», «дігідік-дішдіш»-тен де басқа дүние бар шығар.

Сәкен СЫБАНБАЙ

 

08.10.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 29351
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 28910
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 46178
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 41775
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 46483