Қазақ баспасөзі – қазақтың үні, қазақтың намысы

Қазақ баспасөзі – қазақтың үні, қазақтың намысы

Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада «Qazaqstan dauiri» халықаралық қоғамдық-саяси газетінің – 30 жылдық, ал газет шекпенінен шыққан «Мөлдір бұлақ» республикалық балалар журналының 20 жылдық мерейтойына орай «Қазақ баспасөзі: бүгін және ертең» атты конференция өтті. Баспасөз басшылары ел Президенті Қ. Тоқаевқа Ашық хат жолдады. Көшірмесі ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәліге жолданды.

Тәуелсіздік таңымен таласа дүниеге келген газеттің алғашқы нөмірі (1992 жылы 17 қаңтар) «ZAMAN-Қазақстан» деген атпен жарық көріп, халықаралық басылым ретінде тарала бастады. Бауырлас Түркия мемлекеті мен Тәуелсіз Қазақстан арасында рухани көпірге айнала отырып, мемлекеттің, еліміздің, қазақтың ұлттық мүддесі жолында талай «тар жол тайғақ кешулерді» артқа тастады. Бірде «ZAMAN-Қазақстан», бірде «Қазақстан-ZAMAN» бола жүріп, бүгінде «Qazaqstan dauiri» деген атпен қалың оқырманының көзайымына айналып отыр. Қазақ баспасөзі тарихында ойып орын алған басылымның «Қазақ баспасөзі: бүгіні және ертеңі», болашағына алаңдамаған кезі жоқ.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов айтқандай, «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп, үнемі қазақ баспасөзінің ыстығына күйіп, суығына тоңды. Сондықтан да «Qazaqstan dauiri» ЖШС-ның Бас директоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, журналист Сәуле Мешітбайқызы мен «Qazaqstan dauiri» газетінің Бас редакторы Ертай Айғалиұлы республикамыздың түкпір-түкпіріне, игі жақсыларға сауын айтып, қос басылымның мерейтойын «ас ішіп, аяқ босату» емес, «Қазақ басылымдарының бүгіні мен ертеңі қалай болмақ?» деген үлкен мәселе төңірегінде ой бөлісуге шақырды.

Конференция барысында журналист, жазушы, «Президент және Халық» республикалық газетінің бас редакторы, профессор Марат Тоқашбаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Қанат Ысқақов, қоғам қайраткері Дос Көшім, «Арыс» қорының директоры Ғарифолла Әнес, бауырлас түрік әріптестер атынан Хусейн Гюнгөр,«Qazaqstan dauiri» газетінің Бас редакторы Ертай Айғалиұлы, «Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы Төлен Тілеубай, «Қазақ газеттері» ЖШС-нің бас директоры Шәмшидин Патеев, «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы Дәулетбек Байтұрсынұлы және басқа да қатысушылар сөз сөйледі.

Возможно, это изображение 13 человек и люди стоят

Қазақ баспасөзінің халі қалай?

Конференцияның күн тәртібіне жоспарланған мәселелер «ЗАҢ «Медиа- корпорациясы» ЖШС-нің президенті Досымбек Өтеғалиевтің модераторлығымен өтті. Конференция барысында қазақтілді мерзімді басылымдарының атынан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына арнап жазылған ашық хат та талқылауға ұсынылды. «Барлық басылымдардың соңғы жылдары жазылу көрсеткіші күрт төмен түсіп кетті. Қолымыздан келген ұйымдастыру жұмыстарын істеп жатырмыз. Әсіресе 18 мың кітапханаға бір-бір данадан жазылу жөніндегі ұсынысымыз орындалған жоқ. Сондықтан бұл хатымызды сізге тағы да жолдап отырмыз. Егер де осылай кете берсе, Қазақ баспасөзінің халықпен байланысы нашарлап, өзі де қатары сиреп қалған басылымдар жаппай жабылуы әбден мүмкін. Сондықтан қадірлі Президент мырза! Қазақ баспасөзін тікелей өз қамқорлығыңызға алуыңызды өтінеміз» деп басталған ашық хатта баспасөзді қолдаудың нақты жолдары да нақты көрсетілген. Алайда бұған дейін де билікке жолданған ашық хатқа ешқандай жауаптың болмауы, мәселесінің күннен-күнге күрделеніп келе жатқаны жиналған көпшіліктің назарын аударды. Қазақ баспасөзін қолдау, баспасөзге жазылу мәселесі бүгінгі күні барлық қазақтілді басылымдарының «бас ауруы» болып отырғанын ешкім жоққа шығармады. 

 

Сәуле Мешітбайқызы, 

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері: 

Билік пен халық  арасындағы алтын көпір

 

– Кітап оқу мәдениеті газет-журнал оқу арқылы қалыптасады. Сондықтан алдымен халықтың, жастардың, балалардың кітап оқуы үшін, рухани жан-дүниесінің қалыптасуы үшін баспасөздің орны бөлек. Қазақ баспасөзі – қазақтың үні, қазақтың мұңы. Билік пен халық арасындағы алтын көпір. Бірақ «Газет-журналға жазылуға мәжбүрлемеңдер» деген үлкен кедергі бар. Мәжбүрлемеңдер деген сөз – газетті оқымаңдар деген сөз. Ал газет-журнал оқымаса, кітап оқу мәдениеті қалай қалыптаспақ? Кезінде Алаш арысы Міржақып Дулатов «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де мықты» деген болатын. Егер қазақ баспасөзіне жазылу шектелсе, оқырмансыз баспасөз қалай мықты болмақ? – дей келе барлық жиналған көпшілікке, газеттің отыз жыл тарихында қызмет еткен барлық қызметкерлеріне алғыс білдірді.

Марат Тоқашбаев. Шенеуніктер тәртіпке бағынсын!

Марат Тоқашбаев, журналист, жазушы, профессор: 

Басылымдардың қағаз нұсқасы өлмейді, жойылмайды

 

– Алдымен осы «Қазақстан-ZAMAN» газетінің тарихында үлкен еңбек сіңірген қазақтың маңдай алды мықты-мықты Қалтай Мұхамеджанов, Рақымбай Ханалы, Болат Бодаубай, Бейбіт Сапаралы, Жұмабай Шаштайұлы сынды көрнекті қаламгерлеріне, Қазақ-Түрік достығын дамытуға, газеттің халықаралық басылым деңгейіне көтерілуіне үлкен үлес қосқан Әли Байрам, Ерсін Демиржи, Ахмет Аляз сияқты азаматтарға бүгінгі отыз жылдың биігінен бәріне басымызды иіп, рақмет айтайық. Олар шын мәнінде мақтауға да, мадақтауға да лайық азаматтар. Енді «Қазақ баспасөзінің бүгіні мен ертеңі қалай болуы керек» деген мәселе жөнінде де айтқым келеді. Өздеріңіз білесіздер, Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдары негізінен қазақтілді, орыстілді деп бөлінеді. Орыстілді басылымдар Қазақстанда азаматтық мемлекет, азаматтық қоғам орнату бағытында жұмыс істейді. Ал қазақтілді басылымдар түгелдей ұлттық азаматтық қоғам, ұлттық мемлекет формуласымен жұмыс істейді. Сіздер мен біздер, бәріміз өз Отанымызда ұлттық мемлекет қалыптасуына, оны нығайтуға, соған қызмет етуге тырысамыз. Бұл күрес, бұл тартыс дәл қазір, осы күндері өте қатты жүріп жатыр. Қазір интернет дәуірі. Жаңалықтардың барлығын ең алдымен адамдар қолдарындағы телефон, гаджеттерінен біліп жатады. Сондықтан қазір «Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналының электрондық нұсқасына күш салып жатқандарыңыз, соларды дамытуға тырысып жатқандарыңыз өте дұрыс, құптарлық қадам деп есептеймін. Бірақ дүниежүзінде қағаз газеттер, журналдар жойылды, құрыды деуге болмайды. Жапонияның «Асаки» дейтін газеті бар. Солар бүгінгі таңда 11 млн данамен шығады. «Вашингтон пост», «Нью-Йорк таймс» газеттері 6-7 млн данамен тарап жатыр. Яғни басылымдардың қағаз нұсқасы өлді, жойылады деген ұғым болмауы тиіс. Бәрінің қатар өмір сүруге құқығы бар. Сондықтан Сіздердің осы бағыттағы жұмыстарыңыздың бәріне сәттілік тілеймін.

 

Дос Кошим: Никто лучше Назарбаева не сказал про ситуацию с казахским языком  | Аналитический Интернет-порталДос Көшім, қоғам қайраткері:

«Қазақстан халқына» қоры баспасөзге қолдау көрсетсін!

 

– Қазақ баспасөзінің бүгіні және ертеңі жөнінде айтар болсам, бүгіні қиын, ертеңі күңгірт. Әлеуметтік желі мен баспасөздің арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Қазір саусақпен санарлық қана қағаз форматында шығатын газеттер қалды. Олардың тираждары, менің ойымша, 10-15 мың көлемінде. Мемлекет осы бағытта дабыл қағатын кез келді. Кезектен тыс Парламенттің отырысы болуы керек. Бір ұсынысым, қазір «Қазақстан халқына» деген қор бар. Неге осы қор баспасөзге қолдау көрсетпеске? Мемлекет тарапынан «Қазақ баспасөзінің аяғынан тұру мәселесі жөнінде» арнайы бағдарлама керек. Қаржы бірінші орында тұрады. Қысқасы, таусылмайық, алда өмір бар әлі. Қазақ баспасөзіне мемлекеттен қолдау ауадай қажет, – деді.

 

Газет-журнал оқу мәдениеті болмаса, саяси мәдениет қалыптаспайды

«Үмітсіз шайтан» демей ме?! Қазақ баспасөзінің болашағы, әрине, жарқын. Өйткені қазір Мемлекет басшысы тарапынан «еститін мемлекет» қалыптастыру жұмысы қолға алынды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жазылған ашық хат жауапсыз қалмайды деген үміт зор. Сондықтан «Қазақ баспасөзі: бүгін және ертең» атты жиында айтылған ойлар Президентке жетсе деген ниетте, конференция қонақтарының ой-пікіріне ары қарай құлақ ассақ... 

 

Ақбөкен жылаған түн - Төлен Тілеубай - Әңгімелер - (Деректі..Төлен Тілеубай, «Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы: 

БАҚ туралы заң жобасында біздің ұсыныстарымыз жоқ

 

– Шынымен, қазір баспасөздің жағдайы алаңдатарлық күйде. Саусақпен санарлық қазақ басылымдардың жағдайын, таралымын түгелдей қарап шықтым. Қазіргі цифрлы медиамен де салыстырдым. Қазір Қазақстанда «Азаттық» радиосы толық цифрлы жүйеге көшті. Иә, қазақ баспасөзі үлкен жолайрықта тұр. Бірақ қағаз газеттерінің дәурені аяқталмауы үшін, қағаз баспасөз салиқалы сараптамаға, зерттеуге көшуі керек. БАҚ туралы заң қазір талқыланып жатыр. Бірақ біздің айтып жүрген ұсыныстарымыздың көбі кірмей жатыр. Сондықтан газеттер, қағаз басылымдар өлмеуі үшін, жойылмауы үшін әр қазақ өз рухани құндылығы үшін күресуі керек.

 

Қанат Ысқақов, ҚР Ақпарат және  қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы:

Заң аясында мәселені шешудің  үш тетігі қарастырылды

 

– Қазақ басылымдарының қазіргі және болашағы жөнінде айтылып жатқан пікірлер өте орынды. Өте маңызды тақырып. Біз ашық әңгімеге дайынбыз, шешуге де тиісті тетіктер бар. «Дос жылатып, дұшпан күлдіріп» айтады дейді. Дос ағаның (Дос Көшім) айтқанындай, қазақ басылымдарында шын мәнінде алаңдаушылық бар. Біз бәрін білеміз. Егер газет оқымасақ, кітап оқымасақ, саналы қоғам, зерделі ұрпақ, зиялы қауым болмаймыз. Сондықтан осы қағиданы барлық жиында, алаңда көтереміз, шешеміз. Ең басты айтатыным, министр тағайындалған күннің ертесіне Алматыға келіп, қазақ баспасөзі өкілдерімен кездесті. Бұл ненің белгісі, нышаны? Қазақ баспасөзінің болашағы бар. Бар болғандықтан, тиісті шаралар қаралады. Заң аясында мәселені шешудің үш тетігі қарастырылып жатыр.Тиісті бағдарлама қабылданады. Бірінші:  Жалпы баспасөзге субсидия немесе салықтардан босату. Ол мемлекет үшін үлкен қаржы емес. Бірақ әрбір баспасөзге үлкен жеңілдік. Екінші: таралым мәселесі. Таралым болмаса, жұмыс жасалмайды. Таралым бойынша нақты ұсыныстар бар. Әрбір өңірде тегін дүңгіршектер ашу. «Қазпоштаның» жұмысын қайта қарау. Үшінші ең басты мәселе – Мемлекеттік қаржы. Қазақ аудиториясының өсуіне орай қаражат бөлу. Қазір қазақ аудиториясы тиісті контент шығаруға дайын. Сұраныс та бар, сапалы контент қалыптасып та келеді. Жыл сайын қазақтілді баспасөздің үлесі өсе береді. Біз оған дайынбыз. Сол үшін жұмыс жасаймыз. Интернет дамып жатыр дегенмен, екеуі бір-біріне кедергі емес. Хат бойынша да сөйлесеміз. Кез келген бастаманы қолдаймыз.

Осылай деген Қанат Ысқақов сөз соңында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің мерейтойға арналған құттықтау хатын табыстады. 

 

 

 

 

 

Шамшидин Паттеев: Қызмет етуді мақсат еткен басылымШамшидин Паттеев, «Қазақ газеттері» ЖШС-ның бас директоры: 

Мемлекеттен «жем жеген» басылымдар көбейсе, шындықты кім айтады?

– «Қазақ баспасөзі қалай мықты болады?  Қайтсек оқырман жүрегіне жол табамыз? Қазақ басылымдарының қаржы мәселесін шешу тетігі қандай?» деген сұрақтар төңірегінде кесек-кесек ойлар, өзекті проблемалар жан-жақты айтылды. Әсіресе қаржы мәселесін шешу жолдары тақырыптың тұздығына айналды. «Қазақ басылымдарын қаржыландырудың тетігі мемлекеттік әлеуметтік серіктестік статусын белгілеуге байланысты. Осы мәселені билік ескерсе... Бұл – жақсы жоба.Қазақ басылымдарын қаржыландырудың төте жолы. Заң аясында осы жоба қабылданса, біраз мәселе шешілер ме?» деген пікірлер ортаға тасталды. Дегенмен, «Мемлекет қаражат бөлсе, мемлекеттен «жем жеген» басылымдар саны артып, бір сарынды газеттер шығару қазақ баспасөзінің дамуына тұсау болмай ма?

Иә қазақтілді баспасөздің «бас ауруын» сөз еткенде, алдымен ойға оралатыны – қазақ тілінің қазіргі жағдайы. Бәрімізге айдан анық. Қазақ тілі теңгенің тілі емес. Қаржының, экономиканың тілі емес. Нарықтың тілі емес.  Сондықтан алдымен қазақша оқу мәдениетін қалыптастыра алсақ қана халықтың саяси мәдениеті қалыптасады. Саяси мәдениет арқылы қазақтың саяси ойы, саяси тілі, қаржы, нарық тілі қалыптасады. Біздің ақпараттық кеңістікке мемлекеттік көзқарас керек. Тұтас қоғам ретінде қалыптасу үшін қазақтілді ортаның газет оқу мәдениетін қалыптастыруға жұмылудың маңызы зор.

 

Шаяхмет Құсайынұлы - YouTubeШаяхмет Құсайынұлы, қоғам қайраткері, ақын:

Ұлттық идеологиясыз ісіміз оңға баспайды

 

– Ұлттық идеология жоқ. Бәрі осыдан басталып жатыр. Қазақ оқырманы қалыптасу үшін әлі күнге дейін өзекті болып отырған қазақтілді мектептер проблемасын шешу керек. Алматыдағы бір ғана «Еңбекші қазақ» ауданындағы 89 мектептің біреуі ғана қазақша. Тәуелсіз елдің тарихы 31 жылға аяқ басты. Қазақ-Түрік бауырластығының алтын көпірі миссиясынан қазақтың ұлттық идеологиясын қалыптастыруға 30 жыл бойы еңбек сіңірген халықаралық басылымның 30 жылдық мерейтойы болып жатыр. Бірақ қазақ баспасөзінің ахуалын реттей алмай, әлі күнге дейін «Не істесек екен?» деген сұраққа жауап іздеп келеміз. Қазақ мектебін аша алмасақ, қазақ оқырманы қалай қалыптасады? Қазақ газетін кім алады?

Шындығында, Қазақ баспасөзі – қазақтың мұңын мұңдап, жоғын түгендейтін жалғыз алтын қазық. Ал «Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналы Қазақстан – Түркия арасындағы тамыры терең рухани-мәдени байланысты темір қазық ете отырып, халықаралық деңгейде қазақ халқының ұлттық болмысын, ұлттық рухани-мәдени құндылықтарын түгендеп, ұлт сөзін сөйлей білген бірден-бір басылым. Сондықтан «Qazaqstan dauiri» газетінің – 30, «Мөлдір бұлақ» журналының 20 жылдық мерейтойын, қазақ баспасөзінің қордаланған проблемаларын талқылауға арнаудың өзіндік мәні мен мағынасы бар... 

 

Қос кітаптың тұсауы кесілген шуақты шақ

Ел алдында есеп берген  мерейтой иелері конференция соңында «Qazaqstan dauiri»  газетінің кітапханасы сериясынан шыққан «Ұлт шырағы» мерейтойлық жинағы мен Сәуле Мешітбайқызының публицистикалық мақалаларынан тұратын  «Намыс қайрағы» атты кітаптарының тұсауын кесті. 

 

Жолдаудың орындалуына біз де мүдделімізЕртай Айғалиұлы, «Qazaqstan dauiri» газетінің Бас редакторы:

Шынында да, жағдайымыз мәз емес

 

– Қазақ баспасөзінің жағдайы шынында да мәз емес. Бірақ газет халықтікі. Отыз жыл тарихымызда бір жабылып, ашылған сәттері болды. Шүкір, отыз жыл тарихымызды түйіндеп, «Ұлт шырағы» деген атпен кітабымызды шығардық. Екінші кітабымыз – 63 жасында журналистикаға келген Сәуле Мешітбайқызының «Намыс қайрағы» атты публицистикалық шығармалар жинағы. Ұлт мәселесін індете жазып, билікке жеткізе білген мақалаларды жинақтадық. Атын мен қойдым. Әлі тағы да бір кітапқа жүк болар құнды дүниелеріміз, мақалаларымыз бар. 

Сонымен қатар қос басылымның бірнеше қызметкеріне марапаттар, құттықтау және алғыс хаттар табыс етілді.Сондай-ақ, «AMANAT» партиясы Алматы қалалық филиалының атқарушы хатшысының орынбасары Қайрат Бисембаев  құттықтау сөз сөйлеп, қос басылымның құрылтайшы басшысы Сәуле Мешітбайқызына партия атынан гүл шоғын табыстады.

Түйін:«Qazaqstan dauiri» газеті көтерген қазақтілді басылымдар мәселесі конференция барысында қорытындыланды. Бір топ қазақ баспасөзі редакторларының қолы қойылған хат «Баспасөзді оқымау ол надандыққа, бей-жайлылыққа, рухани жаңғырмауға, сауатсыздыққа деген тікелей жол салу деп білеміз. Өркениетті, дамыған мемлекеттерде мұндай теріс көзқарас мүлдем жоқ. Оларда газет-журнал оқу мәдениеті әрқашанда жоғары. Қазір ақпаратқа деген халықтың сұранысы артып отыр. Мерзімді басылымдарға қаржылай және рухани жағынан олар қамқорлық жасап отырады. Ол мәселені шетелдерде көп зерттеген сіз жақсы білесіз. Баспасөзге жазылу науқаны алдында қайтадан өзіңізге хат жазуға мәжбүр болып отырмыз. Бұл хатымыз нәтижесіз, аяқсыз қалмайды деп сенеміз. Біз мерзімді басылымдардың таралымын көбейтудің бірнеше жолдарын ұсынамыз» деген мазмұнда  тағы да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолданды.

 

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ
30.09.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 43
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 574
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 688
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 603
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 612

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8749
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8149
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11378
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9132
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10363