«Ақтөбе» мен «Ордабасының» тең тарқасуы, «Астана» Қостанайда «Тобылдан» басым түсті, алматылық «Қайрат» алғаш жеңіліске ұшырады. Премьер-лиганың бесінші турының қорытындысы.
«Оқжетпес» – «Ақсу» 3:0
«Оқжетпес» алдыңғы ойында «Атырауды» жеңгеннен кейін өздеріне сенімділіктері артып, бұл жолы «Ақсуды» оңайлықпен жеңді. Павлодарлықтар көбіне өздері кінәлі, көкшетаулықтардың кем дегенде екі голында олардың қарсыластарының өрескел қателіктері шешуші рөл атқарды. Өз кезегінде, көкшетаулықтар тактикалық тұрғыдан сауатты әрекет етті, айтарлықтай үлкен шеберлікке ие болған жоқ, қарапайым футбол ойынын көрсетті және бұл нәтижеге әкелді.
«Мақтаарал» – «Каспий» 3:1
Шымкентте маусымның басынан бері жеңіске жете алмай, көш соңында жүрген екі құрама бір-бірімен кездесті. Айта кету керек, «Каспий» допқа өте жақсы иелік еткенімен, ойында олар қауіпті және мінез көрсететін сәттерді тудыра алмады. Ал керісінше мұның бәрі «Мақтааралдың» қолынан келді. Олар өздеріне берілген мүмкіндіктерді пайдалана біліп, шабуылда жақсырақ және сәтті ойнады. Кахабер Цхададзенің шәкірттерінен қарсыластары бұндайды күткен жоқ, оның жасақталған команда құрамы жақсы, бірақ нәтижесі мәз болмай тұр.
«Қызылжар» – «Атырау» 1:0
Осы турдан кейін әлі жеңіліп көрмеген жалғыз ұжым қалды. Ол – «Қызылжар», бұл жекпе-жектің басынан бастап петропавлдықтардың көп гол соға алатынына күмән болды. Себебі «Ақтөбемен» ойынды қоспағанда, олардың өткен турларында да дәл сол ойын мәнері көрінді. Қауіпті сәттері мен гол соғу мүмкіндіктері аз, әйтеуір бір гол салып допты ұстап, уақытты айналдыру. Қандай жағдай болмасын, «Қызылжар» тағы да өзінің стилінде үш ұпай алып, көшбасшылықты жалғастыруда, ал «Атырауда» құлдырау ерте басталды.
«Қайсар» – «Шахтер» 2:1
Жалпы бұл турда ойындары бір-біріне ұқсас, бір деңгейлес ұжымдар ойнады. Солардың бірі қызылордалық «Қайсар» мен қарағандылық «Шахтер». Виктор Кумыков шәкірттері қарсыласын тактикалық тұрғыдан жеңді, бірақ оның командасы сәл болмағанда жеңісті қолдан жіберіп алуы мүмкін еді. Нәтижесінде – «қасқырлар» мен «кеншілер» арасындағы ойында «Қайсар» жеңіске жетті.
«Қайрат» – «Жетісу» 2:3
«Қайраттың» алғашқы жеңілісі – «Жетісудың» алғашқы жеңісі. Бұл ойын туралы не айтуға болады енді? «Қайрат» футбол клубының иесі Қайрат Боранбаев қамалғаннан кейін өткізген алғашқы ойыны. Басшысының артынша енді «Қайрат» клубы да сәтсіздіктерге ұшырайтын секілді. Бұл ойында жанкүйерлері Қайрат Боранбаевты қолдау мақсатында арнайы жейделер дайындап, соларды киіп шығуды ойлаған екен, бірақ полиция қызметкерлері рұқсат етпей, тартып алыпты. Содан болар, футболшылары да көңілсіз ойын мәнерін көрсетті. Ендігі кезекте «Қайрат» футбол клубының алдағы тағдыры белгісіз болып тұр.
«Тобыл» – «Астана» 0:1
Бұл ойынды турдың екінші орталық матчы десек болады, алдыңғы турдағы даудан кейін жеңістің алдын ала «Астананың» пайдасына шешілетініне сенімді болғандар болды. Бірақ ойын арқылы оның «келісімді» болған-болмағаны туралы қорытынды жасау қиын. Бәлкім, астаналықтар ұялған шығар. Марин Томасовтың жеке шеберлігі арқасында жеңіске әзер дегенде қол жеткізіп, турнирлік кестеде 2-орынға жайғасты.
«Ордабасы» – «Ақтөбе» 1:1
Осы турдың орталық ойыны қызық пен шыжыққа толы болды. Ойын басталмай тұрып бірінші қос тараптың жанкүйерлері көзге түсті. Шымкентке келген ақтөбелік және жергілікті жанкүйерлер арасында жаппай төбелес орын алып, оқиға орнынан полиция 20 адамды ұстап әкеткен. Сондай-ақ Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы стадионға 18 000-нан астам жанкүйер жиналып, бұл маусымның рекордын жаңартты, «Ақтөбе» пенальти мен голды өз қақпасына қайтаруға көмектескен VAR-ға алғыс айта алады, әйтпесе ұпайсыз қалуға болар еді. Осыншама жанкүйерлердің алдында ұтылып қалса, ұят болар еді деп соңғы 96-минутында Сергей Малый есепті теңестіріп, өз ұжымын ұяттан құтқарды.