Соңғы жылдар легінде қазақ киносы қарқынды дамып, нағыз индустрияға айналғанын көзіміз көріп жүр. Кинотеатрлар отандық фильмдерге толып, продюсерлер үшін бұл сала табысты бизнес көзіне айналды десек жарасар. Алайда осы қарқынмен қатар қазақ киносының басты миссиясы идеологиялық және рухани құндылықтарды жеткізу екінші орынға ысырылып отыр.
Бүгінгі қазақ фильмдерінің басым бөлігі коммерциялық мақсатта түсірілетіні мәлім. Әсіресе жеңіл әзілге құрылған комедиялар касса жинаудың ең оңай жолына айналды. Мұндай фильмдер көрерменді уақытша ғана күлдіргенімен, оның санасында ешқандай терең ой немесе ұлттық құндылық қалыптастырмайды. Кино тек көңіл көтеру құралы болып шектелмеуі қажет, ол қоғам айнасы болғандықтан, идеология таратушы күш екенін білген жөн.
Идеология деген ұлттың болмысын, тарихын, құндылығын, мәдениетін дәріптеу емес пе еді? Ал қазір көптеген фильмдерде бұл бағыт әлжуаз немесе тіпті дәрменсіз күйге айналуда. Кейіпкерлердің әрекеті, сөйлеу мәнері, өмір салты көбіне батысқа еліктеуге негізделген деп түсінемін. Нәтижесінде қазақы менталитет пен ұлттық ерекшелік көмескіленіп барады. Мысалы, «Бизнес по-казахский» немесе «Келинка-Сабинка» сияқты фильмдер үлкен табысқа жеткенімен, олардың мазмұны көбіне жеңіл әзіл мен тұрмыстық ситуацияларға ғана негізделеді. Баяғыша бір сценарий: еркектің әйел рөлінде ойнауы, қала өмірінің мәні жоқ секілді көрермен ойын өзгерту немесе ауыл тұрмысының ескіше қырынан таныту. Ал керісінше, мазмұн мен идеяға құрылған фильмдер атап өтсек, мысалы, «Жаужүрек мың бала» немесе «Қыз Жібек», «Менің атым – Қожа» іспеттес туындылар ұлттық тарих пен рухты, адамгершілік пен достықты, махаббат пен адалдықты көрсетуге бағытталған. Алайда мұндай фильмдер сирек түсіріледі, түсірілген күннің өзінде көбіне тұрақты ағымға айнала алмай отыр.
Кинотеатр сатылымдарында әдетте фильмдер тізбегі ұзын сонар. Үздіксіз, үзіліссіз көрсетіле береді, оның үстіне зал лық толы. Ал оның нешеуі отандық фильмдер, нешеуі басқа елден аударылған фильмдер? Мұндай сұрақтар ешкімнің басын ауыртпауы мүмкін, әрине. Бірақ бүгінгі таңдағы кинокөрерменнің негізгі аудиториясын жастар мен жасөспірімдер құрайды. Заман талабына сай жабдықталған кинотеатрлардың көрерменге қызмет көрсету сапасы да жоғары деңгейде делік. Сондықтан да болар, жастар кинозалға келіп, жаңа кинотуындыларды тамашалауды дем алып, көңіл көтерудің маңызды бөлшегі деп қабылдайды. Көпшілік кинокөрермен фильмнің қай жерде, қандай жағдайда түсірілгендігіне көңіл аударып әуре болмайды. Мүмкін қазақ киносының әлемдік деңгейдегі премияға жете алмауын осы қателіктен көрерміз? Жеңіл күлкіні кез келген сценарист оңай түсіре салуы мүмкін. Ал сараланған сценарийды мықтылап сүзгіден өткізіп, комедия жанрын дамытып, күлкінің артына ақиқат жасырып, анимациялық фильмдерге жақсылап көңіл бөліп, жетер жеріне жеткізсек, біздің өнер жалаң мазмұннан алшақ болар еді.
Мысалға алып қарасақ, ZamanBack сияқты туындылар қазақ киносында идея бар екенін көрсеткенімен, оны толық тереңдікке жеткізу мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Әйтсе де фильм кинотеатр сатылымына шыққан әрі жақсы касса жинаған екен. Талдап көрелік. Фильм 2024 жылы жарыққа шықты. Қазақстандық заманауи коммерциялық киноның бір өкілі десек болады. Фильмнің кішігірім сюжетімен таныстыра өтсем, өз өміріне көңілі толмай, қаржылық сәтсіздіктеріне разы болмай жүрген Азат бұның бәріне әкесін кінәлайды, өйткені әкесі жастық шағында көп ішіп, табысты адам бола алмаған еді. Қарапайым тұрмыста әкесі төрдегі орындыққа ешкімді отырғызбайтын, жас кезінде өзінің досына берген серті бар еді. Кезекті жанжалдан кейін Азат күтпеген жерден 1994 жылға түсіп қалады – дәл сол кезде оның ата-анасы үйленуге дайындалып жатқан кез. Жігіт олардың үйленуіне кедергі жасап, сол арқылы өз өмірін жақсартамын деп сенеді. Нәтижесінде оның жақын досы бұзақылардың қолынан қаза тапқандай көрініс болады, алайда ол сол уақытта тек бір қолынан айырылып Германияда тұрып келген екен. Фильм соңында Азат қайта өз өміріне оралып, әкесінің досын Германиядан тауып үйге шақырады, өте әсерлі аяқталған кино желісінде достық және махаббат тақырыптары қозғалады. Шынымен, сценарий өте әсерлі қорытындыланған. Ал егер соншалықты мықты сценариймен жазылған болса, неге басқа мемлекеттердің тіліне аударылмады? Себебі мұндай сценарий ешкімді қызықтырмай отыр, тек әсерлі қорытындысы ғана аудиторияны ерекше сезімге бөлеп отыр десек, қателеспейміз. Қазақ киносының сценарийі басқалай бағыттарды сынап көрмейінше, бұл деңгей еш өзгеріссіз өз орнында тұра бермек. Қазақ тұрмысын, менталитетін жағымсыз көрсетуді доғару керек деп ойлаймын. Біздің ұлтымызда әке тұрып бала сөйлемегенін жақсы білеміз, ата-ананы кіналау арқылы касса тауып отырсақ, қол созғанымыз алыстаған екен.
Осы орайда атын атап өтпеске болмайтын тағы бір өзекті мәселе – сападан гөрі жылдамдыққа жұмыс істеу дер едім. Продюсерлер қысқа уақытта көп табыс табуды көздеп, сценарий мен режиссураға, ракурс пен оператор жұмысына, актёрлер мен тіпті стилистика жағына жеткілікті мән бермейді. Бұл өз кезегінде киноның көркемдік деңгейінің төмендеуіне әкеледі.
Дегенмен, бұл жағдайдан шығудың жолы бар. Егер киногерлер коммерция мен мазмұнның тепе-теңдігін сақтай алса, қазақ киносы әрі табысты, әрі мағыналы бола алар еді. Ол үшін ең алдымен идеяға, сценарий талаптарына және ұлттық құндылықтарға басымдық беру қажет.
Қорытындылай келе, қазақ киносы бүгін таңдау алдында тұр: ол тек бизнес болып қала ма, әлде ұлттық идеологияны қалыптастыратын маңызды құралға айнала ма? Бұл сұрақтың жауабы – бүгінгі киногерлердің қолында болып тұр.
Қарақат АРДАҚҚЫЗЫ,
әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университеті
Журналистика факультетінің
1-курс студенті














