ҚАЗАҚ ҚҰРЫДЫ ДЕГЕНДЕРГЕ «КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНЫ» ЖАУАП БЕРДІ

ҚАЗАҚ ҚҰРЫДЫ ДЕГЕНДЕРГЕ  «КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНЫ» ЖАУАП БЕРДІ

Қазақтың жігіттеріндей білекті, қазақтың қыздарындай ажарлы, жүрегінде намысы, бойында қайраты, қанында бабасының рухы бар халықты «құрыды» деуге ауыздарының барғаны қу сөзбен рухын жасытып, құлдыққа итермелеп, билігін асыру үшін жүрген тыңшылардың іс-әрекеті ма дейсің…

Бірнеше күн Қырғызстанның төрінде қазақтың көк байрағы желбіреп тұрды. Әр жеңістен кейін жүрегің атша тулайды. Әр қазақ жеңсе, өзің жеңгендей қуанасың. Кейде қуаныштан көзіңе жас келеді. Өйткені бұл жай ғана жарыс емес. Бұл қазақтың өзін-өзі қайта таныған сәті.

Бізде қазақтың жігіттеріндей батыр бар ма екен? Қазақтың қыздарындай сұлу, сұрмерген, қайсар жандар бар ма екен?

Ұшқан құс, жүгірген итіміздің өзі чемпион болып, көзімізге жас келіп, толқып отырмыз. Ат баптап, тазы жүгірткен қазақ өз болмысын ешқашан жоғалтпақ емес!

Ойындарына саясат араласа алмайтын, ешкімге зиян келтірмейтін, нағыз таланттар мен жойқын күш иелері жеңіске жететін ұлттық ойындарымызға жететін ойын жер жүзінде жоқ шығар.

Қырғыз бауырларымыз да бұл доданы керемет ұйымдастырып, жоғары деңгейде өткізді. Қырғыздың төрінде қазақтың көк туының желбірегенін көрудің өзі бөлек сезім. Кенесары ханның аруағы бір дүркіреген болар.

Маған қатты әсер еткені – арқан тартыста бәрін жеңіп келген Иранның палуанын біздің Шығыстың батыр жігітінің жеңгені. Онан соң тасты басынан көтеріп, биіктен лақтырған жігітке риза болдым. Сондықтан ана жолы шетелдікке тұрмысқа шыққан қызды қолдамағанда, маған ауыздарына келгенді құсқандар бар еді. Қайбір еркектердің сөзін сөйледі дейсің, отыз жетіде қазақтың қаймақтарын бір сылып, аштықпен, соғыспен қырып салғасын, мың өліп, мың тірілген қазақтың жайын ойлап сөйлейсің ғой. Осыдан кейін қазақтың мықты екенін көрдіңдер, тек қазаққа тиіңдер, қазақ жігітіне ғана шығыңдар дер едім. Қазақтың мысы басым. Қазақтай ғажайып халық жоқ. 

Арқан тартыста алдарына жан салмаған жігіттерді көргенде, кеудеңді мақтаныш кернейді.

Ал тұлпарларымыз ше?!

Бесеуі де жүйріктен озып, қара үзіп келеді. Ат дүбірі естілген сайын, әлдебір көне дәуірдің есігі ашылғандай күй кешесің. Құдды бір мен жазған Мұсабайдың Көксерегі, Ақансерінің Құлагері қайта оянғандай… Бәйгеден келген бір аттың аты Көксерек екен.

Қол күресінде де жігіттеріміз айғайға баспай, кеудесін кермей, сабырмен ғана қарсыласын жығып жатыр. Күш бар. Мінез бар. Намыс бар.

Міне, қазақтың табиғаты!

Әлемде қазақтың ұлттық ойындарындай тұтас бір халықтың болмысын бойына сіңірген спорт бар ма екен?

Мұнда доп қуып, ұпай санап қана қоймайсың. Мұнда тарихыңды көресің. Мұнда мінезіңді танисың. Мұнда ата-бабаңның рухын сезесің.

Сондықтан «Көшпенділер ойыны» – жай ғана жарыс емес. Бұл көшпенділердің мұрагері – Қазақ халқын, қазақ өркениетін әлемге танытатын рухани әрі мәдени кеңістік.

Қазақ ешкімнің төріне, жеріне таласып отырған жоқ. Қазақтың бар қалағаны өзінің өркениетін әлемге көрсету.

Біздің тарихымыз қандай терең.

Біздің тіліміз қандай көне, ырғақты.

Біздің күмбірлеген күйлеріміз қандай ғажап, ұлттық аспап – домбырамыз бар. Біздің желдей ескен тұлпарымыз бар. Біздің салтымыз бар. Біздің намысымыз бар.

Қазақтың рухы өлген жоқ. Ол көк байрақпен бірге желбіреп тұр. Ол тұлпардың тұяғымен бірге дүбірлеп тұр. Ол жігіттің білегінде, қыздың қайсарлығында тұр. Ол даланың желінде, домбыраның үнінде тұр.

Қазақ құрымайды. Қазақтың рухы құламайды. Қазақтың туы жығылмайды. Өйткені оның ар жағында мыңдаған жылдық тарих, мыңдаған жылдық намыс, мыңдаған жылдық рух тұр.

Алға, қазақ! Тұлпарың тұлпардан озсын! Білегіңе күш, жүрегіңе намыс берсін! Көк туың мәңгі биікте желбіресін! Жүйрігінің жолына жұрт қарап, оның әр жеңісімен қуанып, мақтансын. Алға, тек қана Алға! Спортта ғана емес, білім-ғылыммен де топ жар! Қазақтың рухы мәңгі жасасын!

Ақнұр ХАМИТБЕКҚЫЗЫ

 

09.09.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 27811
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 27307
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 44662
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 40368
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44984