Қасиетті қазақ халқының салт-дәстүрлері өте көп. Соның ішінде қазіргі жастар біле бермейтіндеріне қысқаша тоқталсақ. Ұлдың төбе шашын ұзарта өсіріп, моншақ араластыра өріп қою. Оның аты – айдар. Бұл ғұрып негізінен, тіл-көзден сақтау үшін ер балаларға жасалады. Кенесарының інісі Наурызбай батырдың ұзын айдары болғаны тарихтан белгілі. Ақсарбас атау. Адамдар қауіп-қатерге ұшырағанында «Аллаһ Тағала мені осы қиындықтан құтқара гөр! Ақсарбас!» деп құдайы атайтын болған. Мұндай жағдайда «Ақсарбас!» деп үш рет айқайлаған. Сосын қауіп-қатерден аман қалғанында әлгі адам ауыл аймағын шақырып құдайы берген. Ақсарбасқа шалынатын малдар: бозқасқа (қой), көкқасқа (жылқы), қызыл-қасқа (сиыр). Адам ақсар-бас атағанда қай малын айтса, соны құдайыға союға тиіс. Ақ құйып шығару. Халқымызда: «Үйге кірген жыланға да ақ құйып шығарады» деген мәтел бар. Қазақтың ақ деп атайтыны: сүт, қымыз, шұбат, айран. Қалың өрт келіп қалғанында алдынан ақ шашады, үйге жылан кіріп кеткенінде басына сүт не айран құйып үйден шығарып барып өлтіреді. Бұл қазақтың үйіне келген жауына да жамандық жасамайтын ұлттық мінезінен шыққан әдет. Ат тергеу. Ол – адамды сыйлауға арналған ізеттілік әдет-ғұрып. Ұлттық болмыс бойынша әйелдер атасына, қайнағасына, қайнысына, қайын-сіңілісіне атын атамау үшін қосымша ат қояды. Мұны ат тергеу деп атайды. Мұндайда қойылатын аттардың кейбірі мынандай: «Мырза қайнаға», «бай атам», «би аға», «тентегім», «еркежан», «шебер шешей», «ақ әже», «сырғалым», «шашбаулым». Жеңгелері қайныларына әзілдеп, бойлары тапал болса, «сұңғақтым», жайбасар болса, «жүйрігім» деп те ат қояды. Ер адамдар да өзінен үлкендерді Мәке, Сәке деп құрметтейді. Анттасу. Жаудан кек қайтару үшін, адамдар бір-біріне деген адалдықтан айнымау үшін, еларалық тату келісімді сақтау үшін ант айтатын салт-дәстүр бар. Халық антын бұзған адамды «Ант атқан» деп жек көріп, «Уа, айтылған ант, серттескен уәде, алысқан қол қайда?» деп кінәласады. Араша түсу. Дауласқан, жанжалдасқан адамдарға басу айтып, ажырату, сабасына түсіру – араша түсу деп аталады. Бұрындары мұндай жанжалда ауылдың, елдің абыройлы абызы «Араша!» Араша! деп айқайлап, от шыққалы тұрған ортаға барып, ағайынға араша түскен. Арыздасу. Бұл фәнидегі (өмірдегі) тататын дәм-тұзы таусылып, өмірден өтіп бара жатқан ғаріп отбасымен, туған-туыстарымен, көрші-көлем, дос-жарандарымен соңғы рет тілдесіп, хош айтысады. Мұны арыздасу деп атайды. Арыздасуда бақилық болғалы жатқан пенде біліп, білмей жасаған қателік, күнә, кінәлары үшін жиналғандардан, олар одан кешірім сұрайды. Асар жасау. Үй салу, қой қырқу, тай таңбалау, киіз басу, егін ору, шөп шабу тәрізді қауырт жұмыстарды көптің күш-қайратымен, көмегімен тез атқару үшін ру басының, үй иесінің ауылдастарын, туған-туыстарын шақырып, бірлесе қимылдауын асар жасау деп атайды. Оның екінші атауы – үме, серне. Үй иесі жәрдемдесуге келгендерге тамақ дайындап, сый-құрметін көрсетеді. Асарға келгендер атқарған жұмысына, көмегіне ақы алмайды. Асату. Оны С.Мұқанов өзінің «Халық мұрасы» деген кітабында кең насихаттап жазған. Дастарқан басында ет жеп отырғандар тоғая бастағанында, төрде отырған ақсақал қалған етті қолымен қонақтарға, жас балаларға асатады. Бұрындары ауыл балалары ет асаймыз деп қонақ келген үйдің қасында жүретін-ді. Ат тұлдау. Ер адам қайтыс болғанында мініп жүрген атының жал-құйрығын күзеп, оны бос жібереді де, өлген адамның жылында сол атты әкеліп сояды. Бұл дәстүрді ат тұлдау деп атайды. Аунату. Қазақтар үйіне келіп қонақ болған, қонып кеткен адамдардың отырған, жатқан жеріне «баламыз осы атасына тартсын, бойына осы атасының қасиеттері қонсын» деп балаларын ауна тып алатын болған. Елге, ағайынға сыйлы азамат кіндік қаны тамған туған жері не келгенінде халық, туған-туыстары, дос жарандары оны сол жердің топырағына аунатып алған. Шыңғыс Айтматов үйіне Мұхтар Әуезов келгенінде, ол отырған орындыққа ұлын аунатып алған көрінеді. Ауыз тию. Алыс сапарға аттанарда сол адам ауылындағы немесе әулетіндегі үлкен үйге кіріп дәм татып, жолға шыққан. Сонда ол «Осы қара шаңырақтың киесі қолдайды» деп сенген. Отбасы тамақтанып отырғанда дастарқан үстіне келген адам ондағы дәмнен ауыз тиюге тиіс. Әсіресе, таңғы астан ауыз тимеуге болмайды. Ас тан ауыз тию – үй иелерінің қонаққа, қонақтың дастарқандағы асқа деген ыстық ықыласының бір белгісі болып саналады. Аузына түкірту. Бұл – қазақтардың ертеден келе жатқан ырымы. Олар батырлар мен билерге, ақындарға, тағы да басқа атақты адамдарға баласының аузына түкіртіп алатын болған. Түкіргенде оның ырымы ғана жасалады. Бұл ырым баламыз сондай адамға ұқсап, өнегелі болсын дегеннен туған. Баласының аузына бір адамға түкіртсе, жеткілікті. Аяғына жығылу. Кешірім сұраудың ең үлкен, кішіреюдің ең ауыр түрі – осы ғұрып. Оны орындағанда айыпты адам жанына абыройлы, қадірлі кісілерді ертіп алып, тиісті адамның үйіне рұқсат сұрап кіріп, кешірім сұрайды. Айыбы үлкен болса, айыпкер өзі кінәлі болған адамның аяғына жығылып, оны құшақтаған қалпы жылап, кешірім сұрап, жалынған. «Аяғына жығылу» – әрі ғұрып, әрі жазаның бір түрі. Байғазы беру. Үлкеннің кішіге, яғни балаға беретін сыйы. Жас ұл-қыз, бойжеткен, бозбала жаңа киім кигенде, жаңа зат алғанда аға, апа, ата-әжесінен, туған-туыстарынан оған байғазы сұрайды. Олар байғазыға ақша, мал, мүлік, әйтеуір бір зат беріп, құтты болсын айтады. Базарлық әкелу. Алыс сапарға шыққан, қыдырып қайтқан, сауда жасап келген адамдар туған-туысқандарына, көрші-көлемдеріне, дос-жарандарына ірілі-ұсақты сыйлықтар әкеліп береді. Мұны базарлық деп атайды. Ол жақсы көргеннің, сыйлағанның белгісі. Бастаңғы жасау. Үйдегі үлкендер жолаушылап кеткенінде қалған жастар өздері бас қосып (келіндер, абысындар, күйеулер, балдыздар болып), немесе замандастарын шақырып, ойын-суық өткізеді, әңгіме-дүкен құрады, әр түрлі дәмді тағамдар жасап ішеді. Бұл әдет-ғұрыпты бастаңғы жасау деп атайды. Бәсіре атау. Ежелгі әдет-ғұрыптардың бірі. Ата-анасы баласына арнап жас төлге ен салады да оны «бәсіре» деп атайды. Бәсіре аталған төл өскен соң сол баланың қажетіне, тойына жаратылады. Оны ен салып, малды таңбалаумен шатастырмау қажет. Босаға майлау. Жастар шаңырақ құрғанында немесе біреу жаңа үй алғанында жақын туған-туыстары келіп жаңа үйдің босағасына май жағу салтын жасайды. Ол осы үй берекелі, майдай жұғымды, көптің үйі болсын деген ниеттен туған. Босағасын майлаған адамға шаңырақ иелері кәде береді. Ен салу. Малдың құлағын тіліп, немесе оны ойып белгі – ен салады. Ол малын табу, жоғалып, басқа малдармен араласып кетсе тану үшін жасалады. Енді әр құлақтың алды-артына алмастыра салу арқылы мынандай түрлерін жасайды: тілік ен, бұрыш ен, кез ен, қиық ен, құмырсқа ен, тесік ен, кесік ен, т.б. Енші беру. Ата-анасы баласы балалы болғаннан кейін «енді өз күндерін өздері көре алады» деген сенімге келіп, отау тігіп, бөлек шығарады. Сонда малынан – мал, мүлкінен – мүлік бөліп береді, ыдыс-аяқ сыйлайды. Оған келіннің төркінінен келген дүниесі қосылып, жас жұбайлар жеке шаңырақ болып шыға келеді. Мұны енші беру деп атайды. Ата-анасы қайтыс болса, олардың малы мен дүние-мүлкі қалған ағасы інісіне еншібас беруге тиіс. Әке орнында әке болып отырған ағасының ата-анасынан қалған мұраны бауырына басып алып, оның бар рахаты мен қызығын өзінің ғана көруі – тасбауырлық. Ондай аға кейін інісі өз бетінше күн көріп, бақ-дәулетке ие болғанында «Інім маған, балаларыма қараспайды» деп күңкілдемеуге тиіс. Кейбір ата-ана балаларының енші басын алдын-ала бөліп, атап қояды. Ерулік беру. Ауылға басқа жақтан бір үй көшіп келсе, бауырларының бірі туған-туыстарына жапсарлас келіп қонса, көрші-көлемі немесе жақындары жаңа үйге «ерулік» деп ас пісіреді, табақ тартып, қонақасы береді. Бұл салтты ерулік деп атайды. Осылайша қазақтар танысын, танымасын бір-бірін бөтенсімей, өз ортасына тарта білген. Жол беру. Қазақта үлкен адам келе жатқанында алдын кесіп өтпейді, оған жол береді, үйге кіргенінде орнынан тұрып төрге отырғызады. Аң аулағанда да жасы үлкен адам бірінші болып оқ шығарады, олжаның алғашқысын иемденеді. Алыстан келген қонаққа да, қызметі мен шені үлкен адамдарға да әр істе жол береді. Мұның бәрі қазақтың дәстүрлі әдет-ғұрыптарындағы этикалық жоралғы болып саналады. Жылу жинау. Бір бақытсыздыққа ұшырағанында, үй мүлкі, малынан айырылғанында ауыл тұрғындары, көрші-көлемі, туған-туыстары мал, дүние, ақшалай көмек көрсетеді. Мұны олардың ортасынан бір адам ұйымдастырады. Бұл жәрдем – жылу жинау деп аталады. Арам жолмен шығынға ұшырағандарға жылу жиналмайды. Олар: дүние-мүлкін қартаға салып, ұтқызып жібергендер, зинақорлыққа салғандар, ішіп құртқандар, қоғамның, мемлекеттің дүние-мүлкін жеп қойғандар. Көрімдік беру. Нәрестелі болғанында, келін түсіргенінде «құтты болсын» айта келгендерден сәбиді, келінді көрсетпей тұрып, «көрімдігін бермесеңдер көрсетпейміз» деп кәдесін сұрайды. Қыз ұзатыларда ұл жағынан келген құдаларға болашақ келіндерінің жасауын көрсетіп те көрімдік сұрайтын әдет-ғұрып бар. Қазір жоғары оқу орнын бітіріп диплом алған жастар да туған-туыстарынан көрімдік сұрап жатады. Көрісу. Қазақ салты бойынша сағынысып кездескен адамдар бір-бірімен құшақтасып амандасады, кісі қайтыс болғанында құшақтасып жыласады, қыз ұзатылғанда да қимастықпен қоштасып, жылайды. Мұны көрісу деп атайды. Көгентүп беру. Малды адамдар жақын туған-туыстарының кішкентай баласына бұзауларының, құлындарының, қозыларының, лақтарының, боталарының бірін атайды. Бұл көгентүп беру. Атаған көгентүбін кейін бермей кету – өнегесіздік, дүние-қоңыздық. Қайырлы болсын айту. Бала туғанда, келін түсіргенде, тағы да басқа үлкен қуаныштарға ие болғанында туған-туыстары, көрші көлемі келіп «қайырлы болсын!» деп құттықтайды. Ол – қазақтың қуанышты бірге бөлісетін ізгі салты. Адамдар «қайырлы болсын!» айтпағандарға ренжиді де. Қазан шегелеу. Жақын туыс, әзіл-қалжыңы жарасқан адамдардың үйіне екі-үш адам бірге барып: «Осы үйдің қазанын шегелей келдік» дейді. Бұл олардың түстеніп, ет жеуге келгендігі. Үй иесі оған әзілмен жауап қайтарып: «Жақсы болды, қазан шегелейтін адам таба алмай отыр едік» деп қонақжайлық танытады, әйелі ет асып, қонақасы береді. Қалау айту. Біреудің жақсы малына, мүлкіне көңілі кеткен адам сол үйдің иесіне немесе әйеліне, баласына соған лайықты бағалы бір тарту әкеліп, әлгі дүниені, жануарды «менің қалауым осы» деп сұрайды. Кейде үй иесі мұндай сыйлы, жөн-жоралғысымен келген қонаққа өзі сөз салып: «Бұл үйден қалаған бір заттың бар ма? Қалауыңызды айтыңыз» деп сұрап, қалаған затын сыйлайды. Қонақкәде айту. Үй иесі қонағына «Қонақ кәде айта отырыңыз», – деп қолқа салатын болған. Ол – өлең айтыңыз, күй тартыңыз, өнер көрсетіңіз, деген тілек, қонақтың өнерін, қабілетін сынау, көңілді отыру. Сол себепті, қазақтар баласын жастайынан ән айту, күй тарту тәрізді өнерге баулыған. Өйткені, қонақкәде айта алмай қалу – ыңғайсыз жағдай. Қорықтық құю. Ол – емдік ғұрып. Ауырған адамның төбесінің үстіне (басына тигізбей) май құйылған табаны әкеліп, екінші бір ыдыста қорытылған сұйық (ыстық) қорғасынды оның үстіне құйып кеп жібереді. Сонда «шар» етіп кішкене қорғасын сұйығы бір бейне қалпына түседі. Емші соған қарап ауруға «Сіз иттен немесе адамнан, жыланнан қорыққансыз» дегендей болжам айтып, ауруды жазылатынына сендіреді. Мойнына бұршақ салу. Ертеде баласы жоқ адамдар мойнына көгеннің бұр шағын салып Аллаһ Тағала дан перзент сұрап жалба рынған, жылаған. Мойынға бұршақты бала тілегенде ғана салады. Салауат айту. Ол – Аллаһты, Пайғамбарды мадақтап айтылатын дұға. Оны намаздың соңында зор ынта-ықыласпен оқиды. Сауға сұрау. Бұрындары қылмысы үшін бір адам ауыр жазаға, өлімге бұйырылғанында өте беделді кісілер барып оның жазасын жеңілдетуді, кешіруді сұраған. Сөзі өтсе айыптаушы жақ та, билер де ондай адамдардың өтінішін орындаған. Мұны сауға сұрау деп атайды. Сауғаға жазасы сұрап алынған адам да жолынан жығылмай құн, шығын төлеген, екі жақты бітістіруге күш салған. Сауын айту. Бір ауылда, елде үлкен ас, үлкен той болатын болса, алдын-ала (бірнеше ай, бір жыл бұрын) жан-жаққа хабар жіберіліп, адамдарды соған шақырады. Бұл сауын айту. Яғни, әр жүз, әр ру мұндай асқа қымызын, малын ала келіп, батыр, балуан, ақын, әнші, күйшілерімен өнер көрсетіп, бәйгеге жүйрік аттарын қосып, астың, тойдың жақсы өтуіне жан-жақты қолдау көрсетеді. Жиынға қымыз әкелгендердің ыдысына сойылған малдың жіліктерін салып жібереді. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» кітабында: «Мырза өз әкесі Өсекеңе ас берем деп, Көкшетауға сауын айтып, елді жиды ғой» деген сөздер бар. Сүйінші сұрау. Өте қуанышты хабарды жеткізуші адам ол үйге «Сүйінші, сүйінші!» деп кіреді. Бұл сөз тосынан естілсе де, үй ішіндегілерді шошындырмай, қайта қуантады. Сол кезде үй иесі: «Қалағаныңызды алыңыз» дейді немесе ол риза болатындай бір жақсы сыйлық береді. Сүйінші алудың сөкеттігі жоқ. Сәлемдеме. Біреу арқылы беріп жіберілген затты сәлемдеме деп атайды. Сәлемдемеге жіберілетін заттар: сыбаға, ақша, көйлек-көншек, орамал (бір ұшына сақина, білезік байланған). Сәлемдеме жолаушының жүгін ауырлатпай тындай болуға тиіс. Алыстағы адамдар бір-біріне таныстары арқылы ауызша сәлем, өтініштерін де жолдайды. Сірге мөлдіретер. Бие ағытар күні берілген қымызды – «Сірге мөлдіретер» деп атайды. Оған ауылдың ақсақалдары, әжелер, ел ағалары шақырылады. Сүйек жаңғырту. Бұрындары құда-құдағи болған жақтар қайтадан қыз алысып, қыз берісіп, құдалықты одан әрі жалғастырса, оны сүйек жаңғырту дейді. Бұл салт қыз бен жігіттің келісімімен қазір де жасалып жүр.