Референдум

«Заң және тәртіп» – қоғам айнасы

«Заң және тәртіп» – қоғам айнасы

Заң мен тәртіп – қоғамды ізгілікке бастайтын, әділдіктің ақ туының желбіреуіне үлес қосатын ізгі мақсат бастауы. Заң мен тәртіп болмаған жерде қоғам азады, адамгершілік қашады. Бейберекет әрекеттер көбейеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Ата Заңда Әділетті Қазақстан және Заң мен Тәртіп сияқты негізгі қағидаттар нақты көрсетілгенін атап өткен болатын.

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-дің Алматы қаласындағы өкілдігінің басшысы Әсел Назарбетова былай дейді: «Қоғам өзі құқықтық мәдениеті жоғарылаған кезде бұл заңдар өзінен-өзі міндетті ретінде қабылданып, яғни сол заң арқылы реттелген қоғам әрқашанда ол жерде тәртіпте болады, ол жерде жауапкершілікте болады. Ол жерде әділетті қоғамды орнатуға көптеген қолайлы жағдайлар туындайды. Себебі бұл әділетті қоғамда ең бірінші кезекте осы заң мен тәртіпке байланысты».

Қазақстанда заң мен тәртіп идеологиясын нығайту мақсатында 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдама бекітілді. Бұл құжат қоғамда құқықтық мәдениетті арттыруға, азаматтардың заңға деген құрметін күшейтуге және тәртіпті сақтауға бағытталған. Тұжырымдаманы іске асыру үшін әзірленген іс-қимыл жоспары – бұл нақты қадамдар мен шаралардың жиынтығы, ол мемлекет, қоғам және әрбір азамат арасындағы өзара жауапкершілікті нығайтуға септігін тигізеді.

Заң мен тәртіп – кез келген мемлекеттің берік іргетасы. Президенттің бұл бастамасы қоғамда заңның үстемдігін күшейтіп, әлеуметтік әділеттілікті орнатуға бағытталған. Елде бұл бағытта ауқымды реформа жүргізілді. Мәселен, Бас прокуратура былтыр 300 мыңнан астам азаматтың құқығын қорғауға атсалысты. Заң мен тәртіп – мемлекет тұрақтылығының мызғымас негізі. Президенттің бұл бастамасы – әділетті қоғам қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Оны іске асыру үшін елде ауқымды жұмыс жүргізілді. Айталық, соңғы екі жылда олигополия субъектілерінен 1,3 трлн теңгеден астам қаржы өндірілді. Қазынаға 1 трлн 76 млрд теңге қаражат пен мүлік қайтарылды. Олар заңсыз жолмен шетел асқан. Енді қомақты сома әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсалады. Өңір-өңірде соның есебінен 400-ден астам нысан салу көзделген.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Үнзила Шапақ: 

– Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару бойынша заңды бірінші талқылаған кезде Парламенттің 8-ші шақырылымы депутаттарының негізгі қойған мақсаты сол болатын. Ол ақша тек әлеуметтік жобаларға жұмсалсын. Халықтың жағдайын қамтамасыз етуге асырылсын деп. Бұл мәселе белгілі бір деңгейде жүзеге асырылып келе жатыр. Тіпті біз өңірлерге барып жүрміз ғой. Әкімдермен сөйлескен кезде әкімдер белгілі бір өздерінің жобаларын осы қайтқан активтің ақшасына жоспарлайды. Заңсыз шетел асқан активтерді қайтару – Президент бастамасын жүзеге асырудың бір көрінісі ғана. Десе де заңның үстемдігін орнату тек жауапты органдардың жұмысы ғана емес, тұтас қоғамның жауапкершілігі, – дейді мамандар. Құқықтық мәдениет әр тұрғынның өмірлік ұстанымына айналса ғана елде тәртіп пен әділдік салтанат құрады. Ал бұл ретте «Адал азамат» бағдарламасының маңызы зор болмақ.

Нұрлан Жаңабаев, заңгер: 

– «Адал азамат» дегеніміз не? Бұл жасөспірім кезден, тіпті балабақшадан бастап заңды құрметтеу. Бағыну емес, құрметтеу. Менің ойымша, егер біз осы қағидаларды жүзеге асырсақ, «Адал азамат», «Заң мен тәртіп» құқықтық қоғам боламыз. Президент тапсырмасы бойынша құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдардың жұмысы жаңа деңгейге көтерілді. Бұл реформа әрбір азамат заң алдында тең екенін дәлелдей түскендей. Әйткенмен, қолға алынған осы және өзге де жобалар барынша ашық болуы маңызды. Ол үшін цифрлық технологиялардың көмегі зор.

Алға қойылған іс-қимыл жоспарының басты мақсаты – қоғамда заң үстемдігін орнату және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру. Ол мынадай бағыттарды қамтиды: құқықтық білім беру: мектептерде, жоғары оқу орындарында және жұмыс орындарында заң туралы білімді насихаттау.

Ақпараттық науқандар: әлеуметтік желілер мен БАҚ арқылы заң мен тәртіптің маңыздылығын түсіндіру.

Әділет органдарының тиімділігін арттыру: халықпен ашық диалог орнату және сенімді нығайту.

Жастармен жұмыс: деструктивті идеологиялардың таралуына қарсы тұру және жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру. Әлеуметтік желілердің рөліне тоқтала кетейік.

Әлеуметтік желілер – қазіргі замандағы ақпарат таратудың ең тиімді құралы. Жоспар аясында әлеуметтік желілерде мынадай шаралар жүзеге асырылады:

Білім беру контенті: заңдарды қарапайым тілмен түсіндіретін бейнероликтер, инфографика және посттар.

Интерактивті науқандар: викториналар, челлендждер және заң тақырыбындағы онлайн-талқылаулар.

Жастарға бағытталған жобалар: TikTok, Instagram және YouTube платформаларында креативті контент әзірлеу.

Қоғамдық пікірді зерттеу: әлеуметтік желілерде сауалнамалар жүргізу арқылы халықтың заң мен тәртіпке қатысты ұстанымдарын талдау.

Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясының орнығуы – мемлекеттің тұрақты дамуының кепілі. Азаматтардың заңды құрметтеуі және оны сақтауы қылмыстың азаюына, қоғамдық сенімнің артуына және әлеуметтік тұрақтылыққа ықпал етеді. Бұл жоспар әрбір қазақстандықтың өз құқықтары мен міндеттерін түсінуіне және оларды жүзеге асыруына мүмкіндік береді.

Нағашыбай Қабылбек
19.03.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 23930
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23601
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 40905
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37018
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41268