Мемлекеттік тіл – қазақ тілінің қоғамда кеңінен қолданысқа ие болуына не кедергі? Сот саласы, сот процесінің ісқағаздары қазақ тілінде қашан жүргізіледі? Осы сауалдар төңірегінде ой қозғаған «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы республикалық қоғамдық бірлестіктің төраға орынбасары Дәулеткерей Рахматуллин: «Тіл саясаты жақсы жүру үшін барлық мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме, бизнес қауымдастық ісқағаздарын қазақ тілінде жүргізуі керек. Кез келген мекемеде ісқағаздары қазақша жүргізілетін болса, мемлекеттік тілдің даму процесі қарыштап дамитын еді. Алайда біз екі тілде жүргіземіз. Ешқандай қажеттілік жоқ болған соң, мемлекеттік шенеуніктер пікірін қазақ тілінде жеткізбейді. Олар орысша ойлап, орысша жазады. Қазақ тілінде айтуға ой-парасаты жетпейді. Бұл – бір. Екінші, ісқағаздарына келгенде әлі күнге орыс тіліне басымдық беріп келеміз. Әсіресе, азамат талап-арызын кез келген тілде береді. Өзіміз «орыс тілі – ресми тіл» деп анықтап жазып қойған соң, оны да жоққа шығаруға болмайды. Десек те, қызмет барысында, келелі жиындарда, тіпті отбасы ошақ қасында да орыс тілін негізгі тіл етіп алғандар көп. Қазақ тілі қазаққа ғана керек. Осыны әр адам санасына сіңіруі керек. Егер қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейткіміз келсе, бұл істі әуелі ісқағазынан бастау керек.
Бұған кедергіні мемлекеттік қызметкерлердің өзі жасап отыр. Министрлік өкілдері, әкімдер, жалпы айтқанда, шенеуніктер қазақша сөйлемейді ғой. Себебі сұраныс пен қажеттілік жоқ. Оның үстіне жетпіс жыл бойы бодандық құрсауында болғанымыздың салдарынан арыла алмай жүрміз. Бұдан әлі құтылмаймыз. Меніңше, тағы уақыт керек. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асты. Содан бері аз да болса патриоттық рух оянды. Ол қазір 70-ке келген менің бойымда да бар. Бұрын мемлекеттік қызметте еңбек еткен кезімде орыс тілін жетік білмеуімнің кесірінен көп теперіш көрдім. Барлық терминдер, ой-парасатты жеткізу, ұйымдастыру жұмысының бәрі орыс тілінде жүрді. Қазақ тілі есіктен сығалап тұрды. Ал қазір шүкір, мемлекеттік тілді білуді, сөйлеуді талап етіп келеміз. Кейде тілдің дамуын өзіміз тежеп жатқандай көрінеді. Кез келген ақпаратты алдымен орыс тіліндегі дерек көздерінен аламыз. Көрші жатқан Орталық Азия мемлекеттерінің ақпарат кеңістігіне көз салмаймыз да. Саяси өмірдегі маңызды оқиғалар туралы Қытай мен Түркия, тіпті Өзбекстан мен Қырғызстан не жазып жатыр? Жоқ, бірден Ресейдің ақпарат құралдарына жүгініп, солардың ақпараттық кеңістігіне сүңгіп кетеміз. Рас, әзірге олардың ықпалынан шыға алмаймыз. Қай жағынан да. Қарапайым оқулықтарды соларға сүйеніп жазып, ғылыми еңбектерді де орыс тілінде оқимыз. Себебі түсінікті ғой. Ақпараттық кеңістікке өзіміз иелік етпейінше, жағдай осылай қала береді. Ресей өзіне туысқан елге шапқыншылық жасап, басып алуға тырысқанда, бізге де қауіптің төнбейтініне ешкім кепілдік бермейді. Бірақ менің қуанатыным, қазір жастар қазақ тілінде сөйлейді. Осыдан 30-20 жыл бұрын олай емес еді. Ұлттық құндылықтарды ұлықтауға көңіл бөлінді. Қазақтың төл мәдениеті мен салт-дәстүрі жаңарып, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болды. Міне, даму процесі деген осы. Әрине, әлі де кемшін тұс көп. Оған шенеуніктер, білім мекемелерінде жұмыс істейтін қызметкерлер атсалысуы керек. Ең алдымен ісқағаздарын 100 пайыз мемлекеттік тілге ауыстыру қажет. Осы іске белсене кірісуге ешкім шектеу қоймайды ғой. Менің бір ұстанымым – айналамдағыларды қазақша сөйлеуге үндеу. Қоғамдық бірлестікке арыз, өтініш жазатындардан бірінші талап ететінім – қазақ тілі. Орысша жазып әкелсе қабылдаймын да, «бес минуттың ішінде осыны қазақшаға аударып беремін» деймін. Сөйтіп, оқып берсем «мынаны мен жаздым ба?!» деп таң қалады. Ал негізі арыз-өтінішін орыс тілінде әкелсе де, міндетті түрде қазақша нұсқасын жазғызамын. Әркім осылай талап ету керек. Ана тілімізде сөйлемесек, кім болғанымыз? Жұмыс барысында талдау жасаған кезде де қазақша жазуға тырысады бәрі. Жасыратыны жоқ, әлі де болса алдымен орысша жазып, сосын аударуға құштармыз. Сондай кезде: «Мұны қабылдамаймын. Әуелі қазақша жазыңыздар, содан кейін орысшаға аударайық», – деймін. Ал шын мәнінде, «мемлекеттік мекемелер заңды бұзып жатыр» деп айту қиын. Заңдылықты қадағалап отырған прокуратура да «заң бұзылды» деп баса айта алмайды. Себебі Конституцияда тайға таңба басылғандай жазылған. Десек те, қазақ тілі өзімізге керек. Тағы бір кемшілік – кез келген салада толыққанды білім алу үшін қазақ тіліндегі оқу құралдары аз. Не істеу керек? Орыс тіліне жүгіне бермей, қазақ тілінің дамуына атсалысу керек.
Соңғы үш жылдың ішінде алпыс шақты заңсыздыққа қатысты ұсыныс жасадық. Бұл тек тіл мәселесіне ғана қатысты емес. Білім беру саласында да ауқымды мәселелер көтеріп жатырмыз. Әсіресе, мектепке дейінгі білім беру ісінде олқылық көп. Жалақысы ең төмен – тәрбиешілер мен бала күтушілер. Шын мәнінде, олардың жұмысы ауыр. Үйде екі кішкентай балаң болса, шаршатады. Ал отыз балаға қарағаны үшін төменгі жалақы төлеп, білімді ұрпақ тәрбиелеу – утопия. Балабақшада бірнеше тәрбиеші, күтуші болу керек. Кезінде осы мәселені көтердік. Жақында бұл мәселеге Президент өз Жолдауында назар аударды. Азаматтық құқығын қорғап, қоғамнан мемлекеттік тілді білуді талап ететін белсенділер көп. Бірақ мұндай процесті жүргізетін адам бірен-саран. Әрине, әр азаматтың туған тілін қорғауға, қоғамнан талап етуге құқы бар. Бір өкініштісі, кейде тілге қатысты азаматтық істің өзі орыс тілінде жүргізілсе, не дейсіз? Өзім қырық жыл прокурор болып қызмет атқардым. Қазір сот процесі, әсіресе азаматтық істер қазақ тілінде жүргізіліп келеді. Аудан, ауылдық жерлерде іс қазақ тілінде. Істің өзі қазақша тергелсе, тексерілсе, қазақ тілінде өтеді. Ал қалада айыпталушы мен жәбірленуші қай тілде арыз түсірсе, іс сол тілде жүруіне басымдық берілген. Содан кейін де сот процесінің көбі орыс тілінде жүріп жатыр. Мәселен, Өзбекстанда, Грузияда білсең де, білмесең де, өз ана тілінде жүргізеді. Шет мемлекеттерден келген қандастар орысша түсінбей қиналады. «Отанымызға келіп, қазақша сөйлейміз десек, бұлар орысша шүлдірлеп тұр ғой», – деп ренжиді. Бізді бодан еткен орыстар санамызды улап тастағаны шындық қой. Жетпіс жыл ғана емес, одан бұрын да Ресейдің ықпалында болдық. Енді қазақтың мемлекетшілдік сананы қалыптастыруы үшін дипломатия қарым-қатынасы керек. Өз басым Президенттің қай тілге сұраныс көп, мектеп те сол тілде ашылсын дегеніне қосыламын. Мысалы, қазір елордада 300-дей мектеп бар. Оның 99-ы мемлекеттік, қалғаны жекеменшік. Бір айта кетерлігі, мектеп бағдарламасында орыс тілі пәнінің сағаты азайды. Біз мұны бірден емес, біртіндеп істеуіміз керек. Жастар баласын қазақша тәрбиелеуге көшті. Қалада миллион тұрғын болса, соның 400 мыңдайы қалада тәрбиеленген. Бұл қазақша дұрыс білмейді деген сөз. Президенттің айтқаны – кім қай тілде оқытқысы келеді, оған қысым болмасын дегеннен шығып тұр. Мәселен, «Гранд Астана» деген мектепте тек ағылшын тілінде оқытады. Оған баласын бергісі келгендер, бере берсін. Меніңше, қазір орыс тілін білуге, үйренуге деген құлшыныс азайған сияқты. Бұған Ресей мен Украина арасындағы оты сөнбей тұрған соғыс себеп. Сондықтан бәрі уақыт еншісінде. Қазақ тілінің тасы өрге домалайтын кез келеді деп сенемін», – дейді.