«ҚАЗАҚ ҰЛТШЫЛДЫҒЫ» НЕМЕСЕ «АҒАЙЫНДЫ ӘДІЛЕВТЕР ІСІ»

«ҚАЗАҚ ҰЛТШЫЛДЫҒЫ»  НЕМЕСЕ «АҒАЙЫНДЫ ӘДІЛЕВТЕР ІСІ»

Соңғы екі жылдың жүзі болды, «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелерін жан-жақты зерделеу және шешу» бағытында Мемкомиссияның құрамына енген зерттеуші-ғалымдар тарапынан үлкен жұмыстар атқарылып келеді. 

Қазақстан Республикасы Ішкі Істер министрлігі Ақпараттық-аналитикалық орталығы арнайы архивінің мәліметінше, Ақмола облысы мен Ақмола қаласы бойынша 1920-1950 жж. қуғын-сүргінге ұшырағандардың саны – 6832, соның ішінде ақталғаны – 6216, ақталмағаны – 616 адам. Олардың саны Ақмола облысымен салыстырғанда 187 адамға көп екен.  

Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің архив қорларында сақталған қылмыстық істерге қатысты құжаттардың ішінде «ағайынды Әділевтер ісіне»  байланысты материалдар көзге шоқтай басылды. Естеріңізге сала кетейік, 1920-1930 жж. қамтитын бұл құжаттардың біраз бөлігі Мемкомиссияның аралық қорытындылары нәтижесінде құпиясыздандырылған болатын.

 

«Алаш ісі» мен «Қазақ ісі» сабақтас

Ағайынды Әділевтер туралы бүгінге дейін жарияланғаны бар, жарияланбағаны бар, біраз дүниелер қаралды. Қысқаша қайырсақ, Әділевтер туралы Ақселеу Сейдімбектің «Шежірелік деректерді пайымдау» кітабында да бар екен. Олар Сарысу бойын жайлаған Кіші жүздің Жетіруына кіретін жағалбайлылар екен. Ағайынды Әділевтердің атасы Мыңжасар батыр, Кенесары мен Наурызбай қозғалысына қатысқан. Кенесарының Ұлытаудағы бір жиынынан бас тартып, Ақмола дуанын қорғауға аттанған Кейкіл бидің он баласының ішінде атқа қонған жалғыз қызы Мөлдірмен шайқасып, ақырында бас қосқан. Екеуінен Әділ мен Ақкүшік тарайды. «Тектіден текті туады» демекші, өткен ғасырдың басында Ақмола өңірінен сол Әділден тараған алты-жеті ағайынды тарих сахнасына шығады. Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуінде» Әділдің үлкен ұлы Байсейіттің аласапыран жылдарында түрмеге бірге қамалғаны, сол кезде әкесі Әділдің келіп-кетіп жүретіні, өкініштісі баласының түрмеден қашып шыққанын көре алмай, қайтыс болып кеткені туралы жазылған. Одан кейін өзі оқытқан кіші інісі Дінмұхаммед (Дінше, Мұқыш) екеуі бас болып, Кеңес үкіметінің саяси науқандарына қарсы шығып, кәмпескелеу кезінде Сарысу арқылы Ақмоладан Шу өңіріне өтіп кеткен. Осылайша, руластар күш біріктіріп, атадан балаға қалған мал-мүлікті талан-таражға салдырмайды. Негізі ағайынды Әділевтерге қарсы айыптау, тергеу амалдары 1921-1922 жылдары басталған. Осы және өзге де мәселелерді қамтитын шым-шытырық оқиғалардың барлығы дерлік қазақ ұлтшылдығымен сабақтастырылады.      

Кеңестік биліктің қырып-жою саясатының алғашқы кезеңінде ұлт мүддесін көксеген қазақ ұлтшылдарына қарсы «Алаш ісі» қозғалды. Саяси қуғын-сүргін мұнымен тоқтамады, «қызыл империяның» дағдарысқа ұшыраған кезеңінде бас көтерген желтоқсаншылар «Қазақ ісі» бойынша жазаланды. Осылайша, жетпіс жылдық тарихы бар кеңестік дәуірде саяси қуғын-сүргін саясаты үздіксіз жүріп отырды.  Тағы айта кетерлігі, «Алаш ісі» мен «Қазақ ісі» аралығында бірқатар аты шулы істер қозғалған. Олар да контрреволюциялық топтардың жергілікті өкілдерін анықтауға септігін тигізеді. Мысалы, Ақмола өңірі бойынша 1920-1930 жылдары қазақ ұлтшылдығы, кәмпескелеу, ет-астық өнімдерін дайындау науқаны кезінде «Әбубәкіров ісі» (1922 ж.), «Ағайынды Әділевтер ісі» (1928 ж.), «Азат ісі» (1929 ж.) сияқты істер қозғалып,  сот-тергеу  процестері 1925 жылы басталып, 1938 жылы аяқталған «Алаш ісімен" ақырласады. Бұл сот процестері алаштанушы-ғалым М.Қойгелдиев, Т.Жұртбайдың зерттеулерінде көбірек қамтылған. Ал ел арасында «Қараноғай-Шала оқиғасы» атанып кеткен ағайынды Әділевтерге қатысты айтылатын «Әбубәкіров ісі» туралы зерттеуші Б.Қойшыбаев жазды. 

Академик М.Қойгелдиевтің зерттеу нәтижелеріне қарасақ, сот процестері 1925-1926 жж. Жүсіпбек Аймауытовтың соты, 1927-1930 жж. Алаш зиялыларына байланысты алғашқы толқын сот процесі, 1930-32 жж. екінші толқын сот процесі, 1933 жылғы, 1937 ж., 1938 ж. сот процестерінің материалдары болып бөлінеді. Солардың ішінде 1928 жылдың аяғында Қызылордада тұтқындалған Д.Әділевтің тергеушілерге берген сенімсіз, қарама-қайшылықты, бір сөзбен айтқанда, қисынсыз жауаптары туралы,  тіпті оның дәйектелмеген жауаптары Алаш қозғалысы белсенділері мен жетекшілерін  түрмеге қамау үшін негіз болғаны» туралы да жазылған. Тіпті, осы материалдармен ертерек танысқан кейбір әріптестеріміздің айтуынша, ОГПУ тергеушілеріне ең көп жауап берген де осы Д.Әділев болыпты. 

Кеңестік саяси қуғын-сүргіндер туралы естіген кезде, санаңа ұялайтын өзекті ұғым – ұлтшылдық. Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР ҰҚК-нің архив қорларында сақталған құжаттарда Қазақ контрреволюциялық ұлтшылдығы туралы материалдар жеткілікті. Оның төрт кезеңі көрсетілген: 1-кезеңі – 1916-1920 жж.; 2-кезеңі – 1920-1928 жж.; 3-кезеңі – 1928-1932 жж.; 4-кезеңі – 1932-1938 жж. Бұдан Әлихан Бөкейхан бастаған Қазақ ұлтшылдығының патшалық, алаштық және кеңестік жүйелердегі өзара сабақтастығы мен бұл процестің үздіксіз ұзақ жүргенін аңғаруға болады. 

 

Контрреволюция- лық ұйымдардың 3 орталығы

Аталған архивтің «Алашорда бойынша құжаттар» деп аталатын қорында жоғарыда аталған 3-кезеңде сұлбасы жасалған «Қазақ ұлтшылдарының контрреволюциялық ұйымдарының кестесі (1929 ж.)»  табылды. Осы кесте бойынша кеңестік кезеңдегі Қазақстанда контрреволюциялық ұйымдардың ірі-ірі 3 орталығы көрсетілген. Олар: 

1. Қазақ орталығы (Семей, Ташкент, Шымкент, Петропавл, Алматы бөлімшелері), жетекшісі Әлихан Бөкейхан болған. 

2. Орта Азия орталығы (жетекшілері: З.В.Тоған, Х.Болғанбаев, Д.Ахметов) 

3. «Тәуелсіз Түркістан» шекаралық орталығы және оның 2 бөлімі: «Тәуелсіз Түркістанның» берлиндік (Ғ.Бірімжанов, Д.Битілеуов), «Тәуелсіз Түркістанның» париждік бөлімі (М.Шоқай) көрсетілген. Орта Азия орталығын Қазақ орталығымен байланыстырушы З.В.Тоған болған. 

Бұған қосымша кестеде бірқатар топтар мен үйірмелер де көрсетілген. Атап айтқанда, Қазақ орталығынан шығатын партиялық ұйымдардағы оңшыл оппозициялық топ (Байділдин, Қожанов, Сәдуақасов), Қостанай округіндегі байлардың тобы (А.Дулатов, Е.Есболов, барлығы – 12 адам), Жанұзақов бастаған «басмашылар» тобы және Әділевтер «бандасы»  (Д.Әділев). Бұл құжатта Әділевтер тобына 16 адам тіркелген, Байсейіт Әділевті қоссақ, барлығы 17 адам болады. Алайда кестенің 1929 жылы жасалғанын ескерсек, Байсейіттің енбеуі заңды, себебі ол 1928 жылдың аяғында атылып кеткен.

Келесі үйірмелер туралы мәліметтер де қызықты. Бұл кестенің басында М.Жұмабаев бастаған «Алқа» үйірмесі тұр. Содан төмен қарай Орынбор (А.Байтұрсынов), Ташкент (Ж.Аймауытов), Семей (С.Дөнентаев) және Ленинград (М.Әуезов) үйірмелері таратылады. 

Қазақ ұлтшылдығының бір тармағын құрайтын 17 адамнан тұратын «ағайынды Әділевтердің ісіне» қатысты алғашқы тізімді толық беруді жөн көрдік. Олар:  Байсейіт Әділев, Дінмұхаммед Әділев, Асқар Әділев, Әбуәли Әділев, Әбубәкір Әділев, Ағабек Байдуллаев, Мұхамедияр Арғынбаев, Артықбай Алин, Әкбар Ибраев, Нұрлан Кәрібаев, Бақай Тоқманбаев, Мадыбек Кеншімов, Бітімбай Әбдікеев, Ерке Майлиев, Піттібай Әбдікеев, Мұқанов, Бажан Бектұрсынов. Мұнда Әділевтердің бесеуі аталған, алтыншысы – Жолдасбай Әділев. Алайда Әділевтердің бүгінгі ұрпақтары, атап айтқанда Асқар Әділевтің қызы Мейрам апайдың естелігінде олардың жеті ағайынды болғаны айтылады, қалғандары жақын туған-туыстары болып келеді.

Осы ретте айта кетейік, Мейрам апайдың сөзінше, әкесі Асқар Әділев 1970 жылы 66 жасында қайтыс болған. Ол қуғын-сүргіннен кейін тегін Мыңжасар (-ов) деп өзгертіп алған. 1928 жылы Дінмұхаммедпен (Дінше) бірге ұсталғанда, 24 жаста екен, түрмеден қашып шыққан. Өткен өмірі туралы ешкімге жақ ашпай кеткен, тіпті ашылып сөйлемепті де, тек 1957 жылы Діншенің ақталғаны туралы қағаз алғаннан кейін ғана, көңілі тыныштанғандай болыпты. Алайда соғыстан кейін Жамбыл облысынан Қызылжар станциясына көшіп келгеннен кейін де Асқар Мыңжасаровты (Әділев) милиция күн демей, түн демей талай рет тергеуге алып кетіп жүрген. Әйтеуір түрмеге қамалудан, жер айдалудан аман қалғанына шүкіршілік етіп, жұбайы бар ғұмырын бір үміт, бір күдікпен өткізіпті.     

1928 жылы басталған қазақ байларының мал-мүлкін тәркілеуге қарсы наразылықтардың басы қылмыстық істерге тартумен, ал ақыры сот-тергеу процестерімен аяқталды. Осы кезде Ақмоланың солтүстігіне қарай 300 шақырым және Қарсақпайдың оңтүстігіне қарай 150 шақырым жерде  орналасқан Сырдария округіне қарасты Сарысу ауданына Арқадан ойысқан бір рулы елдің басында ағайынды Байсейіт пен Дінмұхаммед (Дінше, Мұқыш) Әділевтер тұрған еді. Осылайша Арқада қоныс тепкен жағалбайлы руынан шыққан ағайынды Әділевтердің талайлы тағдыры Сырдария округіне қарасты Сарысу ауданымен тығыз байланысты болды. Олар Сарысу бойымен үйір-үйір жылқыларын айдап, Шу өңіріне қарай, бой тасалайтын таулы аймаққа жылжиды. Сөйтіп, Ақмола мен Сырдария округтерінің осы шекаралық аумағы арқылы Ақмоладағы кеңестік биліктен қашып құтылады. 

Осы ретте Сарысу ауданының географиялық ерекшелігіне тоқтала кетейік, біріншіден, бұл аудан Орталық Қазақстанға тиіп тұрды. Екіншіден, осы аймақтағы ірі өзендер қатарына жататын Сарысу шөлді өңір Бетпақдаланы кесіп өтетін жалғыз өзен болды. Жалпы, бұл аймақ солтүстіктен оңтүстікке қарай 600 шаршы шақырым, шығыстан батысқа қарай 1100 шаршы шақырымға созылып, жалпы ауданы 40,2 мың шаршы шақырымды құрайды. Солтүстікте Қостанай, Ақмола және Павлодар облыстарымен, оңтүстікте Алматы, Жамбыл, Шымкент және Қызылорда облыстарымен, шығыста Семей облысымен, ал батыста Ақтөбе облысымен шектеседі. 

Кеңестік биліктің алғашқы жылдарында Қазақ АКСР-нің аралас аудандарының қатарында Сырдария мен Жетісу аудандары сияқты Ақмола округіне қарайтын Сарысу ауданы (Бетпақдала) да болған. Ағайынды Әділевтер күшейіп тұрған кезде дәл осы шекаралық аймақтың Қазақ АКСР-не де, Түркістан АКСР-не кірмей қалған,  бөлігінде «Әділевтер автономиясы» пайда болды» деген құжаттар да кездеседі. 1917-1918 жж. Түркістан автономиясына кірген бұрынғы Сырдария мен Жетісу облысы қазақтарының Алаш автономиясына қосылу-қосылмау мәселесі көтерілгенде, одан кейін 1924 жылғы Орта Азияны ұлттық-территориялық межелеу  кезіндегі өзгерістер, бізге тарихтан белгілі. Ал аталған екі округтің арасындағы шекаралық Сарысу ауданына қатысты бірқатар құжаттар мен материалдар қазақ жерлерін аудандастыру мәселесіне деген қызығушылықты арттырады.       

 

Байсейіттің түрмеден қашуы

1928-1930 жж. Ақмола округіне негізінен 8 аудан қараған. Олар: Ақмола, Азат, Еркіншілік, Қорғалжын, Нұра, Қарағанды, Асан-Қайғы, Атбасар. Бір қызығы, Нұр-Сұлтан қалалық мемлекеттік архивіндегі құжаттар бойынша Ақмола округіне қараған барлық 15 аудан, халықтардың қоныстануы мен шаруашылық интеграциясына байланысты орыс және қазақ аудандары болып екіге бөлінген. Кеңестік тарихнамада орыс аудандары туралы көп айтылды, жазылды, сондықтан таразы басын тең ұстау үшін біз, көбіне қазақ аудандарына қатысты мәліметтерді қарастырдық. 

Архив қорларында сақталған материалдарда ағайынды Әділевтердің үлкені Байсейіт туралы мәліметтер кеңестік кезеңнен, яғни оның «1921 жылға дейін БКП (б) құрамында болып, бірқатар жауапты кеңестік қызметтер атқарған» уақытынан басталады. Одан кейін «1921-1922 жж. Ақмола губерниясына қарасты Сарысу мен Шу аудандарында 50 адамдық қарулық әскермен іс-қимыл жасағаны, халықты қорқытып зорлық-зомбылық, атыс-шабыс жасағаны, Байсейіт Ақмола әскерін жою Әбубәкіров (Ғалым) пен оның жақын серіктесі Шаланың (Жолдасбаев) әскеріне қарсы шығып, оны және аудандық милицияның бастығын атқаны, жергілікті билік өкілдерінен қысым көрген Әділев Ақмоладан  Әулиеата ауданына кетуге мәжбүр болғаны, осында өзінің жақын ағайындарынан құралған топқа қосылып, саяси қуғын-сүргіннен бас сауғалап, жасырынып жүргені, 1926 жылы Б.Әділевтің іздестіріліп, тұтқынға алынғаны, 1927 жылы босатылғаны және оның әртүрлі қылмыстары үшін қозғалған  ісі сот- тергеу органдарында біраз уақыт қаралмай жатқаны» жазылған.  Осы ретте айта кетейік, ақмолалық Байсейіт Әділев – Алаш қозғалысында белсенділік танытқан тұлға. Ақмола облыстық қазақ съезіне қатысқан, Ақмола уездік Қазақ комитетінің мүшесі болған, ақтар мен қызылдардың текетіресі кезінде жарлы-жақыбайлар мен кедейлер жағына шығып, жерлесі Сәкен Сейфуллинмен бірге Ақмола уездік совдепінде қызмет еткен. Алайда 1918 жылы Ақмола өңірі арқылы Семейге қарай бет алған  алашордашылар М.Тынышпаев пен С.Ақаевты кездестіріп қалғанда, амандасып, жөнін айтып, дұрыс жол сілтеп, еркіне қоя бергені «Тар жол, тайғақ кешуде» жақсы сипатталған. Дәл осы жылы Байсейіт жергілікті билік өкілдері тарапынан тұтқындалып, түрмеге жабылады. Сол кезде әкесінен айырылады. Отбасының ықпалымен орталықтағы алашордашылар тарапынан Байсейітті босату туралы хабар жеткенмен, іске аспайды. Ақырында Байсейіт түрмеден қашып шығады. Одан кейін 1926 жылы сот-тергеу ісіне тартылады. 1927 жылы босатылғанмен, сол жылдың күзінде Байсейіт Қызылордадағы «исправдомнан»  қашуға  дайындалып жүргені туралы әңгіме тарайды, соған байланысты тағы да қатаң бақылауға алынып, бір жылдан кейін Байсейітті ұстау операциясы кезінде оқ тиіп, атылып кетеді. Шым-шытырық осы оқиғаларға қатысты кейбір құжаттарда Байсейіт Әділев операция кезінде «өз-өзіне қол жұмсаған» деген мәліметтер де кездеседі.         

Одан кейін архив құжаттарында Байсейіттің інісі Дінмұхаммед туралы да айтылады. Ол да БКП (б) мүшесі болған, Түркістан Республикасында әртүрлі кеңестік қызметтерде жұмыс істеген. Алғашқы сот-тергеу ісіне тартылған Дінмұхаммед 1925 жылы босатылады. Оның да әртүрлі қылмыстары үшін қозғалған ісі біраз уақыт қаралмапты. Ол 1925 жылы Қызылордада жұмыс істеп жүрген кезінде, өзінің қызметтік байланысын пайдаланып, ағасы Байсейіттің ісін біраз создырып, оның тергеуден босап шығуына ықпал етеді. Осы ретте айта кетейік, ағайындары тарапынан Дінмұхаммед Әділевке жазылған хаттардың басым бөлігінде оның есімі Дінше, Мұқыш деп басталады. Тағы да қосарымыз, сот-тергеу істері қозғалған кезде ағайынды Әділевтердің ішінде Байсейіт пен Дінмұхаммедтің отбасы болған. Байсейіттің Амангүл, Шариман, ал Діншенің Әзиза деген әйелі де «Ағайынды Әділевтер ісіне» тартылған.  1929 жылдың қаңтар айында күйеулерін жасырушылар ретінде олардан Сарысу ауданынан шықпау туралы қолхат алынған. Байсейіттің өлімінен кейін, 1929 жылдың күзінде оның қамқорлығынсыз қалған қызы Батиманың сот-тергеу процесі кезінде әкесінен тартып алынған 110 сом ақшасын қайтару туралы арыз-шағымы қанағаттандырылған.   

Осылайша, Байсейіт 1928 жылдың желтоқсан айында Сарысу ауданындағы жергілікті органның адамдарымен арадағы текетірес кезінде қаза болады. Кейінгі оқиғалар көрсеткендей, ағайынды Әділевтердің қалғаны ұсталып, әртүрлі мерзімге сотталады. Содан болар, қазіргі зерттеушілердің арасында Байсейіттің де, Дінмұхаммедтің де Омбыда оқығанына қарамастан, оны Сарысуда туып, Мәскеуде атылған деп, жерлес ретінде көбірек дәріптейді. 

Қорыта айтқанда, «Алаш ісі» бойынша 1925 жылы басталған сот процестері  «Ағайынды Әділевтер» ісімен қатар жүргізілді, сот-тергеу жұмыстары өзара сабақтас болды. «Ағайынды Әділевтер ісіне» Алаш қозғалысының көрнекті жетекшілерінен бастап, бас-аяғы 90 адам тартылған. 1928-1930 жылдары бұл іске қатысты сот процестері Сырдария округінде (Шымкент, Қызылорда) жалғасын тапқан. Бұдан шығатын қорытынды «Алаш ісі» мен «Ағайынды Әділевтер ісінің» өзара сабақтастығы болды, бұл – бір. Екіншіден, 1920-1930 жж. саяси науқандар және халық наразылықтары ішкі миграция мен халықтар географиясына түбегейлі өзгерістер әкелді. Сол себепті осы кезеңдегі Ақмола облысының әкімшілік-территориялық бөлінісі мен ондағы өзгерістерді қайта қарап, өңірдің картасын жасасақ, жоғарыда айтылған шекаралық аудандарда әрекет еткен саяси топтар мен жекелеген адамдардың бірлескен жасырын ұйымдардағы таралу ошақтары айқындалып, анықтала түсері сөзсіз. 

 

Күлпаш ИЛЬЯСОВА, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың доценті, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Өңірлік комиссияның мүшесі
28.07.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 45
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 150
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 41
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 50
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 59
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 46
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 146
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 150
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 336
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 329
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 953

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9028
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8424
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11652
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9408
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10634