Қазақстан әскері қандай болуы керек?

 Қазақстан әскері қандай болуы керек?

  Ресей әскерінің Украинаға ашық соғыс ашуы көптеген елдерді қорғаныс саласына қайта қарауға мәжбүр етті. Әлемдегі геосаяси ахуал нашарлап, мемлекеттер қайта милитаристік көзқарасты ұстануға көшкендей. Осы ретте қай елдің әскери қуаты күшті, қай елдікі әлсіз деген сұрақ туындауда. Қазақстан халқын да бұл сұрақ толғандырмай қоймайды.

   Мәселен, 2022 жылы Қазақстан қорғаныс саласына бір триллион теңге бөлді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 303,7 млрдқа артық. Сонымен бірге, әскерге көктемгі шақыру өте қатаң режимде өтті. Қорғаныс шығындарының айтарлықтай артуы аясында билік әскери доктринаны өзгерту туралы шешім қабылдады. Сарапшылар Ақорданың әрекетін қаңтардағы оқиғамен және Украинадағы соғыспен байланыстырады. Қаңтар оқиғасы әскерге реформа жасау керектігін көрсетіп берді. Ал Украинадағы соғыс кез келген мемлекеттің қорғаныс саласы басты орында болуға тиістігін аңғартты. 2021 жылғы 2 желтоқсандағы 2022-2024 жылдарға арналған республика бюджетінің бірінші редакциясында Қазақстан қорғаныс саласына 858,8 млрд теңге қарастырған болатын. Бұл ақшаның 61 пайызы Қорғаныс министрлігіне, қалғаны Төтенше жағдайлар министрлігі мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жіберілетін болып есептелген еді. Бірақ 2022 жылдың мамырында қорғаныс бюджеті 162,6 миллиард теңгеге ұлғайтылды (оның 56,9 миллиард теңгесі Қорғаныс министрлігіне кетті) және жалпы сомасы бір триллион 21 миллион теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың бюджетінен 303,7 млрдқа артық деген сөз. Жалпы бюджеттің жартысы – 494,6 млрд теңге қорғаныс саласына бағытталады. Министрлік қарулы күштерді оқытуға 491 миллиард теңге жұмсауды жоспарлап отыр. Қазақстан армиясының саны мен қорғаныс бюджетінің көлемі бойынша Орталық Азияда көш бастап тұр. Қазақстан әскери қуаты бойынша әлемдік рейтингте 142 елдің ішінде 64-і орында тұр.  Рейтингті анықтауда  армияны қаржыландыру деңгейіне, елдің географиялық орналасуына, қарулы күштерді орналастыру мүмкіндігіне, соғыс жағдайында әскерді мобилизаицялау мүмкіндігі мен санына, қаржылай мүмкіндікке, идеологияға және тағы басқа 50 факторлық көрсеткішке көңіл бөлінген. Алайда ядролық қарудың болуы рейтингте ескерілмеген. Әлгі рейтинг бойынша алғашқы үш орынға АҚШ, Ресей және Қытай ие. Бутан 141-і орын алса, Рейтингті Исландия жапқан. Бұрынғы Кеңес одағы құрамына кірген Украина 22-і, Өзбекстан 55-і, Түркіменстан, Қырғызстан және Тәжікстан 83, 90 және 111-і орындарда тұр. Қазақстанның қорғаныс бюджеті Өзбекстаннан 5,6 есе жоғары және 3,9 миллиард долларды құрайды. Тәжікстан, Қырғызстан және Түркіменстанның әскери бюджеттері 407 миллион, 116 миллион және 90 миллион доллар. Армиядағы әскерилер саны бойынша Қазақстан Орталық Азиядағы бірінші орында (77 мың адам). Өзбекстанда 65 мың, Түркіменстанда 35 мың, Қырғызстанда 22 мың, Тәжікстанда 15 мың әскери қызметкер бар. Аймақ елдерінің әскери-теңіз күштері тек Каспий теңізінде Қазақстан мен Түркіменстанда, қалғандарында теңіз жоқ болғандықтан, теңіз күштері қажет емес. Екі елде де әскери флот патрульдік кемелерден тұрады, оның ішінде Қазақстанда 15, оның ішінде екі минаға қарсы кеме бар болса, Түркіменстанда 25 кеме бар. Құрлықтағы әскери техникалардың саны бойынша да Түрікменстан көш бастап тұр – 3400, бұл Қазақстаннан 23 пайыға, Өзбекстаннан 44 пайызға артық. Түркіменстан сонымен қатар салыстырмалы түрде ең үлкен броньды техника паркіне ие (әскери көліктердің 60 пайызы сол түрге жатады). Өз кезегінде Қазақстан әскери авиацияда көшбасшы болып табылады. Қазақ пен өзбек әскерлері тікұшақтармен, шабуылдаушы ұшақтармен, жойғыш ұшақтармен қаруланған. Қырғызстан мен Түркіменстанда әскери авиацияның соңғы екі түрі жоқ, ал Қырғызстан әуе күштерінде небәрі алты тікұшақ бар. Бұл өте аз сан, әлбетте.

    Рейтинг, әрине, қажет. Бұл кем-кетігіңді түзеп, алға жылжу қажеттігін нақты көрсететін көріністі қалыптастырады. Алайда рейтинг әскердің жағдайын нақты сипаттамайды. Рейтингті жасақтау сәтінде көптеген мемлекеттер саяси қулыққа басады. Бірі қару деңгейін азайтып көрсетсе, енді бірі ұлғайтып көрсетеді. Әскери бюджет пен әскер санына да қатысты дәл солай. Әскердің шынайы келбетін соғыс жағдайы ғана көрсете алады. Мысалы, рейтингте 2-і орында тұрған Ресей әскері, рейтингте 22-і орында тұрған әскерді ұрыс даласында тізе бүктіре алмай, қиындықтар көруде. Бұл рейтингтің айтарлықтай маңызды еместігін көрсетеді. Білікті мамандар: «Қазақстан әскері әскери бюджеттің көптігіне байланысты айтарлықтай жетістіктерге жете алады. Атап айтқанда, бұған ұрыс жағдайында жаңа қару сатып алу мүмкіндігінің болуы, Қазақстан билігінің әлемнің бірқатар елдерімен қорғаныс саласында келісім жасай алуы, қазақ сарбаздарын өзге елдерге оқыту және тәжірибе алмасуға жіберу мүмкіндігінің болуы, халықаралық дәрежеде имиджінің жоғары болуы және дипломатиялық беделге ие болуы сынды аспектілер кіреді. Осы артықшылықтар Қазақстан әскерін қуатты ете түседі»,— дейді.

   Жалпы,  кез келген мемлекет үшін өзінің территориясы мен халқының қауіпсіздігін қорғауда әскерінің күшті болғаны аса маңызды. Басқаша айтсақ, соғыста қару емес, сол қаруды ұстаған сарбаз мықты. Мәселеге осы қырынан келсек, Кремль Батысты тағы да жаңа қаруымен қорқытып отыр. Ол қару — «Авангард» деп аталады екен. Оған «Путиннің жеңілмейтін қаруы» деген атау беріпті. Ресейлік әскерилердің айтуынша, ол дыбыстан 27 есе жылдам ұшатын және ешқандай әуе қорғанысы тосқауыл бола алмайтын қару көрінеді.  Ұшу қашықтығы 6000 шақырымнан асып жығылса, оған ядролық немесе қарапайым оқтұмсықтарды орнатуға болады екен. Солтүстік мұзды мұхит арқылы АҚШ-қа дейін жетеді деседі.  Қорғаныс мәселесі, соның ішінде күшті әскер құрылымының болуы Қазақстан үшін де ең өзекті мәселенің бірі болып табылады.

    Соған орай Қазақстан әскерінің бүгінгі хал-ахуалы жайында   NEGE сайтына сұхбат берген отандық сарапшы Аман Мәмбетәлиев: «Ресейдің әскери технологиясының мүмкіндігі жайлы әңгімелер аз айтылып, аз жазылған жоқ. Бірақ, өз басым  «Путиннің жаңа қаруын» үгіт-насихат, яғни пиар деп қана қабылдаймын. Себебі, бұл – елдің өз ішіне арналған ақпарат сынды. Өйткені, бұдан бірнеше жыл бұрын 9-ы мамырда әлемде баламасы жоқ деп «Армада» танкін көрсеткен. «Бәрі автоматты түрде оқталады, оқ ату жүйесі бар»,— деп көп дәріптеген еді. Бірақ осы танкті соғыста әлі көргеніміз жоқ. Ол техниканың бары рас. Санкция салынған соң, бөлшектері табылмай жатқан шығар. Немесе өте қымбатқа түсетін жоба болар. Әйтеуір, оны майданда кеңінен қолданатындай мүмкіндігі жоқ. Қалың жұртшылық арасында Украинадағы соғыс – НАТО мен Ресейдің қаруы сыналып жатқан майдан деген түсінік қалыптасқан.  Екі тараптың қаруы туралы әртүрлі әңгіме айтылып жүр. Бірі мақтап, екіншісі жоққа шығарып дегендей. Өз басым Украинада НАТО мен Ресейдің арасындағы соғыс болып жатыр деген пікірмен келіспеймін. Себебі, НАТО Украинаға тек қана қорғанатын қару беріп жатыр. Соғыс басталған кездері алғаш болып Украинаға қару берген Шығыс Еуропа елдері еді. «Варшава шарты» атты әскери блокқа мүше болған елдердің – Польша, Чехия және Словакия секілді мемлекеттер кеңестік дәуірден қалған ескі-құсқы қаруларды тегін берген-ді. Бұл қарулар – 70-80-жылғы техникалар. Украинаның соғыстағы жеңісі – барлау мәліметтерінің жемісі. Соғыс басталмай жатып, үш-төрт ай бұрын АҚШ пен Ұлыбританияның барлау қызметі Ресейдің Украинаға соғыс ашатынын айтты. Елшіліктерін Украинаның батысындағы қалаларға ауыстыра бастады. Яғни, батыс елдері барлау қызметінің мықты екенін дәлелдеді. Қателеспеді. Украинаның сәтті қадамдары барлаудың, дрондардың, артиллерияның арқасы. Әуе қорғанысы жүйесін Украина енді алмақ. Сондықтан кімнің қаруы үстем екенін нақты айту қиын. Бір анығы – Ресей қолданып жатқан қару ескі. АҚШ-тың Украинаға берген Himars-тары да ескі әрі қорғанысқа арналған. 1980-жылдары шыққан қару. Салыстырмалы түрде айтсақ, НАТО-ның форматы өте жоғары. Әрине, бірінші орында АҚШ тұр. Германияның, Ұлыбритания және Францияның да стандарттары және заманауи технологиялары бар. Көп ілгері дамып кеткен. Түркияның да дрондары мықты. Бұлардың бір-бірімен байланысы жақсы. Жиі жаттығу өткізіп тұрады. Аймақтары да бөлініп қойған. Еуропаның Шығысын, Балтық жағалауы және Скандинавия елдерінің ауыспалы қорғаныс жүйесі бар. Ал Ресейдің технологиясы 1990 жылдары жүйелі дағдарысқа ұшырады. Рас, 2000-жылдары қайта құрылымдалып, біршама реформалар жасалды. Соңғы жанжалдарға қарағанда, жүйелі дағдарыстың түбегейлі шешімі табылмағанына көзіміз жетіп отыр.

   Сарапшылардың дені Украинадағы соғыс Қазақстан әскерін, әскери техникасын қайта жарақтауды талап етеді дейді. Бұл пікірге мен де қосыламын. Расында біз Батысқа бет бұруымыз керек, себебі,  заманауи технология соларда. Көп жанжалдарда батыстық үлгілердің артықшылығы көрініп отыр. Бірақ қару сатып алу да оңай шаруа емес екенін түсінуіміз керек. Бұл – тек қана технология ғана емес, сананы да, стандарттарды да, казарманы да өзгерту қажет деген сөз. Біздің қаруларымыз, оқтарымыздың бәрі кеңестік стандарттарға негізделген. Біз мұны ауыстырсақ, мамандарды да түгел қайта дайындауымыз керек болады. Стандарттарды өзгерту керек. 200 мыңдай әскердің, полицияның, күзет пен шекарашылардың қолындағы қаруларын да ауыстыруымыз қажет. Кадет корпустарындағы мұғалімдерді алмастыруға тура келеді. Бұл – өте үлкен үдеріс. Демек, бұл бір күннің шаруасы емес. Сондықтан әскери жүйені өзгертпей, Ресейден басқа жақтан қару ала алмайтынымызды да түсінуіміз керек. Мысалы, біз АҚШ-тан, Германиядан немесе Франциядан жаңа артиллериялық қару алдық дейік. Олардың түйісетін жерлері, оқтары мүлде басқаша. Оған жаңа қоспа керек болады. Бұл – үлкен мәселе. Бұл сұраққа біздің қорғаныс министрлігінің мамандары жауап беруі керек деп ойлаймын. Меніңше, НАТО-ның үлгілеріне ауысқан дұрыс шығар. Өйткені, қазір дүниежүзі соған ауысып отыр. Өркениет факторы соны көрсетіп отыр. Бұған қорғаныс министрінің, генералдардың саяси-ерік жігері керек. Жалпы, Ресей ғана емес, көп мелекеттер заманауи соғысқа дайын емес. Оның ішінде біздің мемлекет те бар. Себебі, инструкторлар, кадет корпустары, жоғары офицерлерді дайындайтын жүйенің өзі Ресей үлгісінен алынған. Соғыс жүргізудің жаңа, модерн көзқарасы жоқ. Ресейдің өзі Иран дрондарын сатып алуда. Оның себебі мынада: қазір дрон дербес формация рөліне ие болды. Артиллерия, авиация секілді. Ресейдің өзі жасап шығарған дрондар тым сапасыз. Алысқа ұша алмайды. Ұрыста пайдасы да шамалы болып шықты. Ал Иран дрондары Сирияда және Сауд Арабиясына қарсы Йемендегі соғыстарда жақсы жағынан көзге түсті. «Шахид» дрондары Сауд Арабиясының әуе қорғанысы жүйелерін бұзып өтіп, мұнай зауыттарын жарып жіберді. Сол кезде Сауд Арабиясында Patriot әуе қорғанысы жүйесі болды. Демек, АҚШ-тың сапалы деген жүйесі де қорған бола алмады. Сондықтан Ресей дрондарды Ираннан сатып алып жатыр. Соғыстың басында Ресей Украинаны зымырандармен бомбаласа, соңғы кезде дрондармен жиі шабуылдап жатыр. Себебі, дрон арзандау. Ал, Қазақстан — түрік дрондарын шығаруға рұқсат алған жалғыз мемлекет. Ол үлкен зауыт емес, персоналдары да шыған ғана: жартысы – Түркия, жартысы – Қазақстанның адамдары. Бірақ бұл – өте құпия ақпарат. Қорғаныс министрлігінен сұрағанымызда, қашан, қай жерде салынатыны, бұған қанша ақша кететіні жайында ақпарат бермеді»,— дейді.

Ермек Сахариев
04.01.2023

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 358
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 6464
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 8172
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 6543
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 6679