Астанада «Qazaqstan Barysy – 2025» турнирі болып өтті. Жеңімпазды марапаттау рәсімінде ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қатысып, алтын белбеуді табыс етті. Еліміздегі 17 облыс пен үш қаладан іріктеліп шыққан 43 балуан белдескен бұл сайыста «Найман» лақап атымен танылған Марат Байқамұров бас жүлдеге ие болды. Оған 15 млн теңге сыйақы және алтын белбеу мен дәстүрлі «Тайтұяқ» сыйлығы берілді.
Күміс белбеуді былтырғы чемпион, 151 келі салмақтағы Ерасыл Қажыбаев еншіледі. Ал қола белбеу мен 1,08 млн теңгені Маңғыстау облысының балуаны Нұрдәулет Жарылғапов жеңіп алды.
Бұл айтулы дода қазіргі таңда еліміздегі ең елеулі спорттық сайыстардың қатарына енді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жарыстан кейін «Қазақстан барысы – 2025» турнирінің жеңімпазын құттықтады.
«Марат Байқамұровты қазақ күресінен «Қазақстан барысы – 2025» турниріндегі жарқын жеңісімен құттықтаймын! Ол тамаша өнер көрсетіп, жанкүйерлер көңілінен шықты. Мемлекет қазақ күресінің дамуына алдағы уақытта да қолдау көрсете береді», – делінген құттықтау хатында.














