«Qazaqstan dauiri» газетінің қысқаша тарихы һәм жүріп өткен жолы жайлы толғам

«Qazaqstan dauiri» газетінің  қысқаша тарихы  һәм жүріп өткен жолы жайлы толғам

Жолдасым ветеринар еді. Өте ізгі, ақылды, жан дүниесі таза, адал жар еді... (Қайтейін, дүниеден небәрі 55 жасында Алматыда мәңгілік мекеніне  кете барды...)

Уақыт зымырап өтіп жатты. Аңсарымыз Алматыға ауа бастады. Ақыры белді бекем буып,  үйелмелі-сүйелмелі төрт-бес баланы арқалап, олардың болашағын ойлап, ару астанаға аттандық. Алла Тағала ниетімізге жеткізді. Балаларым өмірден өз орындарын тапты. Шүкір деймін. Өзім көп жылдар Алматыда Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебінде қарапайым мұғалімнен бастап, директордың бірінші орынбасарына дейін көтерілдім. Барымды да, жанымды да ұстаздық жолға арнадым. Өмірім тек қуаныштардан тұрған жоқ, күрсіністер де, қамығулар да болып тұрды. Өмір заңына бағынып, сүрінсем де сынбадым, құласам да құлдырамадым, шыңға шықсам да шырқырамадым, жетістікке жетсем де кеуде ұрмадым... 

«Қазақстан-ZAMAN» халықаралық саяси-танымдық газетіне келуім де қызық. «Қазақтелеком» ААҚ»-та алпыс үш жасыма дейін қызмет еттім. «Қазақтелеком» жалпы компаниялар ішінде қазақ тілінің өркендеуіне зор үлес қосты. Қызметкерлерден мемлекеттік тілді үйренуді талап еттік. Әрине, оңай болған жоқ.  Сол кезде «Ана тілі» мен «Қазақстан-ZAMAN»  газеті  қанатымен су сепкен қарлығаштай  қасымыздан табылды. Ұйымдастырылып жатқан түрлі конкурстардың, жобалардың, байқаулардың шешімдерін, атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесін баспасөз арқылы көпшілікке жеткізіп отырды. Бұл үлкен көмек еді. Қолдауды сезініп, біз де еркін көсілдік...

«Қазақтелеком» ААҚ»-та қызметте жүрген күндердің бірінде «Қазақстан-ZAMAN» халықаралық газетінің бас редакторы  Ертай Айғалиұлы қоңырау шалды. Әңгіме соңында мені газетке жұмысқа шақырды. Осы жерде айта кететін жайт, «Қазақстан-ZAMAN» газетінің бас редакторы Ертай Айғалиұлымен баяғыдан етене таныс болатынмын. Мен «Қазақтелекомда» қызметте жүргенде Ертай Айғалиұлы «Қазақстан-ZAMAN»-да редактор еді. Бұл жігітті «Жас алаш», «Ана тілі» басылымдарында жауапты қызметтерде жүрген кезінен білетінмін. Ақкөңіл, ұлтшыл, батыл ойлы, талғамы биік журналист-жазушы болатын. Мен Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебінде директордың орынбасары кезімде ақын-жазушылармен жақсы қарым-қатынас орнаттым. Көбінің балалары біздің мектепте оқыды... Тіл мәселесіне келгенде Мұхтар Шаханов, Өмірзақ Айтбаев, Қадыр Мырзалиев, Әділқазы Қайырбеков, Шона Смаханұлы, Ертай Айғалиұлы т. б. азаматтардың шоқтығы биік еді. Себебі көтерген мәселеміз ортақ, мүддеміз бір-тін. Әсіресе тіл мәселесінде жұбымыз жазылмады. Өткір-өткір дүниелер жазылды. Және олар сол заманда оқырмандар тарапынан үлкен қолдауға ие болды. Қазақ жастарының өршіл рухы жанып тұрған шақ еді ғой ол заман...

Ертай Айғалиұлы ұсыныс жасағаннан кейін, көп өтпей Ахмет бей екеуі арнайы Астанаға іздеп келді. Жалпы Ахмет бей қазақтың тілін, салт-дәстүрін жетік білетін жігіт екен. Сөзге де шешен. Өте ұстамды. Таныспай тұрғанда түрік баласын теледидардан көріп, киім пішіп, көйлек, шалбар тігетініне, ісмерлігіне, қазақтың бір баласы болып кеткеніне тәнті едім. 

Ахмет бей – мені қазақ журналистеріне бірінші  танытқан, таныстырған азамат. Түрік ағайындардың мені қызметке шақыруының бір мәнісі – олар Түркия елінің азаматтары. Үкіметке еркін кіре алмайды. Министрлерге жол жабық. Облыс әкімдеріне жолығу бір арман. Әйтеуір бір тосқауыл алдарынан шығады да тұрады. Көзге көрінбейтін бір ала жіп тағы бар... Сол уақытта газет таралымы төмендеп, оқырмандар саны азайып, қиындықпен бетпе-бет келіп тұрған шақ екен. 

Мені газетке жұмысқа шақырғанда жан-жағыммен ақылдасуға тура келді. Бала-шағамен және туыс-туғанмен дегендей. Бәрінің де ақыл-кеңесін саралап көрдім. Жасым болса алпыс үште. Денсаулық та мәз емес. Бұған да алаңдадым. Және бұл сала маған жете таныс еместігі тағы бар. Қайтпек керек? Көп ойландым. Алайда жеме-жемге келгенде бала кезден армандаған, жазу-сызуға деген құштарлығым өз дегенін жасады. Нартәуекел еттім. Бірден айтайын, бұл газет маған бұрыннан ұнайтын. Халықаралық мәртебесіне сай өзіндік үні бар. Билік пен халықтың арасындағы шын мәніндегі алтын көпір. Елді елең еткізер өзгеше айдарлары қандай?! Не жазса да саралап, зерттеп толғайды. Арзан дүниеге араласпайды. Елді көп аралайды. Халықпен сөйлеседі. Олардың жоғын түгендейді. Ойлайтындары түркі әлемінің бірлігі мен ынтымағы, қазақтың қамы.  Сыны қандай алмас қылыштай жарқылдаған! Қоғамдағы келеңсіздік, тіл мәселесі, халықтың тұрмыс-тіршілігі – илегені. Қай жерде жұмыс істесем де, қазақ баспасөзі көз алдымда жүретін. Бәрін дерлік үйге жаздырып алып оқитынмын. Сол себепті көп жағдайдан хабарым да бар еді... Қазақстан тәуелсiздiкке қол жеткiзген соң, екi елге ортақ қуаныш – мәдени-ақпараттық саладағы байланыстарды күшейту жолында «Қазақстан-ZAMAN» газетi қос ел Президенттері Тұрғұт Озал мен Нұрсұлтан Назарбаевтың ақ бата беруімен ашылып, Түркияның «ZAMAN» газетінің қаржыландыруымен қазақ және түрік тілдерінде шықты. 

Жалпы Қазақстан мен Түркия арасындағы туысқандық қарым-қатынастардың дамып, тереңдеп нығаюына бұрынғы «Қазақстан-ZAMAN» (қазіргі «Qazaqstan dauiri») газетінің қосқан үлесі өте зор. Бұл басылым шын мәнінде ұзақ жылдар бойы бір-бірінен қол үзіп қалған бауырлас қос ел арасындағы алтын көпір рөлін атқарды. Оған газеттің екі ел тарихына, салт-дәстүрі мен мәдениетіне, бүгінгі тыныс-тіршілігіне ерекше назар аударатындығы, оқу, білім, тарих, дін, мәдениет, отбасы, денсаулық, саясат пен экономика, шетел жаңалықтары, ел құлағын елеңдетер әлем оқиғалары, әлеуметтік мәселе, жекелеген адамдардың тағдырына қатысты жанайқайлар, спорт т. б. тақырыптарды назардан тыс қалдырмай, үнемі жариялап келе жатқандығы дәлел бола алады. 

Обалы нешік, Ахмет Аляз бар жағдайымды жасауға тырысатынын жеткізді. Уәдесінде тұрды да кейін. Сөзінен түсінгенім, «Ағайындар бізді көп жиынға шақырмайды, шетқақпай қылады. Көп нәрседен шет қалып жатамыз. Өзіңізге Астанадан үлкен қосын ашамын. Астыңызға жүріп-тұратын машина беремін. Хатшыңыз болады. Журналистерді өзіңіз жасақтайсыз. Бүкіл билік сізде болады. Бүкіл құжатқа бірінші өзіңіз қол қоясыз. Сізді ел біледі. Айтар жерінде айта да білесіз. Дәл қазір басшылыққа сіз секілді адам керек болып тұр», – деді. Сөзінің соңында: «Сіздің менеджерлік қасиетіңіз бар, сіз «Қазақтелекомда» осы салада жұмыс істедіңіз. Енді сол бай тәжірибеңізді «Қазақстан ZAMAN»-ға жұмсаңыз», –  деп, үлкен жауапкершілік артқаны әлі есімде.  Мен айтқандарын құп алғаныммен, финанс жағы мен үшін жұмбақ әлем болғандықтан, «Қаржы жағына жоламаймын, айналайын» деп ашық айттым. (Ақша жағынан алыс жүремін баяғыдан).  Солай келістік те. Сөйтіп, екінші тынысым ашылғандай жаңа жұмысқа, баспа ісіне араласа бастадым. Бала кезгі арманға сара жол  осылайша алдымнан шыға келді. Ахмет бей басында үлкен жиындарға өзімен бірге алып жүрді. Анасындай құрметтеді. Сол үшін де ризалығым шексіз оған.  Бала кездегі арманыммен қауыштырғаны үшін. Газеттегі кездесетін қиын кездерде жанымнан табылып, қолдап, қорғап отырғаны үшін. Үлкен жауапты істі сеніп тапсырғаны үшін.  Түркия мен Қазақстан арасының достық, туыстық қарым-қатынасына  «Қазақстан-ZAMAN» газеті арқылы үлкен қолдау білдірген азамат – осы Ахмет бей. Оны айтпай кету  – арға сын! 

Ахмет бейдің тағы бір еңбегі – қазақ журналистерін Түркияға жиі-жиі апарып, ол жақтағы журналистермен  тәжірибе алмасуына көп күш салды. Бұл қазақ азаматтарын Түркиямен таныстыруға, ағайынды екі жұрттың ынтымағын арттыруға  игі бастама болды. Жақсының жақсылығын айту керек, нұры тасу үшін...

Ерекше бір айта кеткім келетін жайт, балалар жазушысы, белгілі басылымдарда ұзақ жылдар бойы журналистік қызмет еткен Ертай Айғалиұлының тәжірибесі мол болатын. «Қазақстан-ZAMAN» ЖШС-на бас редактор болып келген ол осы газеттің корректорлығынан оның Бас директорлығы  дәрежесіне дейін жеткен Ахмет Аляз екеуі бірлесіп, газетті біршама биікке көтерді. Ұлттық мүддені басты мақсат етіп қойды, газеттің тақырыптарының да сан алуан болғанын қадағалаған газет ұжымы басылымды зор ізденіспен шығара бастады, таралымы тез көтерілді. Халықтың жанайқайына ден қоя отырып,  бас редактор өткір тақырыптарға бара білді. «ХХІ ғасыр ауылы қандай болуы керек?» экспедициясымен бас редактордың өзі республика аймақтарын аралап, айлар бойы жолда жүрді. Бұл басылымды халықтың сеніміне ие етсе, «Әкіміңіз қандай адам?», «Қазақшаң қалай, министрлік?», «Депутатыңызға сенесіз бе?» деген тақырыптар аясындағы материалдар шенеуніктердің бетін бері қаратты. 

Жалпы айтқанда, газеттің қалың оқырман арасына көп тарап, өрісін кеңітіп, қанатын кеңге жаюына Қалтай Мұхамеджанов ағадан бастап, Қазақстан Республикасы Премьер-министрiнiң орынбасары Мырзатай Жолдасбеков, Ислам Жеменей т. б. осындай көрнекті қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері де зор еңбек сiңiрді. Бiр қызығы, бұл газет Қазақстан тәуелсiздiгiнен бiр ай, бiр күннен кейiн, тіпті  Қазақстандағы ресми Түркия елшiлiгi aшылмай тұрып дүниеге келді. Алғашқы редакторы – ардақты ақсақалымыз Қалтай Мұхамеджанов басылымның тұңғыш нөмiрiне 1992 жылы қаңтардың 12-сi күнi қол қойып, ол қаңтардың 17-сі күні жарыққа шықты. Бұл газеттiң алғашқы санына Түркия Республикасының Президентi Тұрғұт Өзал, Премьер-министрi Сүлейман Демирел және Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаев пен сол кездегi Премьер-министр Сергей Терещенконың құттықтау сөздерi басылып шықты.  Алғашқы күннен «Қазақстан-ZAMAN» газетінің бас редакторы Ертай Айғалиұлы екеуміз ерекше сыйластықпен, ынтымақ-бірлікпен түрлі жоспарлар құрып, ел аралап, халықпен жүздесіп, газеттің таралымын көбейтуге күш салдық. Бас директор Ахмет беймен келіскендей, өзім ұжым жасақтай бастадым. Осылайша Астана қосыны құрылды. Облыстарды аралай жүріп, ол жерлерге тілшілер тағайындадық. Ондағы мақсат – газетіміздің  әр санында әр өңірдің тыныс-тіршілігін көрсету еді. Шалғай елдімекендегі өзекті дүниелер, проблемалар арқылы билікке де «дат» айтудың төте жолы сол болатын. 

Газет жұмысын жандандыруды елмен араласудан бастадық. Басшылармен де, қосшылармен де тілдесіп, елдегі елеулі деген мәселелерді күн тәртібіне шығара бастадық. Халықтың жанайқайын жаңғырттық. Шаруалардың күйзелісін, кем-кетігін жоғарыға жеткізуге күш салдық. Әсіресе Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп жасаған экспедицияның пайдасы зор болды. Әкімдер мен халықтың арасындағы келеңсіздіктер, түсінбеушіліктер сараптама мақалаларға арқау етілді. Сол заманда 7,5 мың ауыл, 162 аудан, 14 облыс бар еді. 14 облысты жылына екі рет аралаймыз. Не өзгеріс болғанын қадағалаймыз. Нәтижеге үңілеміз. Осы уақытқа дейінгіні санасақ, біздің газет ұжымы 6,5 мың шалғайдағы ауылдарды аралапты. Аз ба, көп пе, өзіңіз саралаңыз. Облыстан шалғай жатқан ауылдарды аралау барысындағы ойқы-шойқы жол бейнеті, шаршап-шалдығуды қосыңыз. Әрине, оңай болған жоқ. Түрлі характердегі шенеуніктер мен әкімдердің алдына бару, халықтың проблемасын сол жерде көтеру де жүйкеге тиер істің бірі. 

Экспедицияның бізге тигізген пайдасы зор, құр аралап қойған жоқпыз, елдімекендерді – ол аймақтардан көңілге түйгенімізді, күрмеуі қиын мәселелерді, халықтың жан айқайын Ақордаға жеткізуге тырыстық. «Qazaqstan dauiri»-не дүркін-дүркін шығып жатқан сыни мақалалардың сыртында, журналистер үйінің баспасөз клубында экспедицияны қорытындылау дәстүрін жолға қойдық.  Парламенттің Мәжілісі мен Сенаты депутаттарын, Ауыл шаруашылығы министрлерін (А. Мамытбеков, Е. Нысанбаев), «Нұр Отан» партиясының өкілдерін, БАҚ қызметкерлерін жиып жыл аяғында жиын өткізіп тұрдық. Ол жиында шалғайдағы елдің тұрмыс-тіршілігі, арыз-шағымы Ауыл шаруашылығы министріне тіке қойылып отырды. «Дипломмен ауылға» бағдарламасында тек қана жас мұғалімдер мен дәрігерлерге басымдық берілетін. Біз агрономдарды, ветеринарларды, зоотехниктерді қостық. Және өз ұсынысымызды дәлелдеп шықтық.  «Нұр Отан» мен Парламент депутаттары және Ауыл шаруашылығы министрлігінің алдында.  Жүре білген адам көре де білетіні  сөзімізге дәлел.  2012-2013 жылдары ауыл әкімдері жайлы өзекті мақалалар жарыққа шығып жатты. Айтайын дегенім, әр экспедицияның өз атауы болды. «Бабалар рухына тағзым», «Туған елге тағзым», «ХХІ ғасырдың ауылы қандай болмақ?», «ХХІ  ғасырдың мектебі қандай болмақ?», «Ұлттық құндылықтар және рухани жаңғыру» т. б.   бұл газет ұжымының ерекше еңбегі деуге тұрарлық іс еді. Біз өстіп оқырман тарттық. Осылайша газет ұжымы алыстағы ағайынның өтініші мен тілегін орындап, олардың үшбу хаттарын билікке жеткізуді алдына мақсат етіп қойды. Көптеген проблемалардың шешімін тапқанына куә болды жұрт.   

Өткен күн, ол – тарих. Оны аттап өтуге болмас. Бір сәт өткенге көз жүгіртіп, «Қазақстан-ZAMAN» халықаралық газетінің өрісінің кеңеюіне, қанатының қатаюына, таралымының артуына үлес қосқан марқасқа редакторларды еске алғым келіп отыр. «Қазақстан-ZAMAN» халықаралық газетінің де жолы үнемі даңғыл бола бермепті. Құлаған да, құлдыраған да шақтары болыпты. Алайда үнемі еңсесін тіктеп, ел қамын еңіреп жазудан танбапты.   

Газет дүниеге келген алғашқы сәттерден бастап Түркия мемлекетінің арнайы  өкілдері басылымның бас директорлық қызметін атқарды. Олар: Әли Байрам (1992-1997 жж.), Әдем Йылмаз (1997-1999 жж.), Эрсин Демиржи (2000-2004 жж.),  (2004-2014 жж.)  Ахмет Аляз ( 2014-2017 жж.) Серкан Хастүрк мырзалар басқарды. (2019 жылдан бері мен – Сәуле Мешітбайқызы басқарып келемін).

Сәуле Мешітбайқызы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері
22.09.2022

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 865
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 6933
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10771
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7004
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7143