Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы алтын көпір

Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы алтын көпір

Шағын және кеңейтілген құрамда өткен екіжақты келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев БАҚ өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады.

Мемлекет басшысы өз сөзінде шақыруын қабыл алып, Астанаға ресми сапармен келгені үшін Әзербайжан Президентіне ризашылығын білдірді. Бұл шаралар екі ел басшыларының екіжақты байланыстарды жан-жақты нығайтуға өзара ниетті екенін тағы да растады. Президенттер ынтымақтастықтың барлық бағыты бойынша пікір алмасып, өңірлік және халықаралық мәселелер жөніндегі ойларын ортаға салды. Сондай-ақ екі елдің өзара қарым-қатынасын одан әрі тереңдетудің перспективалары мен бағыттарын талқылады.

– Ортақ күш-жігеріміздің арқасында Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынас соңғы жылдары бұрынғыдан да ашық әрі жан-жақты сипатқа ие болды. Саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жанданды. Алты айдан астам уақыт бұрын біз Стратегиялық серіктестікті тереңдету және одақтастық қатынастарды кеңейту жөніндегі декларацияға, Ынтымақтастықты дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған кешенді бағдарламасына, сондай-ақ басқа да бірқатар құжатқа қол қойдық. Қазір бұл келісімдердің барлығы дәйекті түрде жүзеге асырылып жатыр. Жоғары Мемлекетаралық кеңес құру маңызды шешім болды. Аталған құжат екіжақты қатынастарды кешенді түрде нығайтуға бағытталған, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекеттер басшылары өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы жарты миллиардтық межеге жақындағанын ерекше атап өтті. Әйтсе де сауда-экономикалық серіктестіктің әлеуеті әлі де мол. Тараптар экспорттық-импорттық тауарлар номенклатурасын одан әрі кеңейту үшін пәрменді шаралар қабылдауға уағдаласты.

Мемлекет басшысының айтуынша, ақпараттық технология саласындағы ынтымақтастықты нығайтудың келешегі зор. Қазіргі уақытта Каспий теңізінің табаны арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл жобаның стратегиялық маңызын ескере отырып, оны уақтылы іске қосу тапсырылды. Сонымен қатар әзербайжандық серіктестерге мемлекеттік қызметтерді цифрландыру саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ IT-стартаптар үшін Қазақстан платформаларын пайдалану ұсынылады. Бұдан бөлек, Президенттер мәдени-гуманитарлық саладағы байланыстың мазмұнын байыту үшін жан-жақты ықпал етуге ниетті. Әзербайжанда Қазақстанның мәдениет күндерін өткізу осы жылдың айтулы оқиғасы болмақ. Елімізде Әзербайжанның мәдениет күндерін ұйымдастыру туралы уағдаластық бар. Қазақстанда өткізілетін бірқатар іс-шара Әзербайжанның жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиевтің 100 жылдығына арналады. Тараптар жастар саясаты, білім беру, медиасфера және контент алмасу салаларындағы ынтымақтастықты дамыту үшін қабылданып жатқан шараларды құптады. Әзербайжанның кабельдік операторлар желілерінде қазақстандық телеарналардың хабарын таратудың, сондай-ақ анимациялық фильмдер дистрибуциясы туралы уағдаластықтарды жүзеге асырудың маңыздылығы атап өтілді. Сонымен қатар тараптардың халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасқаны туралы айтылды. 

Өз кезегінде Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев құрмет көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдіріп:

– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, мен Қазақстанда өз үйімде жүргендей сезінемін және жиі келемін. Қазақстан Президентін қоғамның барлық саласын қамтитын реформаларды сәтті жүзеге асыруымен құттықтағым келеді. Сондай-ақ бауырлас елді дамыту ісінде табыс тілеймін. Біздің өңірде бейбітшіліктің сақталуын көздейтін Қазақстанның ұстанымы зор құрметке лайық. Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін, аса маңызды жаһандық мәселелер жөніндегі салмақты ұстанымын ерекше атап өткім келеді. Қазақстан әлемдік қоғамдастықта үлкен құрметке ие. Мен өз тарапымнан Әзербайжанда Сізді құрметтейтін, бағалайтын бауырларыңыз тұрады деп тағы да айтқым келеді. Бауырлас Қазақстан халқына деген туыстық сезімді арттыра беру үшін бәрін жасаймыз, – деді Ильхам Әлиев.

РАУАН МУТАИР
13.04.2023

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 324
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 6427
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 8040
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 6506
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 6644