Қазақстан халқына! Тіркелмеген «Халық рухы» демократиялық партиясының
ҮНДЕУІ
Қасым-Жомарт Кемелұлы, Қазақстан халқы! Біз, Мұхтар Шаханов бастаған бір топ қоғам белсенділері, ақын-жазушылар, қоғамдық бірлестіктер жетекшілері және өзге де жеке тұлғалар 2007 жылы «Халық рухы» демократиялық партиясын құрып, Әділет министрлігіне тіркеуге өткізген болатынбыз. Содан бері 15 жыл өтті. Біз осы уақыт аралығында Қазақстан Республикасының Премьер Министрінен бастап, өзге де құзырлы мекемелерге қаншама рет хат жаздық. Әділет Министрлігіне қарасты Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комиттеті басшыларымен бетпе-бет отырып та сөйлестік. Бәрі де өз ыңғайларына орай жасалған заң талаптарын көлденең тартып, шығарып салумен болды. Соған орай баспасөз беттерінде дабыл қақтық. Халықаралық ұйымдарға да жүгіндік. Алайда билік оң пейіл танытпады.
Содан бері 15 жыл өтті. Билік ыңғайын байқаған соң, бұл тақырыпты жылы жауып қойсақ та болар еді. Алайда Сіздің, құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Жаңа Қазақстан құруға ниет етуіңіз біздің үмітімізді қайта оятты. Біз партия атынан жаңа тұрпатты Қазақстанға қызмет еткіміз келеді. Оның үстіне Халық рухы партиясы құрылған күннен бастап-ақ халықтық партияға айналды. Біз заң бойынша өзімізге бөлінген қысқа мерзім аралығында 100 мыңнан астам халықты партияға мүшелікке тарта алдық. Біздің партияға 21 ұлттың өкілі сенім білдіріп, мүшелікке өтті. Олар қатарының партия тіркелген жағдайда арта түсері күмәнсіз. Себебі біз барша Қазақстан халқын бір тудың астына біріктіруге қызмет етеміз. Ол – бүгінгі өмір талабы. Кешегі күн халқымыз бастан кешкен қаралы қаңтар оқиғасы, әлемді шарпыған соғыс өрті бізге сабақ. Біз тарихи кезеңді бастан кешудеміз. Бізде бір ғана мақсат бар. Ол- Тәуелсіздігімізді баянды ету. Сондықтан да біз барша Қазақстан халқын, өзге де партиялар мен қоғамдық ұйымдарды бір ту астында бас қосуға шақырамыз! Сондай-ақ жаңа билікке «Халық рухы» партиясын тіркейді деп сенім артамыз.
«Халық рухы» партиясының саяси бюросы
(Үндеу партияның ресми жиынында бекітілді)