ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯСЫ

ҚАЗАҚСТАН  РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ    ҰЛТТЫҚ  ИДЕОЛОГИЯСЫ

✔Жазушы-публицист

Марат Бәйділдаұлы (Тоқашбаев):

                 ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстарды тұжырымдау жөніндегі жұмыс тобының назарына

    Қазақстан Республикасы Ұлттық идеологиясының төменде ұсынылып отырған жобасында ҚР Конституциясына енгізілетін  ұлттық тұрғыдағы өзгерістер мен толықтырулар топтастырылған. Бұл жоба ҚР жаңа Конституциясының өзіндік барометрі. Осындағы қағидалар қаперге алынуын сұраймын. 

 

                                                                                      ЖОБА

                       ҚАЗАҚСТАН  РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ 

                       ҰЛТТЫҚ  ИДЕОЛОГИЯСЫ

Аңдатпа

   ✔ Қазақ халқы – Қазақстан Республикасында мемлекет құраушы ұлт болып табылады. Тәуелсіз Қазақстан – қазақ халқының 1931 жылдан 1991 жылға дейін отаршылдыққа қарсы 260 жылға созылған қаһармандық күресінің жемісі. 

 

   ✔ Қазақстан қоғамын қазақ халқынсыз, қазақ халқының ұлттық әдет-ғұрпы мен салт-санасынсыз елестету мүмкін емес. Қазақ халқының өмір сүру салты мен өмір сүру деңгейі Отанымыздың өзегі, түпкі тамыры, ел тәуелсіздігінің басты тірегі. Сондықтан Конституцияға қазақ халқының мемлекет құраушы мәртебесі  қайтарылуы керек. 

 

   ✔ Ұлттық идеология рухани бірліктің, қоғамдық өмірдің барлық саласында ұлт пен оның мүдделерінің тұтастығына негізделген көзқарастардың, ұғымдар мен құндылықтардың жүйесі. Қазақстан Республикасының Ұлттық идеологиясы – Қазақстан Республикасында мемлекет пен қоғам өмірінің барлық саласында ұстанылатын қағидаларды қалыптастырады. 

 

   ✔ Ұлттық мемлекет – ұлы ұстаным. Қазақстан Республикасының Ұлттық идеологиясы Қазақ ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясы (25.10.1990ж), Қазақ ССР-нің Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы конституциялық Заңы (16.12.1991 ж), Қазақ Республикасының тұңғыш Конституциясы (28.01.1993 ж), Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясы (30.08.1995 ж), Қазақ Ұлттық Кеңесінің қаулысы (28.11.2013 ж) ескеріле отырылып жасалды. 

 

   ✔ Қазақстан Республикасының Ұлттық идеологиясы Қазақ мемлекеттілігін нығайтуға бағытталады. Халқының үштен екі бөлігінен астамын (ресми дерек бойынша 70,18 пайыз) қазақ халқы құрайтындықтан Қазақстан көп ұлтты мемлекет болып саналмайды. 

    

    ✔Референдум. Қазақстан Республикасының Ата заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу тек референдум арқылы жүзеге асырылады. Парламенттің Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу құқығы  жойылады.  

   ✔ Мемлекет тәуелсіздігінің отыз жылында мемлекеттің дамуы мен орын алған қателіктер сарапталады. Авторитарлық режимге қолдау көрсеткен партиялар таратылады, жеке басқа табынушылыққа жол бергендер айыпталады. Коммунистік партияға тыйым салынады. 

 

   ✔ Қазақстан елде тұратын барлық ұлт өкілдерінің азаматтық құқықтарын сақтай отырып, Қазақ Ұлттық мемлекеттігін (Германия, Франция, Чехия, Өзбекстан, т.б. елдер сияқты) құру мен дамыту бағытын ұстанады. 

 

    ✔ Сыртқы саясат тең құқылық қағидаттар негізінде жүзеге асырылады. Өзге мемлекеттерге кіріптар ететін қадамдарға дереу тосқауыл қойылады. Қазақстан  бүгінгі таңда кіріптарлыққа ұшырап отырған  ҰҚШҰ (ОДКБ) мен Еуразиялық одақ сияқты ұйымдардан 2022 жылдың соңына дейін шығады.      

 

   ✔ Ұлт пен мемлекеттің мүддесіне қайшы келетін (бұрын қабылданған, қазіргі қолданыстағы) кез келген құжат пен келісім-шарт (АҚШ-пен, Ресеймен, Қытаймен, т.б,) ұлт мүддесі тұрғысынан  қайта қаралады. 

 

   ✔ Қулық-сұмдық, алаяқтық жолымен табылған байлықтың бәрі тәуелсіз сот арқылы заңсыз деп танылып, национализациялануға жатады. 

 

   ✔ Көзбояушылық пен коррупция Отанға жасалған сатқындық болып есептеледі. 

    ✔  Қазақстан Республикасы аумағында кешіктірілмей отарсыздандыру (деколонизация), советсіздендіру (десоветизация) және люстрациялық үдерістер жүргізілуге тиіс. Отаршылдық тұсынан және советтік кезеңнен қалған жер-су атаулары түгелдей өзгертіледі. Бұл ең алдымен тарих, оқулық, ономастика салаларын қамтиды. 

 

   ✔ Барлық мемлекеттік қызметшілер, күш құрылымдарының (ұлттық қауіпсіздік комитеті, армия, полиция, қаржы полициясы, т.б.) қызметкерлері түгелдей қызметке кірісерде қолдарын Құранға (христиандар Інжілге) қойып Отанға адал болуға Ант береді. Ант беру рәсімі салтанатты жағдайда өткізіледі. Олардың ант парақшасы жеке іс қағаздарында сақталынады. Ант бұзылған жағдайда олардың өздері де, ұрпақтары да мемлекеттік қызметке жолатылмайды. 

 

   ✔ Мемлекет құраушы ұлт. Қазақ халқы – Қазақстан мемлекетінің негізгі тірегі. Әр қазақ Отаны үшін – дос, жолдас, бауыр! Ұранымыз – бір халық, бір Отан, бір мемлекеттік тіл. Ұлт мүддесі бәрінен жоғары! Біз Алаш арыстарының жолын жалғастырамыз. Қазақстанның ұлттық демократиялық бағытта дамуы – басты нысана! Туған ел, туған жер үшін жанымыз пида! 

 

   ✔ Қазақстандағы ұлтаралық саясат онда тұратын түрлі диаспоралардың мемлекет құраушы – қазақ ұлтының төңірегіне топтасу, шоғырлану бағытында жүргізіледі. Қазақстан халқы ассамблеясы туралы бап Конституциядан алынып, қажетсіз ұйым таратылады. 

 

   ✔ Қазақстан – қазақ халқы мен онда тұратын түрлі ұлт өкілдері үшін – ортақ Отан. Экономикасы мен руханияты мықты дамыған өркениетті Қазақстанды қалыптастыру – басты мақсат. Сепаратистік немесе диаспоралық астамсу көріністеріне жол берілмейді. 

 

   ✔ Тарих саласында Қазақ мемлекеттігінің тарихы қазақ этносын құрауға атсалысқан Үйсін (б.д.д. ҮІІІ –Ү ғғ) және Қаңлы мемлекетінің (б.д.д. ІҮ – б.д. ІІІ ғғ) тарихынан басталады. Қазақ мемлекеттілігінің тарихына – кемінде 2500 жыл. Уақытша бодандықтан құтылып, тәуелсіздігімізді қайта жеңіп алған 1991 жыл Қазақ мемлекеттілігі тарихының бір бөлігі ғана. 

 

   ✔ Қазақстан аумақтық және хандық билік тұрғысынан Алтын Орда мемлекетінің құқықтық мұрагері болып табылады. (Билеушілері түгелге жуық қазақ топырағында жерленген). 

 

   ✔ Ресей империясына бағынышты болған 1731 жылдан 1991 жылға дейінгі аралықта орын алған 400-ден астам көтеріліс қазақ халқының азаттық жолындағы күресінің айғағы. 1991 жылы 16-желтоқсанда жаряланған тәуелсіздік сол қантөгістер арқылы  қайтарылып алынған азаттық.    Бұл көтерілістердің тарихы мектеп оқушыларына жүйелі үйретілуге тиіс. 

 

   ✔ Қазақстан аумағындағы генодцид. 1920-1921 және 1932-33 жылдардағы ашаршылық Коммунистік партияның, Совет Одағының қазақ халқына қарсы жасаған геноциді болып табылады. Оны халықаралық деңгейде мойындату бағытында жұмыстар жасалуға тиіс. 

 

   ✔ Коммунистік режимнің 1936-37 жылдары Қазақстан халқына қарсы жүргізген репрессиялық саясаты айыпталады, жазықсыз жазаға тартылған 4,5 миллион адамды саяси ақтау жүзеге асырылуға тиіс. 

   ✔ Адамзатқа қарсы қылмыс. Адамзатты Екінші дүниежүзілік соғысқа ұрындырған фашистік Германия мен большевиктік СССР әрекеттеріне ұлттық тұрғыдан адамзатқа қарсы қылмыс ретінде баға беріледі. Большевиктік СССР мен фашистік Германия арасындағы 1941-1945 жж соғыс «Совет-герман соғысы» деп аталады. 

 

  ✔ Екінші жаһан соғысына қатысушылар. Совет-герман шайқастарын қосып алғанда Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Қазақстанның әскери комиссариаттары арқылы әскерге алынғандар, соғысқа қатысқан жауынгерлер мен сардарлар, өз еркінен тыс жағдаяттарда тұтқынға түскен, саяси ұстанымдарының қандай екендіктеріне қарамастан, майдан окоптарының қай жағында қару ұстағанына қарамастан қазақ майдангерлері мен партизандары, Түркістан легионында болғандар, түрлі қарсыласу қозғалыстарына қатысушылар Екінші жаһан соғысының мәжбүр қатынасушылары деп танылады. Және оларға қарсы айыптау ұстанымдары қолданылмайды. 

 

  ✔ 9-мамыр – Екінші жаһан соғысы құрбандарын еске алу күніне айналады. Жеңіс күні мәртебесі жойылады.  

     Совет Одағы жүргізген барлық басқыншылық соғыстар (Ауған соғысын қосып алғанда) адамзатқа қарсы қылмыс ретінде айыпталады әрі олардың дәріптелуіне тыйым салынады. 

 

   ✔ Қазақстанда отаршылдық кезең (1731-1917 жж) мен советтік кезеңнің (1917-1991жж) саясаты мен мұраларын насихаттауға, советтік символиканы пайдалануға тыйым салынады. 

   

   ✔ Қазақстан аумағында басқа елдердің идеологиялық «Бессмертный полк» сияқты акцияларын өткізуге, Власов армиясының марапат белгісі Георгиев лентасын тағуға, басқыншылық Z таңбасын пайдалануға тыйым салынады. 

 

   ✔ Қазақстан Қарулы Күштерінің тарихы Қазақ Қарулы Күштерінің тарихынан басталады. Бұл арада 751 жылғы Талас-Атлах соғысының, 1643 жылғы Орбұлақ шайқасының әскери-патриоттық маңызы зор. 1710 жылы мамыр айында өткен Қарақұм құрылтайында Ұлы Жүз, Орта Жүз, Кіші Жүз жасақтарының бірлескен қолы құрылуы, оған Табын Қараұлы Бөкенбай батыр қолбасшылық жасауы тарихи оқиға. Бұл Қазақ Қарулы Күштері нақты құрылған кезең. 2030 жылы бұл даңқты датаға 320 жыл болады. Бөкенбай батыр – қазақтан шыққан тұңғыш маршал. Жыл сайын мамыр айында Қазақ Ұлттық Қарулы Күштерінің даңқты датасы салтанатты түрде аталып өтілуге тиіс. 

 

   ✔ Қазақстан армиясы – ел тәуелсіздігін қорғайтын қарулы құрылым. Онда қызмет ету жастар үшін маңызды мектеп. Жастарды Қазақстан әскерінде қызмет етуге ынталандыратын тетіктер іске қосылады. Қарулы Күштерге бөлінетін қаражат көбейтіледі. Әскерлерге арналған әлеуметтік пакет көлемі ұлғайтылады. Әскери ұлттық идеология қазақстандық патриотизмді дамытуға бағытталады. Әскер құрылымы біртіндеп НАТО форматына көшіріледі. "Бейбітшілікті қаласаң – соғысқа дайын бол" демекші, әр бір жас қару-жарақ қолдануды, әскери өнерді жетік меңгеруге тиіс! Күш құрылымдарында тек мемлекеттік тіл ғана қолданылады. 

   

    ✔ Желтоқсан көтерілісі. 1986 жылғы отаршылдық жүйеге қарсы бас көтерулер Желтоқсан көтерілісі  деп танылады. Оған тарихи тұрғыдан ресми  баға беріледі. Желтоқсан көтерілісіне қатысушыларға арнайы заңмен жеңілдіктер қарастырылады. Желтоқсан көтерілісін күшпен басып-жаншуға жол бергендер қылмыстық жауапкершілікке тартылады.  Оларға қылмыстың мерзімі өткендік қағидасы қолданылмайды.

 

    ✔ Жаңаөзен қырғыны өз алдына жеке тергеледі. Оқ атуға бұйрық бергендер мен оны орындағандар заң алдында жауап береді. Оларға қылмыстың мерзімі өткендік қағидасы қолданылмайды. Өздері қатаң қылмыстық жауапкершілікке тартылып, дүние-мүлкі тәркіленеді. Жазықсыз өлтірілгендердің отбасына, зардап шеккендерге өтемақы төленеді.   

 

   ✔ Қаржы-қаражат, ақша саясатында барлық есеп-қисап құжаттары тек мемлекеттік тілде жүргізіледі. Банкноттарда жеке адамдардың суреті салынуына жол берілмейді, номиналдық жазу тек мемлекеттік тілде ғана болады. Қазақстанның шетелдерге қарызы біртіндеп азайтылады. 

 

   ✔ Қазақстанға түпкілікті тұруға келген әр адам Қазақ мемлекеттігінің тарихынан, мемлекеттік тілден, мемлекеттік Әнұраннан емтихан тапсыруға міндетті. 

 

   ✔ Өлім жазасына мораторий алынып тасталады. Мемлекет мүддесін сатқандарға, мемлекет қаржысын аса ірі көлемде қымқырғандарға, ірі көлемде парақорлықпен айналысқандарға, сепаратистік әрекет жасаушыларға, шынайы террористерге, педофилдерге ату жазасы қолданылады. 

 

   ✔  Мемлекеттік тіл саясатында мемлекеттік тілді білмейтіндер мемлекеттік қызметке алынбайды. Мемлекеттік тілді білмейтіндер белгіленілген екі жылдың ішінде мемлекеттік тілді үйренбесе мемлекеттік қызметтен шеттетіледі. 

 

   ✔ Қазақстан Президенті, Премьер-министр, министрлер, Парламент спикерлері, түрлі ресми құрылымдардың жетекшілері, облыс, аудан басшылары барлық жиындарды тек мемлекеттік тілде өткізуге міндетті. Басқа тілдерді қосарлап пайдалануға жол берілмейді. 

 

   ✔ Мемлекеттік тіл дипломатияда басты басымдыққа ие. Қазақстан Президенті басқа елдердің лидерлерімен ресми кездесулерінде тек мемлекеттік тілді қолдануға міндетті. Өзара пікір алмасу, келіссөз  қазақ-орыс, қазақ-украин, қазақ-өзбек, қазақ-ағылшын, қазақ-француз, т.б. аудармашылар арқылы жүзеге асырылады. Сыртқы істер министрлігінің қызметкерлеріне ресми қызметі кезінде ел ішінде мемлекеттік тілден басқа тілдерді пайдалануға тыйым салынады. 

 

    ✔ Мемлекеттік тілді қолдану барлық құқық қорғау органдарында міндетті. Қазақстан Қарулы Күштерінде, Ішкі істер органдарында, Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінде, Прокуратура органдарында, Қаржы полициясында, қылмыстық-атқарушы пенитенциарлық жүйеде 2025 жылдан бастап тек мемлекеттік тіл ғана қолданылады. Бұйрықтар тек қазақ тілінде беріледі. Қосарланған басқа тілдерді қолдануға тыйым салынады. Бұл талапқа жария немесе үнсіз қарсылық білдірген басшылар қызметінен босатылады. 

 

    ✔  Экономикалық байланыстар саласында. Қазақстан елдің тәуелсіздігіне қауіп төндіретін пайдасыз Еуразиялық экономикалық одақ құрамынан шығады. Ресеймен экономикалық байланыстар шекаралық еркін сауда аймақтарын құру арқылы тең құқылы жағдайда жүзеге асырылады. Қытаймен байланыс та осындай шекаралық еркін сауда аймақтары арқылы жасалады. 

 

   ✔  Түркі елдерімен достастық. Қазақстанның Түркі елдері достастығымен әскери, экономикалық, мәдени байланыстары нығайтылады. Бұл Қазақстан үшін ең маңызды одақ. 

 

   ✔  Ұлттық қауіпсіздік саласында. Ұлттық қауіпсіздік қызметі ұлттық мемлекеттілікті қорғау мен нығайтуға бағытталады. Күш құрылымдары үшін қару-жарақ сатып алу ісі тек Ресеймен шектелмей ең алдымен отандық (Жетесов автоматы тәрізді) және шетелдік озық үлгідегі қару-жарақтарға басымдық беріледі. Қазақстан аумағын әскери базалар үшін жалдау ақысы қайта қарастырылады. Қазақстан аумағындағы шетелдік әскери базалар азайтылады әрі біртіндеп жойылады. Жаппай аңдуға, ақпараттық экспансияға жол берілмейді. 

 

   ✔  Білім саласында орта білім беру мен жоғары білім беру салалары екі ведомствоға бөлінеді. Мұғалімдік жұмыс жалақысы ең көп салаға айналады. Қазақ мектептерінің үлесі оқушылар санына байланысты біртіндеп арттырыла береді. 6-сыныпқа дейін тек екі тіл, қазақ және ағылшын тілі оқытылады. Пәндер негізінен мемлекеттік тілде жүргізіледі. Аралас мектептерде 2025 жылдан бастап бірінші сыныпқа бала алу тоқтатылады. Мемлекеттік тілді сөйлеу деңгейінде меңгермеген түлектерге мектеп бітіргендігі туралы аттестат берілмейді. Баласын мемлекеттік тілден басқа тілдерде оқытқысы келген ата-аналар өз қаражатына, мемлекеттік бақылаудағы жекеменшік мектептерде оқыта алады. 

 

   ✔ Ғылым саласында Ұлттық Ғылым академиясының мәртебесі қайтадан қалпына келтіріледі. Ғылымды дамытуға бөлінетін қаражат бюджеттің қазіргі 0,2 пайызынан кемінде 2 пайызына көтеріледі. Әрі ғылымның қолданбалы салаларына бетбұрыс жасалады. Ғылымның ауылшаруашылығына қатысты салалары барынша дамытылады. Қазақстанға азық-түлік тауарларын импорттау ішкі даму есебінен азайтылады. Цифрлық дамуға басымдық беріледі. 

 

   ✔ Ақпарат саласында. Теледидарда ойын-сауық бағдарламалары шектеліп, мемлекетті дамытуға қатысты сараптамалар мен сұқбаттарға молынан орын беріледі. Мемлекетшілдік психология қалыптастырылады. Мемлекеттік органдар мен мемлекеттік қызметкерлерді сынауға жол ашылады. БАҚ жүзінде айтылған сындарға мемлекеттік органдар жауап беруге міндетті. Ғылым мен білімді, жастардың техникалық, технологиялық ұмтылыстарын насихаттауға әрі қолдауға, азаматтық белсенділікті арттыруға баса назар аударылады. 

 

   ✔ Дін саласында. Ұлттық идеология зайырлы бағыт ұстанады. Басқа діндер мен ағымдарға тағаттылық танытылады. Қазақ халқы Ислам дінін, оның Әбу Ханифа мазһабын ұстанатындықтан Ислам құндылықтары ұлт үшін жоғары. Ислам дегеніміз – көркем мінез. Тәрбие жұмыстарында сол ислам құндылықтары пайдаланылады. Ұлттық дәстүрлерге қайшы келетін, ұлт пен Қазақстан халқы арасына жік түсіретін экстремистік, террористік пиғылдағы ағымдар мен секталарға, сепаратистік ұйымдарға тыйым салынады. 

 

    ✔ Туризм саласында орта ғасырлық қалалар ізімен тарихи-бекіністік үлгідегі қалашықтар желісі жасалады. Қазақ халқының тарихы мен ұлттық әдет-ғұрыптары насихатталады. 

 

   ✔  Мемлекеттік қызмет. Мемлекеттік қызметкерлердің жұмысы кәсіби шеберлік, жауапкершілік және мемлекетшілдік қасиеттеріне қарай бағаланады.  Мемлекеттік қызметкер мұсылман болса Құран ұстап, христиан болса Інжіл ұстап Жаратушы Иесі алдында ант береді.

 

   ✔ Жер – халықтыкі. Оны баспана салу мақсатынан басқа жағдайда сатуға болмайды. 49 жылға дейін пайдалануға берілуі ықтимал. Жерді шетелдіктерге сатуға да, жалға беруге де тыйым салынады. 

 

   ✔ Демократияны тереңдету мақсатында Сайлау туралы заңнамада әр адамның төтелей сайлау мен сайлану құқығына жол ашылады. Жанама сайлау тәсілдері төтелей сайлау тәсілдеріне алмастырылады. Яғни Сенат пен партиялық сайлау жүйесі болмайды. 

 

   ✔ Сот билігі шынайы тәуелсіз болады. Сот судьяларын округтер бойынша халық сайлайды. Жоғарғы Сот судьялары бүкілхалықтық сайлау жолымен сайланады. Сот судьялары халық алдында есеп беріп отырады. 

 

   ✔ Экономика саласында қосымша құн салығын төлейтін өндіріс орындарын көбейтуге, нақты тауар өндіретін шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға барынша назар аударылады. 

 

   ✔ Энергетика саласында қайталама энергия көздерінің дамуына мемлекеттік қолдау көрсетіледі. АЭС салынуына жол берілмейді. 

 

   ✔ Шекара және кеден істерінде мемлекеттік мүдде қатаң сақталады.

 

    ✔ Демографиялық мәселелер. 2030 жылға дейін Қазақстан халқының санын 25 миллионға жеткізу шаралары жасалады. Бұл мәселе екі түрлі жолмен шешіледі. Ішкі саясатта отбасы, ана мен балаға қамқорлық және бала туу көрсеткіштерін арттыруға қаржылық ықпал ету шаралары көзделеді. Бес балалы әйелдер зейнеткерлікке 45 жаста шығады. Бала тууға байланысты жәрдемақы мөлшері ұлғайтылады. Сыртқы саясатта қандастарымызды атамекенге оралту бойынша жыл сайынғы квота саны айтарлықтай ұлғайтылады.

 

    ✔ Экономикалық паспорт. Қазақстан аумағындағы қазба байлықтардың иесі Қазақстан халқы болып табылады. Қазба байлықтарды өндіруден, оны пайдалану мен сатудан түскен қаражат экономикалық паспорт арқылы бюджет жарнасы есебінен Қазақстанның әрбір азаматының есепшотына түседі. 

 

   ✔ Банк қызметі. Қазақстанның екінші деңгейдегі банктерінің қызметі негізінен халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталады. Банктердің жоғары жылдық мөлшерлемелер арқылы халықты несиелік қанауына жол берілмейді. 

 

    ✔ Әлеуметтік мәселелер. Баспана – әлеуметтік саланың басым бағыты болып саналады. Жас отбасыларға арнайы бағдарламалар әзірленеді, 33 жасқа дейін үш және одан да көп балалы болған отбасылар жеңілдіктермен баспана алуына жағдай жасалады. Зейнетақы жасы біртіндеп ерлер үшін 65-тен 60 жасқа, әйелдер үшін 63-тен 58 жасқа кемітіледі. 

Әлеуметтік тұрғыдан мүжәлсіз топтарға, бала күтіміне байланысты отырған әйелдерге ай сайын берілетін жәрдемақы мөлшері көтеріледі. 

 

   ✔ Дарынды жастардың жаңашылдығы мен өнер табыстарына арнайы орталықтар арқылы үкімет тарапынан қаржылық қолдау көрсетіледі. 

 

   ✔ Денсаулық сақтау саласы. Бұл саладағы шаралар саламатты, дені сау ұрпақ қалыптастыруға, адамдардың өмір жасын ұзартуға бағытталады. Дерттің алдын алу мен емдеу ісінің тиімділігі мен сапасы арттырылады. Мемлекеттік диагностикалық жаңа зертханалар желісі жасалады. Жаңа медтехника мен емдеудің жаңа технологиясы енгізіледі. Емхана, аурухана мекемелерінде ұзақ сонар кезек болмау жағы қарастырылады. Медицина саласы қызметкерлерінің жалақысы арттырылады. 

 

   ✔ Мәдениет, әдебиет және өнер саласы ұлттық идеологияны нығайтуға, ұлттық патриотизмді өрістетуге қызмет етеді. Ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізді, имандылық қағидаларын кедергісіз насихаттауға жол ашылады. Ұлттық шығармаларымыздың әлемдік әдебиет пен мәдениеттен және өнерден лайықты орнын алуына мүмкіндіктер жасалады. Аударма қызметі жетілдіріледі. Қазақ тілінен тікелей ағылшын, неміс, француз тілдеріне аудармалар жасау өрістейді. Ұлтқа қызмет ету – мәдениет, әдебиет және өнер саласы қызметкерлерінің абыройлы міндеті. 

 

    ✔ Спорт саласы. Қазақстанда спорт пен дене тәрбиесі халықтың денсаулығын жақсартуға,  спорттық жетістіктер арқылы Қазақстан имиджін көтеру бағытталады. Спорттың Қазақстанда  даму мүмкіндігі жоғары салалары дамытылады. Спортшылар ұлттық намыс пен ұлттық дәстүр тұрғысында тәрбиеленеді.  

 

   ✔ Экологияға баса назар аударылады. Қоршаған ортаны ластайтын көліктер барынша азайтылып, қолжетімді электромобиль көліктеріне ауыстыру үдерісі қолға алынады. Табиғи демалыс орындары жұртшылыққа тиімді етіп ұйымдастырылады. Халықтың экологиялық мәдениетіне көңіл бөлінеді. 

 

   ✔ ЛБГТ – жастарды азғындыққа бастайтын қауымдастық. Олар жұртшылықтың жиіркеніш сезімін туғызса да Қазақстан Республикасында барлық азаматтармен теңдей құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады. Әлеуметтік, діни және демографиялық мәселелерге байланысты Қазақстан аумағында ЛБГТ қауымдастығының істері мен әрекеттерін насихаттауға және жарнамалауға тыйым салынады. 

 

    ✔ Жол құрылысындағы сапа басты назарда ұсталады. Сапасыз салынған жолдар құрылысты жүргізген компания есебінен қайта жасалады. 

 

    ✔ Халық тұтынатын азық-түлік пен тұрмыстық заттардың, дәрі-дәрмектің, балалар ойыншықтарының сапасына мән беріледі. Күдікті тауарлар саудасына тыйым салынады. Адам денсаулығына зиянды әрекеттер заңмен қудаланады.

 

    ✔ Қазақстан Республикасының осы Ұлттық идеологиясы – жаңа Конституция әзірлеу мен оны қабылдауға негіз болып табылады.

Фб парақшасынан
28.04.2022

Ұқсас жаңалықтар

«Ордабасы» президенті маңызды мәлімдеме жасады
«Ордабасы» футбол клубының президенті Абдубаитов Бауыржан Тойшыбекұлы - 25.04.2024 14
ТҮРКІСТАН: ОТЫРАРДА ШІРКЕЙГЕ ҚАРСЫ ДӘРІЛЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 25.04.2024 22
КЕНТАУДА ҚОҚЫС ЖИНАУ БОЙЫНША  «ПЛОГГИНГ» МАРАФОНЫ ӨТТІ
Түркістан облысының әкімінің баспасөз қызметі - 25.04.2024 28
 ШАРДАРАЛЫҚ 9 ОҚУШЫ РОБОТОТЕХНИКА БОЙЫНША ИСПАНИЯДАҒЫ ЖАРЫСҚА ЖОЛДАМА АЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.04.2024 26

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 998
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7047
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10893
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7116
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7258