2025 жылғы 17 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әкімшілік әділет, норма шығару және заң көмегін ұйымдастыру мәселелері бойынша түзетулер енгізілген Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Заң Қазақстан Республикасының Президенті 2022 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына арналған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында берілген тапсырмаларды, сондай-ақ Жалпыұлттық іс-қимыл жоспары мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының жоспарын іске асыру шеңберінде әзірленді.
Заң Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында берген тапсырмалары, сондай-ақ Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының жоспарын іске асыру шеңберінде әзірленді.
Қабылданған Заңның негізгі бағыттары:
Азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту
Негізгі жаңашылдықтардың бірі жария-құқықтық даулардың жекелеген санаттарын Азаматтық процестік кодексінен Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне көшіру болып табылады. Бұл мемлекеттік органдар қабылдаған нормативтік құқықтық актілер бойынша туындайтын дауларда азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін неғұрлым тиімді қорғауға мүмкіндік береді.
Істердің жекелеген санаттарын әкімшілік сот ісін жүргізу саласына көшіру бірқатар елеулі артықшылықтарға ие. Әкімшілік соттар жария-құқықтық дауларды қарауға маманданған және азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара қарым-қатынастардың ерекшелігін ескеретін іс жүргізу тетіктерін қолданады.
Әкімшілік процесс шеңберінде сот істің мән-жайларын анықтауда белсенді рөл қағидатын ұстанады, бұл өтініш берушілердің құқықтары мен заңды мүдделерін неғұрлым тиімді қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мұндай істерді Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодекстің қағидалары бойынша қарау процестік кедергілерді азайтуға, сот қорғауының қолжетімділігін арттыруға және бірыңғай құқық қолдану практикасын қалыптастыруға ықпал етеді, сондай-ақ заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің заңсыз нормаларын неғұрлым жедел анықтау және жою үшін жағдайлар жасайды.
Әкімшілік рәсімдерді жетілдіру
Сонымен қатар, Заң азаматтар мен ұйымдар үшін олардың ашықтығы мен түсінігін арттыруға бағытталған әкімшілік рәсімдерді одан әрі оңайлатуды және ретке келтіруді көздейді.
Әкімшілік актілерде не оларға қосымшаларда шағым берілуі мүмкін уәкілетті органдар немесе лауазымды адамдар, сондай-ақ тиісті шешімге шағымдану тәртібі мен мерзімдері міндетті түрде көрсетіледі.
Әкімшілік рәсімдердің мерзімдерін есептеу ережелері нақтыланады, бұл уақыт шеңберін екіұшты түсіндіруді болдырмауға және құқық қолдану практикасының біркелкілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұдан басқа, әкімшілік рәсімге қатысушының құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын мәселелерді қарау кезінде оның қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған тыңдау рәсімін өткізу тәртібі егжей-тегжейлі регламенттеледі. Жалпы алғанда, аталған өзгерістер әкімшілік актілердің сапасын арттыруға және құқықтық айқындықты нығайтуға ықпал етеді.
Құқықтық жүйені және заң көмегін дамыту
Өзгерістердің елеулі бөлігі құқықтық сараптама және норма шығару жүйесін кешенді түрде жетілдіруге, сондай-ақ құқықтық реттеудің сапасы мен заң көмегін көрсетуді қамтамасыз ететін институттарды дамытуға бағытталған.
Нормативтік құқықтық актілерді дайындаудың барлық кезеңдерінде құқықтық сараптаманың рөлі күшейтіледі, бұл олардың Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасына сәйкестігін, қолданыстағы құқықтық жүйемен үйлесімділігін және құқық қолдану практикасының бірізділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Норма шығару қызметінің әрбір кезеңінде нормативтік құқықтық актілер жобаларына құқықтық және ғылыми сараптама жүргізетін ғалымдар мен сарапшылардың қатысуы неғұрлым негізделген және сапалы нормативтік құқықтық актілерді қалыптастыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар, әділет жүйесі мен заң көмегін көрсету саласының негізгі қатысушылары болып табылатын адвокаттардың, нотариустардың, сот сарапшыларының және жеке сот орындаушыларының қызметін құқықтық реттеу жетілдіріледі.
Қабылданған өзгерістер кәсіби стандарттарды арттыруға, біліктілік деңгейіне қойылатын талаптарды күшейтуге және кәсіптік қызметке қол жеткізу рәсімдерін жүйелеуге бағытталған. Заңнамада аттестаттау және кәсіби бағалау барысында неғұрлым объективті және стандартталған тәсілдер бекітіледі, бұл барлық үміткерлер үшін тең жағдайларды қамтамасыз етуге, субъективті факторлардың ықпалын азайтуға және тиісті рәсімдердің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, аталған шаралар заң көмегінің сапасын арттыруға, құқықтық институттарға деген сенімді нығайтуға және кәсіби әрі жауапты заң қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған.
Заңның ережелерін іске асыру мемлекеттік басқарудың неғұрлым тиімді, ашық және азаматтарға бағдарланған жүйесін қалыптастыруға бағытталған. Қабылданған өзгерістер қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтуға ықпал етіп, әділетті мемлекет құру жолындағы маңызды қадам болып табылады.















