«АУЫЛ АМАНАТЫ» МЕН «АУЫЛ – ЕЛ БЕСІГІ» БАҒДАРЛАМАСЫ ҮМІТТІ АҚТАЙ АЛДЫ МА?
«Qazaqstan dauiri» газеті 16 жылдан бері «Ауыл – ел бесігі», «XXI ғасырдың ауылы қандай болмақ?», «Ауыл аманаты – ел аманаты» экспедицияларымен Қазақстанның түкпір-түкпірін аралады. Тіпті қиян шеттегі елді мекендерге дейін ат ізін салды. Сол уақыттарда «Нұр Отан» партиясы, кейінгі «AMANAT» партиясы бізді қолдады. Олар біздің мақсатымыз бен арманымызды түсінді. Мемлекет басшысының халыққа Жолдауларын негізге алғанымызды сезінді. Ең бастысы ниетіміздің оң екенін, мүддеміздің бір екенін аңғарды. Билік сахнасынан кеткеннен кейін базбіреулер секілді «Нұр Отан» партиясын орынсыз мінеп, сынаудан аулақпыз. Ол партияның ізгі істері де, кемшіліктері де жетеді. Жақсылығы мен жамандығы да итжығыс түсуде. Қазбалай берсең, кімнен де кемшілік шығады. Жақсы көрсең, кемшіліктің өзі көзіңе кеңшіліктей көрінеді. Ұлтқа қызмет еткен кез келген адам – халықтың жақыны! Ол үшін қысып отырады тақымын. Сондықтан бірге қызмет істеген кез келген биліктің жақсысын асырамыз, жаманын жасырамыз. Себебі бір кезде су ішкен құдығымызға түкірмейміз. Басына секірмейміз. Ісімізге өкінбейміз!
Айтарымызды «Нұр Отанның» «көзі тірісінде» айтқанбыз
Неге десеңіз, біз айтарымызды «Нұр Отанның» «көзі тірісінде» айтқанбыз. Біреуге жағып, біреуге жақпай, бірде орта жолдан қайтқанбыз. Зерттегісі келген адам болса, «Qazaqstan dauiri» газетінің архивінде жүрген ізіміз, жаз бенен күзіміз, қуаныш пен мұңымыз жосылып жатыр. Ауыл-елді аралаған экспедиция барысындағы қызығымыз бен шыжығымыз қосылып жатыр. Оны азсынсаңыз, жазғанымыз бен сызғанымыз, Назарбаевқа халықтың атынан айтқан «датымыз бен хатымыз да» сақтаулы. Облыс әкімдері мен ауыл әкімдерінің «көздерін шұқып» нақты дәлелмен, тырп еткізбес фактілермен жазылған ауылдардың хал-ахуалы бөлек әңгіме.
Обалы қане, сол шақтарда «Нұр Отанның» облыс пен аудандағы серіктері, мүшелері қасымызда бірге жүрді. Бәрін көзімен көрді. Айтқанымызға сенді. Халықтың арыздары қаралды, кемшіліктерге жол берген басшылардың кейбірі қамалды, кейбірі жұмысынан алынды. Кейбірі ескерту алып, жаны қалды. Мұны көрген халық қуанды, әділдік бар екен деп жұбанды. Басылымның басты мақсаты да сол емес пе! Біз Назарбаев заманында да өз миссиямызды адал атқардық. Ол жағынан халықтың алдында жүзіміз жарқын! Ал айтқанымызға құлақ аспаса, оған біз кінәлі емеспіз! Егер шыншыл, турашыл басылымдардың жазғаны ылғи да билікті елеңдетіп, «еңіретіп» отырса, бүгінгі ауылдың мүшкіл халінің бірі де болмас еді. Өкінішке өзегіміз толмас еді… Арман-мақсатымыз бәйшешектей солмас еді…
Ақын Қадыр Мырзалиев айтпақшы, «…Жаман болса несі бар, Дюмен де достасамын есі бар» дегеніндей, ұлттық мүдде жолында, халыққа жақсылық әкелетін игі іс барысында кіммен болса да дос болуға әзірміз. Сол принцип жолында келеміз. Сол жолдан таймаймыз!
«Бетеге кетсе бел қалар,
Бектері кетсе ел қалар,
Берекең кетсе нең қалар?!» – дейді қазақ. Сол даналық рас. Биліктегі тұлғаларың бүгін бар, – ертең жоқ, халық мәңгі қалады. Олай болса біздің жанұшыра айтқан ескертпеміз, жанайқайымыз тарих бетіне жазылды, әлі де жазылады. Келер ұрпақ өздері оқып, кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін саралайды. Демек бәріне уақыт төреші.
Обалы нешік, бір адамға табынған авторитарлық жүйе құрды дейтін сол кездегі Ақорда «артық ауыс сөз айттыңдар» деп соңымызға түсіп, қудалаған емес. Арамызда тіпті болған емес керіс пен егес! Өйткені біз халықтың сөзін айттық. Тура биде туған жоғын дәлелдедік! «Нұр Отанның» да айызы қанғандай әсерде жүрдік.
Ол жақта да халыққа жаны ашитын азаматтар баршылық. Ішінен күйініп, саусақтары бүгіліп, саясаттың кейбір тұстарынан түңіліп жүргендерді көзіміз көрді. Әсіресе ауыл мәселесінде айтары бар шен- шекпенділер көп еді…
«Мені құртқан Көкшолақ» деп Кенен атам айтпақшы, бізді құртқан Назарбаевтың қасына жиналған, ауылдың жай-күйінен бейхабар, елге жаны ашымас «тұлғалар» болатын. Олар Назарбаевты өтірік мақтап, жалған ақпаратпен «жақтап», ар-намысын таптап кетті.
Олардың сарқыншағы Ақордада әлі жүр. Президент Тоқаев мырза да маңайына сауысқанша сақ қарап, қатаң талап қойып, өтірікшілер мен суайттарды жазалап, Назарбаевтың түбіне жеткен шенеуніктерден «ауласын» тазалап қойса, нұр үстіне нұр болар еді.
«Нұр Отан» партиясы ауылда өскен қойшының баласы Назарбаевтың ауылға деген ниетін барынша түсінуге тырысты. Талаптанды. Алайда қалада өскен қу аяқтардың қу тірліктерінің құлы болды. Ең өкінішті жері сол! Қаншама ақша желге ұшты. Ауылдың басынан соры арылмады. Әлі күнге солай.
Бірді айтып бірге кете бердім-ау, «Нұр Отан» атқарушы билік болғандықтан, олармен бір мақсат белдеуінде жолымыз түйісті. Ол ауыл аманаты, елдегі ағайын-жұрттың аманатына адалдық таныту еді. Ол мүддеден шыға білдік. Талай-талай сыни мақалалар жаздық. Келеңсіздіктерді түп-тамырымен қаздық. Елдегі жұрттың зары мен мұңын жеткіздік. Бюрократ басшыларды аямадық. Елім деген азаматтарды аяладық. Халықтың сөзін сөйледік, партияға қарап мөлиіп отыратын депутаттарды түйредік. Аузынан сөзі, қолынан бөзі түскендерді елдің алдына сүйредік. Орынсыз ешкімге тимедік. Тағы айтамын, «Нұр Отан» бізге шектеу қойған жоқ. Қайта, «жазыңыздар, шындықты көрсетіңіздер» деп арқамыздан қағып, демеп отырды. Онда неге оларды даттауымыз керек? Қайта мақтайтын тұстарын мақтауымыз керек. Ауылды қолдағандары үшін, әкім-қаралардан «Qazaqstan dauiri» газетін қорғағандары үшін. Ол кезде де басылымға жазылу бір ақырет еді. Ауыл-ауылды аралап, жаяулап-жалпылап, мұғалімдермен кездесіп, ауыл халқымен жүздесіп, тілдесіп, газет оқудың артықшылығын насихаттаумен шаршайтынбыз. Кейде көңілді, кейде кейіп қайтатынбыз. Әлі күнге басымызда сол кеп. Сол проблема!
Ол заманда да облыс әкімдері мен аудан әкімдері арасында кертартпалары кездесетін. Тіпті ауыл әкімдері өзімізді жүре тыңдап бәлсінетін. Олармен де талай сөзге келіп, бірімен достасып, бірімен «мәңгілікке қоштасып» кететінбіз. Ол да бір дәурен екен ғой…
Біз айтарымызды Назарбаев дәуірінде тасқа басқанбыз. Кейде қызды-қыздымен Назарбаевты өз сөзімен «ұрып», бетіне шыжғырып басқанбыз.
Бүгінгі «AMANAT» аты өзгергенмен заты баяғы партия ғой. Оны бесіктегі баладан, еңкейген қарияға дейін біледі. Өтірік көлгірсіп керегі не? Барды бар, жоқты жоқ деу керек. Тек Президенті өзгерген. Бірақ ол кісі партияда жоқ. Білгенге бұл да жаңалық.
Иә, «AMANAT»-тың бүгінгі мұраты бөлек, тілегі ерек! Өзгеріс бар. Идеялық жағынан жаңашылдық сезіледі. Оны жоққа шығармаймыз. Алайда біз қай кезеңде өмір сүрсек те, елдің сөзін сөйлемей тұра алмаймыз. Ауылдың мұңы мен сырын айтудан жалықпаймыз. Себебі қалың қазақ ауылда. Мына дала, анау аспан, жарық күн соның еншісіне бұйырған нәсібі. Жердің асты-үстінің байлығы оның ата-бабасынан қалған байлығы. Тек соның игілігін көру ауыл қазағына бұйырмай тұр.
ҚЫРЫҚ ПАЙЫЗ ХАЛҚЫМЫЗ АУЫЛДА ТҰРАДЫ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев билік басына келгелі де ауылға деген жанашырлық күшейді. Өзі асфальтта өскен қазақ болса да, Тоқаев мырза экономикаға серпін беретін қуат көзі ауылда екенін анық байқатты. Әр Жолдауында ауылдағы ағайынды сөз етпеген кезі жоқ. Ауылдың дамуына мүдделі Президент екені әр ісінен, әр сөзінен байқалады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында сөйлеген сөзіне көз жүгіртіңізші.
«Құрметті қауым, баршаңызды Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумының ашылуымен құттықтаймын! Алқалы жиын Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні қарсаңында өтіп жатыр. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын!
Сондай-ақ бұл форум елімізде тың игеру науқаны басталғанына 70 жыл толуына тұспа-тұс келіп отыр. Сол науқанның түрлі салдары болғанын білесіздер. Соған қарамастан ауылшаруашылығында көптеген оң өзгеріс жасалды.
Қазақстан аз уақыт ішінде әлемдегі ең астықты елдің біріне айналды. Әлеуметтік инфрақұрылым жақсарды, елді мекендер салынды. Мен бүгін алғашқы тыңгерлердің және олардың ізін басқа диқандарымыздың еңбегін ерекше атап өткім келеді.
Жаңа ғана арнайы көрмені араладық. Отандық өнімдеріміздің сапасы жоғары, көбі экспортқа шығарылып жатыр. Бұл – зор жетістік. Қазақстан егіс алқабы және жайылымдық жер көлемі жағынан әлемде 6-орын алады. Біз бидай экспорттайтын 10 ірі мемлекеттің қатарына кіреміз. Ұн экспорты бойынша көш басындағы елдің біріміз.
Биыл түрлі қиындыққа қарамастан, қамбамыз астыққа толды. Күзгі жиын-терінде 26,7 миллион тонна дақыл жиналды. Бұл – соңғы он жылдағы рекордтық көрсеткіш. Шын мәнінде, диқандарымыз тамаша нәтижеге жетіп отыр. Құттықтаймын және баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін!
Қазақта «Еңбегіне қарай – өнбегі» деген сөз бар. Мұны, ең алдымен, ауыл халқының ерен еңбегінің жемісі деуге болады. Мемлекет тарапынан да тиісті жұмыс жүргізілді, қажетті көмек берілді. Қазір елімізде жаңа экономикалық бағдар аясында нақты шаралар қолға алынып жатыр», – деді. Бәрі рас. Еліміз үлкен байлықтың үстінде отыр. Жердің үстіндегі алтын дәннің сапасы мен құрамы, одан пісіп шыққан нанның дәмі мен құнары қандай, шіркін! Жердің астындағы байлықта да шек жоқ. Шерхан ағамыз айтқандай, осыншама байлықтың үстінде жалаңаш отырғанымыз ғана жанға батады…
Сөзіміздің басында айтқандай, «AMANAT» партиясы ауылдың тыныс-тіршілігін елге жариялайтын экспедициямызға үнемі қолдау көрсетіп келеді. Алты жылда алты белесті бағындырдық. Алты белесіміз – алты қырдан асқанымыз. Ауыл мен елге деген «AMANAT»-тың жаңаша көзқарасы да, бізге жаңа серпін, жаңа ойлау, жаңаша жазуға мүмкіндік туғызуда.
Бірлескен дәстүрлі «Ауыл аманаты – Ел аманаты» экспедициямыздың сәтті өтуіне жағдай жасаған «AMANAT» партиясының басшыларына, «AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев Жұматұлына, «AMANAT» партиясының Саяси жұмыс департаментінің директоры Жаулыбаев Еркебұлан Бөлтірікұлына, «AMANAT» партиясының Саяси жұмыс департаментінің консультанты Ғылымнұр Кәдірбайға алғысымыз шексіз. Бұл бірнеше жылғы жүйелі жұмыстың нәтижесі. Алдағы уақытта да осы азаматтардың риясыз көңілмен жасаған көмектері арқасында экспедициямыздың жұмысы бұдан гөрі айдындана түседі деген сенімдеміз.
Өздеріңіз білесіздер, өзен суы тазарған сайын жаңара береді. Суы да бал татып, нуы да бітік өсіп жайқала түспек. Билікте солай. Жаңа басшы келген сайын, жүйеде жаңаруға тиіс, облыс пен ауданның әкімдері де ойлануы тиіс!
Президент Жолдауларына орай биыл да «Ауыл аманаты – ел аманаты» экспедициясы қатарында «AMANAT» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайты, «Qazaqstan dauiri» газеті, «Мөлдір бұлақ» журналы биылда ауыл-аймақты аралап қайтты.
Бұл сапардан көңілге түйгеніміз көп. Экспедициядан айлап жүріп, шаршап-шалдығып ораламыз. Президент тапсырмасының көп жағдайда толық орындалмай жатқанын көзімізбен көріп, ұнжырғамыз түседі. Әлі күнге өтірік мәлімет беріп жатқан органдар жетерлік. Ауылдардың жағдайы соншалықты мәз емес. Биылғы су тасқыны кезінде өте нашар шешім қабылданды. Онсызда елді ауылда ұстай алмай отырғанда, көптеген әкімдер көлеңкелерінен қорқып, ауыл халқын қалаға көшірді. Қалалардан жаңа үй салып беріп, мәселені тез шешкендей көрінді. Бұл үлкен ағаттық еді. Себебі ауылдағы ел азайды. Ел азайғасын, мектептерде бала азаяды.
Егер әкім-қаралар суға кеткен ел тұрғындарына ауылдан жаңа үй салып беріп, ауылды сақтап қалғанда бүгінгідей проблема болмас еді… Онсызда ауылға ел құтаймай жатқанда, ауыл халқын қалаға көшіру ақымақтықтың шыңы еді. Сол үшін бір әкім жауапқа тартылмады. Өзіндік ойы жоқ, өз бетімен шешім шығара алмайтын әкімдерден арылатын кез келді. Қорқақ, еліне жаны ашымайтын, креслосын ғана ойлайтын әкім кімге керек?
Экспедиция барысында байқағанымыз әкімдердің көбі құлықсыз қабылдайды. Көпке топырақ шашпаймыз. Елдік мұратты жоғары қойған, ауылға жаны ашитын әкімдер баршылық. Бірақ өте аз.
Халі нашар ауылдар әлі де көп. Судың тақсыретін тартып отырған елді мекендер де кездеседі. Тас жолдың зардабын тартып, биыл жөнделген жол келер жылы іске алғысыз болып қалғанын көру қандай қасірет! Бәріне кінәлі сыбайлас жемқорлық. Оны түп тамырымен кесіп тастауға қол қысқа! Себебі тым алыста! Бір жағы тамыр-таныстықта!
Астанаға келсек, министрлерге кіру бір ақырет! Олардың да аласы мен құласы жетерлік. Ауылдың жағдайын сөз еткің келеді, тыңдар құлаққа зәруміз. Бұл не, тоқырмау ма?
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы күннен ауыл мәселесін тілге тиек етуден шаршаған емес. Еске салсақ, Тоқаевтың Президент сайлауынан кейінгі алғашқы жарлығы ауылды дамытуға арналды.
Президент Тоқаев мырза «Қазақты сақтау үшін ең алдымен ауылды сақтауымыз керек» деуден танған емес. Бірақ ауыл мәселесі шешілді ме? Әкім қаралар, министрлер Президенттің бастамасын неге іліп алып кетпейді? Жаңашылдық неге жоқ? Осындай сауалдар бізді жиі мазалайды. Бұл немқұрайдылық па, әлде менсінбеушілік пе?
Халқымыздың 40 пайызы ауылда тұрады ғой. Дәл осы себептен де Тоқаев ауылды өркендету ісіне айрықша мән берді. Иә, жақсы істер баршылық. Игі бастамалар да жетерлік. Алайда бұдан да көбірек, бұдан да еңселі табыстарға қол жетсе дегіміз келеді.
СТАТИСТИКАҒА ЕМЕС, САПАЛЫ ІСКЕ СЕНГЕН ДҰРЫС
Мемлекет басшысы 2024 жылғы 15 қарашада өткен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында «Менің тапсырмаммен Үкімет бес жылды қамтитын тұжырымдама қабылдады. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы әзірленіп, жүзеге асырылып жатыр. Қазірдің өзінде нақты нәтиже бар. Биыл 200-ге жуық ауылға су құбырын тарту үшін қаржы бөлінді. Жыл соңына дейін ауыл халқының 95 пайыздан астамы таза сумен қамтамасыз етіледі», – деді.
Сондай-ақ, ауылдағы денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту үшін арнайы жоба қолға алынғаны жайлы да айтты.
«Бүгінге дейін 140-тан астам нысан салынды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында биыл 13 ауыл мектебі пайдалануға берілді. Соңғы бес жылда жергілікті маңызы бар 38 мың шақырым жол жөнделді. Маңызды міндеттің бірі – ауыл халқының табысын арттыру. «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріле бастады. Соның нәтижесінде ауылда 16 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Осындай ауқымды жұмыс жалғасын табады. Себебі ауылды көркейту – стратегиялық міндет», – деді Президент.
Дұрыс қой, айтарға сөзіміз жоқ. Ешкім де ауылға көңіл бөлінбей жатыр деп айтудан аулақ. Тек ауылға бөлінген қаржылай көмектер діттеген жеріне жетпей жатқаны жанға батады. Дәлел ме керегі? Президент «Бүгінге дейін 140-тан астам нысан салынды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында биыл 13 ауыл мектебі пайдалануға берілді», – деді. Әрине, қуанарлық жаңалық. Бірақ шалғай жерлерде былық көп. Ескі Қазақстаннан қалған сүрлеу жол, талай шенеунікті бағытынан тайдыруда. Тоқаев мырза оның бірін біледі, бірін білмейді. Статистикаға сенеді.
Көзге шұқып көрсетпей-ақ қоялық, он бес шақты үйі бар ауылдарға даңғарадай екі-үш қабатты мектеп салынғанын көріп жағамызды ұстағанбыз. Бұл да тендерді тамыр-таныстықпен ұтып алғандардың әрекеті емей не? Кімді алдап отыр? Керісінше нағыз мектепке мұқтаж ауылдарда үш-төрт ауысыммен оқып жатқан оқушылар бар. «Бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге тоқтау салып, «Жайлы мектептерді» еліміздің түкпір-түкпірінде ашып, оқушыларымыздың сапалы білім алуына жағдай жасасақ, нұр үстіне нұр болар еді.
Президент ауылдардағы денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту туралы да айтты осы жолы. Демек олқылықтар жайлы хабар жеткен. Кей ауылдарда медициналық пунктер болғанымен дәріге, медициналық құрал-жабдықтарға зәру. Ел тұрғындары ол пункттерге қаралғанымен, баратын жері аудан болмаса облыс! Сонда ол пункттен не пайда? Қара көрсетіп тұрғаны кімге керек? Бұл нағыз көз алдау емес пе!
Президент жоғарыда «Соңғы бес жылда жергілікті маңызы бар 38 мың шақырым жол жөнделді» деп айтып қалды. Иә, сонша жол жөнделуі мүмкін. Оны жоққа шығармаймыз. Оның сапасына, беріктігіне, шыдамдылығына, қанша жылға төтеп беретініне кім жауап береді? Биыл салынған жолдың келер жылы қайта күреліп, бюджеттен қыруар қаржы бөлініп жататыны өтірік пе? Бұл шығынды кім көтереді? Неге біздің елде жауапты компаниялар (жол, мектеп т.б.) өз ісіне жауап бермейді? «Іс бітті, қу кетті» қашанға дейін жалғаса бермек? Экспедиция барысында ауылға апаратын жолдардың көбінен ішек-қарның түсіп қала жаздайды. Жаңа жолдың сиқы сол. Үкіметте отырған бай-бағландарды сол жолмен жүргізіп көрер ме еді. Сонда көрер едік әуселелерін.
Ауыл – бәріміздің алтын бесігіміз. Қалада туып, өмір бойы қалада тұрған қазақтың да тамыры ауылда. Халқымыздың салт-дәстүрі, тілі мен ділі, бәрі де ауылда сақталған. Жаһандану дәуірінде қазақты сақтау үшін, ең алдымен, ауылды сақтауымыз керек. Президент мұның бәрін біліп отыр.
«Мен табысқа жеткен әр адам туған жеріне қамқор болуы қажет деп үнемі айтып жүрмін. Бүгін ортамызда «Қазақстанның Еңбек Ері» Иван Адамович Сауэр отыр. Ол жетекшілік ететін «Родина» агрофирмасы ауыл шаруашылығында бизнесті оңтайлы жүргізудің жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Бұл – Астананы азық-түлікпен қамтамасыз етуге және облыс экономикасының дамуына зор үлес қосып қана қоймай, өзінің қызметкерлері мен ауыл тұрғындарының қамын ойлайтын озық кәсіпорын» деді.
Сыр бойындағы Нағи Ілиясов және Таң, Арқадағы Шахтерское, Қызылжар өңіріндегі Новоникольское ауылдары да көпке үлгі. Әр аймақта осындай гүлденген елді мекендер бар. Бірақ ауылдан шыққан мықты кәсіпкерлер одан әлдеқайда көп. Мен іскер азаматтарды ауыл-аймақты көркейтуге шақырамын. Адал еңбекпен табысқа жеткен азамат ауылын дамытуға үлес қосқаны жөн деп ойлаймын. Бұл біз үнемі айтатын отаншылдық, елге жанашырлық қасиеттердің нақты көрінісі болары сөзсіз» деп сөзін түйіндеді Президент.
Биыл Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжановтың өзі бүкіл республиканы аралап шықты. Облыстарда активтермен жолығып, елдегі кедейшілікті жоюға күш салды. Ауылдағы жұрттың мәселесі мен елдегі ағайынның жағдайы ғой баяғы. Оның нәтижесі не болды? Одан біздің хабарымыз жоқ. Бір ғана тілек: басталған іс жолда қалып қоймаса екен деу ғана…
Бәрін айт та, бірін айт, «болашағы жоқ» ауылдарды қайтеміз?
Біз «Qazaqstan dauiri» басылымы үнемі елдің, ауылдың проблемасын, жетістігін көтеріп келе жатырмыз. Былтыр да экспедициямен елге шықтық. Қазақстанда жеті жарым мың ауыл болса, соның алты мыңнан аса ауылын аралап тастаппыз. Жолда не көрмедік, шөліркеп шаршаған кезіміз де болды. Көліктен қиналып далаға қонған кезіміз де болған баяғыда. Қазір тәубе. Ел қамын жеген әкімдер жаяу қалдырмайды. Бәлкім біреуі жасымызды сыйлар, енді біреуі газетімізді сыйлар. Әйтеуір Мұқағали ақын айтқандай «Қазақтың қай үйіне барсақ-тағы, алдымызға ақ дастарқан, жайған кілем». Халық барда аштан өліп, көштен қалмасымызға сеніміміз кәміл. Анау бір әнде айтылғандай, «Ауылға барам, бәрі де туыс ел жақта, Аңқылдайды олар, қарамайды олар бар-жоққа» дегені шындық. Ауыл ғажап, ауыл керемет қой, шіркін! Ауылдан шыққан, топыраққа аунап өскен бала билік басына келмей, ауылдың жағдайы жүз пайыз жөнделіп кетеді деу қиын.
Шындығын айтайық, көптеген ауылдың жағдайы мәз емес. Өтірік айтып ар алдында күнәлі болғымыз келмейді. Болашағы жоқ ауылдар саны артып барады. Себебі қарапайым халық субсидия ала алмайды. Оны алу үшін қалада үйің, өзіңнің күйің болуы керек. Егер қалада үйі болса, ол қазақ ауылда бір күн тұрмас еді ғой. Ауылдағы үйді ешқандай банк кепілге алмайды. Ауылды сақтап қалу үшін төменгі несие де беріліп жатыр. Оның өзі кей өңірлерде «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге жем болуда. Қайтіп оңамыз, ә?
Ал өркендеген, жақсы қалыпқа түскен, елі мол шоғырланған ауылдарды көргенде марқаямыз. Қуанамыз. Жұбанамыз. Халық пен биліктің ортасына алтын көпір болып отырғанымызға қуанамыз сондайда!
Шығысқа барған сапарымызда уақыт белдеуі туралы ащы материал жаздық. Қара халықтың сұранысы, талап-тілегі бойынша. Оған Президент жауап қатты. Наурыз айында шешеміз деп нақтылады. Бірақ өз ойымыз солқылдақтық көп, бұл мәселе дұрыс шешілмейді-ау деген қауіп үстінде. Ал халық бұған наразы. Себебі адам организмі, биоритмі баланың да, ересек адамның да көңіл күйіне әсер етіп жатқаны шындық. Бірақ көңіл бөліну жағы кемшін.
Екінші айтарым – ауылды жерлерде оқу-ағарту саласы мен денсаулық саласында да кемшіліктер жетерлік. Ұлттық құндылықтарымыздың да бүгінгі халі аянышты! Ұлттық идеологияның жоқтығы да халық санасына көп көрім әсер етуде.
Осы сапарымызда «AMANAT» партиясы ел алдындағы аманатына адалдық танытты деп айта аламыз. Себебі ауылдардың мәселесін бізбен бірге шешіп, бірге көріп келеді. Рухани жағынан қолдап, жолымызды ашып, демеп отырды. Тіпті әкімшіліктерге бірге кіріп, халықтың жағдайын бірге көріп, түйінді мәселелерді бірге шешуге көмек қолдарын да созды. Жақсының жақсылығын айту міндет. Бірақ олардың да қолында ауылдың проблемасын бірден шешіп тастайтын құқық жоқ. Шамалары келмейді. Өздерінше әрекет жасап терлейді. Енді қайтеді. Бар мәселе жоғарыда болып тұр. Солар емен есіктерін ашып, жұмсақ креслоларын тастап ауылды аралап көруі тиіс. Өз көздерімен көрмей, ештеңені сезінбесі анық.
ТҮЙІН:
БІЛІМДІ АУЫЛ ЖАСТАРЫН ҚЫЗМЕТКЕ ТАРТУ – ҰЛЫ МІНДЕТ
Он жыл болды, Астанада экспедицияның қорытынды дөңгелек үстелі өтеді. Онда не көрдік, не сездік, бәрі айтылады. Еш бүкпесіз. Жиынға Парламент депутаттарынан бастап, «AMANAT» партиясы, Оқу-ағарту министрлігі мен Денсаулық сақтау, Ауыл шаруашылығы мен т.б. жауапты министрлік мамандары, өкілдері шақырылады.
Алғашқы жылдары Ауыл шаруашылығы министрлері өздерімен бірге орынбасарларын, баспасөзін әкелетін дөңгелек үстелге. Үлкен байланыс болатын арамызда. Себебі Ауылшаруашылығынсыз ауылды көзге елестету мүмкін бе? «Ауыл – ел бесігі», «XXI ғасырдың ауылы қандай болмақ?» экспедицияларында бұрынғы «Нұр Отанның» басшылары, қосшылары бәрі жүретін. Құдайға шүкір, сол байланыс әлі жалғасып келеді. Жылда дөңгелек үстелімізге «AMANAT» партиясы белсенді атсалысуда. Былтырғы дөңгелек үстелге тіпті өтетін орынға дейін дайындап қолдау көрсетті. Қалай риза болмассың! Қалай алғыс айтпассың! Биыл дөңгелек үстелді орталық аппаратта өткіземіз деген уәделері, жоспарлары бар жігіттердің.
Оқу-ағарту министрі мен Денсаулық сақтау министрлігін қостық дөңгелек үстел жиынына. Өкінішті жері соңғы жылдары Ауыл шаруашылығы министрін, оның орынбасарларын ортамыздан көру арманға айналды. Шақырдық, келмеді. Ауыл мәселесін талқылауға уақыты жоқ екен. Нақты айтсақ, біздің экспедицияның қорытынды жиынына көңіл аударғысы келмейтіні байқалады. Неге өйтетіні өзіне ғана аян! Әйтпесе, осы дөңгелек үстелдің нәтижесі, ауылдағы ауылшаруашылығының деңгейі, мал шаруашылығымен айналысатын халықтың жай-күйі министрге, министрлікке керек емес пе! Біздің дайын есебімізді тыңдауға неге ниеті жоқ? Бұл нағыз самарқаулық, немқұрайдылық деп білемін.
Оқу-ағарту министрі де дөңгелек үстелге немқұрайдылығын көрсетіп жүр. Оны былтырғы дөңгелек үстелге жай бір маманын жібере салғанынан білуге болады. Ол жайлы с жайлы мақала да жазылды. Білім саласымен біздің экспедицияның мақсаты мен мүддесі бір. Онда неге біздің шақыртуымыздан қашады? Әлде ауыл ұстаздарының ескертпелері мен сындарынан шоши ма? Екі министрлік те ел Президентінің саясатына қарсы ма? Президент үнемі Үкіметке басылымдардың бетіне жазылған сындарға кері байланыс жасауды тапсырады. Ал олар бізден қашады. Егер біз біріксек күш болмаймыз ба?
Біз экспедиция барысында елден аманат арқалап келеміз. Айтқандарыңды Ауыл шаруашылығы мен Оқу-ағарту министріне, басқа да жауапты салаларға жеткіземіз деп уәде етеміз. Ал біз атаған қос министрліктің сықпыты анау. «Сен тимесең, мен тимен бадырақ көз» деп ат ізін аулақ салады.
Бұрынғы Ауыл шаруашылығы министрлері (Асылжан Мамытбеков, Нысанбаев) дөңгелек үстелімізге баспасөзін ертіп келетін, халықтың арыз-шағымына, өтінішіне жауап беретін. Ол кез қазір арман болып тұр. Сол байланысымыз қайта жалғанса деген ниетіміз бар. Онда ауылдағы ағайынға пайдамыз тиер еді. Себебі ортақ мүддеміз бар. Арман-тілек те бірге!
Сөз реті келгенде айта кетейін, былтырғы дөңгелек үстелімізге қатысқан «AMANAT» партиясының Хатшысы Жылқыбаев Ержан Жұматұлы мырзаға, оның қасында болған департамент басшыларына айтар алғысымыз шексіз. Жас жігіттер ғой, алар асулары көп болғай! Берер ақ батамыз сол болсын!
Біз қайда жүрсек те «AMANAT» партиясымен біргеміз. Және олардың ел үшін жасап жатқан жақсы істерінің куәсіміз! Соларды қолдан келгенше жарқырата көрсетеміз.
Өкініштісі, жайшылықта ауыз жаппайтын, ауыл десе сөз таппай қалатын депутаттар мен кейбір шенеуніктерді ортамызға шақыра алмай қаламыз. Маңызды шаруасы шығып қалады. Ағайындар-ау, ауылдан артық, ауылдан асқан қандай маңызды проблема болуы мүмкін.
Алла жазса, биыл наурыз айында экспедицияны қорытындылау үшін дөңгелек үстел өтеді. Ол жерде де көп мәселе айтылары анық. Әсіресе ауыл проблемасы, көкейтесті мәселелер қамтылады. Ондағы мақсат ауылды аралау барысындағы ала жаздайғы көрген білгенімізді, елдің ұсынысы мен өтінішін, жанайқайларын, тұрмыстық деңгейлерін билікке жеткізу. Мысалы «Дипломмен ауылға» бағдарламасына мұғалімдер мен дәрігерлер, зоотехниктер мен агрономдар, инженерлердің көптеп баруын үзбей насихаттаған, бағдарламамен барған жастардан сұхбаттар мен пікірлер алудан «Qazaqstan dauiri» газеті көш басында тұр. Жыл аяғындағы дөңгелек үстелде өзекті проблемаларды көтеріп, жиналған Үкімет мүшелерінің алдында ауылдағы халықтың жетістігі мен кемшілігін, Президенттің Жолдауларының қалай атқарылып жатқанын нақтылаған бізден басқа басылым аз. Мұның бәрі жүргенге ілінген жөргем!
Біз экспедиция барысында тек қана облыс орталығынан қайтпай, алыс аудандарына барамыз. Менің өзім «бас директормын» деп үйде отырмаймын. Еліміздің бар өңірін аралап шығамын. Мен бармаған ауыл, мен бармаған тау мен қырат жоқ Қазақстанда. Соның бәрі еріккеннен бе? Ұжымды бастап, жастарды қостап әр өңірге аттандырамыз.
Мысалы Қостанай облысының шалғайдағы аудандары Жангелді, Амангелді, Арқалық қаласына «Qazaqstan dauiri» газетінің бас редакторының орынбасары Нағашыбай Қабылбек барса, Қызылорда, Алматы, Ақмола, Қарағанды, Жетісу облыстарына бас редактор Ертай Айғалиұлы сапарлап қайтты. Павлодар, Солтүстік Қазақстан, батыс пен шығысты «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы Дәулетбек Байтұрсынұлы екеуміз араладық. Президент қолға алған «Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы елде қалай жүріп жатыр деген ой талайды толғандырары, талайды тебірентері анық. Біз де соған жауап іздедік. Елмен сөйлестік. Шаруалармен кеңестік. Кәсіпкерлермен сұхбаттасып, мектептерге бас сұғып, ұстаздармен әңгіме-дүкен құрдық.
Ренжіген де кездеріміз болды. Қуанған сәттеріміз де көп. Оның бәрін көзі қарақты оқырман «Qazaqstan dauiri» газетінің әр нөмірінен оқығаны сөзсіз. «Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі» жайлы алғашқы экспедицияны құрып, елге сапарлаған «Qazaqstan dauiri» газеті болатын. Оны біз сөз еткелі он жылдың жүзі болып қалды. Оған газетімізді тұрақты оқып жүрген оқырман куә. Газетіміздің архивіндегі сарғайған беттер дәлел…
Жақсы бастаманың ел Президенттерінің назарын аудартқаны біз үшін қуаныш!
28 қаңтар күні ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында ауылды дамытуға арналған шараларды бір бағдарламаға біріктіруді тапсырды. Президент мырза ауыл шаруашылығындағы шешілмеген мәселелерге тоқталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен әкімдерден ауылшаруашылығындағы түйткілді мәселелерді шешудің жаңа тәсілдерін күтетінін жеткізді.
«Ауылды дамытуға арналған негізгі міндеттерге арнайы тоқталғым келеді. Бұл жерде инфрақұрылымды жаңғыртуға және бизнесті қолдауға басымдық берілуі керек. Ауылдық аймақтарды жан-жақты дамытуға арналған мемлекеттік қолдау шараларының бәрін бір бағдарламаға біріктіру дұрыс шешім болмақ, яғни «Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі» және тағы басқа бағдарламалар. Үкімет пен әкімдерден жаңа, жүйелі әрі тың тәсілдер күтемін. Жалпы, ауылшаруашылығында шешілмеген мәселелер аз емес. Фермерлер, сарапшылар түрлі түйткілдер туралы жазып жатыр. Мысалы, бордақылау орындары малсыз, жартылай бос тұр, себебі мал көрші елдерге төмен бағамен сатылып жатыр. Ауылдағы ағайынның тұрмыс сапасына ықпал ететін барлық мәселеге баса мән беру қажет», – деді ол. Бәрі рас. Экспедиция барысында көзбояушылықтың неше түрін көргенбіз. Сөйтіп, ұяттан жерге енгенбіз.
Президент айтқандай, қазір ауыл халқы қаржылық және мемлекеттік қызметтерге «Қазпошта» арқылы қол жеткізіп отыр.
«Үкіметке әкімдіктермен бірлесіп, пошта бөлімшелерінің шалғай елді мекендерде үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуді тапсырамын», – деді Президент. Бұл мәселені де «Qazaqstan dauiri» бір заманда көтерген. «Қазпоштада» қызмет істейтін қызметкерлердің айлығы шайлығына жетпейтінін мақалаға арқау еткен. Президент дұрыс айтып отыр. Газет пен журнал да «Қазпошта» арқылы жеткізіледі. Басылымдарға жазылу «Қазпоштаның» құзіретінде. Тек сол «Қазпошта» қызметкерлерінің айлығы қанша? Жағдайлары жасалды ма? Бұл да ойланатын мәселе!
Сөз соңында айтқымыз келгені, Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі» жайлы кеңінен толғады. Біз де бұл жолғы мақаламызда Президенттің ойымен үндес мақала жазуды жөн көрдік. Себебі илегеніміз бір терінің пұшпағы. Ауыл жайлы ел Президенті сөз етіп жатқанда үнсіз қалуды жөн көрмедік. Қолдағымыз келді. Қорғағымыз келді. Он жылдан аса «Ауыл аманатын» арқалап келіп, арқамыз әбден «жауыр болғанда» Президенттің «Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі» бағдарламаларына ерекше сенім артқаны, сөйте тұра кейбір келеңсіздіктерден құлағдар болып жатқаны ойымызды түлетті, арманымызға гүл екті.
Ауылды сүймейтін қазақ жоқ. Ауылға барғысы келетін қазақ көп. Бірақ ауылдағы қиын жағдай, жол азабы, көше жолы мен күре жолдардағы бітпейтін проблема халықты ығыр еткен. Әлі күнге интернетке қосылмаған ауылдар мен мектептер кездеседі. Ауызсу мәселесі шешілмеген өңірлер көп. Ескі мектептерде үш ауысыммен оқып жатқан оқушылар бар. Жұмыстың жоқтығынан ауылын тастап қалаға қашқан жастар баршылық. Тере берсек, ауылды жерде проблема шаш етектен. Бұған қарап, ауылда ештеңе қалмаған екен деуден аулақ болыңыздар. Жаңарған, жасарған ауылдар да жетерлік. Олар жайлы «Qazaqstan dauiri» газеті тарқата да, тарата да жазды. Өрісі кеңіген ауыл мен кері кеткен ауылдарды салыстырып та оқырманға ұсынды. Сондықтан біржақты көзқарастан аулақ болайық.
Ауылдағы әкімдер де ала-құла. Өз бетімен ештеңе шеше алмайтын, жоғарыға жалтақтап күнелтіп жүрген әкім қаншама. Бәрін кадр шешеді деген рас. Ел Президенті кадр мәселесіне де көңіл аударып жатыр. Бұл – қуанарлық жағдай!
Ұлттық кеңестің мүшесі, Еңбек ері, академик ғалым Асқар Жұмаділдаев кадр мәселесі туралы жақсы айтты. Әсіресе «жастарды көтеру керек, болашақ жастардікі» дегенін қос қолымды көтеріп қолдаймын. Алайда ұлттық құндылықпен сусындамаған, ана тілін білмейтін, Батыс пен Ресейде оқып, сол жаққа бүйректері бұрып, «ұлып» тұратын жастар емес, қазақы тәрбие көрген, ата мен әже тәрбиесін санасына сіңірген, көзін ашқаннан қазақы ортада өскен ауыл жастарын шетелде оқытып, қызметке соларды тарту ұлы міндет.
Иә, ауылымыз сонда ғана көркейеді. Әйтпесе ауылды тек түсінде көретін, қымыз бен шұбатты сөреден, құрт пен майды базардан көретін, тірі сиыр мен жылқыны суретінен танитын шенеуніктер билік басында отырғанда ауылға миллиардтап қаржы құйсаң да еңбегің зая. Талабың бекер. Жасалып жатқан істер, бағдарламалар, жобалар босқа зая кетеді. Ол дәлелденіп жатыр. Тек біздің жаман жеріміз – содан қорытынды шығармаймыз. Бұл – ең зор кемшілігіміз.
Ұлы бабамыз, түркішіл тұлға М.Шоқайдың «Балаға қай тілде білім берсең, түбі сол ұлтқа қызмет етеді» дегенін ел басындағы азаматтар бір сәтке есінен шығармаса дегім келеді.
Айтар нәрсе көп, тақырып ауыл жайлы болғандықтан, сол арнадан шыға алмай отырмын. Ауыл туралы талай айтылады. «Әттеген-айымыз» соны шенеуніктер оқымайды ғой, оқымайды. Себебі ауыл түзелмей, қазақ қоғамы түзелмейді. Бұл таңның ертең жарқырап ататыны секілді шындық!
Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ,
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері