Қазақы отбасын қалай сақтаймыз?

Қазақы отбасын қалай сақтаймыз?

Бұл өмірде адамды жоқ болып кетуден сақтап қалатын  үш нәрсе бар екен: Отбасы, жекеменшік және дін. Отбасы арқылы өмірді жалғаймыз. Меншік өмір сүруге көмектеседі. Дін арқылы өміріміздің о дүниеде де жалғасы болады деп сенеміз. Сол отбасын құру, оны сақтау және қызықты  етіп өткізу күннен-күнге шешуі қиын мәселеге айналып барады.  

«Ең бақытты адам – өз үйіне қуанышпен келе жатқан адам» депті даналар. Бұл жерде абыройың асып, дәулетің тасып тұрғанымен, отбасыңда сыйластық,  бірлік, тыныштық   болмаса, өміріңде береке болмайды дегенді білдіреді. 

Адамдар  (Homo sapiens – саналы адам) бір-біріне ұқсамайтын, жеке индивидум болып жаратылғанымен,    бірлесіп күн көретін, туыстық қатынаста тұратын  топ құрып,   отбасы болып өмір сүруде. Осы әртүрлі адамдардың: өмірінде көрмеген, тек үйленерде ғана танысқан ерлі-зайыптылардың, бұрын араласпаған  келіннің ата-енемен, қайнаға, қайны, әпке, жеңге,  қайынсіңілілерімен бір шаңырақтың астында тұрып, бірге өмір сүруі және тату-тәтті болуы –  заңға бағына бермейтін, шешуі белгісіз,  өте-мөте күрделі мәселе.  Отбасы туралы қаншама кітаптар жазылды, ғылыми зереттеулер бар. Ата-баба сөздері, тәрбие мәселелері,  аңыз әңгімелер, қиссалар мен мақал-мәтелдер де  жеткілікті. Оған ақпарат құралдарын қосыңыз. Мен ғалым емеспін, бірақ осы мәселе туралы журналистикалық зерттеулер жүргіздім. Ұзақ ғұмырымдағы көрген, білген, естіген, оқыған-тоқығандарымды сараптадым. Тату отбасы туралы мәселені әр тарапты, жан-жақты қарау керек. Олар:  Кешегі және бүгінгі халықтың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі және  әлемдік мәселелер,      мемлекет пен қоғамға байланысты  мәселелер,  діни мәселелер,  ата-аналар міндеті және отбасылық мәселелер.  Мұның бәрі отбасының қалыптасуын, отбасы құндылықтарының сақталуын қамтамасыз ететін  факторлар. Солардың ішінен отбасының өзіне ғана  тиісті мәселелерді қозғамақпын.

1. Толық отбасы болу үшін, ең алдымен отбасы мүшелерін жасақтау керек.  Олар кімдер, отбасын қайдан, қалай құрамыз? Отбасын құрудағы ата-ананың, достарының, туыстары мен өз ортасының әсері.

«Баланы – жастан, әйелді – бастан» дегеніміз не? «Баланы – жастан» дегеніміз – баланы отбасы болуға туғаннан  тәрбиелеу. Осыдан 1-1,5 ғасыр бұрын қыз бала балиғатқа 9-да, ұл бала  13-те толады  делінетін. Ал қазір 16-18-ге жеткізілді. 

Бұрын баланы туғаннан зәру емес білім берумен емес, отбасы болуға тәрбиелеген. Ата-анасы ер балаға өз қалаған жерінен,  тумай жатып-ақ қалыңдық тауып, болмаса кейінірек ел аралап, іздеп жүріп,  құда түскен. Құда түсетін жердің тегіне, қыз бен ұлдың  мінезі мен  біліміне, қайырымдылығы мен байлығына, жасы мен  ажарына көңіл бөлген. 

Жеңгелері қайнысына: «Сен еркексің, ертең-ақ қатын аласың, үй боласың!» – деп, құлағына құя берген. Ол өзінің  отбасы болатынын біліп, соған дайындалған. Үш жасынан аттың арқасындағы ашамайға мінгізіп, шаруаның қыр-сырын үйреткен. Үйлі-баранды болуға баулыған. Ал, рухани тәрбиені үлкендерден,  өзі көріп өскен отбасынан, бірге жүрген  ортасынан алған. 

Қыз балаға ұзын қос етек (ұзын етекті атаған) ақ көйлек, қызыл бешпент  кигізіп, қызыл орамал тартқызып, үкілі бөрік, қынама қамзолмен әдемі болуды, жігітке, жұртқа өтімді, қылықты, жақсы мінезді, иманды   болуды жастайынан қанына сіңірген. Өнегелі келін болуды үйретіп, үй шаруасына баулыған. Осылай тәрбиеленген балаларды отбасын құрғаннан кейін бірден отау үйге шығарған. Өздеріне тиесілі дүние-мүлкі болған. Өз алдына үй болады-ау дегенде, еншісін беріп, жеке шығарған. Міне, осындай отбасында ажырасу деген негізінен болмаған. Ал, қазір балалар өздері  үйленеді. Қашан, кіммен үйленгісі келеді, қай жерде тұрғысы келеді, оның бәрін тек өздері шешетін болды. Оның бергі жағында балаларға не дұрыс тәрбие, не дұрыс білім берілмейді. Отбасы туралы құндылықтар үйретілмейді және оған дайындамайды. Жаңа қоғамда өмір сүргенмен, кей жерлерде көне жөн-жоралғылармен өмір сүреміз. 

Ежелден ер балаға мал тауып, отбасын асырау миссиясы берілсе, ал қыз балаға үйді ұқыпты ұстап, бала туып, ұрпақты жалғастыру миссиясы берілген. Әйелдің тіршіліктегі осы орны нағыз әйел ретінде әлі күнге дейін толық ұғындырылмай келеді. Мына сөзді айтып, түсіндіре алмай келеміз. Ол сөз: «Ең мықты, жақсы  деген еркек, ең бір әлсіз жаман әйелдей бала тауып, ұрпақ жалғастыра ала ма?» Осы сөзді қызымызға ұғындыра алсақ, ал, олар осыған сенсе, «феминизм» деген ұғым өзінен-өзі жойылар еді.

Отбасының тұрақты болмауының тағы бір  басты себебі  қыз балаларға зәру білім берілмеуінде.  Өзбекстандағы секілді  оларға негізінен медициналық және педагогикалық білім беруіміз керек.

Өмірдегінің бәрі де  салыстырмалы. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін аңғару үшін бұрынғы мен бүгінгіні салыстырып қарауға тиіспіз:

1. Біздің кезімізде әулеттің,  отбасының бір басшысы болатын және ол ер адам еді. Жесір әйелдер некен-саяқ тұғын, олар әмеңгерлік жолмен отбасын құратын, не төркінінің қамқорлығына алынатын. Ал, қазіргі кезде отбасындағылардың  бәрі би, не қорқып, не сыйлап бағынғысы келмейді. Бұл жасына, дүние табуына, беделіне, атақ-абыройына, белсенділігіне т. б. қарай отбасында өзара шешілетін мәселе.

2.  Ол кезде үлкен отбасында бір-бірінен жасырын сыр болмайтын. Бәрі талқыланып, кемістігі түзетіліп тұратын. Шешілмей жатса, ағайын-туыс пен  ақсақалдар алқасына салынатын.  Қазір «отбасы – жеке мемлекет, ешкім оның ішкі ісіне араласуға болмайды» деген қағида қанымызға сіңіп қалған. Көбінесе,  отбасының мүшелері, тіпті балаға дейін: «Бұл менің өз ісім, өзім білем, араласпаңдар» деп, бет қақтырмайтын болып алған. Отбасы боп ақылдасу да азайып барады.   Бұл, әрине, әлемдік ақпарат арқылы сыртқа еліктеудің әсері. Бұған қарсы мемлекет, қоғам және ата- ана болып, кешенді, жоспарлы жұмыс жүргізілуі тиіс.

3. Бұрын құда болғандар бір-бірінің отбасылық істеріне араласпайтын. Қазір ұзатылған қыз ертеңіне-ақ төркінінің үйінде отырады. Жас келін өз отбасы мен төркінінің отбасын ажырата алмай қалады. Отбасының бұзылуы көбіне осы екіұдайлықтан туады. Бұл мәселені екі отбасы келісіп шешулері тиіс. Мүмкіндігінше жаңа отауды тез бөлек шығарған абзал. Бір ас үйге екі әйел сыймайтыны дәлелдеуге келмейтін аксиома. Бұрыннан қалған «жалғыз ер балам еді, кенже ұлым еді» дегендер ескірді. Келін бөлек шығам десе, бөлек шығарып, оның орнына ержеткен немерелерін, ол болмаса қыздарын қолына алғаны дұрыс. Мүмкіндік тауып,  үй қызметшісін жалдағаны абзал.

Біз зайырлы мемлекетте тұрып,  феодалдық, патрихалдық, социалистік көнерген отбасылық жүйемен жүргіміз келеді. Енді, көне адами отбасылық  құндылықтарды ала отырып, жаңарған Қазақстанға, заманға  сай, жаңа отбасы құрып, қалыптастыруымыз керек.  Ол үшін отбасылық кодекс, отбасылық жаңа заң шығару  қажет. Бұған бүкіл ел атсалысып, жобасын жасап, талқылап бекітуі тиіс.

4. Бұрын отбасы мүшелері басшысына және  бір-біріне тәуелді болатын. Ерлер мал табатын, әйелдер соны ұқсатып, бала туып, тәрбиелейтін. Қазір қыздар мансап қуып, кеш күйеуге тиіп, не ерге шықпай жүр. Ал, әйелдер мал табудан ерлерден озып кетті. Әйелдердің Алланың берген сыбағасы –   отбасын ұстау, бала туып, оларды тәрбиелеумен айналысатынын ескеріп, әрбір  нәзік жанға  бар жеңілдіктерді, соның ішінде жарты жұмыс күнінде, ерлермен бірдей бір күндік табыс табатындай жағдай жасалуы тиіс. Бұған мемлекет тікелей қамқорлық жасауы тиіс.

5. Бұрынғылардың көріп-білгені аз, басқаларға еліктеу жоқтың қасы болатын. Қағазға жазылған хат, радио, ауызша сәлемдеме және ұзынқұлақ (ауызша хабар тарату) біздің кезіміздегі байланыс көздері тек солар  болатын. Жаһанданудың әсері тимейтін. Қазіргі ақпараттың көптігі соншама, жаңа туған баланың қолында смартфон, мектептегі балалар естіп-білгенін қорыта  алмай мәңгіріп жүр. Үлкендердің көбі  интернетке кіріп алып, пайдалысы мен пайдасызын ажырата алмай,  соның құлы болуға айналды. Осы мәселені де көп болып шешуіміз қажет.  

6. Қанша қыспаққа түскенмен, ислам дінінің, бұрынғы салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың рөлі жоғары болатын. Осы күнгі отбасы құндылығы туралы  бұрынғы және қазіргі ұғымның арасы жер мен көктей. Неге солай десең, бәрі де себебін айтып, сайрап қоя береді. Не істеу керегін де айтып береді. Ал, отбасы туралы мәселенің  орындалуы өз басына  келгенде тайқып шыға келеді. Бәрін басқадан, тағдырдан,  мемлекеттен,   идеологиядан, діннен, үлкен мен жастардан, әйтеуір біреуден көреді. Жеке өз отбасының барлық жағдайын басқадан көру түгелдей әдетке айналып барады.

Балаға ауадай қажеттісі:  әуелі дұрыс тәрбие беру, сосын зәру білім беру, әр кезде денсаулығын қадағалау. Ата-ана осы үш парызын мойындағысы және орындағысы  келмейді. Бұл, Хакім Абайша айтқанда,  бойымыздағы  надандық пен жалқаулықтың шынайы көрінісі.

Бірінші – тәрбие беруге жағдай жоқ дейді. Жұмыс жоқ, үй жоқ, ақша жоқ дейді. Бұлар тек тән жағдайын айтып отыр. Хакім Абайдың «ішсем, жесем, ұйықтасам» деген, тек тәннің қамын ойлайтын, тек өзі үшін оттаған хайуанның бірі болып отыр.    Тіпті «көп бала тууға да жағдай жоқ» дейді. Ал, қарап отырсаңыз, жақсы жағдайы бар, қамтамасыз етілген отбасында бір-екі  бала, жағдайы  жоғында бес-он  баладан бар. Бұған не дейміз?!

Бала туудың саны, материалдық жағдайға кері  пропорциональ екенін іс жүзінде дамыған елдер баяғыда дәлелдеп қойған. Ал, көрсем, білсем, үйренсем деген баланың жанын, рухын  тәрбиелейтін ата-аналар бірте-бірте азайып келеді.   Осы тәрбие мәселесін шешу үшін  мектеп пен балабақша жанынан жұбайлар мен жұптарға арналған тегін үйрететін, міндетті  «бала тәрбиелеушілерді тәрбиелейтін курс»  ашылуы керек. 

Қай нәрседе де, соның ішінде толық отбасы болу үшін, алдымен жалпы адами құндылықтар сақталуы тиіс. Ар, ұят, обал, сауап, әділет, құдайдан қорқу,  адамгершілік деген ұғымдар әр адамның санасында бекіп, іске асқанда ғана бәрі дұрыс болады. Хакім Абай өзінің  «Қара сөзінде» «Мән лә хаяһун, уә ла иманун лаһу – кімде ұят жоқ болса, онда иман да жоқ»  дегенді келтіріп, ұяты жоқ адамның күнәдан қорықпайтынын жазып кеткен.

Өзіміз иманды болып, иманды ұрпақ тәрбиелеп, тату отбасы, жаңа да  әділетті Қазақстан құруға атсалысайық, ағайын!

СЕРЖАНҚОЖА БЕРДЕНҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы Қазалы ауданы
16.02.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 208
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 204
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 709
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 832
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 746

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8903
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8297
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11525
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9281
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10509