Қазақылықты ұстанатын кәріс анасын Меккеге апарды

Қазақылықты ұстанатын  кәріс анасын Меккеге апарды

Ақтөбеде қазақылықты бойына сіңірген ерекше кәріс отбасы тұрады. Құдалыққа барып, қазақша той жасап жүрген отбасы мүшелері «kaz.nur.kz» тілшісіне арнайы сұхбат берді. Геннадий Югай жақында анасымен бірге кіші қажылыққа да барып келген. «Бізге Алла осындай сый жасады. Қасиетті жерде анаммен бірге қонақ қылды. Алған әсеріміз ерекше. Маған ең бірінші Нұрсұлтан Әбішұлының Меккеге баруы, қағбаға кіру оқиғасы қатты әсер етті. Кейін Қасым-Жомарт Кемелұлы да қасиетті Қағбаға кірді. Қазақ егемендікке сабырлылығымен жетті деп ойлаймын. Содан кейін мен де дұға етіп жүрдім. Намазға келдім. Жыл басында кіші қажылыққа бардық. Мекке, Медина қаласын көрдік», – дейді Геннадий Югай. 40 жастан асқан кәріс жігітінің анасы – Надежда Ким, әкесі – Николай Югай. 1938 жылдардағы қуғын-сүргін уақытында Геннадийдің ата-әжесі Қазақстанға келген. Бүгінде 82 жастағы анасы төрт баладан жеті шөбере сүйіп отыр. 

«Анам Қазақстанда дүниеге келді. Латын әрпімен жазылған құжаты әлі күнге дейін сақталған. Сол кезде әскерилер ауыл азаматтарын шошытып, аталарымызды «адам жегіштер» деп көрсеткен. Пойыздан түсіріп, 100 шақырым жерді жаяулатып, алыстағы ауылға апарғаны, жол бойы қаншама адам қаза болғаны айтылады. Аман қалғандары Ақтөбе облысы Хромтау ауданы Бөгетсай ауылына қоныс тепті. Қазақы ауыл кәрістердің тілін түсінбесе де, әйелдер мен балаларды үйлеріне алып кеткен. Өздеріне тамақ жетпей жатса да, балаларының аузынан жырып, аталарымызға бөліп берді. Соның арқасында екі мыңдай кәріс азаматы аман қалды», – дейді ол. 

Қазақы ауылға әбден сіңіскен кәріс отбасы алыстағы фермада шопандардың жұмысын ұйымдастырған. Мал өсімін көбейтіп, үздік шопандар санын арттырған. «Осы елде өніп-өстім. Балаларым білім алды, ержетті. Бір адамнан жамандық көрмедім. Шалым Бөгетсайдағы 4-ші фермада басқарушы болды. 40 үйі бар қазақ ауылында жалғыз кәріс отбасы болып тұрдық. Ол кезде Гена үш жаста. Мен есепші болып істедім. Баламды жетектеп, кез келген үйге кіргізіп жіберетінмін. Қазақтың көңілінің кеңдігі ғой. Баламның тамағын беріп, үйлеріне ұйықтататын. Жеті жасына дейін ферманың балаларымен бірге әркімнің үйінде өсті. Аудан әкімдері «кішкентай кәріс бала бар, қазақшаға судай» деп, баламды іздеп арнайы келетін», – дейді анасы. Айтуынша, сол фермадағы алғашқы Наурыз мерекесі кәріс отбасының ұйымдастыруымен өткен. 

«1991 жылдары қазақы мерекелерді атап өту туралы бұйрық түсті. Әкем ауыл қарттарын аралап жүріп, елдің дәстүрін қағазға жазды. Фермада ең бірінші рет Наурыз мерекесі тойланды. Қазанға әр үйдің дәмі салынды. Наурыз көженің дәмін тата алмай жылағаным есімде. Соңғы қасығына дейін үміт үзбей көжені қатты ішкім келді. Барлық адамға бөліп беріп, маған құймаған әкеме қатты ренжігенмін. Содан бері Наурыз мерекесін отбасымызбен атап өтеміз», – дейді ол. Бүгінде құдалыққа барып, қазақша той жасап жүрген кәріс отбасы елге әбден сіңісіп кеткендерін айтады. «Орысша сөйлеу үшін қазақша ойлап, содан соң орысшаға аударамын. Қазақылық бойға сіңіп кеткен. Шыны керек, өзімнің өзге ұлт екенімді 10 жасымда білдім. Сабақтан келе жаттық. Тозығы жеткен машинаның ішінен шашы өсіп кеткен, қап-қара бір кісі шықты. Қасымдағы балалар «қарбыз егетін кәріс» деп таныстырды. Сол жерде кешкілік қарбыз ұрлауға баратын болып келістік. Бардық. Бір бала шылдырмаққа сүрініп, қашқанымыз бар. Кейін әкеме қарбыз егетін кәрістер туралы әңгіме айтып бердім. Әкем «өзіңнің кім екеніңді білесің бе?» – деп күліп жатыр. Сол оқиға маған қатты әсер етті. Жаман адам болмауға, қиянат жасамауға, адал болуға ұмтылдым», – дейді ол. Геннадий заңгерлік қызметпен қатар қазір жүк көлігімен Қазақстан қалаларын аралап жүр. «Қазақстанның түкпір-түкпіріне тапсырыспен жүк тасымалдаймын. Әр жерге барған кезде ұлы адамдардың, батырларының басына зиярат етіп, құран оқимын. Абай атамыздың ауылын, Түркістан жерлерін аралап шықтым. Мәшһүр Жүсіп мешітінде болдым», – дейді ол. 

АРДАҚ ЕРУБАЕВА
16.03.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 53
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 580
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 694
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 609
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 618

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8754
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8154
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11383
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9137
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10368