📍Бүгін ауданымызға «Мир» мемлекетаралық телерадиокомпаниясы Қазақстан Республикасындағы Ұлттық филиалының тілшілері келді. Топ құрамында аталған телерадиокомпанияның тілшісі Ерік Молдабаев, операторы Марат Құрақов пен іздеу тобының мүшелері Сергей Лапшин мен Алексей Дмитриев бар. Тілші Ерік Молдабаевтың айтуынша, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған бағдарламалар желісі негізінде, соның ішінде «Барудың бес себебі…» атты туристік бағыттағы бағдарламаны түсіру үшін Батыс Қазақстан облысына жол тартқан.
- Өздеріңізге белгілі, Батыс Қазақстан облысының қос ауданы, Жәнібек пен Бөкей ордасы соғыс кезінде бомбаланып, көптеген нысан госпиталь пен штабқа айналған. Эвакуацияланған мекендердің бірі болып саналады. Келгендегі мақсатымыз аталған екі ауданды, соның ішінде бомбаланған жерлерді көрсетіп, соғыс кезіндегі естеліктерді, яғни сол кездегі сәби, қазіргі көзі тірі қарттарымыздың әңгімесін естіп, көрсету, — деді Е.Молдабаев.
Түсірілім тобы Жәнібекке Бөкей ордасының Сайхын мен Шоңғай ауылдарынан келді. Алдымен олар аудан орталығында тұратын, М.Мәметованың туысы Анаргүл Ахмулдинамен тілдесті. Анаргүл Темірболатқызының нағашы әжесі Мәншүк Мәметованың туған апасы. Содан кейін 15 мамырда 86 жасқа толатын Зейнеп Ғаниевамен әңгімелесті. Зейнеп Ғаниева Жәнібектің тумасы, соғыс болған уақытты еміс-еміс есіне түсіреді. Себебі сұрапыл уақытта ата-анасынан айырылып, оны асырап алған. Ұлтын білмесе де өзін қазақ санайды. Алайда, орыс тілінде білім алғасын құжат аларда есімін Зинаида Андреевна деп жазған. Асырап алған әкесінің есімі Әбдірахманға тілі келмей, солай жаздырған екен. Есіне алып: «Су мұнарасының жанында тұратынбыз. Анам нан илеп отырған еді. Бір кезде мұнараға бомба түсіп, терезенің әйнегі быт-шыт болып сынды. Әйнек сынықтары анамның илеп отырған қамырына түсті. Анам мені орап алып, сыртқа қарай шықты. Көршілер де бар. Бәріміз қазулы тұрған шұңқырға түстік. Ол кезде бомбадан тығылу үшін шұңқырлар қазып қоятын. Анам асыққаннан мені қып-қызыл көрпе ораған екен. Шұңқырда болғандар анама қатты ұрысты. Себебі қызыл түсті фашистер тез байқап қалады. Содан басқа көрпеге орап алды. Менің есімде қалғаны осы ғана, — деді.
Тілшілер әженің әңгімесін жазып алып, әрмен қарай шойын жолдың арғы бетінде орналасқан бауырластар зираты мен су мұнарасына бет алып, түсірді.
📌Айта кету керек, «Мир» мемлекетаралық телерадиокомпаниясын әлем бойынша 127 мемлекет көреді.
🗞️«ШҰҒЫЛА»-АҚПАРАТ
#Жәнібек_шұғыласы
#Шұғыла_ақпарат
#Жәнібек_ауданы
#Ғұмар_елі