ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың назарына Құқығы тапталған кәсіпкер ана зары бізді қайта жолға шығуға мәжбүрледі

ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың назарына  Құқығы тапталған кәсіпкер ана зары  бізді қайта жолға шығуға мәжбүрледі

Бәтима есімді оқырманымыз осыдан біраз уақыт бұрын бізге хабарласып, жанайқайын жеткізген болатын. Кейін хабарсыз кетті. Жақында  редакциямызға қайта келіпті. Жүзінде мұң, әбден қажығаны байқалады. Қолында бір бума құжаты бар. Ол ашпаған есік, бармаған мекемесі қалмағанын  ашына айтты.

 

Бұған кім кінәлі?

Бәтиманың есімі төлқұжатында басқаша болып шықты. Патия Халикова. Төлқұжат жасаушылар жаңылған. Ол өзінше бөлек мәселе. Басты мәселе дәл үйінің жанындағы ұңғымадан (скважина) үй ішіне, малына, егініне су ала алмай қиналып қалғандары болып тұр екен. Ол зар мен мұң бір күн емес, ондаған жылға созылған. Зарлап қалғандардың саны біршама. Істің бүге-шігесіне үңілейік. Патия-Бәтима Алматы облысы Ұйғыр ауданы Дардалты ауылдық округіндегі Арасан учаскесінде тұрады. Күйеуі Халиков Бахавдун Ауған соғысына қатысқан, 2 топтағы мүгедек, «Бахрам» шаруа қожалығының төрағасы. Отағасы науқас болғандықтан, негізгі барлық жұмыс Бәтиманың мойнында. Екеуінің тағы бір мүгедек баласы бар екен. 

 Халиковтардың отбасы 1979 жылдан Шонжы-Қалжаттың 51 шақырымында тұрып келеді. Үйлерінің жанындағы ыстық сулы бұлақты шаруашылықтарына пайдаланатын. Жер асты №1598 скважинасының суын бүкіл ауыл адамдары тегін ішіп, қызығын көретін. Скважина ортақ меншікке жататын-ды. 

 2009 жылы аяқ астынан осы ұңғымаға Алматы қаласының тұрғыны Тұрсынғали Қасымжанов деген адам қожайын болып шыға келеді. Басқа-басқа, тіптен ұңғыманың төңірегінде тұрғандардың рұқсатынсыз құжатты жасырын жасап алған. Тіпті куәлікке өзінің екі жақын  адамын тартыпты (хаттамада есімдері бар). Бұған аудан әкімшілігі және басқа мемлекеттік заңды орындар қаулыға қол қойып, осы жер учаскесін 49 жылға уақытша жалға пайдалануға болады деп Т. Қасымжановқа құжат жасалған. 8 сотық жерді иеленген ол суды пайдалануда өзінің заңын жүргізе бастайды. Бұрын ұңғыма суын еркін пайдаланып отырғандарға енді 30 мыңнан 80 мың теңгеге дейін төлемақы белгілейді. Әйтпесе су берілмейді. Ал төлемегендерге ресми түбіртек берілмейді. Ол заңсыз. Су қожайынының бұл әрекеті ҚР су кодексінің 3 тарау 8 бабында айтылғанына қарама-қарсы, яғни заңды белінен басқан.

 2014 жылы Т.Қ.Қасымжанов бұл жер учаскесін жекеменшігіне аударып алады. Сөйтіп, сол кездері ұңғымасымен қосып Алматы қаласының тұрғыны Мангутов Рафатқа сатады. Әрине, ол да Қасымжановтың саясатын жалғастырады. Жаңа қожайын Р.Б.Мангутов бұл жерге ешқашан келген емес. Ол Түркіменстанның азаматы Алиджанов Хайдаржанға сенімхат береді. Енді суға осы шетелдің азаматы үстемдік етеді. Міне, осы заңсыз әрекеттер Бәтиманың арқасына аяздай батады. 

– Алиджанов та суға төлемді заңсыз қойды. 2021 жылы ол «Қашгар» санаторийіне заңсыз жолмен су құбырын жүргізеді. Есесіне бізге келетін су тоқтады. Қазір насос аппараты, құбырымызды қақаған аязда ажыратқан кезде мұз болып қатып қалды. Менің скважинаны пайдалану жөніндегі №1598 арнаулы құжатым бар, – дейді ол ашынып.

 – Оларды сотқа бердіңіздер ме? 

– Әрине, бердік. 2017 жылы Ұйғыр ауданы әкімшілігінің өзі Мангутовты сотқа берді. Адвокаты келді. Үш рет болған сот отырысына Мангутовтың өзі келмеді. Ол келмеген соң, сот нақты шешім шығарған жоқ. Содан соң аудан әкімшілігі тағы да Мангутовты облыстық экономикалық сотқа берді. Тағы да екінші тараптан ешкім келмеді. Үш рет болған сот отырысына екінші тараптан ешкім келмеген соң, онлайн сот шешім шығармады.

– Сонда қалай, Мангутов деген мықты сотты да, әкімшілікті де мойындамай ма өзі? 

– Мойындамағаны ғой. Кейде мен ойлаймын, бұл өзі қолдан жасаған спектакль ме деп... Әділдік біз жақта. Оны прокуратура да, сот та, әкімшілік те мойындап отыр. Бірақ нақты шешім шығармайды. Мен соны түсінбей далмын. 

 – Тағы да қай жерлерге шағымдандыңыз?

– Бармаған, шағымданбаған жеріміз жоқ десе де болады. Ұлттық экономика министрлігіне де хат жаздық. Антимонополияға да шағымдандық. Өткен жылы 5 ақпанда оның бастығы Арман Сағымбековтың өзі келіп, жасалып жатқан әділетсіздікке таң қалды. «Бәрі шешіледі!» деп кеткен. Әлі хабар жоқ. Алматы облысының бұрынғы әкімі А. Баталовқа да кірдік. Оның бізді жақтап, әділдікті орнатқан ресми хаты, мінеки! Өкінішке орай, бір аптадан соң Баталов орнынан алынды. Оның хаты күшін жойды. Содан соң Баталовтың орнына келген облыс әкімі Қ. Бозымбаевтың қабылдауында болдым. Облыстық «Жетісу» арнасы тікелей телекөпір түсірді. Әкім біздің жағдайымызбен танысқан соң, сол жерде «бізге су берілсін» деген үкімін айтты. Әзірге одан да қайыр болмай тұр. Ресми хатымызды әкімнің орынбасары алып қалған. Одан кейін Ұйғыр ауданының әкіміне кірдім. Ол әлі де шешімге келмей отыр. Содан облыстық мәслихаттың депутаты Ақжолтаева Әлияға бардым. Ол мұнда өзі арнайы комиссиямен келіп, танысып тексерді. Әділдік біздің жақта екенін зерттеген соң, суды қосатын болды. Қуандық. Бірақ әлі де одан нәтиже болмай тұр. Антимонополияда, басқа да құзырлы органдарда хаттарым жатыр. Мен әбден шаршадым. Денсаулығым нашарлады. Әсіресе мүгедек күйеуімнің жағдайы одан сайын нашарлап, орнынан тұра  алмай қалды. Көмектесіңіздерші бізге! Қазір де бізде су жоқ. Сусыз өмір қандай болатынын жақсы білесіздер ғой. Биылғы жылдан бастап сенімхат Нұрзинова Аделат деген кісіге берілді. Ол да жаңа талап қойды. «1 кубқа 18 теңгеден төлесеңдер, су беремін» дейді. Ал ол бір айға 150-170 мың теңгеге шығады. 

Бәтима сөзін аяқтап, жылап жіберді. Шынында да, бұл ойланарлық жағдай екен! Министрлікке, облыс, аудан әкімшілігіне, сотқа бағынбайтын бұл не деген мықты адам? «Кәсіпкерлікке жағдай жасалынып жатыр» деген жалған ақпар болғаны ма сонда? Бір жұтым суға зар қылып қойған адам неге жазаланбайды? Әлде бұл Бәтима айтпақшы, қойылып жатқан жасанды спектакль ме? Депутат та, әкім де, сот та, тіптен біз де аң-таңбыз. Қазір      Президентіміз «Жаңа Қазақстан» құрамыз деп жар салып, барлық жерде әділдіктің салтанат құруына пәрмен беруде. Қайда сол орындалып жатқан заң? Әлде бәрі тек сөз жүзінде қалмақ па?  Бәтима сияқты жазықсыз  қарапайым ананы әуре-сарсаңға салып, зар илетіп, жылатып қойғандарға ешкімнің шамасы жетпейтіндей не құдірет бар? Бұл мәселенің шешімі табылатын күн туа ма өзі? Сұрақ көп. Осы іске қатысы бар жандар мен тиісті орындар өздерінің жауаптарын беріп, нүктесін қояр деген үміттеміз... 

 

Аудан әкімі өз тұрғынын неге қабылдамады?

Жақында Ұйғыр ауданының құрметті азаматшасы, Ауған соғысына қатысқандар ұйымының төрайымы, кәсіпкер, аудандық әйелдер қоғамының мүшесі Патия Халикова (шын есімі Бәтима) бізге тағы да келді. Тағы да екі айдан бері «қожайын» суды тоқтатып тастаған. Қонаев қаласынан, яғни Алматы облысының жаңа орталығынан келе жатқан беті екен. Жүзінде мұң. 

– Осыдан бір ай бұрын прокуратураға барып едім. Олар «көмектесеміз» деп үміттің жібін ұстатып еді. Бірақ менің ісімді сөзбұйдаға салып созып жіберді. Облыс әкіміне кіруге талаптанып едім, ол да болмай жатыр. Енді не істерімді білмей дал болып отырмын. Айналып, айналып сіздерге қайта келдім. Әлбетте, сіздерге рақмет! Газетке шығардыңыздар. Айтыңыздаршы, енді мен не істеймін? – деп, Бәтима екі қолын жайып, көздері жасаурап бізге жалына қарады. Біз не істей аламыз? Мақала газетке шыққан соң, Алматы облысы әкіміне хат жаздық. Олар біз қайта-қайта тықақтап қоймаған соң, үш айдан кейін ғана барып жауап жазды. Оны тағы да газетімізде жарияладық. Өкінішке қарай, одан да еш нәтиже жоқ. 

Редакция алқасын шұғыл жинап ақылдастық. Ақыр соңында ауданға қайта барып, әкімшіліктен мән-жайды білуге шешім шығардық. 

Бейсенбі күн шұғыл жолға шықтық. Бірден аудан әкімшілігіне бет алдық. Аудан әкімі Шухрат Нурахунов сөзге келмей қабылдады. Оның кабинетінен бірден көзге түскені Назарбаевтың портреті әкімнің қыр арқасында ілулі тұр екен. «Неге бұл кісіні алып тастамағансыз?» деген сауалға ол мүдірмей қысқа жауап берді. «Бұйрық келген жоқ!» Кеңес өкіметі кезінде қазаққа өлшеусіз зиян келтірген Лениннің портреті әр кеңседе осылай ілулі тұратын. Назарбаев та тағында отырғанда Ата заңға «Тұңғыш президент», «Ұлт көшбасшысы», «Елбасы атауларын кіргізгенін және ол атақтарының алынып та тасталғанын жақсы білеміз. Оның өзі бастап бала-шағасы, достары, сыбайластары болып елді тонаған жемқор басшының жаңа Қазақстан әкімінің кеңсесінде ілулі тұруы біздің миымызға сыймады. Әлде әкім ойында бұрынғы көшбасшы, елбасы қайта билікке келе ме деген үміт пен күдігі бар ма екен?

Бәтима туралы мән-жайды босқа уақыт кетіріп, айтқанымыз жөн болмапты. Мұны әкім Шухрат мырза бізден де жақсы біледі екен. Ұйғыр ауданының ең үлкен байлығы осы емдік қасиеті бар ыстық су бұл жердің қай жерін шұқыласаң да бұлқынып, бұрқырап шығып тұр жарықтық. Ел игілігін көріп жатыр. Бір-бірден ұңғыма орнатып, әуіздерін жасап, кәсібін нәсіпке айналдырып жатқандар қаншама?! Салығын төлейді, кәсіпкерлігін ашқан... бәрі заңды. Жер асты қазынасының басқа түрлерін де осылай пайдаланса ғой, шіркін! Айтпақшы, жер асты суын пайдаланғаны үшін аудандағы жүздеген ұңғыма құдық иелерінің бірде-біреуі ақша төлемейді. Ал Бәтима және оның көршілеріне «қожайынның» су сатуға хақысы бар ма? Бәтима «хақысы жоқ ешкімнің де» дейді. Сонда дейміз-ау, ала қойды бөле қырыққан бұл не деген күшті саудагер? Оның артында кім тұр? Күндердің күнінде ауаны да сататын саудагерлер шықса, таңданбаңыз.

Шухрат әкімнің біздің кейіпкеріміз Бәтиманың жағдайымен бүге-шігесіне дейін таныс екенін жоғарыда айттық. «Осыншама жылдан бері неге бұл мәселені шешпей келесіз? Сіз осы ауданның әкімі ғана емес, әкесісіз. Әрбір адамның тағдыры сіздің алақаныңызда. Мына еңбекқор әйелдің, оның науқас күйеуінің жағдайын ың-шыңсыз шешіп тастауға болады ғой. Қандай бір жіптің түйінін шын ниет, ықылас болс,а шешу қиын емес деп білеміз. Әлде сізге осындай айқай-шу ұнай ма? – дедік біз. Ол: «Мен қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Тіптен өз ақшаммен оның үйіне дейін құбыр тартып бердім. Бар жағдайды түсіндіріп, мәселені шешудің жолдарын да көрсеттім. Оған ол көнбеді. Енді менің айтатыным – сотқа берсін. Ондай жасаса, көмектесемін», – деді ол. «Сіз әкім мырза, Бәтиманы неге қабылдағыңыз келмейді? Қабылдаңыз. Ол айтсын, бәріміз тыңдайық. Сөйтіп, ортақ шешімге келейік», – дедік біз сауал беріп. «Жоқ! Қабылдамаймын! Менің уақытым жоқ», – деді ол үзілді-кесілді жауап беріп. «Бұл кісінің мәселесін шешіп бер. Сөйтіп, ол жөнінде баяндайсың» деп облыстың бұрынғы әкімі Баталов та... бұйрық беріпті. Баталовтың арнайы жазған ресми хаты жөнінде де жоғарыда жаздық. Шухрат әкім бір-екі айдай су бергізіпті де. Бірақ кейін тоқтатып тастаған. 

Теріс қараған сот, шуағын шашқан прокурор

Біз әкімнен шыққан соң Бәтимамен жолықтық. «Оның маған арнайы құбыр салып бергені өтірік», – деді ол. Әкімнің бізді неге алдағанына түсінбедік. Арнайы құдық басына барып таныстық, құбыр атымен жоқ екен. Аудандық соттың төрағасы Тулбаев Ерікке бардық. Бізді қабылдады. Ал Бәтиманы жолатпады. Аудан әкімінің айтқанын жеткіздік. «Жоқ, сотқа беруге болмайды. Кезінде ол отбасымен жан-жақты сөйлескенбіз. Соттың шешімін шығардық. Осы шешімді өзгертпейміз. Сот аяқталған соң оларға уақыт бердік. Қайта шағымданбады», – деді сот төрағасы. «Жазған құлда шаршау жоқ» дегендей, ат басын аудандық прокуратураға бұрдық. Басшылары жоқ екен. Орынбасары Нұрбосын Мықашев бізді жылы шыраймен қарсы алды. Біздің сөзімізді тыңдап болған соң, дереу Бәтиманы шақыртып алды. Біздің жанымызда отырып Бәтиманың бір қоржын құжаттарын алдына жайып қойып ерінбей тексерді, мән-жаймен терең танысты. Прокурордың қарапайымдылығына, кішіпейілділігіне, біліктілігіне тәнті болдық. Ауданға қызметке келгеніне де көп уақыт бола қоймапты. Екі сағаттан аса тапжылмай отырып, ақыры мәселенің тетігін тапты. Бір құжат қажет екен. Соны әкелсе, бар мәселе шешілмекші. Бәтиманың жүзінде қуаныш лебі есті. Қаншама жылдар бойына шешілмей келген мәселенің оңынан шешілетініне балаша қуанды. Адам тағдыры! Мемлекетіміздегі әрбір адам бақытты болуға құқылы. Оның құқығы тапталса, оны шешуге ниеттенбеген әкім, сот, прокурор кінәлі. Мәселен, әкім мен сот Бәтиманы қабылдамады. Бір жағынан, бұл алыстан ат сабылтып келген бізді сыйламағаны. Шындық, ақиқат беттескенде, жүздескенде ғана ашылады. Әкім мен соттың қарапайым еңбек адамын қабылдамағандары жөніндегі себеп-салдары тым әлсіз. Осындай лауазымды қызметтерде отырып, адам тағдырына жеңіл қарауы бізге түсініксіз болып көрінді.

Біз кеткен соң ауданға облыс әкімі келіп, тұрғындарды қабылдапты. Бәтима да әкімнің қабылдауына кіреді, мұң-зарын айтады. «2 ай 10 күннен бері маған су бермей тұр дедім. Облыс әкімі аудан әкімінен мұның себебін сұрады. Ол «есепшот арқылы төлемей отыр» деді. Ал мен 80 мың теңгені төлей алмай отырғанымды жеткіздім. Малым, жерім, қожалығымның барын айттым. Облыс әкімі аудан әкіміне ренжіп, маған хат жаз. Қайта тексереміз деді». Бұл – Бәтиманың сөзі. Ол қалай жүзеге асады, облыс әкімі қандай шара қолданады, оны алдағы уақыт көрсетеді. Қалай болғанда да еңбекқор, қарапайым жанның жеке құқығы тапталып жатқаны анық. Біз алдағы уақытта да уақиға барысын газетімізде үнемі жариялап отырамыз. Бәтиманың отбасында болдық. Үй-жайы, малы, кәсібі бар екен. Үйінің алдында жүгері собықтары жатты. Егіншілікпен айналысатыны көрініп тұр. Суды амал жоқтықтан басқа жерден жаңадан ашылған ұңғымадан алып отыр екен. Күйеуі Бахавдунмен таныстық. Науқас екені көрініп тұр. Ең бастысы бар салмақ Бәтиманың мойнында екен. Кетерімізде Бәтима өтініш айтты: «Егер мақала жазсаңыздар, Президенттің назарына ұсынсаңыздар, көріп отырсыздар, бұрынғы қос облыс әкімі шешпеді. Ал мына әкім шеше ала ма, жоқ па, білмей отырмын»...

Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы Ұйғыр ауданы Дардалты ауылдық округі
20.10.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 15
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 18
СПОРТ КЕШЕНІ САЛЫНДЫ
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 9
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 8
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 12
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 10
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 13
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 18
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 249
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 244
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 869

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8941
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8333
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11561
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9319
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10545