2003 жылдың 23 мамырын құландықтар әлі де қорқынышпен еске алады. Аудан аумағында орын алған 7-8 балдық жер сілкінісінен 21 мыңға жуық адам баспанасыз қалып, 29 адам әртүрлі дене жарақатын алған еді. 3 адам қаза тапты. Алғашқы жер сілкінісінен кейін де екі апта бойы қауіптің беті сейілген жоқ. Осы екі апта ішінде күші 4 балға дейін жететін тағы 52 жерасты дүмпулері тіркелді.
Жер сілкінісінен кейін облысымызда жалпы медициналық және эпидемияға қарсы шаралар жедел түрде ұйымдастырылды. Апат кезінде аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бөлім қызметкерлері де қарап қалған жоқ. Олар табиғи апаттан зардап шеккен 14 елді мекенде санитарлық-эпидемиологиялық және инфекциялық жағдайды бақылау үшін арнайы мобильді топқа жұмылдырылды. Соның нәтижесінде тұрғындардың ахуалын зерделеп, тиісті ем-дом шарасын дер кезінде көрсете алдық. Мен сол жылдары аталған ауданда бас мемлекеттік санитарлық дәрігер едім.
Апат аймағына сол кездегі Үкімет басшысы, сала министрлері, облыс басшысы да дер кезінде барып, халықтың қасынан табылды. Республикалық санитарлық-эпидемиологиялық станциясының басшылары мен қызметкерлері де сол уақытта Т.Рысқұлов ауданында болып, жағдайды көздерімен көріп, көмектерін берді.
Міне, сол табиғи апат орын алғалы да 20 жыл өтіпті. Мемлекеттің қолдауымен зақымданған үйлердің бәрі қайта салынып, мәселе мерзімінде шешімін тапты. Жер сілкінісінің зардабын, қалпына келтіру жұмыстарын түрлі деңгейдегі БАҚ өкілдері кеңінен қамтып жазып, көрсетті.
Қазіргі таңда аталған аудан экономикалық-әлеуметтік жағынан ілгері аудандардың қатарында. Облыс экономикасының дамуына да құландықтардың қосып жатқан үлестері қомақты.