Өткен аптада Елорда төріндегі Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында қоғамды шулатып жатқан, әлеуметтік желілерде таралып жатқан «Көлікті 5 минуттан артық қыздырсаң, айыппұл арқалайсың» деген ақпаратқа жауап берілді. «Бақсам – бақа екен» демекші, бақсақ, елді шулатып жатқан ақпарат шындыққа жанаспайтын болып шықты.
Депутат Снежанна Имашева көптің көкейін тескен бұл сауалға «Көлікті 5 минут емес, 55 минут қыздырсаңыз да бәрібір. Тек тәртіпті бұзбасаңыз болды» деп жауап берді. Және депутат ханым нақты қай жағдайда айыппұл салынатынын да түсіндірді.
Снежанна Имашеваның айтуынша, заңда нақты 5 минуттан артық көлік қыздырған адамға салынатын айыппұл жоқ көрінеді.
Оның айтуынша, «Жол жүру туралы» заң мен Жол жүру ережесінде «көлікті 5 минуттан артық қыздыруға болмайды» деген норма мүлде жоқ. Заң нормаларын алға тартқан ол Қазақстанда көлік қыздырудың уақытына қатысты жеке ереже көзделмегенін атап өтті. Ал, «көлікті 5 минуттан артық қыздырғандарға айыппұл салынады» деген әңгіме «Көліктерді тұраққа қою ережелері» туралы заңнан шыққан дау дейді ол.
«Айталық, заң бойынша да, жол жүру ережесіне сай да, жолаушы шықпайтын немесе жүк тиемейтін көлік бес минуттан артық тоқтап тұрса, бұл «тұраққа қою» болып саналады. Міне, осыған байланысты заңда да, ережеде де бұндай жағдайда тоқтауға болмайды деп жазылған. Жол жүру ережесінің 12 тармағында «адамдарға қолайсыздық тудыратын болса, елді мекендерде оталып тұрған көліктің тоқтауына рұқсат жоқ» деп жазылған. Сондықтан, қозғалтқышы гүрілдеп тұрған немесе түтіні тұтап жатқан көлік, әрине, адамдарға ыңғайсыздық тудырады. Міне, осы жағдайда ғана, оның өзінде де адамдардан шағым түссе ғана, айыппұл салынуы мүмкін», – дейді депутат.
Оның айтуынша, бұл норма Кеңес заманынан бері бар. Бірақ, депутат атап өткендей, қазір көліктің көбі жаңарған, сондықтан олардың қозғалтқышынан да шу шықпайды.
«Әрине, шағым түсірген адам оталып тұрған көлік ыңғайсыздық тудырып жатыр ма, жоқ па, дәлелдеуі керек. «Үйімнің айналасы түтін» немесе «көліктің дауысы ұйқы бермей жатыр» деген сияқты дәлелі болу керек. Сондықтан, бес минуттан артық қыздырдыңыз ба, әлде одан аз қыздырдыңыз ба, уайымдамаңыз. Ең бастысы, жан-жағыңызға кедергі жасамасаңыз болды», – дейді ол.
Осы ретте депутат арыз түскен жағдайда заң өкілдері мен азамат қалай әрекет етуі керек екенін түсіндіріп берді.
«Азаматтардан арыз түссе, полиция хаттама толтырып, айыппұл салуы керек. Бірақ, ол айыппұлмен келіспеген жағдайда жүргізуші сотқа арыздана алады», – деді ол.
Сондықтан, ағайын, алдағы уақытта құр босқа дүрлігудің жөні жоқ. Заңды оқиық. Заңға бағынайық!