Сізді және өзіңіз басқаратын ұжымды Тәуелсіздіктің қарлығашындай «Qazaqstan dauiri» халықаралық саяси-қоғамдық, танымдық газетінің 30 жылдық, «Мөлдір бұлақ» балақандар журналының 20 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз.
Сондай-ақ осы айрықша даталармен сәйкес келген Өзіңіздің өмірлік белесіңізді де ұлтқа еңбек сіңірген тұлғаның қуанышы ретінде ілтипатпен асқақтата айтамыз.
Жасай беріңіз, елдің рухани жеңісі игілігін халықпен бірге көре беріңіз.
Ұлт пен рух жолындағы еңбек кімді болсын бей-жай қалдырмасы анық. Газет алғаш «Қазақстан-ZAMAN» атауымен жарияланғанын ешкім ұмытқан жоқ. Ел тәуелсіздігі мен тұтастығының айғағындай халықаралық басылым Қазақстан мен Түркия арасындағы ақпараттық құрал ретінде екі мемлекет арасына алтын көпір орнатуға септігін тигізді.
Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті азаттық жылдары қаламгерлердің тұтас бір толқынын қалыптастырып, үлкен мектеп орнықтырғанын халық жақсы біледі.
Газеттің тұңғыш бас редакторы Қалтай Мұхамеджанов ұлт мүддесін басты орынға қойып, көкейкесті мәселелерді көтергені кейінгілерге әрі өсиет, әрі аманат болғандай. Мұнан кейін бұл басылымды Болат Бодаубай, Жұмабай Шаштайұлы, Марат Тоқашбай, Ахмет Аляз басқарып, жаңа деңгейге көтерді. Ұлттық мәселелер үздіксіз көтеріліп, басылымның беделі өсті. Бас редактор ретіндегі Ертай Айғалиұлының маңдай терін отандық БАҚ-тың шеберлік мектебі деп санаймыз.
Сенім үдесінен шыға білген газеттің бүгінгі басшысы – Өзіңіз шығармашылық пен елшілдіктің тың тынысын ашқаныңызды ерекше айтамыз. Бұл орайда бас директор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері орайындағы елеулі бастамаларыңызды, ерік-жігеріңізді жастарға үлгі етеміз.
Газет пен журнал ұжымына шығармашылық табыс, жасампаз ізденіс пен елдік абырой тілейміз. Мерейлі күндеріңіз мерейлі жылдарға, кезеңдерге, дәуірлерге ұлассын. Қазақстан БАҚ саласы өсіп-өркендей берсін!