Құттықтаймыз! Туған өңіріне әкім болып келді

Құттықтаймыз!  Туған өңіріне әкім болып келді

Президенттің күзетінен туған жері Алматы облысының әкімі қызметіне дейін өскен генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов кім?

Dalanews.kz жазуынша, бұған дейін Президент күзеті мен Төтенше жағдайлар министрлігінің тізгінін ұстаған шенеунік енді өзі дүниеге келген өңірге басшылық етеді. Шыңғыс Әрінов 1983 жылы 29 қазанда Алматы облысында дүниеге келген. Деректерге сүйенсек, ол Талғардағы 2-ші мектепте білім алған. Жаңа әкім қазір 42 жаста. 

 

Үш жоғары оқу орнын тәмамдаған. Әріновтің алған білімі бірнеше саланы қамтиды. Ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде халықаралық қатынастар мамандығы бойынша оқыған. Бұдан кейін Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясын «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған. Сондай-ақ Азаматтық авиация академиясында тасымалды және қозғалысты ұйымдастыру, көлікті пайдалану саласы бойынша білім алған.

Шыңғыс Әрінов 2006 жылдан 2022 жылға дейін Қазақстанның Мемлекеттік күзет қызметінде түрлі офицерлік және басшылық лауазымдарды атқарған.

Ал 2022 жылы 6 қаңтарда Президент өкімімен Әрінов Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – Президент күзеті қызметінің бастығы болып тағайындалды. Бұл лауазымда ол Мемлекет басшысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты құрылымды басқарды. Осылайша, Әрінов 2006 жылдан 2024 жылға дейін, жалпы 18 жылға жуық уақытын мемлекеттік күзет жүйесінде өткізді. Соның кейінгі екі жылында Президент күзеті қызметін басқарды.

Ол ІІ және ІІІ дәрежелі «Елбасының қауіпсіздігін айбынды атқарғаны үшін» медальдарымен, «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметіне 25 жыл» және «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерейтойлық медальдарымен марапатталған.

Ол 38 жасында генерал атанды. 2022 жылғы 6 мамырда Шыңғыс Әріновке Мемлекеттік күзет қызметінің генерал-майоры арнаулы атағы берілді. Ол кезде Әрінов 38 жаста еді. Ал 2025 жылғы қазанда оған генерал-лейтенант атағы берілді. Әрінов үш жарым жылға жуық уақытта генерал-майордан генерал-лейтенант шеніне дейін көтерілді.

2024 жылғы 6 ақпанда Шыңғыс Әріновтің қызметтік жолында күрт бетбұрыс болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оны Төтенше жағдайлар министрі етіп тағайындады. Бұған дейін төтенше жағдайлар, өрт сөндіру немесе азаматтық қорғаныс саласында жұмыс істемеген күштік құрылым өкілі осылайша Үкімет құрамына енді. Министр қызметіне кіріскеннен кейін Әрінов ведомствоның тиімділігін арттыруды, құтқарушылардың тұрғын үй мәселесін шешуді, материалдық-техникалық базаны жаңартуды және жемқорлықпен күресті негізгі міндеттерінің қатарына енгізді.

Шыңғыс Әріновтің Төтенше жағдайлар министрлігін басқарған уақыты ведомствоны жаңғыртуға бағытталған бірқатар жобамен ерекшеленді. Яғни, Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылымы қайта қаралып, шалғай елді мекендердегі құтқару жүйесін дамытуға басымдық берілді.

«Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында 237 ерікті өрт сөндіру бекеті салынды. Олар шамамен 700 елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сонымен бірге жаңа әмбебап құтқару құрылымдары, авиация және теңіз жасақтары құрылып, халықты жаппай хабардар ету жүйесін жаңғырту жұмыстары жүргізілді.

Материалдық-техникалық базаны жаңарту жұмыстары да жанданды. Өрт сөндіру және құтқару бөлімшелеріне жаңа арнайы техника беріліп, әуе кемелерін сатып алу қолға алынды. 2024 жылы ел аумағында 14 жаңа өрт сөндіру депосы пайдалануға берілді. Құтқарушылардың қызметтік киімі жаңартылып, олардың әлеуметтік және тұрмыстық жағдайын жақсартуға көңіл бөлінді.

Әріновтің тұсында халықты төтенше жағдай туралы жаппай хабардар ету жүйесін дамыту, табиғи өрттерді ерте анықтау технологияларын біріктіру және ТЖМ Ахуалдық орталығының мүмкіндіктерін кеңейту жұмыстары жүргізілді. Министрліктің құрылымы қайта қаралып, өңірлік бөлімшелерді күшейтуге басымдық берілді.

2024 жылғы ауқымды су тасқыны Әрінов үшін министр ретіндегі алғашқы әрі ең күрделі сынақ болды. Төтенше жағдайлар министрлігінің күштері тұрғындарды эвакуациялау, елді мекендерді судан қорғау және зардап шеккен аймақтарға көмек жеткізу жұмыстарына жұмылдырылды. Кейінгі жылдары су тасқынына алдын ала дайындалу, қауіпті аумақтарды бақылау және инженерлік қорғаныс шараларын ертерек жүргізу тәртібі күшейтілді.

Нәтижесінде, Әрінов басқарған кезеңде ТЖМ-нің ауылдық жерлердегі бөлімшелер желісі кеңейіп, техникасы жаңартылып, төтенше жағдайларды ерте анықтау мен жедел әрекет ету жүйесі жетілдірілді. Бұл жұмыстар оның азаматтық қорғаныс саласындағы тәжірибесі болмағанына қарамастан, қысқа мерзім ішінде ведомствоның басқару тетіктерін меңгеріп, бірнеше маңызды жобаны іске асыра алғанын көрсетті. Шыңғыс Әріновтің Алматы облысына әкім болып тағайындалуы оның мансабындағы үшінші ірі кезең саналады. Алматы облысының әкімі лауазымы шенеунік үшін жергілікті басқарудағы алғашқы тәжірибе болмақ.

Айта кетейік, Алматы облысы – халық саны жылдам өсіп жатқан, инфрақұрылымдық және әлеуметтік мәселелері күрделі өңірлердің бірі. Мұнда мектеп тапшылығы, үш ауысымды оқу, су және электр желілерінің тозуы, Алматы маңындағы ретсіз құрылыс, көлік қатынасы, ауыл шаруашылығы мен туризмді дамыту мәселелері өзекті.

Талғарда туып-өскен жаңа әкімге бұл проблемалар бөтен емес деуге болады. Дегенмен күштік құрылымдарда қалыптасқан қатаң басқару тәсілінің азаматтық салада қаншалықты тиімді болатынын оның алдағы жұмысы көрсетеді.

 Алматы облысына әкім болып келген Әрінов генерал екен. Бұл қалай? Жалпы ол кісі кім өзі?» – деген оқырмандар сауалы көп болды. Біз оқырман сауалына жауап іздедік. Бір жағынан осы таныстыру арқылы өңірдің жаңа басшысын қызметімен құттықтай отырып, жұмысына зор абырой, сәттілік тілейміз.

16.09.2026

Ұқсас жаңалықтар

Ақтөбеде қала педагогтерінің дәстүрлі тамыз кеңесі өтті
Мейрамгүл ТАБЫН, Ақтөбе қаласы - 02.09.2026 270

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 27686
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 27176
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 44539
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 40256
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44878