«Сүйдің ауданынан келген Ақай қытай тілі сыныбында оқып жүргендердің ең алғыры еді. Қандай қиын деп айтылатын лекцияларды да мүдірмей, қазақ тіліне тұп-тұнық, жатық аударатын. Ол бар жерде тілмаштардың көбі жалтақ еді. Орта бойлы, жуан бас бұл сары жігіт бауырмалдығымен де бар сабақтасын баурап жүретін. Бүгін мұндай болып жатқанда Момынбайдан басқа ешбірі тұмшаланбай жақындамайды... Ақайды класс бойынша кезектесіп үш-ақ тәулік бақтық. Екінші күні кеште дәрменнен мүлде айрылды, құсарда басын көтеруден қалды да, есінен танды. Үшінші түні таң біліне үзілді. Жас өмірі, жарқын үміті бір-ақ кесіліп, күндіз-түні бас алмай оқитын кітабынан мәңгіге қол үзді. Арыз-арманы да, ата-анасына арналған аянышты сәлемі де айтылмай, қара жерге өзімен бірге көмілді. Біздің қолымыздан бар келгені жылап-сықтап табыт көтерісу, басына аты-жөнін жазып, сайғақ қадау ғана болды... Ақай өлер кезінде түтін мен тұманнан көре алмай кеткен Үрімжі аспанын біз көріп, сол бір аянышты өлімді күрсіне еске алып төрт-бес күн өткіздік».
Жазушы Қажығұмар Шабданұлының елге әйгілі «Қылмыс» романының 99-106-беттерінде ауырып жатқан Ақай деген жігіт туралы сөз болады.

Тас қабырғаға жазылған жыр жолдары
Романда қытай тілі сыныбының үшінші жылдығында оқитын Ақай «менингитпен» ауырып қайтыс болады. Бұл көркем әдебиет, ал шын өмірде сол Ақай кім болған?
Ақайдың шын өмірдегі аты – Абақ Жармұқаметұлы (Жармай) Қасымов. Ол 1920 жылы наурыздың 13-жұлдызында, Қытайдағы Іле қазақ автономиялық облысы, Қорғас ауданының Ластай ауылында, Қасым қажының бесінші ұлы Жармұқаметтің (Жармайдың) шаңырағында дүниеге келген.
Жастайынан жалындап өскен жас түлек ауылдағы аталары ашқан мектепте үлкен әкесі Абдықадыр әпенді қолынан оқығаннан кейін, Сүйдің Күредегі «Мың қа» шөтаңда (моңғол-қазақ мектебі) білімін жалғастырған, одан Үрімжідегі моңғол-қазақ мектебіне оқуға түскен. Одан Үрімжі сіфан мектебінде (педагогикалық колледж) оқыған.
Бұл туралы Қабимолла ағамыз: «Абдықадыр әпенді үш баласын бірдей Үрімжідегі мектепке оқуға аттандырады. Оның Абақ, Айса, Уалит деген ұлдары Үрімжі сіфан мектебінің қытай сыныбында оқыған, – дейді («Қазақ оқу-ағарту тарихынан қысқаша деректер», Қабимолла Манжыбайұлы, Шынжаң халық баспасы, 1995 жыл, 334-бет).
Сол жолғы оқыған балалар ішінде қытай тілін өте шебер игеріп, ағалап алға шығып көзге көрінген оқушылардың бірі саналған. Ол Үрімжіде Гоминьданға қарсы жасырын ұйымға қатысқандықтан сезіліп қалып, түрмеде өлтіріледі. Бұл жерасты ұйымы (құпия ұйым) сол кездегі зиялы жастар жағынан құрылған «Гоминьданға қарсы жастар ұйымы» болуы мүмкін. Өйткені, Абақпен түйдей құрдас, Тарбағатайдың түлегі Дүбек Шалғынбаев Нұртазаұлы осы ұйымның басшыларының бірі болатын. Қазақ совет энциклопедиясының 12-томының «Ш» бөлімінде: «Дүбек 1941 жылы Шынжаңда Гоминьданға қарсы жасырын жастар ұйымына басшылық жасаған, марксизм идеяларын таратуда үлес қосқан» делінеді. Материалдардағы Дүбектің 1942-1943 жылдары Үрімжіде қамауға алынып түрмеде отыруы оның осы әрекетіне байланысты болуы керек.
Осы жолы бірталай оқушы жастар қолға алынып, аянышты түрде өлтіріледі. Солардың бірі болып Бұрхан Шахидының қарындасының ұлы Рүстем де бар. Бұл туралы Бұрхан: «Түрмеден шыққаннан кейін мен мынадай хабар естідім: қарындасымның күйеуі Қайдар (татар) Шыңшысай жағынан түрмеге түсіп, 1943 жылы түрмеде ауырып өліпті. Қайдардың 17 жастағы ұлы Рүстем 1943 жылы педагогикалық мектепте оқып жүрген кезінде идеялық жақтан недәуір жалынды болып, сол кездегі үкіметке наразылық білдіріп, өлең және үгіт қағаздарын жазады. Мұны Әкпар (яғни Ашурын, кейін келе сақшылар басқармасы аударушы бөлімінің орынбасар бастығы болған) әшкерелегендіктен, бірнеше сабақтастарымен бірге қамауға алынады. Менің осы жиенім түрмеде бамбук шеге қағу, таңба басу сияқты алуан түрлі қинау көріп, ақыры аянышты түрде түрмеде өледі. Кейбір көне достарымның, айталық, Тайырбек, Шарыпқан, Иұй Уынбиндердің (Жұнысбек) де түрмеде құрбан болғандығын естідім. Шарыпқан зор денелі болатын, тергеу кезінде қарсылық көрсетіпті. Жыртқыштан бетер рақымсыз жендеттер қолдарына қылыш алып, оны тірідей кескілеп өлтіріпті» дейді. («Шынжаңда өткен елу жыл», Бұрхан Шахиды, 580-бет)
Ал жетпістің желкесіне шығып отырған Абақтың туған қарындасы Намазқан апа: «Есімде қалғаны – оның сол Үрімжіде қамауға алынып, өлтірілетін жылы жазғы демалыста ауылға келген еді. Мектеп басталар уақыт таяғанда: «Үрімжі қалаймақан болып жатыр, бармаймын» деген болатын. Бірақ Абдықадыр қатарлы әкелері: «Ең соңғы бір жылың қалды, неге бармайсың? Бар» деп жіберген еді. Бәлкім сонда Абақ шын сырын айтса, үлкендер оны жібермес еді. Содан кеткенде ағаштан салған үлкен үйдің сырт қабырғасына мынандай өлең жазып кетіпті. Мұны біз сияқты кішкентайлар оқып жаттап алған едік. Кейін біраз жерін ұмытып отырмын», – дейді.

Шынын айтқанда, Абақ Үрімжіде жерасты төңкерістік ұйымға қатынасқан, әрі жасырын төңкерістік жұмыстармен шұғылданған. Сондықтан оның Үрімжіге оқуға бармай қоюы мүмкін емес еді.
Бұл өлеңнің толық емес нұсқасын 2004 жылы 2 ақпанда Намазқан апаның айтуы бойынша бір бөлігін жазып алған едім. Кейін осы Абақтың тағы бір қарындасы Сәулетқан деген кісіден сұрап, кем-кетігін толықтағандай болдым. Десе де қартайып отырған кісілер біраз жерін естеріне түсіре алмады. Сондағы Абақтың үй қабырғасына жазып кеткен өлеңі:
Оқыдым жас уақытымнан талаптанып,
Жолына оқу, өнер барын салып.
Әйтеуір тырысудың арқасында,
Жетіліп адам болдым, білім алып.
Қытайша дәл бес жылдай оқығаным,
Ойыма білім, өнер тоқығаным.
Талап қылып Үрімжіге кетіп барам,
Әйтеуір аман болсын шыбын жаным.
Мен кеттім Үрімжіге, қош, аман бол!
Оқуға бір-ақ жылдық созамын қол.
Дәм татып есен-аман келе қалсам,
Ойлайтын күндіз-түні арманым сол.
…………………………………..
Мен жаздым осы хатты, атым – Абақ,
Бес жылдай жаңа үкімет берген сабақ.
Өзімнің затым Керей, ежелден-ақ,
Туылдым атам Қасым Керейден-ақ.
Жоғарыдағы екі кісінің айтуы бойынша, Абақ бұл өлеңді дәл сол қабырғаға қатарынан қытай, қазақ тілінде жазған екен. Екі жазу да керемет көркем. Сол дәуірде қытайша білетіндер тым аз болғандықтан, қытайшасын ешкім де жаттай алмапты. Кейінгі кездері төменге түсірілген талайлаған қызмет тобындағы жолдастардың, мейлі қазағы болсын, мейлі қытайы болсын, бәрі де бұл екі өлеңді салыстырып оқып, бастарын шайқап: «Бұл адам қайда?» деп талай мәрте сұраған кездері де болған екен.
Абақ Үрімжіде оқып жүргенде алғабасар төңкерістік идеяны қабылдаған. Сол себепті Жұңго коммунистік партиясының Шынжаңға келген мүшелерімен жасырын тығыз барыс-келіс жасаған. Ол өте-мөте солардың ішіндегі төңкерісшіл құрбан МауЗыминге тәнті болған сияқты. Сол себепті ол өзінің қытайша есімін «А Зыминь» деп қойып, өз атының бас әрпі «А»-ны сақтап қалып, соңына Мау Зыминь деген есімдегі «Зыминь» деген бөлігін тіркеп, «А Зыминь» (阿泽民) деген есіммен аталған.
Бұндай қытайша ат қою туралы Қабимолла Манжыбайұлы: «Шыншысай дәуірінде Үрімжіде оқыған оқушыларда аттарын қытайшалап қоятын әдет болған. Мысалы: Тұсыпбек – Дүбек (杜别克) деп, Ануар Мамырқанов – Ан Жианжун (安建忠), Қаусылқан Қозыбаев – Хы Личың (何立成) деп аталған. Бұл әдет 1941 жылы қалған» дейді («Қазақ оқу-ағарту тарихынан қысқаша деректер», Қабимолла Манжыбайұлы, Шынжаң халық баспасы, 1995 жыл, 269-бет).
Абақтың (А Зыминьнің) жасырын төңкерістік ұйымға қатысқандығы сатқындар жағынан әшкереленіп қалған соң, Шыншысай кертартпа үкіметі жағынан қамауға алынып, түрмеде өлтірілген.
Бұл туралы Абақтың туған қарындасы Сәулетқан Жармұқаметқызы да: «Ағамның қытайша аты А Зыминь екен. Ол оқып жүрген кездерінде қытайдың мықты адамдарымен байланыста болыпты. Артынан құпия жұмыстары сезіліп қалып, аяусыз жадыға туралып өлтіріліпті. Кейін 70-те ме, 80-жылдар ма екен, Үрімжіден бірнеше қытай жолдастар Абақтың осы жақтағы туыстарын іздеп келген екен. Бірақ Абақ деп емес, А Зыминь деп қытайша аты бойынша іздеу салыпты. Бұл жақтағылар «А Зыминьнің» Абақ екенін қайдан білсін? «Бұндай адам болған емес» деп айтқан. Бұны мен кейін естідім, қатты өкіндім», – деп ағыл-тегіл жылап алды.
Абақтың өлімі
Абақтың өлгені туралы хабарды ақын Таңжарық Жолдыұлы Үрімжіден ауылға қайтарда Сайрам бойында отырған елге келіп, өлеңмен естірткен деген бір әңгіме бар ауыл арасында. «Сонда өлгеніне бір жыл болыпты десіп жататын үлкендер», – дейді Сәулетқан апа. Ақын Таңжарық Жолдыұлы 1945 жылы жазда қайтқан екен. Сонда Абақ Жармұқаметұлы 1944 жылы Шыншысайдың құрбаны болған. Абақпен бірге ластайлық Айса деген жігіт те өлтірілген екен.
Сол кездегі Таңжарықтың өлеңін осы ауылдың қағылез жеткіншектері жаттап алған екен. Өкінішке орай, оны білетін көне көздердің дені кетіп, бұл өлең сақталмаған. Тек Абақтың қарындасы Сәулетқан апамыздың айтқанын жазып алдық:
Үлгі еткен оқу жолын жағалады,
Аман ба Қасым қажы балалары?
Әйтеуір, аман келдім дегеніммен,
Көңілім жазылмастай жараланды.
Жеті жыл бұрын талқы кезеңінен,
Айдалып асқам ұзап өз елімнен.
Айырылып небір есіл бауырлардан,
Жалғыз келдім, жауыздық себебінен.
Сұм дүние-ай! Ісіы аққа жала қылған,
Жазықсызды зарлатып, қан ағызған.
Солардың бірі болып оралмасқа,
Аттанып Абақ кетті арамыздан.
…………………………………..
Бейбіт күнде ел тыныш, қазан отта,
Ер аман, жаласызда, қаза жоқта.
Періште құс бейішке ұшып кетті,
Жаратқан иман берсін азаматқа.
…………………………………..
Ал Үрімжіде Абақпен бірге оқыған Амит Абайұлының айтуынша: «Бір жолы мектепте көлемді жиын болды. Сонда мінбеге Абақ шығып сөз сөйледі. Қолындағы қағазға қараған да жоқ. Қытайша сөйледі. Төмен жақтағы қазақ бізді қойып, қытайлардың өзі қағазға түртіп, үлгере алмай қалды. Қытайшасы өте күшті еді. Мақал-мәтелмен сөйлегенде, мен-мен деген қытайдың мықтыларының өзі сөз таба алмай қалатын еді. Сол жолы Абақ екі сағат сөз сөйледі. Сол лекциясы мектепте өте зор дабыра қозғап жіберді. Онсыз да Абақтың атағы едәуір болатын».
Осы Амит Абайұлы Үрімжіде Абақпен бірге оқығанда жасырын ұйымға қатынаспаған сияқты, өйткені ол кісі Үрімжідегі Гоминьданнан Гүнчандаңға өзгерген (ақиқатқа қайтқан) әскери дивизияның тәржімашысы болған, кейін Ұлт-азаттық соғысына қатысқан. Бұл туралы Болатқадыр Қонысбекұлының «Азаттық үшін арпалыс» мақаласында дерек келтіріледі: «1949 жылы 9-айдың аяқ шенінде радиосит Амит Абдықадырұлы мен юань (орыс) екеуі Матсофыны шақырып алып, Мәскеуден Бейжіңге берілген хабарда: «Ахметжан Қасыми бастаған 11 адам сыртқы Моңғолияда айропылан (ұшақ) шырғалаңынан қаза тапты», – делініпті деген».
Ал белгілі зерттеуші Қалиолла Нұртазаұлының айтуынша: «Абақ қытай сыныбында оқып жүріп, моңғол сыныбына «Санмин жуидан» сабақ береді екен. Абақ қайтыс болардан бұрын Гоминьданға қарсы жасырын ұйым «Демократияшыл жастардың» жауапты хатшысы болыпты», – деген еді.
Ал сол Сүйдің ауданындағы Иманалы Жүрекбайұлы ақсақал да Абақ туралы: «Абдықадырдан оқыған балалардан өз ұлы Амит Абдықадыр, Уалит Абдықадыр, Абақ Жармайұлы, Ашым Ыдырысұлы қатарлы бір топ оқушы «Мың қа» шотаңда оқып, жоғары білім алғандар. Осылардың ішінде Абақ Жармайұлы Үрімжіде Гоминьданға қарсы әрекетке қатысқандықтан, Гоминьдан жағынан өлтіріледі. Мұны Қажығұмар Шабдан өзінің романының 2-томы, 160-бетінен 180-бетке дейін ерекше жазған. Сол ретті оқыған балалар шынында қытай тілін өте шебер қолданып, ағалап алға шыққан оқушы еді деп жазған», – дейді.
Автор кітапта Абақты қытай тілі сыныбының үшінші жылдығында «Ақай» деп әдеби атпен алған. Онда: «Сүйдің ауданынан келген Ақай қытай тілі сыныбында оқып жүргендердің ең алғыры еді. Қандай қиын деп айтылатын лекцияларды да мүдірмей, қазақ тілінде жатық аударатын. Ол бар жерде тілмаштардың көбі жалтақ еді. Орта бойлы, жуан бас бұл сары жігіт бауырмалдығымен де бар сабақтасын баурап алатын», – деп жазады.
Маңдайына шоқ басып, қатты азаптаған
Ал 1985 жылы Дашыгүр ауылынан Ыскендір деген кісінің Құдыбай (Абақтың інісі) арқылы Рашида Қасымоваға (Шажарй Заңгының қызы, Үрімжіде қызметте болған) жазған хатында Абақ туралы тағы бір тың деректі айтады: «Менің руым – Шеру. Абақтың жолдасы, әрі бажасы боламын. Бұрын Іледе Сарашүн, Баташүн деген адамдар болған, ұлты – сібе. Екеуі де бұрын Советте (Кеңес Одағы) консул болып тұрған. 43-жылдары Гоминьдан уақытында екеуі де қамауға алынған. Мен тарихи байланыспен Баташүнның үйіне барғанымда: «Қайдан келдің?» – деп сұрады. Мен: «Қорғастан келдім», – деп едім. «Абақты танисың ба?» – деді. Мен: «Танимын, бізге туыс болып келеді», – дедім. Сонда Абақтың аманат сөздерін айтты. Екеуі Үрімжіде түрмеде бірге жатқан екен. Абақты бірнеше рет сұраққа алып, ұрып-соғып, қатты қинапты. Екінші рет сұраққа алынғанда шекесіне көмірдің шоғын басып, қолдарына, тырнақтың көбесіне шеге қағып, су-май шашып, қатты ұрып зақымдаған екен. Сонда Абақ Баташүнның қайдан келгенін, бұрын не істегенін сұраған. Баташүн өзінің Советте консул болып тұрғандығын, «Советпен қатысы бар» деп қамауға алынғандығын, Ілелік екенін айтқанда, Абақ Баташүнға: «Менің үйім Сүйдің Ластайда. Әкемнің аты – Жармай. Мен Шынжаңдағы Жұңго Гуншандаңының ұйымына қатысқанмын. Мені 3-рет сұраққа алып шықса, тірі келмеймін. Менің осы сәлемімді сіз тірі қайтсаңыз, менің семьяма жеткізіп қойыңыз. Сізге аманат!» – деген екен.
Бұны Баташүн маған айтқан еді. Әрі осыны айтып тұрып Баташүн: «Қазақтан шыққан ұлы зиялы еді, амал жоқ», – деп күрсінді. Мен мұны 1956 жылы Уалитке айтқанмын. Баташүн өлді. Оның баласы (Гиду) және бір аты Сасынжа азыр Үрімжіде Әскери районда демалыста. Ескерту: бұларды Ли Шу Сан, Шаршабек біледі», – дейді. Құдыбай ағаның айтуынша, бұны 1956 жылы Баташүн Ыскендірге айтқан екен.
Есімде қалғаны, Абақты бесікте атастырған екен. Бесік құда болған қызы Шеру руындағы Жықан деген кісінің қарындасы Парида атты қыз, Молтан қажының ауылынан болады. Абақ он алты жасында үйленген. Парида жеңгемізден бір бала сүйген, бірақ ол бала ұзақ тұрмады.
Абақ жастайынан домбыра тартып, күй ойнайтын домбырашы болған. Онымен қоса орыстың гармонын да нақышына келтіріп, тамаша ойнаушы еді. Жас болған соң оқудан қайтып демалысқа келген кездерінде ауылдағы құрбы-құрдастарымен бірге серілік құрып ойнап кететін. Сондай кездердің бірінде Керімбек қос атпен Абақты алдырып, ән салдырып, күй тартқызып, сауық-сайранның отауын құрып береді. Ойынның қызығы қашан таусылушы еді. Содан қалың қыз-жігітпен бірге тігілетін үйлерін алып, сауықтарын биелерін айдатып, Ортақсарының арасына (жер аты) бірнеше күн ойнап барып қайтады.
Сонда Парида жеңгеміз: «Өңкей қыздың қасында болып, бірге барып сайрандап келдің» деп наз айтушы еді. Бірақ бұлқан-талқан болған мінезін, қара қазандай болған өкпесін көрген жоқпыз. Әне келеді, міне келеді деген Абақтың өлім хабарын естігеннен кейін, Парида жеңгеміз қайғы-дерттен төсек тартып қалды. Сол шемен болып байланған ауыр дерттен аһылап-уһілеп, ұзаққа бармай, қасіреттен қайтыс болды.
Ал артта қалған үлкен апайым Халида бір жағынан бауырының қыршынынан қиылғанына егілсе, тағы бір жағынан Париданың да жастай солғанына қарап, шын жүрегімен езіліп, Үрімжіге анау-мынау жұмыспен аттанған адамдарға:
Үрімжі манас ала көл,
Ала көлге бара кел.
Абаққа барған ағалар,
Абақтан сәлем ала кел!
…………………………
Айналайын Абағым,
Ашылмай кетті-ау
қабағың!
Бір сұмдықты біліп ем,
Болмаған соң хабарың!
Артта қалды езіліп,
Парида сынды маралың…
– деп сәлем айтушы еді», – деп көз жасын сығымдап алды Сәулетқан апамыз.
Абақ туралы тағы бір тың деректі Ластайдағы зейнеткер мұғалім Рапат Ермейұлы (Ермұқаметұлы) былай келтіреді: «Абақ – Жармай (Жармұқамет) әкеміздің үлкен ұлы. Інісі Кұдыбай (Сыдық), қарындастары Халида, Саулетқан, Намазқан. Абақ жас кезінен ұғымтал болып, бастауышты үздік оқыған. Біздің нағашымыз Суан Кенембайдың Айса деген баласы екеуінің аты қатар аталатын. Абдықадыр әкеміз мектептегі оқушыларының ішінен талдап Абақ, Айса, Ашым, Амит (Хамит) сияқты балаларды Үрімжіге оқуға аттандырады. 1942-1943 жылдары Шыншысайдың қара ниеті қабынып, алға басар ел басыларын, зиялыларды, тіпті жас оқушыларды да түрмеге жауып, қинап өлтірді. Тұтқындалған оқушыларды жер астындағы суық залға су төгіп, киімдерін шешіп алып, жалаңаш қамайды. Мұздаған оқушылар «дене жылытамыз» деп табаны мұз залда тоқтаусыз жүгіріп, соңынан отырған орындарында жаны үзіледі екен.
Ал Абақ пен Айса екеуі мектептегі оқушылардың ұйым басшысы болғандықтан қинап өлтірілді. Біреулер «жадыға турап өлтірді» десе, біреулер «қылқындырып өлтірді» дейді. Басқалардың орнына айдалған Құдыретбайдың айтуынша, Абақ пен Айсаның аузында, құлағында мақта бар екен.
Сол кезде Қорғас Ластайдан Абдылда, Құдыретбай деген екі адам жалған жаламен басқалардың орнына түрмеге айдалады. Құдыретбайдың сүйегі Жалайыр ішінде Ақбұйым, Бейісбай болыстың баласы. Ол Орнықбай деген адамның орнына айдалған. Абақ, Айсалар түрмеге түскенде бұл адам түрменің ешкісін бағады екен. Түрмеге түспестен бұрын да араластығы бар екен. Ол адамның айтуынша, екі баланың сүйегін түрмеден сұрап алып, бір ұйғырға жаназалатып, Үрімжінің сыртындағы бір зиратқа алып барған. Зираттағы көр қазушылар бір құдыққа төрт ақым шығарып, төрт адам жерлейді екен. Сонымен Абақ пен Айсаны бір құдыққа жерлеген. Сынған көк кесектен белгі қойыпты».
Бұл деректі Құдыретбай деген жалғыз адам айтып отырғандықтан, нақты дерек болмауы да мүмкін. Десе де сол Шыншысайдың түрмесінде өлгенін айтады.
Абақтың өскен ортасы оның тез жетілуіне әсер етті. Ауылда аталары салдырған мектеп болды. Шетелде білім алған әкелері, ағалары болды. Мысалға, Түркиядан оқыған Әбдіқадыр, Алматы, Мәскеуден оқыған Абай қатарлы әкелері, Алматыда оқып 1938 жылы атылған Несіпбек Қасымов сияқты ағалары болды. Абақ соларға қарап өсті.
Әттең! Тарыдай шашылған қазақтың жас түлек балапаны 24 жасында аққан жұлдыздай болып, қыршыннан қиылмағанда қандай тұлға болып шығар еді, кім білсін?..
Ермек ШАЯХМЕТ















