Қазақстанда өткен бір айда (2021 жылғы шілдеде 2021 жылғы маусымға қарағанда) баға азық-түлік тауарларына – 0,7%, азық-түлік емес тауарларына – 0,5%, ақылы қызметтерге 0,8% қымбаттады. Бұл туралы ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы хабарлады.
Бір жылда, яғни биылғы шілде айында өткен жылдың шілдесімен салыстырғанда тауарлар мен қызметтер құны 8,4%, азық-түлік 11%, азықтүлік емес тауарлар 7,2%, ақылы қызметтер 6,1% өсті.
Өткен шілде айында ғана (оның алдыңғы маусым айына қарағанда) бағаның өсуі қырыққабатқа – 12,6%, қызылшаға – 9,1%, бас пиязға – 8,2%, күнбағыс майына – 4,2%, құс етіне – 3%, қарақұмық жармасына – 2,6%, жылқы етіне – 2,5%, қой етіне – 2,4%, сиыр етіне – 2,2%, шошқа етіне, шайға – 2%-дан, жұмыртқаға – 1,3%, құмшекерге – 1%, ұнға 0,9% белгіленді.
Темекі өнімдері – 4,1%, минералды және ас су – 1,2%, алкогольді сусындар – 0,8%, салқындатылған сусындар 0,7% қымбаттады.
Керісінше, баға картопқа – 20%, қызанаққа – 14,8%, қиярға – 11,9%, сарымсаққа – 6,8%, банандарға – 2,5%, сәбізге 2,2% арзандады.
Бұдан бөлек, баға өсімі тұрмыстық аспаптарға – 1,7%, құрылыс материалдарына, ыдысқа – 0,9%-дан, жиһаз және үйге қажетті заттарға – 0,6%, жуғыш және тазалағыш құралдарға – 0,5%, киім және аяқ киімге, жеке қолданылатын тауарларға 0,4%-дан құрады. Баллондағы сүйытылған газ – 2,1%, дизель отыны – 2%, бензин 0,9% қымбаттады.
Фото ғаламтордан алынды
Санаторий қызметтерінің ақысы – 1,1%, қоғамдық тамақтандыру қызметтері – 0,8%, кешенді демалу ұйымдары – 0,7%, шаштараздар мен сұлулық салондар қызметтері, қонақ үйлер қызметтері 0,4%-дан жоғарылады.
Жолаушылардың әуе көлігімен жол жүру құны – 9,9%, таксиге 1,2% көтерілді.
Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласында тарифтер электр энергиясына – 5%, суық суға – 1%, суды бұруға 0,7% өсті. Тұрғын үйді күтіп ұстау үшін төлем 1,5% қымбаттады.