Жақында Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров Ош облысының Алай ауданы тұрғындарымен кездесуі кезінде келер жылдың соңына дейін Қырғызстандағы Кеңес одағынан қалған орысша жер-су аттарын түгелдей қырғызшалайтындығын айтқан еді. Президенттің бұл сөзін кейін Жапаровтың баспасөз қызметі хабарлама таратып, «орысша адам атаулары ғана өзгермейді, Кеңес одағы кезінен қалған атаулардың барлығы өзгереді» деп нақтылай түсіндіріп берген болатын.
Осыған жалғас, 7 сәуір күні Бішкек қалалық кеңесі астанадағы 18 көшенің атын өзгерту туралы шешім қабылдағаны белгілі болды. Бұл қалыпты жағдайлардың бірі еді. Себебі қырғыз елі Кеңес одағы кезінде партияның шешімімен аталған орыс тіліндегі ескі атауларды түгелдей өзгертуге әрекет етіп келеді.
Мұнан сырт, 2023 жылы шілдеде қырғыз тілінің мәртебесі туралы заңның қабылдануына байланысты Мәскеу тарапынан кәдімгідей қарсылыққа ұшыраған болатын.
Бұл заң қабылдана салып, көп өтпей Ресейдің бас дипломаты Сергей Лавров коммерциялық емес ұйымдардың өкілдерімен кездесу кезінде Қырғызстанда қырғыз тілі туралы заңның қабылдануын сынға алды.
«Бұл идея алғаш рет ойластырылған кезде біз қырғыз достарымызға бұл «демократиялық қадам емес» екенін ескерткен едік. Мен барлық мемлекеттік қызметкерлерді қырғыз тілін білуге және сол тілде жұмыс істеуге міндеттейтін ережені айтып отырмын. Мемлекеттік қызметкерлердің бұл тобына мемлекеттік медициналық мекемелердегі мұғалімдер мен дәрігерлер кіреді. Біз жұмысты жалғастыра береміз. Біз бірнеше рет ескерттік, бірақ ол басқа бағытты алды. Қырғызстан Конституциясында орыс тілі ұлттық қарым-қатынас тілі болып қала беретіні айтылғанына қарамастан, Украина мен Балтық жағалауы елдеріндегідей, орыс тілі жалпы кемсітушілікке ұшырауда», – деді ол.
Лавровтың «орыс тіліне кемсітушілік жасалып жатыр» деген пікірі ресми Мәскеудің ұстанымы деп бағалаған қырғыз қоғамы әлеуметтік желі арқылы қарсы уәждерін айтумен болғаны есімізде.
Жұрт арасында қызу талқыға түскен бұл әңгімеге ақыры президент өзі түсінік берген болатын.
«Сергей Лавров заңды оқымай сөйлеп тұрған шығар. Заңда орыс тілін кемсіту керек деген ұғым жоқ. Керісінше, орыс тілі ресми тіл ретінде қолданылуы керек деп жазылған. Бұл норма Конституцияда да бар. Бұл норма сақталады. Ол мұғалімдер мен дәрігерлерге қолданылмайды. Бізге қырғыз тілі қаншалықты қажет болса, орыс тілі де соншалықты қажет. Өйткені орыс тілінсіз ТМД елдерімен жұмыс істей алмайсың. Қытайға, араб елдеріне және сол еуропалық елдерге барғанда да біз әлі де орыс тілінде сөйлемейміз бе? Міне, біз өз тілімізді толық меңгеруге тырысып жатырмыз. Мемлекеттік қызметкерлер мен депутаттардың қалай сөйлейтініне қараңызшы. Жартылай орыс, жартылай қырғыз. Ешқайсымыз толық орыс немесе қырғыз тілінде сөйлемейміз. Біз араластыра береміз. Сондықтан екі тілді де бірдей меңгерейік. Қажет болса, ағылшын, француз және қытай тілдерін үйренейік. Неғұрлым көп тіл білсеңіз, өзіңізге соғұрлым жақсы, солай емес пе?», – деген еді Садыр Нұрғожайұлы.
Міне, осылайша аракідік екі елдің арасын пікір таласқа салып тұрған мәселе жақында тағы да көтерілді. Садыр Жапаровтың Алайда айтқан азырақ сөзі өз халқының ықыласына бөленгенімен, Мәскеудегілерге оғаш естілгені анық. Сөйтіп жүргенде Ресей думасында 21 сәуір күні Қырғызстан тәуелсіздік алғаннан кейін құрылған «Борис Ельцин атындағы қырғыз-орыс славян университетінің кампусы туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды талқылау кезінде біраз шу болғанға ұқсайды.
Дәл осы университет туралы қырғыз қоғамында алуан түрлі пікірлер бар екен. Қырғыз-Ресей славян университетінің Байтік ауылында шамамен 30 гектар аумақта жаңа кампус салу жоспарланып жатқан көрінеді. Бұл келісімге Ресей басы Путин болып 2023 жылы Бішкекке сапары кезінде қол қойыпты. Сол келісімге сай, қырғыздар университеттің жаңа аумағына жер бөліп, қажетті инфрақұрылымды тартуды міндетіне алған. Ал қажетті қаржының басым бөлігін орыстар шығарады деп уәделескен көрінеді.
Ресей және Қырғызстан сайттары бұл дау туралы көптеп жазып жатыр. Заң жобасын мақұлдау кезінде Дума депутаты Михаил Матвеев Қырғызстанды «русофобия өсіп келе жатқан ел» деп баға беріп, бұл елде орыс атаулары өзгертіліп жатқанына тоқтала келіп, университетті кеңейтуге ақша бөлгені үшін билікті сынап тастаған.
«Ел президенті Садыр Жапаров Ош облысына сапары кезінде орыс атаулары бар жерлердің атаулары өзгертілетінін және бұл келесі жылы аяқталатынын айтты. Қазіргі уақытта орыс, кеңестік атаулары бар он бес ауыл өзгертілді. Бішкекте Жас гвардия, Горький, Толстой, Гоголь, Фрунзе көшелерінің атаулары өзгертілді. Біз Қырғызстандағы орыс, кеңестік атауларды өшіріп, Ельциннің есімін мәңгілікке қалдыруға көмектесіп жатырмыз. Соғыс кезінде ел 15 млрд рубль бөледі. Бұл республикаларда гүлденіп жатқан русофобия мен кеңеске қарсылықтан қорғанудың басқа нұсқалары жоқ па?» – депті Михаил Матвеев.
Мұндай ренішті ойлармен келісе қоймаған депутаттар да пікір білдірген. Мәселен, Константин Затулин Қырғызстанның басқа елдерге қарағанда Ресейге жақын екенін және атауларды өзгерту әр елдің ішкі мәселесі екенін айтыпты.
«Мемлекеттік Думада көрсетілген мигранттардан қорқушылыққа қарамастан, біз русофобия және Кеңес Одағының мұрасына қарсы күрес туралы да айтуға мәжбүрміз. Президент Садыр Жапаровтың мәлімдемесін кейінірек оның баспасөз қызметі жоққа шығарды. Алайда, өкінішке орай, топонимдерді өзгерту көптеген елдерде орын алып жатыр. Сіз қарастырмайтын елдерде де солай. Бұл олардың ішкі мәселесі. Өкінуден басқа амал жоқ. Шын мәнінде, Қырғыз университеті сияқты мүмкіндіктер жасау арқылы біз бұл процесті баяулатып жатырмыз», – депті Затулин.
PS: Қырғызстанда қазір орыс тіліндегі атаулармен қоса Кеңестік идеологияны сипаттайтын, егемен елде ешқандай мағынасы қалмаған атауларды өзгертуге кіріскен. Мысалы үшін, былтырдан бері Новодонецкое ауылы – Айтматов ауылы, Большевик ауылы – Баялы Исакеев ауылы, Теплоключенка ауылы – Ақ-Суу ауылы, Военно-Антоновка ауылы – Кожомкул ауылы, Семеновка ауылы – Кожояр-Ата ауылы болып өзгертілген. Президент бұл жұмыстың 2027 жылдың соңына дейін толық аяқталатындығын айтып отыр. Ол бұдан бөлек, алдағы уақытта Қырғыз Республикасында әкімшілік бөлініс болатындығын да ашық айтты. Бұл жоба бойынша облыстар мен аудандарды жойып, олардың орнына 20 округ құру жоспарлануда. Ал біздегі құжынаған атауларды қашан өзгертеміз? Осы жағы бізді де алаңдатады.
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ













