Қазақстан Республикасының Ата Заңы – 30 жылда қаншама рет жаңарды, «жамалды». Билікке ұнаса «тымырайып», қолайына жақпаса «бағы тайып», Парламентке де «жиі барып», бас шұлғығыш депутаттардың «қолын алып» жүре беретін заң жобалары-ай... сендерге де «тықыр» таянды-ау... Сотқа жүгінгеннің соры қайнағанын, әлдінің әлсізді таптағанын жиі көретін ел, Заң халық үшін емес, билік үшін жазылғандай әсерге бөленгенін қайтіп жасырайық. Сондай елең-алаң шақта, белгілі жазушы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза атамыздың «Заң дегеніміз – өрмекшінің торы: әлсіздер тұтылып, әлділер құтылып кете береді. Бір кем дүние» дегенін қалай ұмытар қалың қазақ. Ол «дәуір» әркім өз қотырын өзі «қаситын», «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заман болатын. Халықтың саяси сауаты да төмен еді.
Қазақстан Республикасының Ата заңы – 30 жылда қаншама рет жаңарды, «жамалды». Билікке ұнаса «тымырайып», қолайына жақпаса «бағы тайып», Парламентке де «жиі барып», бас шұлғығыш депутаттардың «қолын алып» жүре беретін заң жобалары-ай... сендерге де «тықыр» таянды-ау... Сотқа жүгінгеннің соры қайнағанын, әлдінің әлсізді таптағанын жиі көретін ел, Заң халық үшін емес, билік үшін жазылғандай әсерге бөленгенін қайтіп жасырайық. Сондай елең-алаң шақта, белгілі жазушы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза атамыздың «Заң дегеніміз – өрмекшінің торы: әлсіздер тұтылып, әлділер құтылып кете береді. Бір кем дүние» дегенін қалай ұмытар қалың қазақ. Ол «дәуір» әркім өз қотырын өзі «қаситын», «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заман болатын. Халықтың саяси сауаты да төмен еді. «Арайлап атар ақ таңды» аңсаған бала-көңіл халықтың іштен тынып, әлі де болса жылт еткен үміттің сәулесіне елітіп жүрген кезі-тін.
Ата Заңның үштен бірі өзгермек...
Сол кездері тұңғыш президенттің «Елбасы» статусы мәртебеге ие болып, конституция «шимайланып», оның отбасының амандығы заңмен қорғалып, депутаттардың белсенділігі арқылы тастай бекігені де ел есінде. Нұрсұлтан Әбішұлының әр сөзіне сүттей ұйыған игі жақсылардың, мақтан мен ода айтудан жарысқа түсіп, қызара бөртіп, қызыл көрген қырандай «көздер қанталап» шуылдап жүргені бүгін тарих болса, кеше аймаңдай шындық еді...
Осы тұрғыдан қарасақ, Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу соншалықты жаңалық емес, ағайын. Жаңалық – отыз жыл бойы бір адамға табынушылықтың зардабынан туындаған проблемадан бастау алып тұрғаны ғана. Тұғыры биік болғасын, ғұмыры да ұзақ болады деп сенім артқан конституциямыздың үштен бірі – өзгеріске түскелі тұр. Бұл нені аңғартады? Жеке басқа табынушылықтың арты – «Атаманның ақырына» ұласқанын білдірсе керек.
Ей, дүние демекші, отыз жыл бойы «жұмақ орнайтын» күнді аңсаған халық, бүгіндері көк теңіздей толқып-толқып алатынды шығарды. Толқығанда да таудай-таудай толқындарымен жарды соққылап, биліктің де тынышын алып, ұйқысын қашыратынды шығарып жүр. Ойыннан от шыққаны секілді, толқыудың да арты орны толмас қазаға, елді аңыратқан азаға жеткізіп, қаңтардағы қырғынға апарып соққанын көзіміз көрді.. Момын түйе жүндеу жақсы болса да «күрмеуге» төзбейтінін билікте бажайлап, әр қадамын абайлап басуға кіріскені соның айғағы. Конституцияны баяғыдай өзім білерлікке салып өзгерте салмай, жалпы халықтық референдум арқылы «түзетуге» қадам жасау, демократияға салынған «түрен» екені даусыз.
Сонымен қойшы, бүгінгі президент Қ.Тоқаев халыққа жасаған үндеуінде 5 маусым күні конституцияға енгізілетін өзгерістерге орай жалпыхалықтық референдум өтетінін айтып қалды. «...Сондықтан бүгін мен Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін 5 маусымда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойдым» деді Президент. Оның айтуынша, өзгеріс енгізілгеннен кейін Конституция жаңа сипатқа ие болмақ. «Ата заң баптарының үштен бірі өзгереді. Ашығын айтсақ, Конституциямыз мүлде жаңа сипатқа ие болады. Сол себепті, мен республикалық референдум өткізу туралы бастама көтердім. Өйткені мұндай ауқымды өзгеріс бүкіл халықтың шешімімен жүзеге асырылуға тиіс» деді Тоқаев мырза.
Сол-ақ екен еліміздің әр өңірінде баяғыдай референдумды насихаттау жұмыстары мен жиындары күн тәртібіне шыға келді. Тек баяғыдай текке ақ тер, көк тер болмаса екен дегіміз келеді... Жә, делік.
Бұдан кейін Мемлекеттік Хатшы Ерлан Тынымбайұлы Карин мәлімдеме жасады. Одан ұққанымыз, Конституциялық реформа жөніндегі жұмыс тобы Конституциялық Кеңеске жаңа Конституция жобасынан 91-ші «Бірінші Президенттің тарихи ролі жөніндегі» бапты алып тастау жөнінде ұсыныс енгізген. Конституциялық Кеңес бұл уәжбен келіскен. Сөйтіп Жаңа Конституцияның жобасынан «Бірінші Президенттің тарихи ролі жөніндегі» 91-бап алынып тасталған көрінеді.
Мұны Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров «бөркін ата қолдап»: «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың талап-тілектерін толыққанды ескеріп отыр. Қ. Тоқаевтың курсы түбегейлі саяси реформация! Жаңа Конституция азаматтардың басым көпшілігі діттегендей демократия, адам, құқық, мораль тәрізді құндылықтар тізбесінен тұрады. Демократия, халықпен ақылдасу дегеніміз осы. Референдум Жаңа Қазақстанның қайнар көзі! Қазақстан Жасасын!, — деп жазды депутат әлеуметтік желідегі парақшасына қуанышы қойнына сыймай.
Белгілі журналист Дина Елгезек: «Сүйінші, қазағым! «Нұрсұлтан Назарбаев - мемлекетіміздің негізін қалаған» деген бап Конституциядан алынып тасталатын болды. Назарбаевтың өзі мен отбасын қорғайтын 46-бап жойылады. Соған сәйкес, «Тұңғыш Президент туралы» заң да күшін жояды. Яғни Назарбаев пен оның отбасы Конституцияның арнайы баптарымен, жеке заң тармақтарымен де қорғалмайтын болды» деп жазды парақшасына.
Иә, Сенат референдум туралы конституциялық заң жобасына енетін өзгерістерді қарап, заңның 3-бабының 2-тармағындағы экс-президент Назарбаевтың мәртебесін алып тастады. Сөйтіп заң жобасына мәжіліске кері қайтарды. Қолданыстағы референдум туралы конституциялық заңның 3-бабының 2-тармағында «Тәуелсіз мемлекет ретінде Қазақстан Республикасының мәртебесін, Республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығын, оны басқару нысанын, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның Негізін салушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы іргесін қалаған Республика қызметінің түбегейлі принциптерін және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәртебесін өзгерту» референдум талқысына қойылатын мәселелер бола алмайды» делінген. Егер мәжіліс сенат енгізген өзгерістерді мақұлдаса, заң жобасы президенттің қол қойылуына жіберіледі.
Осылайша 4 мамырда конституциялық кеңес президент жолдаған конституцияға енетін өзгерістерді қарап, оң бағалағаны белгілі. Және кеңес конституциядағы Назарбаевтың мәртебесін алып тастау мәселесіне келісім бергені де рас.
Сарапшылар мен қоғам белсенділері конституцияға енетін өзгерістердегі Назарбаев мәртебесінің алынуын жылы қабылдап, Қазақстандағы жеке басқа табыну кезеңінің аяқталуына балап жатыр.
Өзгергеннен не пайда, әділ қоғам орнамаса...
Осылайша қалың ел бір-бірінен сүйінші сұрап, мәз-мейрам болып жатқанда Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавкат Өтемісов нақты шешім қабылдануы үшін референдумда қанша қазақстандық дауыс беру керектігін айтып ескерту жасағандай болды. «Референдумға қатысқандардың 50 пайыздан астамы жақтап дауыс берсе, түзетулер қабылданады», – деді Өтемісов Сенат оқуларында журналистер сұрағына жауап беріп тұрып. Оның айтуы бойынша, қатысуға ниет білдірушілер сайлау учаскесіне келіп, бюллетень алып, өз құқығын білдіруі керек. Сондай-ақ, ОСК мүшесі референдумға отандық және халықаралық бақылаушылар қатысатынын баса айтты. «Басқа елдер өкілдері де қатысуға ниет білдіріп жатыр. Яғни, референдумға ішкі және халықаралық бақылаушылар қатысады. Әрбір халықаралық бақылаушы өзі қарайтын учаскені таңдай алады», – деп сөзін түйіндеді Өтемісов.
Айтпақшы сенаттағы жиында сенат спикері Мәулен Әшімбаевқа өткір сауалдар қойылды. Соның бірі «Назарбаев тұсында бүгінгі сыналып жатқан заңдарды қабылдауға сізде мұрындық болдыңыз ғой» деген сауал елең еткізгенін қарасай. Бұған спикер «Кезінде Назарбаев пен оның әулетін қорғайтын заң өзгерістерін қабылдағаныма арланбаймын. Өйткені ол кезде де халықтың пікірін ескердік» деп жауап берді. Алайда әлеуметтік желідегі жұрт Әшімбаевтың бұл сөзіне «ер-тоқымын бауырына алып» тулағанын көрсең. «Халыққа жала жабуды доғару керек қой… Дәл осы конституциялық өзгерістер кезінде дүйім елдің ықтиярынсыз қабылданды емес пе» деп жатты олар.
Бабаларымыз «Қызыл тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады» деп бекер айтпаған секілді. Қазірдің өзінде референдум жайлы тамсанып, бал ашып жатқан көсемдер мен шешендер қарасы көп. Мұны біреулер жағымпаздық десе, енді біреулер мақтампаздық деп бағалауда. Бәзбіреулер «Баяғы жартас бір жартас» деп түңіліп жатыр. Осындайда ақын Мұхтар Шаханов жырлағандай «Даңқ кімнің күліп тұрса басында, Сатқындық та күліп жүрмек қасында» дегені ойға еріксіз орлатыны-ай.
Енді әлеуметтік желілердегі қарапайым жұрттың референдумға қатысты көзқарастарына үңіліп көрелік.
ФБ әлеуметтік желісінде Серік Зиятов дейтін азамат референдумға қатысты өз ойын ашық білдіре келе сөзін былай түйіндепті: «Ашық алаң» бағдарламасында депутат Ерлан Сайыров сөйлеп жатыр екен. «Әлеуметтік әділеттілік, теңдік принциптерін қалыптастыру үшін референдум болғалы жатыр»,-деген сөзін естіп жалма-жан Конституцияның өзгеретін 35 бабын түгел қарап шықтым. Бірақ соның ішінен әлеуметтік әділеттілік дейтіндей бір сөзді де көрмедім.
Еліміздің негізгі заңының бірінші бабында әлеуметтік, құқықтық, зайырлы, демократиялық мемлекет ретінде орнығатынымыз айтылған. 14-бапта заңның алдында жұрттың бәрінің теңдігі, ешкімді де қандай да бір белгілері бойынша кемсітушілікке ұшыратуға болмайтыны жазылған. Еңбек кодексінің 6-бабында да еңбек саласындағы алалауға тыйым салынатыны көрсетілген. Конституцияда солай жазылғанмен, іс жүзінде басқаша. Мысалы, мұғалім, дәрігер, инженер секілді сандаған мамандық иелері жылына бір реттік емделу жәрдемақысын алады. Ал, сол кіші қызметкерлерге берілмейді. Бұдан асқан қандай әлеуметтік әділетсіздік болуы мүмкін. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына ақша аударуға мүмкіндігі келмейтін жұмыссыздар да емделе алмайтын болды. Бұл жерден де әлеуметтік әділеттіліктің ұшқынын көріп тұрған жоқпын. Сайыров теңдік принциптерін орнықтыру үшін дегенді де айтты. Мәжіліс депутатарының 30 пайызының ғана мажоритарлы жүйемен сайланып, императивті мандаттың соларға ғана қатысты болуының қай жері теңдік? Елуде-елу неге болмайды? Мұның астарында бір мандатты округтерден сайланған депутаттар парламенттік азшылдықта болсын деген ниет жатқаны анық. Сонымен, өзгеретін отыз бес баптың арасынан әлеуметтік әділеттілік теңдік туралы ырымға бір сөз таппадым. Сайыров болса, қызыл сөзді сапырып жатыр...».
Белгілі жазушы Келес Рақымжан: «Ата заңға осынша көп өзгеріс жасау қоғамды өзгерте алса жақсы. Қанша жақсы заң жазылса да оның орындау тетіктері болмаса сол іске аспай қағаз бетіндегі күйде қалады. Заң шығару, атқару, сот билігін, қадағалаушы баспасөз еркіндігін қалпына келтірмей кез-келген реформаны билігі қолда тұрған шенеунік құр бекер сөз күйінде қалдырып ойына келгенін істей алады. Биліктің әр саласы дербес болып, ара қатынасы мен орындалу тәртібі дұрысталса ғана қалыпты дамуға болады. Менің жаман ойым осылай дейді» деп қайырыпты.
Елге танымал журналист Нұрбек Бекбау: «5-маусым күні жалпыхалықтық референдум болады. Иә, өзгерткелі отырған баптың дені саяси мәселелерге арналған. Бірақ, саясатың өзгермесе, тірлігің өзгермейтінін көрдік қой. Қазір билікте кадр тапшылығы көрініп жатыр. Ал сайлау процессі оңайлатылса, мысалға; тек партия атынан түс, 20 мың қол жина,-деген шарттары жеңілдесе осыған дейін көріне алмай келген талай елімжан, нағыз белсенділердің билікке келуіне мүмкіндік ашылады. Жаңа кадр бұл жаңа идея әкеледі. Басқаша желіске түсіреді билік жүйесін. Референдумға шығарылған баптардың түгелдейі саяси, сайлау жайлы болғаны да осы себепті деп ойлаймын. Бір нәрсе анық. Әуелі экономика, сосын саясат, – деген дәуір тәмамдалды».
Орыс тілінің мәртебесі алынбаса, ештеңе шешілмейді
P/S: Бүгіндері ғаламтор кеңістігі елдің ой қорытатын «қазандығына» айналғаны жасырын емес. Сан түрлі пікірлердің тоғысатыны да сол жер. Көпшілік халықтың талап-тілегін білгісі келген билік сол жерге, әлеуметтік желілерге барлау жасаса жетіп жатыр. Халық нені қалайды, нені қаламайды бәрі жазулы тұр тайға таңба басқандай. Ол аз болса «Көп қорқытады, терең батырады». «Халық айтса қалып айтпайды» дегенге де көздері жетер еді.
Осы мақсатта бізде ғаламтордағы әлеуметтік желіні шолып шықтық: Бұқара халықты толқытып отырған сауалдың көбі мемлекеттік тілге қатысты. «5 маусымда өтетін референдумда 7-бабтың 2-тармағы, орыс тілін алып тастау жайлы бар ма екен? Егер болмаса бұл референдумнан не үміт, не қайыр?». «Президент Қ. Тоқаевтың референдум жайлы үндеуінен мемлекеттік тіл туралы айта ма деп тосып едік, тіл туралы мүлде жақ ашпады. Көңіліміз су сепкендей басылды. Үмітіміз үзілді...» дегенге саятын ой-пікірлер, толғамдар бар. «Жаңа қазақстанның тілі, 7 бапта тек қазақ тілі болу керек! Орыс тілін қысқартуды талап етіңдер! Барлық достарыңа таратыңдар!» деген кіжінген жазбаларда түрлі ойға итермелейді.
«Елбасыны Конституциядан аларсыңдар, жарайды! Әнұранымыздың «авторлығын» не стейміз? Қала бере ме?» деген кекесінге толы пікірлер де жүр. Бұл жазбаларды референдумды сыпыра мақтап жатқандар, заң нормаларының кем-кетігіне қадалып жатқандар, Елбасының атақ-абыройын Атазаңнан «өшіруге» күш салып жатқандар көретін емес. Егер көздері шалған болса, тым құрыса біреуі «Қайран ана тілім-ау, отыз жыл сені сарсаңға салдық-ау. Ата-баба аруағы бізге назалы-ау!» деп референдумға мемлекеттік тілге қатысты бапты енгізуге күш салар ма еді? Әлде көре тұра көрмей, саясаттың ығына жығылып іштен тынып жатыр ма? Қалай десек те тіл проблемасы билікке сын болғалы тұр тағы да! «Жаңа Қазақстанға» жарқыраған ана тілімен қадам баспағасын, «Ескі Қазақстаннан» не айырмасы бар?! Билік осыны ескерсе дейміз. Ел арасында «Қазақстандағы ендігі төңкеріс тілге қатысты болады» дген қауесет көптен бері айтылып жүр. Беті аулақ!